ОҢТҮСТІКТЕ КӨШ БАСТАҒАН ОҚУ ОРНЫ

ОҢТҮСТІКТЕ КӨШ БАСТАҒАН ОҚУ ОРНЫ

ОҢТҮСТІКТЕ КӨШ БАСТАҒАН ОҚУ ОРНЫ
ашық дереккөзі

Былтыр білім ордасы Қазақстан жоғары оқу орындары рейтингінде төртінші орынға табан тіресе, ұтып алған гранттар саны бойынша үшінші орынды иеленген. Демек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті республикамыздың жоғары білім беру саласының ең жарқын брендтерінің бірі болып табылады.

Университет сертификациялық аудиттен өтіп, ИСО 9001:2000 және IQNet Халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкестілігі жөніндегі сапа сертификаттарын иеленді. Университетте аймақ, республика және әлемдік кеңістік экономикасының барлық салаларына, ғылымы мен мәдениетіне арналған мамандар даярланады. 2006 жылы көп салалы білім беру мекемесі төңірегінде ұйымдастыру-құрылымдық қайта құру шарасы   өткізілді. Соның нәтижесінде оқу, әдістемелік, ғылыми және тәрбиелеу мәселелерін шешуде кең өкілеттіліктер берілген 10 институт құрылды. Университет құрамындағы 11 факультетте 18000-нан аса студент, 300 магистрант, 100 аспирант, 8 докторант білім алуда.  Оларға  1600-ден аса оқытушылар, оның ішінде ҚР ҰҒА 4 академигі, ҚР ҰҒИА 4 академигі, 123 ғылым докторы және 600 ғылым кандидаттары, сондай-ақ АҚШ, Германия, Испания, Ресей және т.с.с. жақын және алыс шет елдерден жетекші ғалымдар дәріс оқиды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мірхалықов: «Бұл  Қазақстан Республикасының ірі және көп салалы университеті, аймағымыздың инфрақұрылымының дамуы мен қалыптасуына, халықаралық қоғамдастықтағы интеграция мен жаһандану үрдістеріне белсенді қатысатын ғылыми-білім беру, интеллектуалдық, мәдени орталығы. Университет Қазақстанның оңтүстігіндегі 70 жылдай тарихы бар жоғары техникалық және гуманитарлық білім берудің екі үлкен мектебінен құралады», – дейді. Қазіргі таңда оқу орнының мерейтойын алдағы күзде атап өту шараларына дайындық қызу басталған. Себебі, 70 жылда білім ордасының бағындырған белестері мен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.

Университет барлығы 457 оқу, 130 лабораториялық аудиториялармен және 55 компьютерлік кластармен жабдықталған. Мұнда Карьера және маркетинг орталығы жұмыс істейді. Орталықтың негізгі міндеті, кәсіпорындар және ұйымдармен тығыз байланыс жасау негізінде университет бі­тірушілерінің жұмысқа орналасуына ат салысу, еңбек және білім нарығындағы қызмет көрсету мен маркетингтік зерттеулер жүргізу болып табылады. Оқу орны түлектері «ПетроКазахстанОйлПродактс», «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Экошина» ЖШС, т.б. алпауыт компанияларда тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуда.

ОҚМУ – бұл, Қазақстанның 50 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатында, рес­публиканың өсіп-өркендеуіне әрдайым жаңа идеялар шығаратын белсенді студент жастар ордасы. Университеттегі тәрбиелік және әлеуметтік жұмыстарға көп көңіл бөлінеді. Айта кету керек, білім ордасынан бүгінде өнерлі жастар да қанат қаққан. Қазір облыстық, республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген талай жастар, атап айтқанда «Жігіттер» квартеті, «Мұнарлан» тобы, Еркін Нұржанов, Мамадияр Тәукеев, Досжан Дәрібаев, Дана Мақатаева  және басқа да талантты өнерпаздар осы уни­верситеттің түлектері. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің арнайы шақыртуымен 2009-2010 жылдары талапты жастар Мәскеуге үш рет барып, мәскеуліктерге концерттік бағдарламамызды   паш еткен. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген қаншама шәкірттер бар бұл күні. Олар қашанда оқу орнына келіп, кездесулер өткізіп кетеді. Олардың ішінде белгілі қоғам қайраткері, ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Асылбеков, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Құдайқұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ә.Дербісәлі, педагогика ғылымының докторы, профессор К.Дүйсенбаев, экономика ғылымдарының докторы, М.Өтебаев, белгілі ақын, драматург И.Сапарбаев, Ордабасы аудандық газетінің редакторы Н.Бегалиев, созақтық ақын С.Бәйділдаев, тарихшы ғалым, полковник Т.Құлтаев т.б. бар. 

Д.Дүрмән