1742
Қазақтарды әлемге танытқан қаламгер
Қазақтарды әлемге танытқан қаламгер
1961 жылы 27 маусым күні Мәскеу қаласында қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, Алаш арыстарының соңында қалған жәдігер сынды сұңғыла суреткер, қоңыр мінез халқының ғасырлар бойы ой елегінен, талғам сүзгісінен өткізілген сұлу да нәрлі сөздерін, ұлттық таразыға тартылған саф алтын философиялық терең ой,тұжырымдарын ақыл домнасында қайнатып, туған жұртына қайта қайырған кемеңгер, шалқар ойдың алыбы Мұхтар Әуезов қайтыс болған еді. Арада өткен 57 жыл қазақ халқын кемеңгер туған ұлымен бұрынғыдан да жақындата түспесе, бір елі де алшақтатқан емес.
Белгілі орыс ақыны Николай Тихонов Мұхтар Әуезовті «шалқар шабытты және бақытты жазушы» деген екен. Расында Әуезов – «Абай жолы» секілді ұлы туындыны дүниеге әкелген шалқар шабытты, қазақ әдебиетін әлемдік дәрежеге көтерген бақытты жазушы.
Ұлы жазушының Абай туралы жазған ұлы шығармасы санамызға сіңіп кеткені соншалық, Абай десек, алдымен ойымызға Мұхтар оралады. Ал сырттағы елдің есіне қазақ дегенде Мұхтар Әуезов есімі түседі. Өйткені Әуезов Абай арқылы қазақтың кең даласын, таңғалдырар табиғатын, қонақжай халқының ғажап тұрмыс-салтын әлемге паш етті.
М.Әуезовтің ұлы туындысы әлемге ортақ адамгершілік идеясын жырлап, өрісті ойы, құдіретті дарынының арқасында Абайдай асылды әлемге танытты. Сол арқылы өзі де халқының зор құрметіне бөленіп, үлкен даңқ тұғырына көтерілді.
Біз ғұлама атаны ешқашан көрмеген, жоғары оқу орнында құлақ құрышын қандырған лекцияларын тыңдамаған ұрпақтың өкілдеріміз. Ең басты өкінішіміз де сол! Бірақ өмір бақи мақтаныш етеріміз ұлы қаламгердің артында қалған мол мұрасы. Сол мол мұраны шашау шығармай игерсек, нағыз қазақ болғанымыз. Ұлыдан үйрену – біздің ұрпақтың ұлт алдындағы абыройлы міндеті.
Мұхтар Әуезов секілді ұлы дарынды әлем қалай бағалады?
«Мен қазақтар туралы бұрын ешқашан естіген емеспін. Ал енді жуырда ғана Мұхтар Әуезовтің ағылшын тіліне аударылған ғажайып кітабын оқып шыққаннан кейін бұл халықты білетін болдым. Мен шын көңіліммен сіздердің бақытты халқыңызға қызығамын, ал өздеріңізді мәңгі өшпейтін шығармамен құттықтаймын».Бенжамен Матип
«Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі».Луи Арагон
«Сіз әлі «Абай» романын оқыған жоқсыз ба? Ендеше, ештеңе оқымаған адамсыз. Қандай тылсым, әрі ғажайып туынды! Жанданған дала өзінің тамаша жаратылыстағы табиғатымен, ишарасымен және кесек мінездерімен қайран қалдырады. Шекспирлік қым-қуыт оқиғалар қандай десеңізші! Сіз ешқандай ғылыми зерттеуде жоқ дәуірді сезінесіз! Ал поэзия ше! Осы проза түрінде жазылған көлемді екі кітаптан бірде-бір прозалық жолды кездестірмейсіз».Альфред Курелла
«Жазушы және филолог Мұхтар Әуезов тамаша кітап жазумен қатар, бізге белгісіз жаңа әлемді ашты... Әуезовтің романын аса майда әшекейлерге толы, әрі басты желі, басты ой сақталатын шығыстың ою-өрнектерімен салыстыруға болады. Әуезовтің романы – талғампаз оқырманның өмірінде үлкен оқиғаға айналатын туынды (шығарма)».Герберд Кремпиан
«Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын қазақтың ұлы ағартушысы және реалистік қазақ поэзиясының негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өмірбаянын көркем суреттеу ретінде ішінара ғана қарауға болады. Осы өмірбаяндық романның мағынасы әлдеқайда кең, ол – қазақтардың өмірінің, ғұрыптары мен мәдениетінің нағыз әдеби энциклопедиясы».Франтишек Соукуп
«1942 жылы «Абай жолы» романының жариялануы Әуезовтің даңқын бүкіл әлемге жайды. Француз басылымының алғысөзінде Арагон жазғандай, «роман XX ғасырдағы аса жоғары туындылардың бірі. Ол ойлар мен бейнелердің тұтас әлемін қамтиды». Айшықты жады және егжей-тегжейлі көріністе Әуезов бізді даланың ортасына, Абайдың туып-өскен тобықты руына еліктіріп әкетеді. Бұл кітап толғандыратын роман болумен қатар нағыз этнография оқулығы. Кітапта барлығы ғылыми дәлдікпен жазылған: әдет-ғұрыптар, дәстүрлер, қарым-қатынастар – бүкіл қазақ мәдениеті... Әуезовтің роман жазудағы техникасы мен шеберлігі Бальзакқа немесе Золяға барабар».Реми Дор
«Абай» эпопеясының тағы бір ұлылығы мынада, ол шығармашылықтың қыр-сырына, өмір мен поэзияның құпиясына барынша терең үңіле білген, ақындар мен поэзия туралы әлемдік әдебиеттегі ең озық, ең шоқтығы биік туынды».Михаил Луконин
«Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жаман ете алмайды: ғалым-филолог одан қазақ әдеби тілінің тууы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф көне заманмен қоса көрінген небір тұрмыстық бейнелер мен өмір құбылыстарын біледі; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды».Қаныш Сәтбаев
Гүлім ЕГІСБЕКОВА,
Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университеті, журналистика
факультетінің 2-курс студенті