Сақ қорғандарында өткен салтанат

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығына орай «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде халықаралық «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтті. Алатау бөктерінде екі күн қатарынан салтанат құрған айтулы шараға әлемнің он екі мемлекетінен әйгілі этномузыканттар мен танымал спортшылар қатысты.

Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған Ұлы дала ойындары әр елден келген өнерпаздардың көш шеруімен басталды. Қаз-қатар тігілген 30-дан астам қазақы нақыштағы ақшаңқан үйлер мерекенің сәнін келтіріп, ауыздығымен алысқан арғымақтар шараның шырайын кіргізді. Сан түрлі өнерді бойына жинақтаған жігіттер көпшілік алдында аттың құлағында ойнаудың әдістерін көрсетіп, жұртты бір сәтке номадтар өмірімен қауыштырды.

Ал Қазақстан, Қырғызстан, Венгрия, Моңғолия, Украина және Ресейдің Башқұртстан, Тува, Дағыстан, Якутия, Алтай, Қалмақия өңірлерінің өнерпаздары ұлттық музыка әлеміне саяхат жасады. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек этнофестивальге қатысушылардың өнерін, зергерлердің еңбегін бағалап, ат спорты ойындарын елмен бірге тамашалады. Көшпелі халықтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық ойындарынан өзара сынға түскен сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздардың таланты таңдай қақтырса, садақ ату, бәйге, жамбы ату, аударыспақ, қыз қуу, асық ату ойындарын қызыға тамашалаған жұрт бір серпіліп қалды.

Ұлы дала ойындары фестивалін қалт жібермейтін Мажарстаннан арнайы келген топтың өкілі, «Мадияр-Тұран» қорының президенті Андраш Биро: «Этнофестивальге жыл сайын қатысамыз. Қазақ халқы – өте қонақжай. Дархан көңілімен құшақ жая қарсы алады. Мажар бауырларымыз деп ерекше құрметтейді. Этнофестиваль – әр ұлттың өзіне тән ат спорты ойындарын, қолөнерін насихаттайтын бірден-бір дода. Жауынгер көне түркі жұртының бүгінгі ұрпақтары ұлттық мұраны дәріптеп қана қоймай, оның ерекшелігін жастарға түсіндіреміз. Тарихын айту арқылы келер ұрпаққа құнды мұраны қалдырамыз. Ұлттық дәстүр заманның дамуына қарай уақыт өте өзгеріске ұшыраса да, түп негізін сақтап қалу үшін еңбек етіп жүрміз. Ұлттық ойындардың қазақ даласында өтуі бекер емес. Қазақстанда ат спорты ойындарының шеберлері, білекті жігіттер көп. Садақ атудан қас пен көздің арасында нысананы дәл көздейтін мерген қыздардың еңбекқорлығына тәнті болдым. Фестиваль аясында жыл сайын жаңа есімдерді көреміз. Жас мергендердің қатары көбейген. Көкпар, аударыспақта – ат үстінен аударып түсіретін мықтылар, теңге ілу, жамбы атуда – құралайды көзге атқан мергендер, белдесуде жауырыны жерге тимейтін мықтылар көп екеніне қуанамын. Әлемнің 12 мемлекетінен келген спортшылардың осалы жоқ. Әрбір ел бетке ұстарын сайысқа алып келеді. Бірақ жүзден жүйрік шығу – өз қолыңда. Этнофестивальге үздіксіз қатысатын себебім, біз тек өнер көрсетумен шектелмейміз. Тәжірибе алмасамыз, мықтылардан үйренеміз. Себебі Қазақ даласы – бүкіл түркі әлемінің бірлігі мен берекесінен бастау болған қастерлі аймақ», – дейді.

Ал биылғы этнофестивальге алғаш рет қатысқан Украина мемлекетінің өкілі Екатерина Федорова: «Біз жебе дайындаймыз. Біздің команда әлемнің бірнеше елінде болған. Сондықтан жебенің сан түрін және оны дайындау бойынша шеберлік сағаттарын көрсеттік. Бүгінгі шара өте ерекше, креативті ұйымдастырылған. Фестивальдің рухани жаңғыруға бағытталғанының өзі қуантады. Тарихқа, мәдениетке мән беру бұл өте маңызды деп ойлаймын. Мені таңқалдырғаны – фестивальдің өтіп жатқан орны. Осы қорғандардың бірінде сақ батыры табылған деп естідім», – деді.

Күннің ыстығына қарамастан сенбі күні фестивальді тамашалауға  7 мыңнан аса халық жиналды. Есесіне фестиваль қонақтары кәсіби бүркітшілердің, шабандоз  жігіттер мен көкпаршылардың, садақ  атушылардың, палуандардың жекпе-жегі мен ат үстінде тұрып  жерден теңге алатын жігіттердің  шеберлігіне куә болды. Тіпті, көр­ермендердің өзі де ұлттық ойындарға қатысып, әр елдің ұлттық тағамдарынан дәм татып, түркі  елдерінің бай мұрасымен танысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, этномәдени фестиваль өткізудегі негізгі мақсат – көшпелі халықтардың көне тарихын жаңғырту, әр халықтың ұлттық ерекшелігін келер ұрпаққа түсіндіру. Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев: «Биылғы фестивальдің бір ерекшелігі – «аламан бәйгеге» 1-орынға автокөлік, 2-3-орынға сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек «құнан бәйге» өтті. Жалпы, осы іс-шараның негізгі мақсаты – түркі әлеміне ортақ   мәдениетімізді қайта жаңғырту», – деді.

Осылайша, тарих қойнауына бірге саяхаттаған 12 мемлекеттен келген 100-ге жуық әнші, қолөнерші мен спортшы өнер көрсетуден аянып қалмады.  Мажарлық Габриелла Киш, Золтан Шоиомфи-Наги, қырғыздың этноәншісі Нұрзат Айдарқұлова, көмеймен ән айтудың хас шебері, алтайлық Ирина Кензина, буряттардың үмітін арқалап келген, Ресейдің еңбек сіңірген әртістері Сергей Аюшеев пен Олег Булутов, «Байкал» мемлекеттік ұлттық ән-би театры, «Сэргэ» ансамблі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Ұлытау», «Алашұлы», «Хассақ», «Тұран», «Тиграхауд», «Сазген сазы», «Сармад», «Бабалар сазы» өнер ұжымдары ән мен күйден шашу шашып,  Алатау бөктерін әсем сазымен тербеді.

 

 

Back to top button