БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ

БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
ашық дереккөзі

Жүздесу барысында, аймақ басшысы ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бақытты балалық шақ үшін, оның ішінде балалар үйлерінің тәрбиеленушілері сапалы білім мен түзу тәрбие алуы үшін қажетті барлық жағдайды жасап отырғандығын атап айтты.
Сонымен бірге, кеш барысында, облыс әкімі Бауыржан Әбдішев 2011-2013 жылдарға арналған жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз етудің кешенді жоспарының жүзеге асыру барысы туралы да кеңінен айтып өтті. Бүгінде облыста баспанамен уақытша қамтамасыз ету мақсатында салынған Жасөспірімдер үйі де жұмыс істейді. Балалар үйінен шыққан 23-29 жас аралығындағы түлектер мен отбасын құрған жастарға арналып, бұл өңірде алғашқы Жастар үйі ашылды.
Өз кезегінде балалар үйінің түлектері жоспарларымен бөлісіп, қандай мамандық таңдағандары, бос уақыттарын қалай өткізетіндіктері жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ оларға балалар үйлерінің бұрынғы түлектері де ақ жол тілеп, жүрекжарды лебіздерін айтты.
Облыс әкімі тағдырдың түрлі тауқыметін тартқан балаларға қолдау көрсететін балалар үйлерінің түлектерінің ассоциациясын құру туралы ойластыруды ұсынды. «Жергілікті билік органдары бүгінгі күні балалар үйлерінің түлектеріне қолдау көрсету бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеу үстінде. Онда сан түрлі мәселелер көрініс тапқан», – деді Бауыржан Әбдішев.
Атап айтқанда, биылғы жылы кол­ледж­­дерде білім алу үшін облыс әкі­мінің 160 білім гранты және жоғарғы оқу орындарына – 40 гранты бөлінетін болады. Арнайы гранттарға ие болу үшін шәкірттерге ҰБТ 50-ден кем емес бал жинап, колледждерге емтихандарды жақсы тапсыру қажет.
Техникалық мамандықтарды таңдаған 5 үздік түлек биылғы жаз айларында «Лукас Нулле» неміс компаниясына оқуға жіберіледі. Ал, колледжді аяқтаған соң интерактивті тақталар шығаратын қазақстандық «Лидос ЛТД» компания­сына жұмысқа орналасатын болады. Олардың аттарын атай кетер болсақ, Теміртау қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің түлегі Виктор Адуковский, Жезқазған қаласындағы «Үміт» балалар үйінің түлектері Жамал Шиблиев пен Владислав Сағынтаев, Сәтбаев қаласының Жезқазған кентіндегі отбасылық үлгідегі балалар үйінің түлектері Эдик Вольман мен Иван Терешиндер.
Облыс әкімі сұхбат барысында жергілікті билік органдарының жастар саясаты істері жөніндегі облыстық басқармасының Жас­тар бастамашылдығы орталығы жанында балалар үйлерінің түлектерінің әлеуметтік бейімделуін қолдау қызметін құру мәселесін пысықтап жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы жазғы маусымда жетім балалардың жақсы тынығуы үшін этнолагерь құру, дарынды балаларды қолдау бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатқандығына тоқталды.
Мұндай кездесулер биылмен ғана шектеліп қоймайды. Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, бұдан былай кездесулер дәстүрге айналып, жылда өткізіліп отыратындығын айтты. Сонымен бірге, ҰБТ мен қабылдау емтихандарын ойдағыдай тапсырғаннан кейін жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түскен жастарға гранттар тапсыру мен Германияға оқуға жіберу үшін тағы бір мәрте бас қосатындығын жеткізді.
«Таңшолпан» балалар үйінің түлегі Зекен Хожамердиева облыс әкіміне өз ризашылығын жеткізіп, балалар үйлерінің жетістіктері бейнеленген фотоальбомды сыйға тартты.
Кездесуге қатысқан барлық жастар облыс әкімі атынан берілген компьютер мен коммуникатордың қызметін қатар алып жүретін бір-бір планшетке ие болды. «Өмірде үлкен табыстарға жетулеріңе тілектеспін. Алдарыңдағы жауапты сынақ – ҰБТ мен емтихандарды жақсы тапсырыңдар. Сендер жалғыз емессіңдер. Біздің Елбасымыз бар, ертеңшіл еліміз бар. Мен облыс әкімі ретінде еліміздің игілігі жолындағы барлық батыл бастамаларыңды қолдауға дайынмын», – деді кездесу барысында облыс әкімі бауыржан Әбдешов.