ҚОҢСЫҢДЫ ҚОМСЫНБА, ҚОРҒАН БОЛАР

ҚОҢСЫҢДЫ ҚОМСЫНБА, ҚОРҒАН БОЛАР

ҚОҢСЫҢДЫ ҚОМСЫНБА, ҚОРҒАН БОЛАР
ашық дереккөзі

Жарты жыл өтпей, міне, Ақорданың басшысы өзбек президентінің шақыруымен Ташкентке ресми сапармен барып қайтты.


«Басқа мемлекеттер санасатындай күш боламыз»


Ресми сапардың қорытындысы – екі елдің басшысы Стратегиялық әріптестік туралы келісім-шартқа қол қойды. Бұл құжат Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді пайдалануда әділдік қағидаларына жүгінуге қатысты ортақ ұстанымды жариялады. 

Орталық Азия аймағындағы су-энергетикалық қорларын пайдалану мәселесі жалпыға ортақ халықаралық құқық нормаларына сүйене отырып, әрі аймақтағы барлық мемлекеттердің мүддесін көздей отырып шешілуі тиіс. Осы орайда, өзбек басшысы Рогун немесе Қамбат ата-1 ГЭС-і сияқты трансшекаралық өзендердің жоғарғы сағасына салынатын құрылыстардың жоспарына міндетті түрде БҰҰ аясында халықаралық тәуелсіз сараптама жасалуы тиіс екендігін, оған қоса Әмудария мен Сырдарияның төменгі сағасында отырған мемлекеттермен келісіп отырып қолға алынуы тиіс екенін қадап айтты. «Олардың сейсмикалық күші 9-10 балға жететін жер қыртысы осал аймақта орналасуы, аса қауіпті техногенді және экологиялық апаттардың туындау қаупі осындай сараптама мен келісімдер жасауды қажет етеді», – деді И.Каримов.

Енді екі елдің президенті осы ұстанымды қолдауға шақырып, көрші мемлекеттерге үндеу жолдамақ. «Мұндай өмірлік маңызы бар мәселелерде тек келіссөздер мен өзара сенімді нығайту негізінде ғана әріптестік құруға болатынына сеніміміз кәміл. Бар мәселені ашық айтып, аймақтағы барлық мемлекеттердің мүддесін ескеру керек. Біз көршілерге достық ниеттегі үндеу жолдап, бұл мәселелерді өз арамызда шешуге шақырамыз, кеңесе отырып шешімін таппайтын мәселе жоқ», – деді Н.Назарбаев.

И.Каримов бұл келісім-шарттың қабылдануына қазақ президенті мұрындық болғаны ескертіп өтті. «Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Стратегиялық әріптестік туралы келісім-шартқа қол қойдық. Қазақстанның қарым-қабілеті өте жоғары екенін білеміз, енді оған Өзбекстанның қарым-қабілетін еселейтін болсақ, онда бұл басқа мемлекеттер санасуға тура келетіндей күш болмақ», – деді ол.

 «Сараптама жасап, біздің көзімізді жеткізіңіздер. Мәселе Каримовқа не Назарбаевқа тіреліп тұрған жоқ. Тасқынның болмайтындығына, диқандардың сусыз қалмайтындығына халықтың көзін жеткізу керек. Сонда біз де келісімге келуге даярмыз» деді Н.Назарбаев.

Астана мен Ташкент су-энергетика мәселелері бойынша көпжақты кездесулер өткізуге әзір. Ендігі сөз басқа қоңсыларда…

«Козок йулдашин булса йолдан адашмайсын»

Екі күнге жоспарланған шаралар барысында екі елдің президенті өзара құрмет пен сыпайылықтың үздік үлгісін көрсетіп бақты.

Әуелі Қазақстан президенті өз сөзінде өзбек мемлекетінің «бауырлас ел, тату көрші, Орталық Азиядағы стратегиялық әріптес» екенін баса айтты. 

Ал И.Каримов бұл кездесудің нәтижесіне риза кейіп танытты. Ол тарихи байланысы терең екі мемелекеттің ара қатынасы бұдан әрі де бекіп, нығая түсетіндігіне үміт білдірді. «Өзбекстан мен Қазақстан туралы айтатын болсақ, бұл жерде бәсекелестік жоқ, алдағы уақытта да болмайды, себебі біздің ахуалымыз әр қилы, қазба байлықтары, табиғи және басқа қорлар үлесі де екі басқа. Бізде алдыңғы қатарда мақта тұрса, Қазақстанда бидай өндірісі басымдыққа ие», – деді И.Каримов. 

Сондай-ақ Каримовтың Қазақстан президентімен «екіжақты және көпжақты қарым-қатынастар аясындағы кең ауқымдағы мәселелерді, сондай-ақ жақын және алыс ай­мақ­тағы өзекті мәселелер бойынша мүд­де­лерді» ашық және шыншылдықпен талқыға салудың маңызы зор екені туралы сөзіне айрықша назар аудару қажет. Өзбек басшысы Астанаға сапары кезінде де екі арадағы қордаланған мәселелерге қатысты өзара ақылдасып әрекет ету керектігін бірнеше мәрте қайталап айтқан болатын.

Осы жолы Назарбаев пен Каримов аймақ­тағы қауіпсіздік пен тұрақтылық сақ­тау мәселелерін өзара талқыға салды. Ауғанстаннан 2014 жылы НАТО әскері шығарылғаннан кейінгі қауіп-қатердің алдын алу мәселелері талқылап, не істеу керектігін ақылдасты.

Екі президент те аймақтағы тұрақтылықтың қазақ-өзбек қарым-қатынасына тікелей қатысты екенін айтып өтті. «Аймақтағы тыныштық пен қауіпсіздіктің сақталуы, сондай-ақ оның болашақтағы өркендеуі Қазақстан мен Өзбекстанның өзара ықпалдастығы мен ортақ ұстанымының қандай болмағына тікелей байланысты. Біздің жоғары деңгейдегі кездесулеріміз дәстүрге айналды, бұл жақсылықтың белгісі», – деді Н.Назарбаев. 

Сондай-ақ осы сапар барысында Ташкенттегі Абай көшесінің бойында Абай ескерткіші ашылды. Мәскеу, Тегеран мен Стамбұлдан кейінгі ескерткіш – осы. 

Өзбек президентінің Абай ескерткіші алдында: «Қазақтар ертеден «Өзбек өз ағам» десе, өзбектер «Козок йулдашин булса йолдан адашмайсын» деген. Уақыт сынынан өткен бұл өмірлік ұстанымдардың мағынасы терең, олар бізге дұрыс бағдар берді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасымызда біз ұдайы осы қағидаларды ұстанамыз» деп ағынан жарылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Н.Назарбаев екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың маңызын тағы да айтып өтті. «Біздің қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге шықты», – деді ол.

«Абай шығармашылығы, оның қара сөзі мен философиялық ойлары – қазақ халқының ғана емес, барша ислам әлемінің мұрасы. Оның шығармалары білім алуға, еңбексүйгіштікке, әділдік пен бауырмалдыққа шақырады. Қазақ халқы Абайды өзінің рухани ұстазы, ұлттық жаңғырудың өзегі санайды. Оның шығармашылығы мәңгілік. Уақыт өткен сайын өткірленіп, қоғамдық және мәдени-рухани өмірдің басты бағыттарын анықтап беріп отыр», – деді Қазақстан Президенті. 

«Өзбекстанда Абайды оны шынайы халық ақыны, ағартушы және гуманист ретінде жақсы біледі әрі жоғары бағалайды, ол мейірім мен әділдік үшін күрескен халқының мұң-мұқтажын жырлауға бар өмірін арнады. Өз шығармаларында қазақ халқының қуатты рухын, оның қадір-қасиетін жарқырата көрсете білген Абайды қадірмелеу мүмкін емес» деді өзбек президенті.

Сонымен қатар, екі президент Қазақстан­ның Өзбекстандағы елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына да қатысты. 

Осы орайда, Ислам Каримов Астанада өзбектің танымал ақыны Әлішер Науаиға арналған ескерткіш ашу туралы ұсыныс білдірді. 

Ал Нұрсұлтан Назарбаев биыл қараша айында қазақ-өзбек тәуелсіз мемлекеттерінің арасында дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 20 жыл толуын салтанатты түрде атап өтуге ұсыныс тастады.

«…Мәскеу ше?»


Бұл сапар барысында қол қойылған келісімдердің қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Бірақ бұдан былай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңаша деңгейге шыққанына дау жоқ. Мұны екі президент қайта-қайта айтты.

Бірақ қазақ-өзбек ара-қатынасының тым жақсаруын құп көрмейтін үшінші тарап бар. Ол – осы екі мемлекетпен де стратегиялық әріптестік жөнінде екіжақты келісімге қол қойған Ресей. Қазақстан Президентінің Ташкентке ресми сапары қарсаңында көптеген ресейлік сарапшылар екіжақты емес, үшжақты әріптестік туралы ой қозғады. Ал ресми сапардан соң олар қазақ-өзбек қарым-қатынасындағы түйткілді мәселелердің әлі де айтылмай қалғанын талқылауға көшті. Олар Қазақстанның өзбек жеріндегі инвестициясы, қазақ-өзбек шекарасындағы ахуалды мысалға келтіреді. Шындығында, Астана мен Ташкент арасында күн тәртібінде тұрған, екіжақты келіссөздерге арқау боларлық мәселелер жетерлік. Бірақ дәл осы жолы екі президенттің аймақтағы тұрақтылық пен су-энергетикалық мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарын ашық білдіруге келісуінің өзі – үлкен жетістік. Бәлкім, болашақта шынайы әріптестікке негіз болар тірек-ұстаным болуы да ғажап емес.

Ал ресейлік сарапшылардың қазақ-өзбек ара-қатынасын Астана-Мәскеу-Ташкент үштағаны аясында ғана қарастыруы көп жайттан хабар бергендей. Біріншіден, Мәскеу Орталық Азиялық елдердің өзара бірігуінен өзінің геосаяси мүддесіне әлдеқандай қайшылық көреді. Екіншіден, бұған дейін қазақ-өзбек арасындағы аймақтағы көшбасшылыққа бәсекелестік тақырыбының өзегі қайдан екені анық болды. Өйткені екі президент «Біздің қарым-қатынасымызда бәсекелестікке жол жоқ» деп ашық мәлімдеме жасап жатқанда, орыс саясаттанушылары «екі елдің көшбасшылыққа таласы» жайлы тақырыпқа пікір жарыстырды.

Осы орайда, тоқсаныншы жылдардың ортасында Орталық Азия одағын құру туралы идея айтылғаны есімізде. Бірақ ол сөз жүзінде ғана қалып, кейін еуразиялық идеяға ұласты. 

Бәлкім, сол кездегі идеяны жүзеге асырар сәт енді туған болар?

Астана