Саз сардары

Саз сардары

Саз сардары
ашық дереккөзі
Мұқан Төлебаев – классикалық музыка өнерінде өшпес қолтаңба қалдырып, қазақ операсының туын асқақтатты. Биыл композитордың туғанына – 100 жыл. Бұл атаулы мерейтой жыл бойы республиканың түкпір-түкпірінде тойланып келеді. Ал туған жерінде 100 жылдық мерейтойға орай 14-15 маусымда дүбірлі той мен мерекелік шаралар өтті. Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ ұйымы да 2013 жылды «Мұқан Төлебаев жылы» деп жариялаған болатын. Мерейтой Мұқан Төлебаев ескерткішінің ашылу салтанатынан бастау алды. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Мүсінші М.Әзмағанбетов пен сәулетші Қ.Жарылғаповтың қолынан шыққан мүсін ұлы сазгердің түр-тұлғасы мен табиғатын жеткізе білгендей. Мұқаңның жары – Дариға Төлебаева мен ұлы Айдар Төлебаевтар отбасы да бұл шараға қатысып, әке бейнесімен қайта қауышқандай болды. Бұл салтанатты рәсімде Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов ұлт тарихы, мәдениеті мен өнерін білу келер ұрпақтың аманаттық ісі, перзенттік парызы екенін атап өтті. – «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысында кейінгі жылдары жаңадан жиырмаға жуық ескерткіш орнатылды. Олардың қатарында Ескелді би, Балпық би, Қаблиса жырау, Қаракерей Қабанбай, Сүйінбай Аронұлы сияқты тарихи тұлғаларға арналған өнер туындылары да бар. Жер жәннаты Жетісу өлкесі ертеден-ақ ән мен күйдің, өлең мен жырдың алтын бесігіне арналған мекен. Мұқан Төлебаев – ұлы сазгер, қазақтың мәдениет пен өнер тарихындағы ең жарқын есімдерінің бірі, ұлттық және әлемдік музыканы бір арнаға біріктірген бірегей сазгер. Оның тұңғыш «Кешкі көк» романсы мен түрлі сазды әуенді бір арнаға түсірген шығармалары қазақ классикалық музыкасының бәйтерегіне айналдырды, – деді ол. Мұқан Төлебаев Берлітөбе ауданының Қарашыған ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мұхамедсәлімнің табиғат көріністерінен алған әсері бөлек, анасы Тәжібаланың орындауындағы өлке әншілері Дәуренсал, Кенен, Қалқа әндерінің әуендері, ағасы Апырбай мен әйгілі Шашубайдың төкпе ақындығының нөсері. Осы әсердің лебі Төлебаев шығармашылығынан анық аңғарылады. Музыкаға бейім өскен сазгер бала күнінде көл жағасындағы қамыстан сыбызғы жасап, қой баққанда әуендетіп жүрсе керек. Кейіннен бұл көл Сыбызғылы көл деп аталып кеткен. Алматы педагогикалық училищесінде оқып жүргенде халық өнерпаздарының бүкіл қазақстандық 1-слетіне қатысып, әнші ретінде көзге түседі. Сөйтіп Мәскеу консерваториясы жанынан ашылған қазақ студиясына оқуға түседі, қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарды. Ал 1939 жылы замандастары А.Жұбанов, Е.Брусиловский, В.Великанов, Л.Хамиди, Б.Ерзаковичтермен бірігіп Қазақстан композиторлар одағын құрады. Кейін 1956-60 жылдары осы ұйымның төрағасы болып сайланды. Оның шығармалары қазақ музыкасының дамуына және қазақ композиторлық мектебінің алдағы өсуіне ықпалын тигізді. Мерейтой бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған «Мұқанның мұрасы» атты ғылыми конференция сазгердің туған ауылы Лепсіде өтті. Былтырдан бері сазгердің 100 жылдығын атап өту мақсатында өңірде ауызсу мәселесі шешіліп, ауыл жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, Лепсідегі Мәдениет үйі қайта қалпына келтіріліп, мерейтой қонақтарын қарсы алды. Ғылыми-конференцияда Айдар Мұқанұлы әке мұрасынан сыр шертті. «Менің естуімше, әкем бірталай жазбаларын бітіре алмай, біршама өнер азаматтарына аманаттап қалдырған секілді. Әңгіме арасында «Айдар», «Жалбыр» шығармалары бар екенін және «Шайтанқара» деген қолжазбасын өз көзіммен көргенмін. Өкінішке орай қазір ол туындыларды көзім шала қоймады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасы «Біржан-Сара» операсынан да көркем. Бірақ 4 актылы операның жартысы ғана бар», – деді. Конференция­да Мұқаңның жары Дариға Төлебаева, облыстық мәслихаттың төрағасы Ермек Келемсейітов өз құттықтауларын жолдады. Кеш  «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» атты арнайы ұйым­дастырылған кеште ақындар айты­сының жеңімпаздары арнау айтып, «Кестелі орамал» вокалистер бай­қауының жеңімпаздары мен аудандық өнер шеберлерінің гала концертімен жалғасты. Келесі күні Мерейтаудағы қазақ ауылында 70-ке жуық киіз үй тігіліп, бұқара халыққа «Музыка бәйтерегі» атты концерт ұсынылды. Өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің қашанда мәртебесі жоғары. Сан түрлі сазды бір арнаға түсірген шығармалары Мұқан ағамызды қазақ классикалық музыкасының бәйтерегіне айналдырды. Әсіресе, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі Мұқан Төлебаев есімін классикалық музыка тарихына алтын әріппен жазып қалдырды. Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек өз баяндамасында ХХ ғасыр қазақ музыкасына Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Әнуарбек Үмбетбаев сияқты өнер саңлақтарын сыйлады десе «Ал Жетісудың қазаққа берген сыйы – Мұқан Төлебаев пен Еркеғали Рахмадиев» деп білу керек деді. Композитор Жоламан Тұрсынбаев «Қазақтың музыкасы – операға жақын. Еуропадағы музыка мәдениетін қалыптастырған – скрипка десе, соны Еуропаға апарған – Еділ патша. Сондықтан опера жанры бізге жат емес. Қазақтың кез келген халық әуені – өзінше бір ария. Ал оны қағазға түсіріп, батыс пен шығысқа паш еткен Төлебаевтың еңбегі зор. Ол Мәскеуде оқып жүргенде-ақ қазақ халқын қалай танытам деген сұраққа бас қатырды»,  –  дейді ол.  Сазгердің өзі де «Композитор ретінде мен өз шығармашылығымда халыққа арқа сүйеуге тырысқаныма сенгім келеді. Мен қазақтың мәдениеттік салт-дәстүрлері мен халқымның тарихи ерлік мұраларымен шабыттана рухтандым. Мен музыканы ерен қалаулылар үшін емес, эстеттер үшін емес, көпшілік қауымға, қалың бұқараға арнап жаздым. Әуелі симфониялық шығармалар жазу үстінде де мен үнемі халық туралы ойлаймын» депті. Бүгінде «менің 200-300 әнім бар, мені одаққа ал» деген ақын-әншілердің қатары көбейіп кеткен. Кезінде Ілия Жақанов өзінің әндерін Мұқан Төлебаев саралауынан өткізбек болып өтініш білдіргенде композитор: «Қазақ жастарының өнерге талпынуы қуанарлық дүние, мен де бір кездері сондай күйді басымнан кешіріп, Мәскеуге сапар шеккенмін. Өткен дәуірлердегі Құрманғазы, Тәттімбет, Біржан сал, Ақан серілердің жөні басқа. Қазіргі заманның бағыт-бағдары басқа. Әсіресе әдебиет пен өнерді меңгеремін деген кісілер болса, сол салалардың оқуларына жете қанығып, терең сырларының құпияларына тұшынбаса, көксеген мұраттарына жете алмайды. Ілия осыны мұқият ескерсін, менің оған берер ағалық кеңесім осы», – деп келер ұрпақтың тек оқу-білім арқылы ұлы туындыларды дүниеге әкелетінін айтып кеткен. Қысқа ғұмырында 100-ден астам  музыкалық шығарма жазды. Қазақ музыка өнеріне жаңа жанрлар қосты, тың тақырып енгізді, ұлттық музыканы еуропалық жанрға салып ойнатты. Ең бас­тысы, қазақ операсының негізін қалады. Өнер жолын 23 жасында бастайды. Соғыстан жараланып оралған Мұқан патриоттық әндер жазды. «Соқ барабан», «Жорық», «Семсер» дендес өлеңдері өмірге келді. Ал лирикалық шығармаларынан «Кестелі орамал», «Тос мені, тос» туындылары ұлттық фольклорды жаңа деңгейге көтерді. Ал 1945 жылы Е.Брусиловскиймен бірлесе Қазақ ССР әнұранын жазды. «Біз, Қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» деген ғасырлар бойы қазақ халқының жадында жүрген арманы алпыс жыл әнұранмен айтылып, көздеген мүддеге жеткізді. Мұқан Төлебаевтың шығармашылығының шоқтығы биік шығармасы – «Біржан-Сара» операсы. Бұл Біржан сал мен Сара Тастанбекқызы айтысының негізінде жазылған опера. Бұл операны Брусиловский ешкім танымайтын, белгісіз композитор Мұқанға тапсырғанда көпшіліктің көңілінде күдік болғаны рас. Тіпті Мұқаңның өзі «бұл операны халық 100 жылдан кейін түсінеді» деп айтады. Ондағысы халық опера жанрын қабылдай алмайды деп ойласа керек. Алайда «Біржан-Сара» сахналанған күннен бастап бүгінге дейін театр төрінен түспей келеді. Бұл айтысты М.Әуезов жоғары бағалаған. М.Төлебаев пен Қ.Жұмалиев мінезге бай, халық өмірінің суреттеріне қанық шежіре тудыра білді. Алматы – Талдықорған –  Лепсі – Алматы  Суреттерді түсірген  Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ