Жаңалықтар

МАРЧЕНКО: ПОЧЕМУ-ТО… ӘБДЕНОВ: ПОТАМУШТО!

  

Әлі екі аяғына нық басып тұрмаса да, қаз-қаз басып алғашқы қадамын жасай бастады. Зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту мәселесіне орай туындаған қоғамдық талқылау осыны анық байқатты.

Республиканың барлық аймақтарында дерлік халықтың наразылығын туғызған, әйелдердің ашу-ызасына себепкер болған, қоғамдық қарсылыққа тап болған «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң жобасы ақыры Ақордаға барып қайтты. Президент өткен аптада өзінің конституциялық құзіретін пайдалана отырып, әлі пісіп-жетілмеген заң жобасын Парламентке кері қайтарды. Қайтарып қана қойған жоқ, дау-шарға ұласқан заң жобасына сәйкес өз ұстанымын айқындап, халыққа үндеу жариялады. Жыл сайынғы дәстүрлі үндеуінен бөлек, кезектен тыс жарияланған осы арнау сөз әлеуметтік мәселелердің біздің қоғамның ең «жанды тұсы» екенін көрсетіп берді.

«Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру туралы мәселе қазіргі ең өзекті тақырыпқа айналды. Мұның себебін мен Үкімет пен Ұлттық Банк іс-әрекетінің олқылығынан да көремін. Жалпы, мен Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын. Біріншіден, осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайлы қаралды. Екіншіден, оны халыққа кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілген жоқ. Нәтижесінде, қазақстандықтардың көбі зейнетақы реформасының түпкі мәнін түсінбей қалды» деді Елбасы.

Осы заң жобасы күшіне енуі үшін қазіргі қолданыстағы 10 кодекс пен 26 заңға қажетті толықтырулар мен өзгертулер енгізілуі тиіс еді. Енді қажетті толықтырулар саны арта түсуі мүмкін.

Президент үндеуінен соң іле-шала Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов қызметінен босатылды, ал Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко еңбек демалысына шықты.

36 жастағы Серік Әбденов министр қызметін тоғыз ай ғана атқарды. Өзі тікелей бастамашы болмаса да, әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту идеясын жүзеге асырушы, оның қолдаушысы, ақыры басты «құрбаны» ретінде есте қалды. Рас, ол 2007 жылдан 2009 жылға дейін осы министрлікте вице-министр болып қызмет атқарған, бірақ бұл тәжірибе министрлік лауазымда кәсіби біліктілігін көрсету үшін жеткілікті болмаған сияқты.

Сонымен, еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрінің міндетін атқарушы болып уақытша Тамара Дүйсенова тағайындалды. 48 жастағы Тамара Дүйсенова бұған дейін осы министрлікте жауапты хатшы, вице-министр қызметтерін атқарған.

Ал Президент бұл заң жобасының жалпы мазмұнын қолдайды. Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осы мәселеге орай баяндама жасаған ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов мұны қадап айтты. Елбасы осы заңның 11-бабының 1-тармағына бойынша қарсылық білдіріп, бірнеше ұсыныс тастаған. Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент қарсылықтарын бір ауыздан мақұлдап, жүз пайыз дауыс берді. 

Рет-ретімен баяндар болсақ, Президент зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына бала туу мен бала күтімі демалысы кезінде мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз ету керектігін айтты. Одан соң азаматтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы салымына жұмыс берушіні өз есебінен қосымша 5 пайыз салым төлеуге міндеттеуді ұсынды. Сонымен қатар, аса қауіпті әрі зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету үшін міндетті кәсіби зейнетақы салымының көлемін кезең-кезеңмен тағы 5 пайызға арттыру керектігін айтты.

Бұдан бөлек, Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Үкімет басшысы Серік Ахметов Президент үндеуінен соң осы мәселеге орай кеңес өткізіп, мемлекет басшысының сынын әділетті деп санайтынын мәлімдеді.

Бұл заң жобасы бірыңғай жинақтық зейнетақы қорын құру туралы норманы қолданысқа енгізуі тиіс еді. Оның құрылтайшысы әрі акционері ҚР Үкіметі болып бекітілсе, зейнетақы активтерін басқару жауапкершілігі Ұлттық банкке жүктелуі тиіс.

Бірақ бірыңғай зейнетақы қорын құру мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ. Бұл ойды жүзеге асырудың механизмдері түсініксіз. Оншақты зейнетақы қорларында жинақталған ортақ ақша көлемі бүгінде 20 миллиард долларға жетті. Президент зейнетақы қорларындағы қаражатты отандық экономиканың табысты салаларына инвестиция түрінде салу жолдарын қарастыруды да тапсырды. Бірақ бүгінгі таңда зейнетақы салымдардың тағдыры күңгірт.

Енді Үкімет Президент бастамаларын жүзеге асыру үшін қажетті заң жобаларын дайындап, заң шығарушы органға қайта ұсынуы тиіс. Ендеше, зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі әлі талай талқыла­нады деген сөз. Бәлкім, 2018  жылға дейін…

Астана

Back to top button