773
ҚАУІПТІ КЕСЕЛГЕ СЫЛТАУ КӨП
ҚАУІПТІ КЕСЕЛГЕ СЫЛТАУ КӨП
Туберкулез жыл сайын 1,3 млн адамның өмірін жалмайды. Бүгінде елімізде туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың заманауи әдістері қолданыла бастады. Барлық облыс, қала және өңірлік жерлердегі туберкулезге қарсы ұйымдардарғы бактериологиялық зертханаларда осы дертті алғашқы 2 сағатта анықтау бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар енгізілді. Соның арқасында құрт ауруын емдеу ісі оң нәтиже бере бастады. Ақ халаттылардың айтуынша, соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайлары 2 есе, ал өлім-жітім 6 есе азайған. Көрсеткіштер көңіл қуантқанымен, туберкулезбен күрес мәселесі күн тәртібінен түсер емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 2 миллиард адам туберкулез микробактериясын жұқтырса, жыл сайын 8,6 миллионға жуық тұрғын осы індетпен ауырады. Оның жарты миллионнан астамы туберкулездің дәрілермен емделмейтін түрінен зардап шегеді. Ең сорақысы, жылына 1,3 миллион адам аталған сырқаттан көз жұмады екен. Көктемде өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлімдегендей, елімізде құрт ауруына шалдыққандардың 87 пайызы дертінен айыққан. «Соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100 мың халыққа шаққанда 52,2 адамды құрады. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 126 болатын. Өлім-жітім жағдайы 100 мың халыққа шаққанда 6 есеге төмендеді», ‒ деді Мәлік Әденов.
Маманның айтуынша, бүгінде Қазақ-станда ауруды ауыздықтау бойынша мемлекеттік шаралар тиімділігін көрсетуде. «Скринингтік тексерулердің арқасында, туберкулезге шалдығу жағдайының 70%-дан астамы аурудың ерте кезеңінен анықталуда. Елімізде туберкулезді диагностикалау мен емдеудің барлық инновациялық әдістері енгізілген. Емдеу жоспары ДДҰ стандарттарына сай келеді. Қазақстанда туберкулез бойынша интеграцияланған бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Яғни, туберкулез микробактерияларын шығармайтын және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды. 2017 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша амбулаториялық жағдайда ем қабылдауды бастаған науқастардың үлес салмағы 25,1 пайызға өсіп, 40,3 пайыз болды», ‒ дейді М.Әденов.
Десе де, ақ халаттылар қауіп әлі де сейілмегенін ескертеді. Аймақтардан жеткен деректер туберкулезбен күресті күшейте түсу керегін ұқтырғандай. Негізгі қауіп көзі ‒ ауруға шалдыққанын білмейтін, білсе де емделмей жүре беретін науқастар. Олар өздерінің сырқаттарын ушықтырып қана қоймай, айналасындағылардың өмірін де қатерге тігеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанның Зырян қаласында құрт ауруына шалдыққан тәрбиеші балабақшада жұмыс істеп келген. «Ладушки» балабақшасының ата-аналарына жергілікті дәрігерлер анализ тапсырып, «Манту» сынамасын өткізу керектігін ескертіп хабарласады. Тәрбиешінің сырқаты туралы осы кезде көпшілікке белгілі болған.
«Тәрбиешілердің бірінен сырқат анықталғаны рас. Бірақ туберкулездің бұл түрі жұқпалы емес. Педагог өзге де мамандар сияқты жыл сайын тексерістен өтіп келген. Бұрын мұндай сырқатқа шалдықпаған», ‒ деп ақталды Зырян аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақытгүл Қанафина.
Тәрбиешінің туберкулездің «жабық» түріне шалдыққанын аудандық аурухананың бас дәрігері Владимир Коробкин де растаған еді. «Біздегі жаңа аппараттар бұл ауруды ерте кезеңдерінен-ақ анықтай алады. Бұл науқасқа қатысты да солай айтуға болады. Туберкулездің жабық түрі. Балаларға сырқат жұқпағанын сенімді түрде айта аламын», ‒ дейді бас дәрігер. Санитарлық талаптарға сәйкес, аталмыш тәрбиешімен байланыста болған бөбектердің барлығы тексеруден өткізілді. Абырой болғанда, дәрігердің сөзі расталып, ата-аналардың үрейі сейілді.
Осыған ұқсас жағдай өткен жылдың күзінде Алматы облысының Талғар қаласында да орын алған еді. Бастауыш сынып балаларын оқытқан 37 жастағы мұғалімнің дерті дендеп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққанша, мектеп басшылығы да, өзге мұғалімдер де оның сырқат екенін білмеген. Ауруханадағы тексеріс кезінде оның құрт ауруына шалдыққаны белгілі болды.
Мыңнан астам оқушысы бар мектептегі төтенше оқиға аудан халқын аяғынан тік тұрғызып, баласына алаңдаған ата-аналарды әрі-сәрі күйге түсірді. Түрлі жиналыстар өткізіліп, ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қауіпті дертті жұқтырған мұғалімнің кабинеті мен мектеп іші толықтай дезинфекцияланған. Науқас мұғалім сабақ берген бірінші сыныптың 22 оқушысын дәрігерлер түгелдей тексеріп, дерт жұқтырмағандарына көз жеткізді. Сондай-ақ, ұжымдағы 80 мұғалім де қайтадан тексеруден өткен.
Тексере келе науқасқа өкпесі таза деп анықтама берген жекеменшік медициналық орталықтың қателігі әшкереленді. «Бізде лаборант-рентгенолог қызметін атқаратын жігіт қателесіп, бәрі дұрыс деген мөр басып берген. Бәлкім, халық қарасы көп болғасын аңғармай қалған шығар. Бірақ оның алдында дәрігер-рентгенолог ауытқу барын, қосымша тексеру керектігін жазып берген. Егер арам ойымыз болса, рентген суретін санитарлық кітапшаға тіркеп бермес едік», ‒ деп ақталды «Талмед» ЖШС медициналық орталығының директоры Бауыржан Сүлейменов. Әттеген-ай, «ТалМед» орталығының арам ойы ақиқатқа айналуы үшін Талғар халқы толықтай қатерлі дертке шалдығуы керек пе еді?! Осылай да ақталуға бола ма? Өз ісіне салғырттық танытып, ағаттық жіберген лаборант мектептегі жанжалға дейін қызметінен кетіп қалған көрінеді. Ал бүлдіршіндердің денсаулығын қатерге тіккен орталыққа қандай шара қолданылғаны белгісіз.
Ақтөбеде де туберкулезбен ауыратын мұғалім оқытушылықтан қол үзбеген. Жиырма жастағы мұғалім құрт ауруының ашық түріне шалдықса да, қаладағы тілдерді оқыту орталығының бірінде ағылшын тілінен дәріс беріп келіпті. Мұндай сұмдықты учаскелік дәрігерлерден естіген ата-аналар балаларын дереу тексеруден өткізіп, дерт жұқтырып үлгермегендеріне көз жеткізгеннен кейін ғана көңілдері орныққан еді.
Ал тілдерді оқыту орталығының басшылығы қоластындағы жас маманның науқас екенін білмедік деп ақталды. Қаңтар айында дәрігерлік тексеруден өтіп келгенде мұғалімнен мұндай дерт анықталмаған. Оның туберкулезге шалдыққандығы жайлы хабарды ақпанның 15-і күні білдік дейді орталықтағылар. «Ауру анықталған маман бізде мұғалім болып 8 қаңтардан бастап жұмыс істеді. Ал 2 ақпаннан бастап ол денсаулығына байланысты демалысқа шықты. Алғашында оған «бронхит» деген диагноз қойылған. Біраз уақыт өткеннен кейін туберкулезге шалдыққанын естідік. Бұл оқиғадан кейін СЭС мамандары келіп эпидемияға қарсы шаралар жүргізіп кетті», – дейді тіл оқыту орталығының басшысы Ирина Аверьянова. Бір ғажабы, елімізде заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтыны айқын, ал денсаулық мәселесіне келгенде «білмедік, қызметкеріміз қателескен» деген орынсыз сылтауға құлақ асатынымыз қалай?!
Екпеден бас тартудың зардабы
Мамандар ересектер арасында таралған өкпе ауруы соңғы жылдары балаларға да ауыса бастағанына алаңдаулы. Дәрігерлердің айтуынша, иммунитетi нашарлаған және жиi ауыратын балалардың ағзасында туберкулез микробактериясының өсiп-өнуiне мүмкiншiлiк мол. Тек былтырғы жылы өкпе ауруын жұқтырған 770 бала тіркеуге алынған екен. Туберкулез жұқтырған бүлдіршіндер санының көбеюіне тиісті екпелердің салынбауы себеп. Мәселен, 2016 жылы БЦЖ екпесі науқас 4290 баланың бес жүздейіне ғана салынған. Мамандар екпе салмаудың салдары қандай боларын түсіндірсе де, егу шараларына үрке қарайтын ата-аналардың рұқсатын алу оңайға соқпай тұр. Осы уақытқа дейін еліміздегі 12 бала ағзасында туберкулезге қарсы иммунитет қалыптаспағандықтан аурудың ауыр түріне шалдығып, көз жұмған екен. Олардың екеуі – ақтөбелік бүлдіршіндер. Ұлттық экономика министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау департаменті Ұлттық сараптау орталығының директоры Шалғынбай Жандосовтың айтуынша, елде ата-анасы екпеден бас тартып отырған 10 мың бала болса, соның төрттен бірі, яғни 2538-і Ақтөбе облысында. «Жаңа туған балаларға 11 инфекцияға қарсы екпе салынады. Алайда бүгінгі күні 2500-дей адам вакцинадан бас тартып отыр. Олардың 75 пайызы діни себептерге байланысты бас тартса, қалғандары екпенің зияны туралы теріс ақпараттарды оқыған. Әсіресе, екпеден бас тартушылар Мұғалжар мен Темір ауданында көп. Екпеден бас тартатын ата-аналардың 58 пайызы жұмыссыздар болса, қалғандары теміржолшылар, кәсіпкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер. Бұл балалар ертең мектепке барады, ал мұның соңы індет ошағының пайда болуына әкеп соғуы мүмкін», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова. Дәрігерлердің айтуынша, екпе егілмеген баланың иммунитеті әлсіз келеді. Сондықтан да олар кез келген ауруды тез қабылдайды. Жыл сайын вакцина әлем бойынша 3 миллиондай сәбидің өмірін сақтауға және 750 мыңдай баланың мүгедектіктен арылуына сеп болады екен. Сондай-ақ, 3 миллион сәби вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурулардан көз жұмады. Екпе салдырмау салдарынан туберкулез жұқтыратын балалар саны артуы мүмкін деп алаңдаған мамандар өткен жылы имамдардан көмек сұраған болатын. Алайда екпені діни түсінікпен байланыстыруға болмайтынын айтқан дін қызметкерлері қоғам үшін маңызды мәселені шешуде дәрігерлерге көмектесуге қауқарсыз екендіктерін жеткізді. Шарасы таусылған Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы екпені арнайы заңмен міндеттеуді, екпе алмаған балаларды балабақша мен мектепке қабылдамау туралы қаулы қабылдауды ұсынды. Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Камал Ормантаев та вакцина салдырмағандарға қатысты қатаң шара қолданған дұрыс деген пікірде. – Соңғы жылдары дәстүрлі емес діни ағым өкілдері діни ұстанымына сәйкес келмейтінін сылтау етіп өзіне немесе отбасы мүшелеріне қатысты түрлі медициналық көмектен, емдік шарадан бас тартуда. Сәбилерін үйінде босанғысы келетін аналарды мүлдем түсінбеймін. Бұл шын мәнінде қоғам үшін үлкен түйткіл. Екпе қабылдамай, жұқпалы аурумен ауырған адам өзгенің денсаулығына да қатер төндіретінін ұмытпауы керек. Дінді желеу етіп, екпеден бас тарту – жаңсақ пікір. Әлдебіреулердің жаңсақ пікірі талай адамға әсер етуде. Жалпы, екпеге қатысты белгілі бір тұжырымға келіп, ата-аналарға міндеттеу шараларын қарастыратын кез жетті. Кейбір дамыған елдерде міндетті екпе егілмеген бала басқалармен бірге мектепке, балабақшаға кіргізілмейді. Бұл басқа балалардың қауіпсіздігі үшін жасалған шара. Бізде де балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар болашақта осындай ұсыныс көтеруі әбден мүмкін. Өйткені баласының өмірін кім тәуекелге тіккісі келеді?! Екпе салынбаған балалардың көбеюі қоғам үшін зиян. Бұл ұмытылып кеткен жұқпалы аурулардың қайта бас көтеруіне алып келуі ғажап емес, – дейді ғалым.Келімсектер – кесел көзі
Туберкулезбен күрес шараларының күшейтілгеніне қарамастан, елімізде жұқпалы аурудың түбегейлі жойылуына кедергі келтіріп тұрған тағы бір фактор – Қазақ-станға шекара асып келетін мигранттардың арасында туберкулезге шалдыққандардың көптігі. Алматыдағы туберкулез түйткілдері ұлттық орталығының маманы Панагүл Жазбекованың айтуынша, еліміздегі өкпе ауруымен ауыратын келімсектердің нақты санын білу қиындық тудырады. Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовтің айтуынша, соңғы 3 жылда көшіп-қонушылар арасында туберкулезге шалдыққандар саны 1,5 пайызға жеткен. Туберкулезбен ауыратын мигранттар Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Астана қалаларында есепке алынған. Жұқпалы дерт Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан мен Әзірбайжан елдерінен келген азаматтарда жиі кездесетін көрінеді. Қазақстанның қолданыстағы заңы бойынша, ел аумағына жұмыс істеуге келген еңбек мигранттарында медициналық анықтама болуы тиіс. Алайда арзан жұмыс күшін пайдаланғанды құп көретін кәсіпкерлердің көпшілігі мигранттардың құжатына үңіліп, денсаулығында кінәрат жоғын дәлелдейтін анықтама талап ете бермейді. Қазақстанның емдеу мекемелерінде туберкулезбен ауыратын шетелдік азаматтарды екі жағдайда кепілдендірілген мемлекеттік медициналық көмек есебінен тегін емдеу тәртібі белгіленген. «Біріншіден, егер дерт салдарынан науқас қатты ауырып, жүре алмайтын жағдайда болса, екіншіден, туберкулездің жұқпалы, яғни ашық түрімен ауырса, ондай науқастарды тегін емдейміз. Ал жағдайы біршама жақсарған соң олардың қолдарына ауру тарихының көшірмесін беріп, ары қарай емделуге еліне қайтарамыз», – дейді Мәлік Әденов. Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы мамандары келтірген дерекке сәйкес, соңғы 2015-2017 жылдары Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 91 мигрантты емдеуге демеушілік қаржыдан бөлек, еліміздің қазынасынан 6 миллион теңге жұмсалған. Ел ішіндегілердің дертімен күресу оңайға соқпай тұрғанда сырттан келетіндерді емдеу де мемлекет үшін аз шығын емес. Өкінішке қарай, шекарамыз ұры-қарының жолын кескенімен, ауру-сырқауға бөгет бола алар емес.«Туберкулезден дәрігерлердің өздері де қорқады»
Құрт ауруын емдеу ісінде тағы бір түйткіл бар. Өңірлерде фтизиатр-дәрігерлер қат. Бұл мәселені Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көтерген еді. – Туберкулез дертіне шалдығу көрсеткішін төмендету үшін, ең әуелі, науқастар дәрігердің берген нұсқауларын қатаң сақтауы керек. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, жазылған дәрілерді, процедураларды уақытында алмау кесірінен бұл ауру өршіп тұр. Біз республиканың бас фтизиатры, туберкулез мәселелері жөніндегі институт басшысының қатысуымен үлкен жиналыс өткіздік. Сол жиында туберкулезбен күреске қатысты бірқатар шара бекітілді. Институт директоры айтқандай, бізде қазір дәрігерлердің өздері бұл ауру түрінен қорқады. «Туберкулез – қауіпті ауру» дей бергеніміздің салдарынан болашақ дәрігерлер осы мамандыққа баруға жүрексінеді екен. Сондықтан фтизиатр-дәрігерлерін дайындау мәселесі өте өзекті, – деді аймақ басшысы. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, былтыр облысқа 126 дәрігер шақырылған, олардың 75-і жоғары оқу орнын енді бітіргендер. Дегенмен мұның өзі облыс сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз. Өткен жылы аймақта кадр тапшылығы 240 адамды құраған. Облыс басшылығы биыл тағы 100-ге жуық дәрігер шақыруды жоспарлауда. «Егер жас мамандар өңірлерге келуден қашпаса, фтизиатр-дәрігерлер тапшылығы жойылар еді. Дәрігерлерді аймаққа келуге ынталандыру үшін оларға әуелі үй беру керек. Әлеуметтік мәселе шешілмесе, мамандарды шалғайға шақыру бос әурешілік», – дейді Нұрлан Ноғаев. Әкім сөзінің жаны бар. Туберкулезді айналып өте алмайтын талай түйткілдің түйіні баспана мәселесіне келіп тіреледі.