Сейсенбі, 27 Қыркүйек, 2022

Индустрияландыру – өңір өрісі

«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша партиялық тыңдаулар өтті. Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар және партия өкілдері қатысты.

Отырысты қалалық мәслихат депутаты Мұхит Әзірбаев ашып сөз сөйледі.

– Әр мемлекеттің жетістігі оның өнеркәсіп индустриясының дамуымен және жаңа технологиялық бағыттардың енгізілуімен тікелей байланысты. Индустрияландыруды жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл үй және зауыт құрылысы, медицина орталықтарын ашу. Осы шараларды жүзеге асыру мақсатында елімізде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы іске асуда. Бағдарлама еліміздің өнеркәсіп бағытының маңызды бөлігі болып табылады, – деп атап өтті Мұхит Әзірбаев.

Сонымен қатар, отырыс барысында Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және «TechGarden» автономды кластерлық қор өкілдері бағдарлама аясында жасалған жұмыстар туралы баяндады. Жалпы, Алматы қаласындағы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 12,2 жұмыс орнымен қамтамасыз етуге бағытталған 109 жоба қарастырылған. Бірінші бесжылдықпен салыстыратын болсақ, жобалар мен жұмыс орындарының саны екінші бесжылдықта 5 есе артқан. 2015-2017 жылдар аралығында 42 жоба іске қосылды. 2018 жылы 2000-ға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етуге бағытталған 21 жобаның ашылуы қолға алынған, – деп атап өтті Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Рүстем Ворошилов.

Өз кезегінде «TechGarden» автономды кластерлық қоры басшысының орынбасары Асқар Сембин индустриялық-инновациялық бағыттағы ұйымның қызметі жайлы айтып берді. Мекеме қазіргі таңда 1000-ға жуық жобаны қарастыруда, 2018 жылы 100-ден астам жобаны қаржыландыру көзделген. Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері арнайы ұсыныстар қабылдап, олар мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданындағы филиалында да  Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысы талқыланды. Партияның сайлауалды бағдарламасының «Индустриялық даму» бағыты бойынша сараптама комиссиясының отырысына облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалындағы «Индустриялық даму» сараптама комиссиясының партиялық кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Абзал Меңдібаев, облыстық, аудандық мәслихаттардың депуттары, облыстық кәсіпкерлер палатасының, облыстық индустриалық-инновациялық даму басқармасының өкілдері, аудандық партия ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Бағдарламаның аймақта жүзеге асырылу барысы жайлы Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Мұратәлиев баяндады.

– 2015-2019 жылдарға арналған Инвестицияларды тарту шаралары аясында өңірге келген ірі инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында Кәсіпкерлікті қолдау картасы жасақталып, енгізіліп отырады. Бүгінгі күнге дейін кәсіпкерлікті қолдау Картасына 24 жоба енгізілді. Жобалардың жалпы құны 500,1 млрд теңгені құрайды. Жоспарланған жұмыс орындар саны 3 263 орын. 24 жобаның ішінде 8 жоба шет елдік инвесторлардың үлесімен жүзеге асырылуда. Аталған картаға Мұнайлы ауданынан 2 жоба енгізілген болатын. Олар: «Маңғыстау құс» ЖШС құс фабрикасы және «Бест Групп» ЖШС күн электр станциясы, – деді бөлім басшысы. Дастан Мұратәлиевтің айтуынша, картаға енген 2 жоба – «Бест Групп» ЖШС күн электр станциясы құрылысы 2018 жылдың сәуір айында бітіп, іске қосылған болса, «Маңғыстау құс» ЖШС құс фабрикасының құрылысы 2019 жылдың І тоқсанында аяқталады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button