638
ҰБТ: 27 мектеп директоры орнынан босады
ҰБТ: 27 мектеп директоры орнынан босады
Тек ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, ата-ананың аманатын ақтаса болғаны.
Кеше ғана бейқам жүрген оқушы балалық шақтың ауылын артқа қалдырып, күреске толы жаңа өмірдің пердесін ашты. Бұл күрес осы сынақтың кезінде басталады. Айналасы үш жарым сағаттың ішінде білімдісі озық шығып, жақсы көрсеткіш көрсетсе, ал он бір жыл бойы уақытын босқа өлтіргені бірден морт кетіп жатады. Алайда, ата-ана қанша жерден жанын шүберекке түйгенмен, «Білімдінің мыңды жығатын» кезі немесе өкініштен «бармағын тістейтін» сәті де осы. Бірақ қайсысы басым? Біз талай мәрте түлектер сынақ өтіп жатқан аумақты сырттай бақылап көрдік те. Олардың ішінде қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, мәз болысып жатқаны сирек. Керісінше, өзіне-өзі сенімсіздік танытып, аһ ұрып жылайтындарды жиі ұшыратасыз.
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағының өткізілгеніне – 10 жыл. Осы уақыт аралығында сынақ әртүрлі өзгерістермен толықтырылып отырды. Әрине, он жыл аз мезгіл емес. Соған қарамастан сынаққа қатысты сын әлі көп. Бұған дейін ҰБТ-ның дайындық шараларының төңірегінен де талай ши шыққан. Ол ол ма, тест сұрақтарының жауабын саудалаған басшылардың да ұсталғанына жұрт куә. Ал, түлектердің тыйым салынған «шпаргалка» мен ұялы телефонды тығып кіруі де үйреншікті жайт. Ең сорақысы, сынақ тапсырушылардан жауабы дүдәмал, екіұшты сұрақтардың бар екендігін де естіп, жаға ұстадық талай рет.
Бұл күні кешегіге дейін жалғасқан жағдай. Бүгін ше? Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов биылғы сынақтың нәтижесіне көңілі толатындығын көтеріңкі екпінмен жеткізді. Оның пікірінше, жылда қылаң беріп қалатын дау-дамайға жол берілмеген. «Тест сұрақтарының сапасы жақсарып, мектеп ұстаздарының да, оқушылардың да тестілеуге деген көзқарастары өзгерген». Тағы да министрдің сөзіне сенсек, биыл «Алтын белгіге» үміткерлердің 34 пайызы лайықты екендігін дәлелдепті. «Жақсысын асырып, жаманын жасыратын» халықпыз ғой. Кейде кемшіліктерге де көз жұма қарағанды жанымыз сүйеді. Он жылдың ішінде ҰБТ-ның олқылықтары мен қателіктерін түзеуге тырыссақ та, жағдай түпкілікті оңала қойған жоқ. Сынақ тапсырушылар қатарында математика былай тұрсын, туған тілі – қазақ тілі мен тарихтан «2» алғандардың қарасы басым екені көңілге өкініш ұялатады. Бұл нені білдіреді? Оқушы мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, қазақ тілінің заңдылықтары мен ережелерін оқиды емес пе?! Тіпті санада сайрап тұруы тиіс тіліміз бен тарихымыздан «2» алу ұят. Бұл жағдайды алыс ауылдағы ағайын тұрмақ, Алматы қаласының мұғалімдері тісінің арасынан сыздықтатып айтып жүр. Аты-жөнін айтқысы келмеген бірлі-екілі мұғалім биылғы сынақта шәкірттерінің төменгі нәтижеден аса алмағанына ренжулі.
Кінәні қайдан іздейміз? Ата-ана мұғалімге сенсе, мұғалім ата-анаға иек артады. Ал әлгіндей төменгі нәтиже мектеп ұжымының атына күйе жақса, соңында бұл облысты басқарып отырған әкімнің беделіне нұқсан келтіреді. Содан келіп, мысық ашуын тышқаннан аладының кері туатын сияқты. ҰБТ басталған алғашқы күндері түлектердің көрсеткіші төмен екендігі айтылды. Түрлі заң бұзушылықтар орын алып, бір күн ішінде 550 телефон, 2 мыңдай дайын жауап тәркіленді. Бірақ министр мырза былтырғыға қарағанда орташа балдық деңгейдің өскендігіне дән риза.
Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының өзі күйіп-пісетін. Абыройлы болуды мақсат етіп, сынақ жауаптарын да оңды-солды таратқан кездерін де ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Бір жылы Оңтүстік Қазақстан облысының түлектері жаппай жоғары балл жинап, таңқалдырғанда комиссия жемқорлықтың басы қылтиғанын сезіп, дереу мән-жайдың ақ-қарасын анықтауға кіріскен. Нәтижесінде былықтың беті ашылып, кінәлілер сазайын тартқан болатын. Ал биыл мұндай фактілер тіркелген жоқ. Сынақтың ың-шыңсыз өткені де сондықтан. Алайда, кейбір өңір басшылары ҰБТ-дан төменгі нәтиже көрсеткендіктен, ашуға мініп жатқан көрінеді. «ҰБТ көрсеткіші – білім саласында атқарылған жұмыстардың ең басты көрсеткіші» деп санайтын Қызылорда облысы 16 өңірдің ішінде 11-орынға жайғасыпты. Әсіресе, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы ҰБТ нәтижесі күткендегіден төмен болған. Нәтижесінде облыстағы діттеген межеге жете алмаған 27 мектеп директоры жұмыстан шығарылып, қызметтерінен алынып тасталды. Мұнымен қоса білім сапасы көрсеткіштері төмен бірқатар мұғалімдерге де қатаң сөгіс жарияланды. Дегенмен, білім деңгейінің құлдырап кеткендігіне кім кінәлі? Мұғалім бе, әлде оқушы ма? Біз осы мәселе бойынша ұстаздардың да пікірін білгенді жөн көрдік.
Асқар Жұмаділдаев, математик:
– Біріншіден, ҰБТ-ға қарсы емеспін. Оның жақсы әрі жаман жағы бар. Теріс жағынан бастайын. ҰБТ-ның кемшілігі – жүйкені тоздырады. Білімнің деңгейін дәл анықтамайды. Мәселен, шығармашылық мамандықтарға келген балалардың өнерін анықтай алмайсыз. Балалар өз ойын анық жеткізіп, ауызша сөйлеп, жаза алмайды. Олардың ішінде ребус шешкен сияқты тест жауаптарын кездейсоқ бояй салатындары да бар. Ал оң жағына келсек, бұл кемшіліктерден шығады. Бала бәрібір бүгін не ертең сынақ тапсырады. Ол стрессіз өтпейді. Сондықтан «ҰБТ керек емес» деген сөз – емтихан керегі жоқ дегенмен пара-пар. Оған дәлелдің қажеті жоқ. Рас, тест білім деңгейін дәл анықтамайды. Бірақ статистикалық қателік бар. Қолдан жасалған қателік. Бала мынандай балл алды деп аппеляцияға беріп жатады. Бір балл ешқандай да өзгеріс әкелмейді. Сабақ беріп жүргенде байқағаным, жоғары оқу орнына 120 баллмен түскендер зорға бітіреді. Ал 70-80 балл жинаған студент оларды басып озып кетеді. Бұл нені көрсетеді? Тест тек бағыт-бағдар береді. Ал оны әрмен қарай алып кету басқа мәселе. Осы кезде кейбіреулер ҰБТ-ның қажеті жоқ, бұрынғы сынақ алу тәсілі керек деп жатады. Бұл бос әңгіме. Адам жүрген жерде жемқорлық қатар жүреді. Әсіресе, қазақта ағайын-туыс, жекжат деген ұғым бар. Бұл деген коррупцияның нағыз көкесі. Сондықтан бұрынғы ауызша сынақ тапсыруды әкелсек, парақорлық жүз есе емес, мың есе өседі. Бұрын талапкер бүкіл ректорлардың атын білетін. Қазір ешкім білмейді. Неге? Өйткені, ол кезде ректордың тізіміне енгендер ғана оқуға түсетін. Ал бүгін тесттен өтсеңіз, ауылда жүріп-ақ Алматыға оқуға түсе аласыз. Тамыр-таныс іздеп, сандалмайсыз. Осы жағынан келсек, ҰБТ-ның ұтатыны бар.
Естуімше, кей басшы мектеп директорларын орнынан алып тастап жатқан көрінеді. Меніңше, бұл жерде үш адам жауапты. Бірінші, сабақты оқымаған бала. Екінші, ата-ананың өзі кінәлі. «Балам, ертең тест болады. Төмен балл алып, бізді ұятқа қалдырма» деп жүйкесін тоздырады. Үшінші, үйрететін мұғалімнің өзі ештеңе білмейді. Ал мектеп директорын орнынан алып тастауға келсем, мүмкін тәртіпке шақыру үшін бұл да керек шығар. Бірақ жүйелі түрде жасау қажет емес. Мысалы, Қызылорда облысында Қызылтоған деген колхоз бар. Ол жаққа пойыз да, автобус та қатынамайды. бір мұғалім барып, жұмыс істеп жүргенде, оны шығарып жіберді делік. Оның орнына баратын мұғалім бар ма? Керісінше, барған адамға баспанасын беріп, жағдай жасау керек қой. Ұстазды байқаумен аламыз дейді. Байқау Алматы мен Астанада өтсе де жарасады. Себебі, мұнда келіп жұмыс істегісі келетіндер көп. Сондықтан мұғалімді қорқытып, даттау – әлсіздің ісі.
Толқын Жақаева, №13 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
– Оқушының білім деңгейінің негізі бастауышта қалануы керек. Қазақ тілі мен математиканы бірінші сыныптан бастап оқиды. Баланың іргетасы мықты болса, білім де сапалы болады. Әсіресе, ұстаз, ата-ана, оқушы өзара тығыз байланыста болу керек. Сонда ғана баланың өз кәсібін таңдауына бағыт-бағдар дұрыс беріледі. Оған директорды қысып, орнынан алып тастау дұрыс емес. Қазір жемқорлық тыйылды десе де, кейбір аудан орталықтарындағы сынақ тапсыру мекемесіне жақын жерде тест жауаптарын беру орын алыпты. Адамнан айла асқан ба? Жемқорлық болған, болып келеді. Сондықтан мектеп түлектері шпаргалкаға емес, өз басына сенуі керек.