343
ШЫМКЕНТ ШЫРАЙЛАНА ТҮСТІ
ШЫМКЕНТ ШЫРАЙЛАНА ТҮСТІ
Шымкентте «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілген «Қошқар ата» өзенінің жағалауы пайдалануға берілді. Айтулы шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев, қала әкімі Н.Сауранбаев және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Тұсаукесер салтанатына қатысқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев шымкенттіктерді жаңа демалыс аймағының ашылуымен құттықтап, болашақта жүзеге асатын жобалармен таныстырды.
Шымкент қаласын қақ жарып өтетін «Қошқар ата» өзенінің жағалауы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып, мүлдем жаңа кейіпке енетін болады. Өйткені алдағы уақытта «Қошқар ата» өзені бойында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, Қарасу және Қошқар-ата өзендерінің бойы толық абаттандырылады. Жалпы «Ескі қала» жобасы бойынша Қошқар ата өзенінің жағалауы демалыс және қорғау аймағы болып қарастырылған. Бұл маң Мегаполис атанған қаланың таңдаулы, көрікті жерлерінің біріне айналмақ. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы шара барысында жан-жақты айтып берді.
Бүгінгі таңда демалыс аймағын толық аяқтау үшін мемлекет мұқтажына алынатын тұрғын үйлер мен жер телімдеріне өтеамақы төлеу үшін қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Тоғжан Зеберханова
Шымкент қаласы