Жаңалықтар

КЕЛЕЛІ ІСТЕРДІ ҚАМТЫҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕҢЕС

Орталық архивтың залында көршілес елдер мен шетелдерден алынған архив материалдары, Орталық мұрағаттағы аса құнды құжаттар, кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан, ғылыми-техникалық мұрағаттан деректер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ осы көрмеден сирек кітаптар мен газеттер, архив ісіндегі заманауи техникалар таныстырылды.

Бұл жиынға ҚР Президент әкімшілігінің жалпы бөлім меңгерушісі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің комитет басшылары және жер-жердегі архив саласының мамандары қатысты. Келелі кеңестен бір күн бұрын сәулеті мен сәні келіскен Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің жаңа ғимаратының ашылуы және онда өткізілген шаралардан қатысушылар көп нәрсені ала алды десек артық айтқанымыз болмас.

Кеңес жұмысын Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, ғылым докторы А.Нұрмаханов жүргізді. Алғаш сөз алған Президент әкімшілігінің жалпы бөлім меңгерушісі М.Жақыпов келешекте архив мамандарын даярлау ісіне, архив құжаттары қалың оқырманға жеткізуді іске асыру қажеттігіне тоқталса, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі А.Бөрібаев – еліміздегі архив қызметкеріне кеңінен тоқталып, алдағы атқарылар істерге жол сілтеп, архив туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін атап өтті.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы М.Әбусейітованың архив ісіне қатысты ой-толғамдары, шетелдік мемлекеттерден қазақ еліне қатысты архив құжаттарын алдырудың заңды жолдары мен өзінің қызметтік ісіндегі жұмыстарымен бөлісті. Осынау келелі де салиқалы кеңесте Египет Араб республикасы елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының директоры Ашраф Дарвиш – өз елінде сұлтан Бейбарысқа құрмет көрсетілетінін, оның мұралары, мешіті хақында әңгімелеп, Египеттегі қазақ халқына қатысты құжаттарды алдыруға араласатынын сөз етті.

Отандық ғалымдар Ш.Тілендиев пен Т.Төлебаевтар Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессорлары архив мамандарын даярлау ісіне тоқталса, Қазақстанның мұрағатшылар және әс жүргізу ассоциациясының басқарма төрағасы С.Боранбаев мұрағаттар мен құжаттама басқармасының бастығы Ғ.Исахан сөйледі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымынң кандидаты Р.Сариева – архив заңының өмірге жолдама алуына үлес қосылса, әлі де шет мемлекеттер алдындағы құжаттардың жиналуына, жүйеленуіне жол ашылатынын айта отырып, архив қызметкерлеріне табыс тіледі. Аталған кеңесте кейбір журналдардың бас редакторлары өз ойларымен бөлісті.

Осынау кеңесте архив ісіндегі озат қызметкер-мамандар Ақпарат және мұрағат комитетінің түрлі марапаттаулары мен мадақталып, Кеңес соңында Қазақстанның мұрағат ісі саласының ардагері, қоғам және мемлекет қайраткері: Б.Рамазанова туралы «Я славлю тебе, Отечество» атты кітабының тұсауы кесілді.

Аталған кеңесте Қазақстан Рес­публикасы «Мұрағатшының әдеп кодексі және мұрағат ісінің Кеңесі туралы ережелері» қабылданып, кеңесте айтылған ұсыныс пікірлер бойынша ұсыныстар қабылданып, архив шығарған құнды кітаптар мен таныстар қорытып айтар болсақ, бұл күнгі республикалық кеңес өзінің ауқымдылығы, маңыздылығы мен архив ісіне қосар үлесі мол болмақ.

Талшын Ахметжан

Back to top button