Қазақстанда жасалған «Роботопошташы» ЭКСПО аумағында жұмыс істемек

Қазақстанда жасалған «Роботопошташы» ЭКСПО аумағында жұмыс істемек

Қазақстанда жасалған «Роботопошташы» ЭКСПО аумағында жұмыс істемек
ашық дереккөзі
251
ЭКСПО аумағындағы Қазпоштаның робопост кеңсесінің ашылуы кезінде Қазпошта қызметкерлері «роботопошташыны» таныстырды. Шағын көлікке ұқсас жаңа техника қаланың бір нүктесінен екінші жағына хат-хабарды автоматты түрде жеткізе алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Робопошташы қазір ЭКСПО аумағында орналасқан кеңселерге алдын-ала белгіленген бағдар арқылы хат-хабарларын жеткізіп жүр. Жаңа техниканы жасаған «Cleverest technologies» компаниясының директоры, роботтехник Бауыржан Оспанның айтуынша, бинокулярлы көру, тереңдікті сезіне білудің лазерлік қабілеттері, ультрадыбысты сенсорлар - роботопошташы ешкімді қағып кетпей немесе ешбір затты бүлдірмей автоматты режимде А нүктесінен Б нүктесіне хат-хабардың жеткізілуін қамтамасыз ететінін айтады. «Берік интерфейс пен автоматты құлыптар Қазпошта клиенттерінің жүктерін немесе хат-хабарларын сақтауда таптырмайды. Ең бірінші кезекте Қазпошта қызметкері интерфейске жақындап, роботопошташының ұяшығын таңдауы керек. Содан кейін роботопошташының бетіндегі экранға клиент туралы мәлімет енгізіледі. Ұяшықты жапқаннан кейін тек клиентке мәлім кілт сөзді және мекенжайды енгізіп, экрандағы «қабылдау» түймешесі басылады. Осыдан кейін роботопошташы клиентке хат-хабарды жеткізуге жолға шығып кетеді», - дейді ол. Бауыржан Оспанның сөзіне сенсек, құлып темірден жасалғандықтан, оны ашу оңай шаруа емес. Роботопошташының ұяшықтарына стандартты жүктер ғана сияды. Хат-хабар белгіленген жерге жеткен кезде клиенттің ұялы телефонына СМС-хабарлама келеді. СМС-хабарламадағы кілт сөз енгізілгеннен кейін клиент өзінің хат-хабарын алып кете алады. «Қазіргі уақытта роботопошташы пилотты режимде ЭКСПО аумағының ішінде хат-хабар жеткізіп, сынақтан өтуде. Тұрғындардың пәтеріне дейін техника жүкті апарып бермейді. Белгілі бір нүктелерге ғана, мәселен бизнес-орталықтарға хат-хабарларды жеткізеді. Мекен-жай бойынша мәліметтер ретке келтірілмегендіктен, роботопошташы Астананың көшелеріне әлі жіберілмейді. Әзірге сынақтан өткіземіз», - дейді роботтехник. Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы ЭКСПО аумағында Қазпоштаның робопост кеңсесі ашылған болатын.  

Серіктес жаңалықтары