ТІЛГЕ ТИГЕН ТҰЗДЫҒЫ

ТІЛГЕ ТИГЕН ТҰЗДЫҒЫ

ТІЛГЕ ТИГЕН ТҰЗДЫҒЫ
ашық дереккөзі
632
Төрт құрлық сарыла күткен әлем біріншілігінің бір аптасы да өте шықты. XXI ғасырдың XXI әлем чемпионатын жалпақ жұрт жұпыны деп сынға алды. Ақиқаты қалай? Өткен біріншіліктің чемпионы, осы бәсекенің басты фавориті саналған Германия алғашқы үш ұпайынан қағылып, мысы басылды. Неге? Ресейге ат шаптырым жерде отырған Еуропа жанкүйерлерінің саны әлем чемпионатында тым аз. Не себепті? Футболдың отаны саналған Англия елінен бірде-бір төреші неге Ресейге келмеді? Ширек ғасырдан бері күллі әлем танитын саңлақты ресейлік тәртіп сақшысы қалай танымай қалып жүр? Немістердің бетін қайтарған мексикалық шабуылшы Ирвинг Лосана жайлы не білеміз? 26 жасын жеңіліспен қарсы алған Салахтың неге жұлдызы жанбады? Алғашқы хет-трик авторы Криштиану, мундиалдың 11 метрлік айып добынан мүлт кеткен Месси өз командаларын финалға дейін жетелей ала ма?

АШЫЛУ САЛТАНАТЫНЫҢ АШЫЛМАҒАН ҚҰПИЯСЫ

Mediascope зерттеу орталығының хабарлауынша, Ресейдегі мундиальдың 78 мың жанкүйер жинап, «Лужники» стадионында өткен ашылу салтанатын, «А» тобындағы Ресей мен Сауд Арабиясының ойынын тікелей эфир арқылы 9 миллион адам тамашалаған. Тойдың болғанынан боладысы қызық, дегенмен доп додасы басталмас бұрын «айшықты» деп айдар таққан ашылу салтанаты өтті. Ерекше шоу іздеген көрерменге әлемдік БАҚ өкілдері шу жеткізді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, ашылу салтанатында өнер көрсеткен британдық танымал әнші Робби Уильямс камераның дәл алдына келіп, ортан терегімен қоса өзінің мәдениетсіздігін көрсетті, деп шулай жөнелді журналистер. Және оны кімге көрсеткенін болжап, мәселені ушықтырып әкетті енді бірі. Соңынан ашылу салтанатының бас режиссері Илья Авербух: «Дайындық кезінде ондай әрекеттер болмады. Бір айтарым, Уильямс бұл қимылды бір мемлекетке немесе телекөрермендерге арнайы көрсетті деу қате пікір. Өйткені оның бейнебаяндарынан бұл қимылды жиі байқаймыз. Және Уильямс өте талантты әнші, тікелей эфир кезінде соны дәлелдегісі келген болуы мүмкін», – деп мәлімдеме жасады. Робби Уильямстың бұл қимылына түсінбестікпен қарап отырған ел кірпік қаққанша ашылу салтанаты аяқталды. Және бұл тарихтағы ең қысқа ашылу салтанаты ретінде есте қалмақ. Бас-аяғы 10-12 минутты құрайтын «салтанатты ашылу» салтанатсыз өткендей әсер қалдырғаны рас. Бұл ретте Ресей Федерациясы үлкен сынға ілікті. Көпке бармай-ақ, өткен XX әлем чемпионатын еске алсақ, Бразилияда өткен біріншіліктің ашылу салтанаты 30 минутқа ұласқан еді. Бірнеше ғасырға жуық футбол тарихы мен ел шежіресін қамтыған шоу әлі есте. Стадион ортасында орналасқан шар тәрізді үлкен теңбіл доп қызылды-жасылды жарық шашып, әр тілде «футбол тойына қош келдіңіз!» деген еді. Алаң иелері табиғат ерекшеліктерін қамтып, ұлттық дәстүрін де күллі әлемге дәріптеп, үлгі етуге үлгеріп қалған-ды. Қойылымның жиырмасыншы минутында тарихқа саяхат тәмамдалып, әлгі шар бірнеше бөлікке бөлініп және шар ішінен сол жылғы біріншілік әнін шырқаушылар шыққан еді. Биыл ше? Шоу деп шуға, доп деп дауға қалды солтүстіктегі көршіміз. Бірнеше әншіні шақырып, қатарынан ән айтқызды. Оның өзін шулатып жіберді. Батыс сыншылары Ресей президенті өзіне «пиар» жасау үшін ФИФА-ны пайдаланып жатыр деп ашық ұрандауда. Тиражы 356 мыңды құрайтын халықаралық Financial Times басылымы, «Ресей соңғы жанжал, қырғиқабақ қарым-қатынастардан кейін, өз имиджін жақсарту үшін футбол чемпионатын өткізуге қатты көңіл бөлуде», – деп жазған еді. Басқалар болса, ұлттық құндылықтардың дәріптелмеуіне халықаралық футбол қауымдастығының әсері бар дейді. Кім білсін?! Ашылу салтанатының әлі ашылмаған талай құпиялары бары анық. Әліптің артын бақсақ, бәріне қанық болып қаларымыз мүмкін.

ЖАСАНДЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ ЖӘНЕ ТРАКТОР МІНГЕН ҚАРИЯ

Футбол сарапшылары «әу» дегеннен Германия құрамасының жеңісіне сенімді болды. Доп додасын жаны сүйетін жанкүйер де солай ойлады. Себебі 2014 жылы өткен доданың чемпионы, осы бәсекенің басты фавориті «неміс машинасы» еді. Қос құрама футбол тарихында бес рет кездескен және оның барлығында немістер басым түсті. Бірақ бұл жолы атцтектер «айды аспаннан бір-ақ шығарды». Кездесудің 35 минутында 22 жастағы мексикалық жартылай қорғаушы Ирвинг Лосано допты қақпаға бағыттап, тарихи голдың авторы атанды. Кездесу соңына дейін қос тарап бір-біріне жойқын шабуыл жасап бақты. Қорғаушылар күшті болды ма, қақпашының көзі мен қолы қалт етпеді ме, не де болса есеп өзгермеді. Төреші кездесудің аяқталғанынан хабар берген сәтте құрама шабуылшысы Хавьер Эрнандес пен мексикалық жанкүйерлер жанарларына жас алғанын көрдік. Кейіннен бұқаралық ақпарат құралдары Мексикада жасанды жер сілкінісі болғаны туралы ақпарат таратты. Мексика сейсмологтары: «Мексикада табиғаттан тыс жасанды жер сілкінісі орын алды. Мексика құрамасының мундиалда соққан голына қуанған жанкүйерлердің жаппай секіру әсерінен болуы мүмкін. Қалада аз дегенде екі құрылғы жасанды жер сілкінісі 11 сағат 32 минутта болғанын көрсетеді», – деп хабар таратты. Кейіннен оңтүстіктегі көршілес Чили сейсмологтары да дәл сол уақытта жасанды жер сілкінісі тіркелгенін айтты. Мексиканың орталық алаңына бұл кездесуді көру үшін 75 мың адам жиналған екен. Мексика құрамасы мықтының мысын басты. Олардың қуанышынан жер тербелді. Германиялықтар жеңіске жетсе, олардың да жанкүйерлері осылай қуанып, әлемдік БАҚ көзіне түсер ме еді, түспес пе еді, белгісіз. Бірақ немістің ең басты жанкүйері кездесуге дейін-ақ көптің назарын өзіне аударды. Иә, ол мундиалға трактормен келді. Германияның Форхгайма ауылында туған 70 жастағы зейнеткер Губерт Вирт шілденің төрті күні жолға шығып, сағатына жиырма километр жылдамдықпен жүріп отырып, 13 шілде күні межелі жерге жетті. Туған ауылынан екі мың шақырымды артқа тастап, 82 жыл бұрын шыққан трактормен неміс құрамасына жанкүйер болу үшін келген қарияға орыс кәсіпкерлері арнайы билетті сыйға тартты. Бірақ Губерт Вирттің де, неміс құрамасына жанкүйерлік танытқан көптің де үміті ақталмады. Хош, Германия әдейі жеңілді ме, әлде мексикалықтар мықты болды ма? Германия әдейі жеңілді дейтін ақылға қонымсыз дәлел. Көптеген жанкүйерлер «Германия күш-қайратын финалға дейін сақтап, әлсіз көрінгілері келетін қулығы ғой» – деп, ақтап жатыр. Ол да мүмкін. Бірақ кейбір жанкүйерлердің пайымынша командадағы ойыншылардың қартаюы басты себеп екен. Оны да зерделедік. Қазір Германия ұлттық құрама сапында сегіз бірдей бұрынғы чемпион өнер көрсетеді. Команданың орта жасы – 25,7. Немістер Нигериядан (24,9) кейінгі ең жас құрама. XX әлем біріншілігімен салыстырар болсақ, неміс құрамасы керісінше жасарған. Чемпиондық атақты еншілеген жылы команданың орта жасы 26,1 болып, рейтинг бойынша 32 команданың ішінде алтыншы орында тұрды. Мексика неге жеңіске жетті? Тіпті, 1987 жылы олардың Багама құрамасын 13:0 есебімен ойсырата жеңгенін ұмытып, немісті 1:0 есебімен жеңді деп таңдай қағып жатыр әлем жұртшылығы. Қара магия көмектесті деуге бола ма?! Жеңіс үні естілген күні Twitter желісінің Паола Джанет есімді қолданушысы «Мексика ұлттық құрамасының жеңіске жетуіне «менің әжем себепкер» деп 100 пайыз сеніммен айта аламын» деген мәтін жазылған бейне жариялады. Кездесу алдында Мемлекеттік гимн айтылып, әр ойыншыны камера көзімен бір шолып өтетінін жанкүйер жақсы біледі. Бейнеде шашын ақ шалған кейуана теледидар алдына тұрып, олардың әрқайсысына дұға оқып, түрлі қимылдар жасауда. Заман тілімен сөйлесек, хайп болған дәл осы бейнені 160 мың адам өз парақшасына сол күні жүктесе, 420 мың лүпіл басылыпты, бейне астына 2,5 мың пікір жазылыпты. Біз өз тарапымыздан пікір қосуға қауқарсызбыз. Себебі уақыт айтады қазылықты. Маусымның 23 күні Мексика футболшылары Оңтүстік Корея құрамасымен кезекті кездесуін өткізеді, ал Германия құрамасының ойынын 24 маусым күні тамашалаймыз.

КЕЛГЕН ҚОНАҚ КЕТКЕН ҚАРЖЫНЫ АҚТАЙ МА?

XXI әлем чемпионатын өткізуге Ресей Федерациясы 683 миллиард рубль жұмсады деп хабарлады JLL зерттеу орталығы. Жұмсалған қаржының қайтарымы мундиалға келетін жанкүйер санына тәуелді екені анық. Бірақ Ресейдегі әлем чемпионатында бос орындар көп байқалуда. Осы жылдың 3 мамырында 89 пайыз билеттердің сатылымда екендігін хабарлаған еді. 2 миллион 374 мың билеттің 46 пайызы Ресей жанкүйеріне тиесілі, қалған 64 пайызға шетелдің жанкүйерлер келеді деп хабар таратты. Чемпионат басталар тұста билеттің жалпы саны 2 403 116 жеткені, оның 871 797 данасы ресейлік көрермендерге, қалған 420 846 билет Оңтүстік және Солтүстік Америка, 62 541 – Германия, 40 251 – Қытай, 32 362 – Англия жанкүйерлері еншісіне, 900 000-нан астам билет Еуропа, Азия, Африка құрлығының басқа мемлекеттерінің еншісіне тигені мәлім болды. Осы әлем біріншілігінде басқа-басқа еуропалық жанкүйерлер көп болуы тиіс еді. Себебі жаяулатып немесе неміс Губерт Вирт секілді трактормен баяулатып келсе де, көрші отырған елдерден желпілдеп жанкүйерлер жетер еді. Бірақ еуропалықтардың саны аз. Сәйкесінше Солтүстік Америкадан келіп жатқан көрермен қарасы қалың. Америка футболға қызығады, Еуропа қызықпайды деп айта алмаймыз. Сонда Ресей арнайы ұшақ жалдап, 88 825 АҚШ, 72 512 Бразилия, 65 234 Колумбия, 60 302 Мексика, 54 031 Аргентина, 43 583 Перу, 36 359 Австралия жанкүйерлерін тасып жатқаны ма?! Уругвай мен Мысыр арасында өткен матчта стадион толы болған жоқ. Бірақ ФИФА матчтың барлық билеттерін сатты. Сонда кімге? Бұл ойынды стадионнан 27 015 адам тамашалаған. ФИФА ақпаратына сүйенсек, 33 мың жанкүйер сиятын стадиондағы матчқа 32 278 билет сатылған. Билет сатылғанымен, жанкүйерлер келмей қалған орындар үңірейіп, ойынның көркін бұзып жатты. Федерация матчқа неге 5 мың жанкүйердің аз келгенін зерттемек. Еуропаның кей елдері Ресей әлем біріншілігін өткізу құқығын ұтып алғаннан кейін бойкот жариялауға тырысып бақты. Әлі күнге Ресей бұл құқықты ұтып алды ма, сатып алды ма деушілер сейілген жоқ. Тіпті, Англия қатысудан бас тартамыз деп доқ көрсетті де. Құрамасын жібергенімен 80 жыл үзіліссіз әлем чемпионатында төрешілік етіп жүрген ағылшындар атынан ешқандай төреші Ресейдегі мундиалға келмеді. ФИФА арбитрларының сапындағы жалғыз ағылшын Марк Клаттенбург болатын. Ол өз еркімен бір жыл бұрын Сауд Арабиясына кетті. Жергілікті матчтарға төрешілік етеді. ФИФА баспасөз қызметі, Клаттенбургтың ұжымнан кетуін оның статусы көтерілді, ойын тактикасы мен футбол туралы түсінігі артты деп хабарлады. Дегенмен, кінәлі деп «Манчестер Ситидің» бас бапкері Жозе Моуринью айтылып келеді. Марк БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында: «Жозе бір ойыннан кейін киіну бөлмесіне келіп, ойын барысында қателік жібергенімді айтып, сынға алды. Шынымен де мен қателік жіберген шығармын, маған осы жұмысты жалғастыру керек пе деп үйге барып ойландым. Өз жолымды осы жерден аяқтауға шешім шығардым» – деген еді. Англияның кәсіби төрешілер кеңесінің басшысы Майк Райли Sky Sports арнасында «Біз таңданысымызды жасыра алмадық, өйткені ФИФА тізімінде Клаттенбургты алмастыратын жоғары дәрежелі маманды дайындап үлгермедік», – деп мәлімдеме жасап, ақталып бақты. Ресейдегі мундиалдаға Еуропа БАҚ-тары түрлі сын-пікірлер айтып, шу көтермек ойлары да жоқ емес. Ал ағылшын ақпарат құралдары әр істің астарын қазбалап, арам саясат іздеуде. Сондықтан да Еуропа жанкүйерлерінің Ресейге келуінің астарында саясат бар деп те, жоқ деп те айту, қиын. Тіпті, қиынның да қиыны. Сонда да Сергей Скри­паль ісінің салқыны сезілетін сияқты.

МАРАДОННАНЫ ТАНЫМАЙ ҚАРА БАСТЫ

Ресей көрермендері үшін әлем бірінші­лігінен гөрі оған келетін футбол жұлдыздарын, олардың ойындарын көзбен көру қызық болғаны жасырын емес. Мундиалға шақырылған құрметті қонақтарды бастап, төрт әлем чемпионатына қатысқан 1986 жылғы әлем чемпионы Диего Армандо Марадонна да келді. Ашылу салтанатына қатысты, алғашқы ойынды ВИП орында отырып көрді. Кезінде жанкүйерлер «алтын ұл» деп атаған чемпионды Ресей сақшысы танымай, «Лужники» стадионының автотұрағына жібермей қойған. Сақшыға бар жайтты айтып түсіндіп, құжатын көрсетемін дегенше, оқиға орнынан журналистер түсіріп алған видео әлеуметтік желілерге тарап үлгерді. Бұл да хайп болды. Әлем мойындаған футбол жұлдызын танымайтын әлгі бұл сақшы доптың не екенін білмейтін шығар деп шулады жұрт. Онысын кім білсін, елдің назарын аударуға арналған шоу үшін Армандоны арам мақсатта пайдалану емес пе екен дейтіндер де көп-ақ. Йоахим Лев қақпасын бұзып-жарған, кездесудегі жалғыз голдың авторы мексикалық Ирвинг Лосано «Барселонаның» қызығушылығын тудырды. 22 жастағы жартылай қорғаушы 2017-2018 жылдары клубтық деңгейде 34 ойынға қатысып, 19 гол соққан. Қуанышы қойнына сыймаған ойыншы кездесуден кейін: «Бұл менің спорттық мансабымдағы ең керемет және ең маңызды гол болды», – деп сұхбат берді. Эйндховен қаласының «ПСВ» клубы мен Ирвинг Лосано арасында 2023 жылдың 30 маусымына дейін келісімшарт бар. Кім біледі, келер біріншілікте жанкүйерлер Месси, Криштиану, Салах үшін емес, Лосано деп теледидарға телмірер. Египет шабуылшысы Мохаммед Салах алғашқы ойында командаластарына тек тілекші болғанын көрдік. Чемпиондар лигасында жарақат алған Салах әлем біріншілігінің бірінші ойынында қауқарсыз болып отырды. Өзінің 26 жасқа толған туған күнін жеңіліспен атап өтті. «Перғауын» лақап атымен танымал Салахтың туған күніне Шешенстан жанкүйерлері ерекше сыйлық тарту етті. Ерекше дейтініміз 100 келілік торт, үстінде алтын бутсы бар. Бұл акцияны ұйымдастырушылар: «Салах бұл сыйлықты алуға лайықты болғалы қашан. Біз оның спорттағы мансабымен қатар адамдық қасиетін да жоғары бағалаймыз, оның ішінде қайырымдылықпен жиі айналысады», – деп атап өтті. Келер біріншілікте 30 толатын Салахты көру, көрмеуіміз белгісіз.

99 келі қорғаушы

Панама мен Бельгия арасында болған ойында комментатор панамалық қорғаушы Роман Торреске ерекше тоқталып өтті. Оның салмағы 99 келі. XXI әлем чемпионатында ойнаған ең ауыр ойыншы ретінде тарихта аты қалмақ. 99 келі салмақ көтеріп, 105 метр қашықтықтағы қос қақпаның арасын шаң қылып, 90 минут айнала жүгіру Романға оңайға түспегені анық. Панама құрамасына қатысты тағы бір айтар дерек, бұл команда мундиалға Исландия сияқты алғаш қатысып отыр. Панама басшысы чемпионатқа жолдама алған күнді ұлттық мереке ретінде тойлауға жарлық еткен-ді. Исландия 330 мың халқы бар ең шағын ел болып ерекшеленсе, Панама ойыншыларының арасында ақсақал футболшылар аз болмады. Себебі команданың орта жасы – 29,4 жас. Ең кәртамыс команда. Ал, Нигерия құрамасының орта жасы – 24,9, сондықтан олар ең жас команда болып табылды. Салмаққа қатысты ерекшеленген ойыншылар тізімін жалғастырар болсақ, олар жапондық Такаси Инуи, мексикалық Хавер Акино. Марокколық Мубарак Буссуфа 59 келі салмақ тартты. Осы секілді бойы ең ұзын және ең қысқа ойыншыларды атап өткенді жөн көрдік. Хорват қақпашысы Ловре Калинич пен Сауд Арабия өкілі Аль-Шехри бір-бірінің жоғын толықтырары сөзсіз. Хорват қақпашысының бойы 201 см болса, Аль-Шехри небәрі 165 см. Ресейде өтіп жатқан мундиалда мысырлық қақпашы Эссам Аль-Хадари ерекше құрметтелуде. Себебі әлем чемпионатына қатысушылардың ең жасы үлкені осы. Қақпашы осы жылдың қаңтар айында 45 жасқа толған еді. Австралия құрамасының жартылай қорғаушысы Даниэл Арзани небәрі 19 жаста. 1999 жылдың 4 қаңтарында туған футболшы тәп-тәуір ойын көрсетіп жүр. Ресейдің қорғаушысы, ұлттық құрама мүшесі Сергей Игнашевич ең аз жалақы (25 мың еуро) алатын ойыншы деп табылды. Ал ең қомақты жалақыны (180 млн еуро) Месси мен Неймар иемденеді. Перу құрамасымен болған ойында Дания қақпашысы рекорд жаңартты. Каспер Шмейхел қақпасына 540 минут бойы гол жібермеген. Бұған дейінгі рекорд Каспердің әкесі Петер Шмейхельге (470 минут) тиесілі еді. Даниялық қос қақпашы ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен әкелі-балалы ретінде де тарихта қалмақ. XXI әлем чемпионатының алда тағы үш аптасы бар. Талай рекорд жаңаруы бек мүмкін.    

Серіктес жаңалықтары