АҒЫЛШЫН ТІЛІ ҚАЖЕТ, БІРАҚ...

АҒЫЛШЫН ТІЛІ ҚАЖЕТ, БІРАҚ...

АҒЫЛШЫН ТІЛІ ҚАЖЕТ, БІРАҚ...
ашық дереккөзі
1085
Бұған дейін еліміздің үш тұғырлы тіл саясатына біртіндеп бетбұрыс жасауға деген алғашқы қадамы қоғамда түрлі пікір алуандылығын көрсеткен еді. Тіпті, бұл бастамаға көптеген тіл жанашырлары қарсылық танытып, тіліміздің үш айырға айналып бара жатқандығына биліктің назарын аударған. Бұрын ауылдан қалаға ағылған қазақ бірауыз орысша білмегеніне налитын. Орысша үйренбесе, өзін аш қалатындай сезінетін. Қазір мүлдем, керісінше. Бүгінгінің баласы ағылшын тілінде сөйлеуді жөн санайды. Десек те, тап қазір қазақ тілінің қолданыс аясын биік мінберлерге шығара алмай жүргенде, жаппай ағылшын тілі жағына құлай кеткеніміз қаншалықты дұрыс болады? Бір қарағанда, мемлекеттік тілдің асқақ орнын ағылшын тілі басып алған жоқ па? Кейде кейінгі буын арасында туған тілінен гөрі ағылшын тіліне деген құрмет айрықша басым көрінеді. Ағылшын – әлемдік кеңістікке еркін қанат қақтыратын тіл. Оған дау жоқ. Сонымен, көптен бері қоғам талқысына салынып келген ағылшын тілі пәнін білім ұяларына жаппай оқыту мәселесі билік тарапынан оң шешімін тапқан сыңайлы. Жақында ғана Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мырза жаңа оқу жылынан бас­тап елімізде 1-сынып оқушыларына ағылшын тілін оқыту жүйесі енгізілетіндігін кесіп айтты. Осы тұрғыда көп тілді оқытуды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеу қолға алынған. Қоғамдағы түрлі пікірлерді електен өткізген министр бұл реформаға қарсы болып жүргендерге мынадай уәж айтты. «Көп тілді оқыту бүгінгі күннің талабы. Қазақ тілі – ұлтымыздың рухы, рухани байлығы. Тіліміздің дамуы, оның қоғамдағы орнын нығайту және қалпына келтіру жолында білім саласының жауапкершілігі ерекше. Қазақ тілі барлық мектептерде оқытылады. Оқушылардың 60 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алады. Мұндағы басты мақсат – барлық түлектердің қазақ тілін жақсы меңгеріп шығуы», – деді министр. Жөн делік. Алайда, қарапайым халық министрдің мына пікірін түсінбей дал. «Ендi 4-5 жылдан кейiн бiз кейбiр пәндердi, мәселен, биология, химия, физиканы мектептерде ағылшын тiлiнде оқытатын боламыз. Оған қазiрден бас­тап дайындық жасамасақ, уақыт сыр­ғып өте шығады. Жалпы, 2020 жыл­ға қарай кейбiр пәндердi ағылшын тiлiне ауыстырамыз деген ойымыз бар», – дейді министр алыстан сермеп. Мұны естіген ата-ананың түн ұйқысы төрт бөлінген. Ағылшын тілін жеке пән ретінде бірінші сыныптан оқыту бір бөлек, енді басқа да пәндерді сол тілде сайрату оқушыны да, ата-ананы да абдыратып тас­тады. Ағылшын тілі керек дейік, бірақ аталған пәндерді оқытатын ағылшын тілді мамандарды қысқа уақытта қайдан табамыз? Бұл мемлекеттік тұрғыдан қарастырылды ма? Бұны негіздейтін бағдарлама бар ма? Көпшілікті екұдай ойға қалдыратын осы жайт. Осыдан біраз уақыт бұрын газетіміздің төрінде оқулықтағы олқылықтарға қатысты дөңгелек үстел өткізіп, бірқатар мұғалімдер мен оқулық авторларының басын қосқан едік. Сонда педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Оразахынова: «Ағылшын тілін оқыту қазақ баласына өте ауыр. Бір сыныпта кемінде 32 бала бар. Қалада тілдік пәнді бөліп оқытса, ауылды жерде 42 бала болса да, бір сыныпта отырады. Қазақтың баласы кәдімгі «а» әрпін әрең жазса, екінші жағынан ағылшынша да таңбалайды. Бұл баланың денсаулығына қатты әсер етеді. Мектепке жаңа келген бала оқудан қашады ғой. Сондықтан да бастауышта бала өз ана тілімен, ділімен, салт-дәстүрімен, тарихы, мәдениетімен қаруланса, 5-сыныпқа келгенде түсінігі қалыптасып, екінші, үшінші тілді еш қиындықсыз үйренеді», – десе, №13 мектеп-гимназиясының мұғалімі Забира Шартықова: «Бастауышта ағылшын тілін оқытуға келсек, өзім мұны қош көрмеймін. Балам екінші сыныпта оқиды. Қазақ тілінен диктант алсам, қазақ әріптерін ағылшынша жазып жібереді. Бала екі әліпбиді шатастырып, қолданады. Мұны сол 5-сыныптан бас­тау керек» деген пікірлерін ашық айтқан еді. Ал саясаттанушы Дос Көшім: «Егер ағылшын тілі орыс тілін ығыстыру үшін ғана мектеп бағдарла­масына енгізілгелі отырса, мен ұсынысқа қарсы емеспін. Бірақ оның алғышарт­тарын көріп тұрғаным жоқ. Күні бүгінге дейін орыс тілінің қолдану аясына артықшылықтар беріп келді. Енді «ағылшын тілі 1-сыныптан бастап оқытылсын» де­ген мәселе мемлекеттік деңгейде көтері­ліп отыр. Мемлекеттік тіліміздің қолда­нылу аясын кеңітпей, ағылшын тіліне мұн­дай басымдық беруіміз ұлтты қор­лаумен бірдей. Мемлекеттік тілді меңгеру балалар бақшасынан, бірінші сыныптан басталады деген ұсыныстың айтылып келе жатқанына бес жылдан асып кетті. Тым болмаса тіліміздің қажеттілігін ал­тыншы-жетінші сыныптық деңгейге көтер­мей жатып мұндай ұсынысты қабыл­дау мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын он жылға кейінге шегеріп жібе­румен тең», – дейді. Шынында да, оңы мен солын ажырата алмай, әріпті таңбалауды жаңадан үйрене бастаған балақайға ағылшын тілін қоса оқытсақ, қойыртпақ қылып жібермейміз бе? Оның мектепке баруға, білім алуға деген арманға толы құштарлығын су сепкендей баспаймыз ба? Мәселенің осы жағына үңіліп жатқан кім бар? ҰСТАЗДЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ? Жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныпқа қадам басатын бүлдіршіндер ағылшын тілін оқиды делік. Ал оларға сапалы білім беретін мұғалімдер қандай деңгейде? Бүгінде орта білім ошақтарында ағылшын тілінің оқытылу көрсеткіші мәз емес. Өйткені мектепте он жыл оқыған оқушы жоғары оқу орнына, магистратураға түсерде ағылшын тілінен сүрініп жатады. Осыдан-ақ тілді оқытудағы нәтиженің мардымсыз екендігін байқайсыз. Министрлік «ағылшын тілін кезең-кезеңімен енгізу қарастырылуда» деген сәтте бұл реформаны іліп әкететін мамандардың деңгейін ойладық. Бұл сауалдың мазалағаны сол екен, министр: «Осы мақсатта мұғалімдерді қосымша даярлау көзделіп отыр», – деп салды. Оның «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін даярлау жүгі, тек осы отыздың мойнына артылар міндет болғалы тұр. «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасында бізге ағылшын тілін білетін мамандар қажет. Сондықтан инженерлік-техникалық, жаратылыстану ғылымдары бойынша оқытушылар даярлайтын арнайы бөлімдер ашылады. Бір әттеген-айы, білім ордаларының ағылшын тілді оқулықтар мен әдістемелік құралдармен қамтылуы 6 пайыздан әрі аспай отыр. Өзекті мәселенің бірі осы. Қалай болған күнде де Елбасы тапсырмасына сәйкес, көптілділікті дамыту межелі мерзімінде жүзеге асырылуы тиіс» деген пікірін естігенде ағылшын тілі мамандарына жарымай отырғанымызды тағы бір мойындағандай болдық. Мамандардың пайым­дауынша, бала 12 жасқа жет­кенше тек ана тілінде ғана ауыздануы қажет. Халықаралық заңдар да мұны теріс көрмейді екен. Жеріне қадам басқан азаматтардың бәрін құжат алған күннен бас­тап түрікше сөй­летуге қауһары жететін Түркия мектептерінде шет тілі сабағы он екі жас­тан оқытылады екен. Мұның себебін түрік ағайындарымыз, Абайдың жетінші қарасөзіндегі «баланың «көр­сем, білсем, танысам» деген қа­жеттіліктерін ана сүтімен бірге даритын тіліндегі ақпараттармен қанағаттандыруы керек. Оған дейін баланың санасына басқа тілге орын беру үлкен қасіреттің басы. Ал он екі жас­тан кейін тілді меңгерудің кез келген тәсіліне шек қоймаймыз деп түсіндіреді. Қазір 12-35 жас ара­лы­ғындағы Түркия жастарының 70 па­йызы түрік-ағылшын тілдерін қатар меңгерген. Қоғам ағыл­шын тілінің пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілуіне қарсы емес. Бірақ біз аттап өте алмайтын бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын қажетті деңгейге көтере алма­ға­нымыз. Ананың тілі мен ананың сүті – егіз ұғым. Ана тілінің сүтін қанып ішкен баланың дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі жоғары қалыптасады. Ал өз туған тілінің сүтінен толықтай нәр ала алмаған бала қанша дарынды болса да, ұлттық діңі босаңдау келеді. Қазақта «уызына жары­маған» деген сөз бар. Сондықтан балабақшаларымызды 100 па­йыз қазақ тіліне көшіру деген сөз келешек ұрпа­ғы­мызды уызына қандыру дегенді білдіреді. Бала 12 жастан кейін-ақ, уызына әбден қанған соң, басқа тілдерді меңгеріп үлгере алады екен. Бұл психологтардың пікірі. Ха­лық­тың 95 пайызы қазақ тілін толық мең­геруі үшін ең бірінші оны балабақшадан баста­уымыз қажет. Күлнұр Орманова, Шона Сма­ханұлы атындағы №62 гимназия­ның бастауыш сынып мұғалімі: – 1-сыныптан бастап ағылшын тілін енгізуге байланысты Елбасының тапсырмасы бар. Елімізде ЭКСПО-2017 шарасын өткізуді, елу елдің қатарына енуді алға қойып отырғанда ағылшын тілін меңгеру маңызды. Әуелгіде қарсы пікірде болдым. Қазір ел, халық қолдағаннан кейін бұл да дұрыс шығар деймін. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде бізге біраз ауыр тиюі мүмкін. Негізі ағылшын, орыс тілін бесінші сыныптан бастап оқыса, меңгеріп кетеді. Өз тілін біліп тұрған бала еш қиналмас еді. Қазіргі қаланың балалары қазақ тілін терең білмейді. Шындығында да, балалар қазақ тілінің 42 әрпін жетік білмей жатып, ағылшын тілін қосамжарланып қалай үйреніп шығады? Тіпті, ағылшын мен орыс тілін екінші сыныптан үйренсе де жарар еді. 1-сыныптан ағылшынды оқытуға келісе бермеймін. Рахима Сәкенова, Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия директоры: – Біздің мектеп 1972 жылдан бері қарай ағылшын тілін тереңдетіп оқытып келеді. Мұндай қазақ мектебі болмады. Осы уақытта өзінің тілін ұмытып қалған баланы кездестірмедім. Өзге ұлт балаларына орыс тілін үйретудің бүкілодақтық лабораториясы болды. Біздің балалар содан бері үш тілді меңгеріп жүр. Дұрыс оқулық, дұрыс ұйымдастырған база, білікті мұғалім тобы қалыптасса, түк те қиындығы жоқ. Біз неге әлемдік өркениеттен көш қалуымыз керек? Бір тілдің мәселесін екінші тілге арта салуға болмайды. Қазақ тілінің мәселесі өз алдына бөлек шаруа. Неге тілді үйренуді бастауыштан бастау керек? Бұл кезде баланың тілді қабылдау мүмкіндігі жоғары болады екен. Ағылшын тілін үйрену ана тілінде сөйлеуге кедергі келтіреді дегенге қосылмаймын. Фэйсбук қолданушысы: – Болашақта мына түрімізбен балаларымызды ағылшын тілін білмеді деп мектептерге алмаймыз демесе болды. Қазақстанның бүкіл тұрғындарына ағылшын ия болмаса басқа шетелдің тілін білу қажет пе? Еліміздің 95 па­йыз тұрғындары шетелге шықпаса және ағылшын не болмаса басқа шет тілін күнделікті өмірінде қолданбаса, неге 1-сыныптан оқыту қажеттілігі туды екен? Осы сағаттарды ана тілін оқытуға жұмсаған дұрыс болар еді. Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары