323
ТОРҚАЛЫ ТОЙ ҺӘМ ТЕАТРЛАРДЫҢ ТАРТУЫ
ТОРҚАЛЫ ТОЙ ҺӘМ ТЕАТРЛАРДЫҢ ТАРТУЫ
«Ел жүрегі – Астана»
«Қазақстан» орталық концерт залында II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің салтанатты ашылуы болды. Бұл ауқымды мәдени жоба «Ел жүрегі – Астана» деген тақырыппен елорданың 20 жылдығына арналып отыр. II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлары ассоциациясы өткізуде. Салтанатты ашылу рәсімі әлем театрлары өкілдерінің қызыл кілем үстінен жүріп өтуінен басталды. Бұл әсерлі көрініс жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Өнер мерекесінің ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің ашылуында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мынадай тілек білдірді: «Бұл фестиваль театр өнерінің заманауи қалпы мен даму үрдісін жақсы түсінуге көмектеседі. Сондықтан осы мереке баршаңызды естен кетпес ерекше әсерге бөлесін». Өнер мерекесінің ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермендер «Наз» мемлекеттік театрының орындауындағы «Шашу» хореографиялық композициясын, «Номад» этнофольклорлық ансамблінің «Мәңгілік Ел» музыкалық композициясын тамашалады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Абай» қойылымынан үзінді қойды. А.Ниязова, С.Байғожин, М.Баспаева, Т.Гатауов сынды Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солистері өнер көрсетті. Концертті «Астана мюзикл» мемлекеттік театры «Жайна, Астана!» музыкалық-хореографиялық композициямен қорытындылады.2500 мәрте қойылған – «Arlecchino servitore de du padroni»
Бұл – Италияның атақты «Piccolo Teatro di Milano» театрының қойылымы. Қазақшаға аударғанда – «Екі мырзаға бір қызметші». Жанры – комедия. Театр сүйер қауымның қолы жетпей жүрген, талай көрермендерді тәнті еткен қойылым. Бұл туралы әлемдік деңгейдегі көптеген басылым беттерінде театртанушылар тамсана жазды. Бірақ «Мың естігеннен бір көрген артық» демей ме қазақ. Сондықтан да болса керек, Астана тұрғындары мен қонақтары бұл қойылымды асыға күткен болатын. Осы күні елорданың «Энергия Холл» сахнасында ІІ «Астана» фестивалінің бағдарламасы «Arlecchino servitore de du padroni» комедиясымен жалғасты. Фестиваль басталар алдында Мәдениет және спорт министрлігінде баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, «Piccolo Teatro di Milano» театрының жетекшісі Стефано Де Лука былай деген еді: «Arlecchino servitore de du padroni» біздің театрдың басты спектаклі және алтын қоры. Сондықтан Астананың 20 жылдығына байланысты осы қойылымды қазақстандық көрермендерге арнайы әкелдік. Айта кетейін, біздің театрдың негізін ХХ ғасырдың атақты режиссері Джорджо Стрелер қалап, соның арқасында танымал болды. Қойылымның премьерасы 1947 жылы қойылды. Содан бері сахнадан түскен жоқ. Бүгінгі күнге дейін қойылым 40 мемлекетте 2500 рет қойылып, Гиннес рекордтар кітабына енді». Міне, жақсы қойылымның сахналық ғұмыры ұзақ деген осы.«Астана Мюзикл» қойылымы – «Қыз Жібек»
Фестивальдің шымылдығын ашқан театрлардың бірі – «Астана Мюзикл». Бұл – мемлекеттік театр. Жас театр. «Қазақконцерт» МКҰ жанынан құрылған театрдың репертуарында отандық және әлемдік мюзиклдер бар. Ал басты қойылымдарының бірі – «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі. Қоюшы-режиссер М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асxат Маемиров. Аталған мюзикл Франция, Бельгия, Австрия және Ресей көрермендерін таңқалдырып үлгерген. Театр ұжымы бұл жолы да сәтті қойылым көрсете білді. Өздерінің шеберліктері шыңдалғанын тағы бір байқатты. Олардың өнерлеріне көрермендер дән риза болды. Қойылымды қалың көпшілікпен қатар Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова, Еуропа мен Азияның белгілі театр сыншылары мен драматургтері Ионас Вайткус, Франциядан арнайы келген Давид Асатиани, театртанушы Аманкелді Мұқан тамашалады.Таңдау неге «Таңсұлуға» түсті?
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұсынған қойылым – Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» шығармасы. Неге таңдау «Таңсұлуға» түсті? Бұл туралы театрдың директоры Асхат Маемиров баспасөз мәслихатында былай деген болатын: «Бұл таңдау жайдан-жай емес. «Астана-Мюзикл» «Қыз Жібекті» ұсынып жатқандықтан, академиялық театр болсақ та, оны қайталағымыз келмеді. Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті Асанәлі Әшімов ағамызбен ақылдаса отырып, тарихи шығарма «Таңсұлуға» тоқтадық». Таңсұлу – тарихи тұлға. Ол ерен ерлігімен елге қорған болған, найзағайдай намысы бар батыр әйел. Осындай аңыз адам туралы пьесаны М.Әуезов атындағы академиялық театр сахналап. қазақстандық көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған болатын. Енді сол қойылым халықаралық театр фестивалі аясында тағы да бір рет көпшілікке көрсетілді. Театр ұжымының «Таңсұлу» спектаклін сахналағандағы негізгі мақсаты фольклорлық, этнографиялық мұрамыздың бай екенін көрсете отырып, қазақтың батыр қызын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету болса керек. Сахнагерлердің сол мақсаты орындалды десек артық айтқандық болмас. Таңсұлудың ерге бергісіз қайрат-жігері мен мұқалмас мінезі, биік болмыс-бітімі айқын бейнеленді. Сұлу да сымбатты, ақылды да батыр қыз Таңсұлу қандай қиындық болса да қаймықпай, тайсалмай, ел намысы мен ұлттық рухты асыл сезімнен артық санайды. Театр әртістері сол бір қиын-қыстау, аумалы-төкпелі замандағы оқиғалар мен көріністерді шынайы, шеберлікпен жеткізе білді. Театр мерекесі 28 маусымға дейін жалғасады. Әлемнің атақты театрлары Астананың торқалы тойына тарту ретінде үздік қойылымдарын көрермендерге ұсынбақшы. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Астана қонақтары мен тұрғындарының тек отандық театр ұжымдары ғана емес, сонымен қатар әлемдік театр труппаларының да өнерін тамашалауға мүмкіндігі бар. Себебі фестиваль аясында қаламыздың мерекесімен құттықтау үшін Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Германия, Грузия, Жапония, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінен театрлар келді. 13 елден келген театр ұжымдары өнерлерін ұсынады. Барлығы – 18 қойылым, 17 театр. Астананың әлемдік деңгейдегі абыр-ойын одан әрі асқақтата түсетін театр мерекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіби театртанушылар мен сыншылар да арнайы шақырылған. Атап айтқанда, Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон Валлен (Франция), Давид Папава (Ұлыбритания) бар. Олар әрбір спектакльді театр қойылымынан соң кеңінен талқыға салып, өз ойларымен бөлісуді өздеріне зор мәртебе санауда.Ғалым Орынбасарұлы
Астана