БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҺӘМ БИЗНЕС

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҺӘМ БИЗНЕС

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ҺӘМ БИЗНЕС
ашық дереккөзі
1056
Кез келген адам ақша таба алады. Алайда ақшаны басқаруға келгенде табыстылардың өзі орта жолда ойланады. Себебі қаржылық сауаттылық аяқтан шалады. Бұл – дәлелденген тұжырым. Экономистер мен сарапшылардың жыл сайынғы зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны өзінің қаржылық сауаттылығына күмәнмен қарайды. Демек, ақшаны табу мен оны басқару арасында байланыс жоқ, нақтысы, қаржылық сауатсыздығымыз басым. Қаржыны тиімді жұмсау әр адамның өзіне тіреледі. Десе де, қазақстандықтардың дені ақшаны жаратудың жолында жаңылысады. Себебі есеп жүргізбейді. Есеп жүрмеген жерде кіріс пен шығыстың арасы білінбейді. Сол себептен де соңғы кезде баланы ерте кезден бизнеске бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігі ашық айтылып келеді.

Ақша туралы айтқымыз келмейтіні қалай?

Ақша – еңбектің өлшемі. Білім алу, несие жабу, қарыз қайтару, құнды зат алу үшін де қомақты қаржы қажет. Ай сайын алақанға тиетін ақшаның қайда кететінін есептеп отыру шығынды азайтып, кірісті көбейтуге жол ашады. Алайда отбасылық бюджеттің жоқтығынан жалақының келесі айға дейін жетпей қалатыны рас. Мұндайда қарыз алып күнелтудің жолын іздейміз. Бұл әлі де болса отбасылық бюджетті бекітуге немқұрайлы қарайтындығымыздың көрінісі. Себепті сырттан іздеудің қажеті шамалы. Әрине, қазір тауардың бағасы біркелкі емес, нарық құбылмалы деген қайтарма жауаптың болатынын білеміз. қаржы әлемін зерттеп жүрген сарапшы-журналист Ербол Азанбек «отбасылық бюджеттің жоқтығы табысы қомақты отбасылардың өзін табысқа жетелей алмайды» дейді. – Көпшілігіміз отбасылық бюджетті жүргізбейміз. Ақша келеді, кетеді. Артық ақшамызды жинауға тырыспаймыз. Көбейту жолдарын білмейміз. Тағы бір әттегенайы, қазақтар жиі шоғырланған Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары қаржылық сауаттылығы төмен өңірлер қатарында. Ақша мәселесі бір күнде пайда болатын нәрсе емес, ұзақ жылдардың жемісі. Әрі бір мезетте шешіле салмайды. Бірінші, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты басқару, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімін көтеріп, сол арқылы табысты жұмысқа орналасу, артық ақшаны кәсіпке салу – мұның бәрі жылдар бойы қалыптасады, – дейді Ербол Азанбек. Отбасылық бюджеттің сақталмауы үйдегі балалардың да біліміне әсер етеді. Мектепке баратын оқушылардың ақшаны дұрыс жұмсай алмауы, қажетсіз затқа қаржы шығындау, қолдағы ақшаның есебін білмеу баланы болашақта ақшаны басқаруға қауқарсыз етеді. Әсіресе, бүгінгідей заманың түлкі болып тұрғанда тазы болудың қамын жасау кезек күттірмейді. Бұл үшін баланы ерте жастан кәсіпке, ақшаны жұмсай білудің жолдарына баулу керек. Мұны жас кәсіпкер Бек-ұлан Сағындық та құптап отыр. «Біздің экономика сауда-саттықтан тұрады. Қазіргі уақытта алып-сатуды жақсы меңгерсең, кәсіпте біраз жерге баруыңа болады. Нарық бос жатыр. Бәсеке көп. Бірақ бізде өндіріс аз, қызмет көрсету саласы, тамақ өндірісі ширамай тұр. Оны игеру үшін баланы ерте жастан саудаға үйрету керек. Себебі уақыттың талабы осы». Қаржы нарығында отбасылық бюджет ұғымына түрлі мысалдар мен анықтамалар беріледі. Ең бастысы, келіп түскен табысты жаратудың жолдары мен артылған қаржыны тиімді жұмсау есепке алынады.

Балаға бизнес «бөжей» емес

Бірнеше жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы баланы бизнеске бейімдеу үшін «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін мектепке енгізуді көтеріп келеді. Қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін пәнді ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдамасқа амалы жоқ еді. Нәтижесінде өткен жылдан бастап еліміздің барлық мектептеріне факультатив ретінде оқытылуда. Әзірге пән ретінде енгізіле қойған жоқ. Мақсат – оқушыларға кәсіпкерлік ұғымына түсінік беріліп, алғашқы капиталды жинау тәсілдері, кәсіпкерліктің алғышарттарын үйрету. Бастапқыда пилоттық режимде қолға алынған сабақ бүгінде аймақтардың жоғары сынып оқушыларына жете таныс. Мәселен, Қызылордада мектеп ұстаздарын пән аясында әдістемелік даярлау мақсатында №9 мектеп-гимназиясының базасында оқыту семинарлары, біліктілікті арттыруға арналған курстар, бизнес-идеялар жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары өткізілген. Осылайша, аймақта «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 35 мектепке енгізілген. Мұны жақында Кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Молдыраймов мәлімдеді. – №9 мектеп-гимназиясы жаңа бағдарлама аясындағы шараларды бастап кетті. Жаңа бағдарлама аясында оқушыларға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен пилоттық негізде әзірленген «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» атты кітапты таратып бердік. Оқулықта экономика, бизнес саласындағы терминдер, компания құруға дайындық, бизнес-жоспар құрудың негізгі кезеңдері сынды материалдар қамтылған, – дейді Ерлан Молдыраймов. Ерлан Молдыраймов айтқан оқулықты біз де көріп шықтық. 93 беттік оқулықта кәсіпкерлік қадамдардың алғашқы әліппесі қамтылған. Әрине, тақырыптар арасында аудармалар берілгені де байқалады. Бизнес бағытындағы материалдарды топтастыру енді қолға алынғандықтан аудармалардың ауық-ауық көрініс алатыны шындық. Ендігі мәселе, оқыту сапасы. Кімдер сабақ беріп жүр? Балалар сабақты қалай қабылдауда? Сауалға жауап іздеу мақсатында №9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Сәуле Шайх-сла­мовамен тілдестік. Ол бірнеше жылдан бері бизнес бағытында білімін жетілдіріп, оқу пәнін жүргізеді. Айтуынша, баланы бизнеске бағыттау үшін мектеп ішінен «Атамекен» мектеп компаниясы құрылған. – Сабақ аптасына 1 рет оқытылады. Оқушылар өздері ойлап тапқан жобалары мен қолөнер бұйымдарының өзіндік құны мен оны нарықтағы бағасын, табыс пен шығынның арасын есептейді. Әрине, балаларға тұтас кәсіп ашуды үйрету мақсат емес, алғашқы түсінікті, бизнес жоспардың элементтерін енгізуді мақсат етеміз, – дейді С.Құрманбекқызы. Кезінде оқушыларға кәсіп үйретудің жолдарын үйрету үшін ауыл-ауылды аралап, ауыл жастарын кәсіпкерлермен жүздестіру жолында жоба жүргізген, сарапшы маман Жасұлан Серіков балаға кәсіп туралы үйрету үшін тек теоретиктер тартылмауы керек, бизнестің биігіне шыққан кәсіпкерлерді шақыру керек дейді. – Қазір мектеп жасындағы оқушының қолына ақша беріп, бақыласаңыз, бала ақшаны басқара алмай, өзіне не қажет екенін білмей абдырайды. Демек, ақшаны игерудің жолдарын үйренбеген. Сол себепті де оқушыларды күнделікті өмірге ерте араластырып, нақты қаржылық жоспар құруға, кіріс-шығыстарды жазып жүруге үйрету керек. Бір кездері жастарға қаржылық сауаттылық, отбасылық бюджет туралы дәрістер оқыдым. Ой түйе келе, ата-аналар үйінде балаларына ақшаны басқару жолдарын үйретпейді, мектепте де айтылмайды, мұның арты қаржылық сауатсыздыққа алып келеді деген тоқтамға келдім, – дейді ол. Бизнесмен болу басты талап емес. Оқушылардың қабілетіне қарай кәсіпке икемдеу, ақшаны басқаруға үйрету – мектеп мұғалімдерінің мақсаты. Еті тірі, бизнеске бейімі барлар жолын тауып, жоғары оқу орындарында кәсіп ашса, өзін-өзі жұмыспен қамти алғаны.

Әр елдің салты басқа...

Қаржылық сауаттылық әлем елдерінде бұрыннан бар. Жеке бизнесін ашуға мотивация беретін сабақты әр мемлекет әртүрлі үйретеді. Ұлыбритания. Британ билігі 2008 жылы елдегі дағдарыстың салдарынан шығу үшін оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруді қолға алады. Бастапқыда факультативте оқытылса, кейіннен жалпы пән ретінде оқытыла бастаған. Бастауыш сыныптарда жеке қаржы және оның жұмсалу жолдары айтылады. Ал жоғары сынып оқушыларына несие, ақша жинау жолдары үйретіледі. Чехия. Еуропалықтар, әсіресе, чехиялықтар балаға табыс пен шығыстың арасын түсіндіреді. Тіпті, қарапайым оқушылар коммуналдық төлемдер, азық-түлік, киім-кешекке жұмсалатын ақшаны басқара алады. Бұл үшін қаржы және бизнес саласында тәжірибесі бар сарапшылар шақырылады. АҚШ. Елдің қаржы министрлігі «Money as you grow» атты арнайы жоба жасаған. 3-5, 6-10, 11-13, 14-18, 18-ден жоғары жас ерекшеліктеріне сай бөлінеді. Мұндай топтар үшін қаржылық сауаттылық курстары оқытылады. Елдегі әрбір штат мектептерде қаржылық сауаттылық туралы оқу курстарының материалдарын әртүрлі оқытады. Бірқатар мектептерде бұл жалпы математика пәнінде оқытылса, ендігі бір оқу ошақтарында арнайы оқу курсы ретінде беріледі. Пайыздарды есептеу, инфляция, салық төлемдерін есептеу жолдары айтылады. Жапония. 2007 жылдан бастап күншығыс елі қаржылық сауаттылық пәнін мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытады. Бұл үшін Білім, мәдениет, спорт, ғылым министрліктері бірлесе қимылдайды. Мұнда арнайы білімі бар ұстаздар мен қаржы әлемінде табысқа жеткен мамандар сабақ береді. Бала 6-7 жастан бастап қаржы туралы түсінігі қалыптасып, әрбір тауардың құнын білуге үйретеді. Ал, 8-9 жасында балалар жеке жоспарларын құрып, ақшаны тиімді жұмсаудың жолын үйренеді. 10-11 жасында жапон балалары депозит ашудың жолдарын үйренеді. 12-14 жасында оқушыларға үй бюджетін бекіту, кірістерге мән берілсе, 15-17 жастағы оқушылар ұзақ мерзімді жоспар әзірлейді. Жасұлан СЕРІКОВ, сарапшы: – Израиль үкіметі бизнесте табысқа жеткен кәсіпкерлерді мектепке шақырып, оқушыларды кәсіпкерлікке үйретеді. Өмірде белеске жеткен бизнесменнің өмір жолы, кәсіп ашудағы кедергілері мен қадамдарын оқушылар мұқият меңгереді. Ал бізде білім саласында бюрократия басым. Табысты кәсіпкер мектепке, не жоғары оқу орнына сабақ беру үшін оның арнайы педагогикалық білімі болуы керек. Меніңше, біздің елде кәсібін жолға қойған кәсіпкерлерді шақырып, дәрісін өткіздірсе кез келген кәсіпкер оқушылармен кездесуден қашпайды. Мұны жергілікті білім басқармалары реттеу керек. Баланы бизнеске қызықтыру үшін өнеркәсіптің ортасында, іскерлік алаңда сабақ ұйымдастырылу керек. Қазір «Үкімет өлтірмейді» деген қасаң қағидадан арылатын кезең келді. Жалдамалы жұмысшы боламын деген түсініктен арылып, өзімнің шағын кәсібімді ашып, жұмыс орнын ашамын деп мақсат ету керек. Бұл үшін баланың фундаменталды білімі болуы тиіс. Ол үшін қаржылық сауаттылық қажет. Қасиет Аманкелді, 10-сынып оқушысы: – Мектепте «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқып келемін. Қазіргі уақытта керек пән. Себебі өзім қатарлы көп оқушылар келешекте қандай маман боларын білмей жүр. Қай салаға барсақ та, қаржылық сауаттылық қажет. Сабақ барысында ойша жеке компания құрып, оны басқарудың тәсілдерін үйренудеміз. Компания жұмысын табысты ету үшін әрбіріміз идея қосып, сабақты қызықты өтеміз. Бүгіннің өзінде бизнес туралы түсінігіміз қалыптасып келеді. Болашақта кәсіп ашуды армандаймын. Алған білімім жеке кәсіп ашуыма бағыт береді. P.S. Баланы кәсіпке бейімдеу бүгін ғана айтылған мәселе емес. Хакім Абай да, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі де баланы ерте жастан кәсіп етіп, тірлік етуге шақырды. Ал белгілі бизнесмен Роберт Кийосакий «Богатый папа, бедный папа» атты кітабында «Менен жұрт: «Бизнесті нөлден қалай бастауға болады?», «Жылдам байып кету үшін не істеу керек» деп көп сұрайды. Мен оларға «Қаржылық сауаттарыңды арттырыңдар» деп кеңес беремін. Зәулім ғимарат салу үшін де алдымен оның іргетасын мықтап құю керек, сол сияқты байлықтың орнықты болу үшін кісінің қаржылық сауаты болуы тиіс», – деп жазған болатын. Сөз басында сөйлеткен статистиканы тағы да еске сала кетейік. Қазақстанда әрбір үшінші тұрғын қаржылық сауаттылығына күмәнмен қарайды. Демек, бұл мәселеге терең мән беретін уақыт жетті.  

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

Қызылорда

Серіктес жаңалықтары