ТҮРКІ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ БІРЛІГІ

ТҮРКІ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ БІРЛІГІ

ТҮРКІ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ БІРЛІГІ
ашық дереккөзі

КСРО құрамында болған түркі мемле­кет­тері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін түбі бір түркінің бірлігі туралы ойлана бастады. Кеңестік империяның «шекпенінен» 90-жылдардың басында босаған олар әп дегенде ынтымақтастықты тамыры тереңге кеткен тарихи құндылықтар мен «біргеміз, берік іргеміз» деген сезімталдықтың күшімен іске асыруға кіріскен еді. Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының іргетасы осы игі бастама нәтижесінде қаланды. Уақыт өте келе серіктестік пен ынтымақтастықты ресми деңгейге көтерген түркі елдерінің басшылары түркі ұйымдарды құруға кірісті. Мәселен, 2009 әзірбайжандардың Нахчыван қаласында кездескен Түркі мемлекеттері жетекшілерінің саммитінен кейін белсенділік күшейе түскен. Түркі елдерінің парламенттік ассамблеясы, Ақсақалдар кеңесі мен Түркі академиясы тағы бар. Жуырда Түркі университеттері кеңесі құрылды. Әлбетте, түркі бірлігі мәселесінде ақсап жатқан тұстар да жеткілікті. Мәселен, түркі әлеміндегі ақпараттық кеңістікті игеру. Бүгінде Жер шары бойынша түрлі кездесулер мен келіссөздер, одақтар мен ұйымдар

құрылуда. Бірақ бұлардан түркі журналистерінің ынтымақтастығы артты деуге келмейді. Түбі бір түркінің бүгінгі ұрпағы бауырлас халықтар мен мемлекеттерге қатыстыақпарат пен деректі әлі күнге шетелдік, атап айтқанда, АҚШ пен Батыс, әсіресе, Ресей бұқаралық ақпарат құралдарынан алады. Бұл бірлігімізді нығайта алмай жатқандығымыздың көрінісі. Журналистердің төл мерекесі қарсаңында біз бірнеше әріптеске түркі журналистерінің бірлігін қайтсек, арттыра аламыз? Жалпы бірігуге не кедергі? деген сауал тастаған едік.

Сабыр САЙЫПҚЫРАНҰЛЫ, Қазақстан:

Қырымнан шыққан ең алғашқы кәсіби түркі-журналист Исмаиыл Ғаспыралы Сөздің құдіретті екенін мойындаған. Тек Сөз арқылы ғана, маңызды да мағыналы Сөз арқылы ғана – түркінің суперэтностық санасын жаңғыртуға болатынын түйсінген. Оның «Dilde, iste, fikirde – birlik» деген тұжырымы жалпытүркілік интеграцияның ұранына айналды. И.Ғаспыралы пікірін сөз жүзінде қалдырған жоқ, іспен де дәлелдеді. Ол түркілерге ортақ «Терджиман» (немесе «Тәржіма») деген газет шығарды. Өйткені тек ортақ ақпарат қана, ортақ ақпараттық кеңістік қана түркі халықтарын біріктіре алады, бір бүтіннің бөлшектері екенін сезіндіре алады. Ғаспыралы көзі тірісінде арманына жете алмады. Бірақ ол рухани бірігудің жай сөз жүзінде емес, үлкен әріптен басталатын Сөздің құдіретімен орындалатынын дәлелдеді. Бабалырымыз «жақсы Сөз – жан азығы» деп бекер айтпаған.

Ғаспыралының ізін басқандар да жоқ емес. Мәселен, Мұстафа Шоқай түркі эмигранттарына арнап «Yas Turkestan» журналын жасады және бірқатар журналистер бірігіп Түркістан легионының жанынан «Milli Turkestan» журналын шығарды. Артынан осы тектес басылымдар шығаруға Түркия мен Әзірбайжанда да әрекет жасалды. Алайда геосаяси жағдайға байланысты, дәлірек айтқанда, Иран, Ресей мен Қытайдың түркі интеграциясын қаламауына байланысты барлық бастамалар орта жолдан тоқтап қалды. Мысалы, 1925 жылы Бакуде өткен советтік түркілер құрылтайында, Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен, ортақ әліпби жасау, жаңа терминдер қалыптастыратын комиссия құру және ортақ газет шығару туралы келісілген болатын. Бірақ, осыдан көп уақыт өтпей-ақ пантюркизммен күрес шарасының аясында бұл бастамаларға тыйым салынды, ең танымал түркі танушылар ату жазасына кесілді, шағатай жазуы жойылды.

КСРО саясаты түркі халықтарын бір-бірінен алшақтатуға бағытталды, туыс халықтарға әр түрлі атаулар таңып, айрықша сипаттамалар берді. Нәтижесінде, кеше ғана бір-бірімен еркін сөйлескен бауырлар аудармашының көмегінсіз түсініспейтін жағдайға жетті. Өзге түркілер туралы мағлұматтан мақұрым болды. Ал Түркияда Ататүріктің атышулы түркі реформасынан кейін жағдай өзгерді. Түріктер әлемдегі барлық түркілер жайындағы ақпаратты мектеп бағдарламасына енгізді. Дәл осы уақытта КСРО мемлекетіндегі қазақ оқушы мүлдем керісінше тәрбиеленді. Олар «зұлым осман түркілерін» қырған жауынгерлердің ерлігіне тәнті болып, «сауық-сайраншыл қайсақтарды», «поганый татарларды», «жабайы якуттарды» жек көрді. Өкінішке орай, осындай көзқарас әлі күнге дейін орыс тілді және «советтік» түркілердің санасында сақталып келеді.Бүгінгі таңда жиі-жиі мемлекет басшыларының кездесулері ұйымдастырылып, интеграция жөнінде қаулы-қаралар қабылданып жатыр, бірігіп кәсіпорындар ашып жатырмыз. Бұның бәрі жақсы, әрине. Бірақ, «нағыз әрекет» бұл емес.Қазір ақпарат ғасыры. Сонау заманда Бисмарктың өзі саясатын өрістету үшін ақпараттық технологияларды қолданған, демек, бүгінгі таңда оның көмегінсіз іс алға баспайды. Қағаз, қалам, радио-теле эфир бүгінгі замандағы қарудың ең мықтысы. Әу баста ақпарат тарату құралы болып қалыптасқан масс-медиа бүгінде идеология жүргізудің, көзқарас пен менталитетке ықпал етудің, тәрбие берудің, ең маңыздысы, ұлттық дүниетаным жасаудың теңдесі жоқ құралына айналды. Әлемдегі ең ірі державалардың бұқаралық ақпарат құралдарына қомақты қаржы бөлетіні тегін емес. Тіпті кейбірінің осы салаға арналған жылдық бюджеті кіші-гірім мемлекеттердің әскери қазынасымен таразы басын теңестіреді.Ақпарат кімнің ашса алақанында, дүние соның жұмса жұдырығында. Түркі деген Ұлы ұлыстың ұрпағы осы қағиданы өз пайдасына жарататын уақыт жетті. 1991 жылға дейін әлемде бір ғана тәуелсіз түркі мемлекеті – Түрік Республикасы болған еді. КСРО ыдыраған соң тағы 5 мемлекет қосылды: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан. Сондай-ақ Түркиядан басқа ешкім мойындамаған Солтүстік Кипр республикасы бар. Осы елдер ішінде тек Түркияда ғана БАҚтәуелсіз толыққанды даму ырғағына түсті. Өз тәжірибемнен білетінім, түрік басылымын азиялық газеттен де, еуропалық басылымнан да ажырату еш қиын емес. Өйткені өзіне тән ерекшелігі бар. Бүгінгі глобализация заманында даралана білу де өнер.

Бұрынғы кеңестік республикалар белгілі саяси себептерге байланысты ресейлік ақпарат кеңістігіне тәуелді болып қала берді. Кезкелген мақала, радио, телетаралымның астарында ресей идеологиясы жасырынып тұрады. Әсіресе, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей ақпараттық кеңістігіне барынша тәуелді. Ал Әзербайжан мен Түркіменстанда жағдай басқаша. Әзербайжан тарихи жақындығы бар Түркияға қарап бой түзейді, ал Түркіменстан ақпараттық кеңістігі өзгелер үшін жабық.

Ара қатынас мәселесі күрделі. Жекелеген бір іс-шаралар болмаса, түркі БАҚ-тарының арасында ақпараттық көпірлер жоқ. БастапқыдаарағайынныңміндетінТүркияөзмойнынааладыдепесептелген. Бұл ой тек «Zaman» газетінетүркітілдеріндегіқосымшалардықаржыландыруменшектеліпқалды. Қазіргітаңдабұлбасылымқазақ, қырғыз, әзірбайжанжәнересейліктүркілергетаралады. Ал Өзбекстан менТүркіменстанғакіргізумүмкінболмады.

90 жылдардың ортасында түркітілді журналистердің одағын құруға жасалған әрекет белгілі себептерге байланысты тұсауланды. 2009 жылдың басынан бастап негізгі түркі тілдерінде таралатын спутниктік TRT-Avaz деген телеканал ашылды. Қазақстанда ең ірі түркі ақпараттық агенттіктерінің өкілдіктері жұмыс істейді. Сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Өзбекстанда «Казинформ» агенттігінің меншікті тілшілері, Анкарада «Хабар» арнасының өкілдігі бар. Өзбек, түркімен медиа нарығы «Сен тимесең, мен тимен» деген позиция ұстанады, ал Қырғыз ақпараттық саласына сырттан қызығушылық жоқ. Көк бөрінің көзі түгел ұрпағын бөле-жармай, барлығына бірдей жұмыс істейтін «Zaman» газетінен басқа бір де бір басылым жоқ. Қазақстандағы «Түркістан» газетін халықаралық деңгейге көтеруге әрекет жасалды. Бірақ, ақша тапшылығынан бұл ой жүзеге аспады.Әзірбайжанда түрік ақпарат құралдары жақсы таралады, оған сұраныс та бар. Өйткені тіл ұқсас. Ал өзге түркі елдерінде Кеңестік сананың сарқыншағы сақталып қалды. Мысалы, Қазақстанда 10 ақпараттық агенттік бар, оның 5-еуі қай жағынан болса да Ресейге қатысы бар. Рейтингісі ең жоғары «Интерфакс-Казахстан» агенттігі Мәскеулік мекеменің жай ғана өкілдігі болып табылады. Ол аздай, Қазақстанда «Первый каналдың» тікелей көшірмесі бар, бірқатар телеарналар Ресейден ретрансляция жасайды, ал «31 каналды» ресейлік «СТС» медиатобы сатып алды. Баспасөздегі жағдайдың шекесі қызып тұрған жоқ. «Известия», «Комсомольская правда», «Аргументы и факты», «Московский комсомолец» тағы басқа көптеген Ресей газеттерінің аймақтық қосымшалары шығады. Ресейдің барлық газет-журналы Қазақстан аумағында ешқандай кедергісіз таралады.Салыстырып қарасақ, Түрік газеттерінен бізде тек қана «Kazakstan Zaman» бар және «Cihan», «Anadolu agensy» деп аталатын екі-ақ ақпараттық агенттіктің меншікті тілшілері жұмыс істейді. Алматыда түріктердің демеушілігімен таралымы шектеулі «Түркі әлемі» газеті басылады. «Dialog Avrazia» журналының қазақ тіліндегі қосымшасын да осы топқа жатқызуға болады. Бар болғаны осы. Түркі ақпарат агенттіктері жылдамдығы, сапасы жағынан Ресей агенттіктерінен артық болмаса, кем емес. Олар нарыққа баса-көктеп кірмейді, тұтынушыны мәжбүрлемейді, бірақ неге екені белгілі, олардың рейтингісі Ресейдікінен төмен. Бұдан шығатын нәтиже, түркі БАҚ-ры арасында ешқандай да интеграция жүріп жатқан жоқ. Тәуелсіз мемлекеттердің өзінде түркі әлемі туралы ақпаратқа қысым қатты, олай болса, Ресей, Қытай, Ирандағы түркі халықтары тіпті сусап отыр. Бауырлас түркілердің ақпарат алмасуын Мәскеу жіпке тізіп, жіті бақылауда ұстайды. Мысалы, Қазақстанның «Нұр медиа» холдингі мен Әзірбайжанның «АРА» агенттігі арасында тікелей ақпараттық-әріптестік байланыс туралы жасалған меморандум кейбір ықпалды топтар өкілдерінің ашу-ызасын тудыры. Өйткені, олар бұрынғы бодандарын ақпараттық шеңберден шығарып алса, қоғамдық сананың өзгеретінін біледі.Әр елдің өз мүддесі болады. Түркі әлемінің гуманитарлық ақпарат алмасу саласында өз мүддесі бар. Оны қалай жүзеге асыруға болады.Сыртқы күштердің ықпалынан түркі этностарының ұлттық мінезі, менталитеті жойылып кете жаздады. Біздің көшбасшылар интеграция жайында әңгімелескенде ақпараттық саланы жиі естен шығарып алады.

Түркілердің ақпараттық интеграциясы мәселесін ең маңызды істер деңгейіне көтеру керек. Оны барынша жылдамдатқан дұрыс. Себебі, онсыз да көп уақытты жоғалтып алдық. Төмендегі шараларды қолға алу қажет. Біріншіден, Түркітілдес Медиафорум ұйымдастыру, онда бауырлас халықтардың БАҚ-тары арасындағы байланыс кедергілерін талқылап, оларды жою жолдарын қарастырып, ақпараттық интеграцияны дамыту туралы резолюция қабылдау. Екіншіден, түркітілді интеграцияның жоспарын, әдіс-тәсілдерін жасайтын түркітілді Медифорумды ұйымдастырушы топтың негізін қалау. Үшіншіден, барлық басым тілдерде, орыс, ағылшын тілдерін қоса алғанда, түркітілді БАҚ-тардың порталын (ресурстық он-лайн орталық) құру. Төртіншіден, теле, радиоарналарға AzSat, KazSat-2 және TurkSat-3 спутниктері арқылы түркі тілдеріндегі хабар таратуға жеңілдіктер жасау немесе тегін тарату туралы халықаралық деңгейде шешім қабылдау. Бесіншіден, Стамбұлда түркі журналистикасы халықаралық мектебін құру туралы шешім қабылдау. Алтыншыдан, түркі мемлекеттері мен аймақтарда ірі-ірі өкілдіктері бар TURK-INFO халықаралық агенттігін құру. Сондай-ақ, түркітілді медиафорумды жыл сайын түркі мемлекеттерінің әрбірінде кезек-кезек өткізіп отыру туралы жариялау.

Берік УӘЛИ, Қазақстан:

– Түркі әлемі журналистерінің ұйымын құру туралы идеяны толық қолдаймын. Түркі бірлігі деген өте кең, күрделі ұғым. Түркі тілдес елдердің одағын құру туралы бастамалар бұрын айтылған. Бауырлас елдер саяси, экономикалық одаққа бірігеміз деп бірнеше рет талпыныс та жасады. Өкінішке қарай, идея жүзеге аспады. Басшылардың амбициясы кедергі болды ма, басқа факторлар әсер етті ме, біріге алмадық. Түркі тілдес журналистердің кеңесін құру, ауадай қажет. Уақыт талабы. Саяси біріге алмасақ та, рухани бірігуге алғышарт болатын бастама деп айтар едім. Бұл алаш қайраткерлерінің жете алмай кеткен арманы. Мұстафа Шоқайдың Түркістан жастары бірігіңдер деген аманатының бір тамшысы. Кеңестің құрылып, мақсаты мен міндетін анықтап, жүйелі жұмыс жасау механизмін қалыптастырсақ, бұл бірігу ұзақ болады. Түркітілдес журналистерің кеңесіне Ресейдің боданында отырған башқұрт, құмық ағайындардың мықты сарапшыларын тартып, білікті журналшыларымен пікірлесіп, оларға қолдау көрсетсек, кеңестің жұмысы нәтижелі болады. Түбі бір түркі мемлекеттерінің қарым-қатынасын нығайтады. Тек идеяны бос сөзге айналдырмай, шын мәнінде көп санасатын түркітілдес журналистерінің кеңесіне қазақ, өзбек, қырғыз бәріміз мүдделі болуға тиіспіз.

Мендерес ДЕМИР, Түркия:

– Біз құрған Түркі әлемі журналистерінің бірлігі – дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі түбі бір түркінің басын қосуға ықпал ететін федерация. Яғни, түркі журналистерінің шығаратын газеті, хабар тарататын агенттігі, радиосы немесе телеарнасы, Интернет сайты арқылы БАҚ өкілдерінің емін-еркін жұмыс жасауына, әлемге түркінің көзімен қарауға ықпал ету үшін құрылған ұйым. Басты мақсатымыз да – осы. Бізге Түркия журналистер одағы қолдау білдіріп отыр. Еліміздегі 70-ке жуық БАҚ ұйымы федерацияға мүшелікке өтті. Алдағы уақытта Жер шарының барлық жеріндегі түркілер тұратын бөлігінде жедел хабар алмасу, бірлігімізді нығайту, ынтымақтастықты арттыру сияқты басты мәселелерге баса назар аудара отырып, журналистер ұйымдарын көбірек тартуды көздеп отырмыз.

Түркі әлемі журналистерінің әлі күнге неге бірлігі артпай отырғаны маған да жұмбақ. Дәл осы сұрақты мен4 ай бұрын Федерацияның күн тәртібіне шығардым. Қазір түркітектес мемлекеттердегі ауданаралық ұйымдар бар. Түркі әлемі жазушылар одағы мен сәулетшілер бірлігі құрылғалы да бірақ уақыт болған. Бірақ өкінішке қарай, журналистерге тиесілі ортақ ұйым жоқ. Біздің Федерация тарапынан қолға алынған ортақ бастаманы өзге мемлекеттердегі әріптестеріміз де қолдайды және түркінің бірлігі жолында бірге қызмет атқарамыз деген үміттемін.

Руфиз ХАФИЗОҒЛЫ, Әзірбайжан:

– Түркітілдес журналистердің бірлігін құру игі бастама ретінде аса маңызды және стратегиялық тұрғыда өте қажет. Бұл барлық түркі елдерінде болатын оқиға мен құбылысты шынайы таратуға сеп. Негізі журналистердің мұндай бірлігі бар екенін айтқан жөн. Мәселен, арабтілді журналистердің бірлігі мен жыл сайын араб елдерінде өткізілетін Бүкіләлемдік Араб Медиафорумы. Екінші жағынан, түркітілдес журналистердің бірлігін құру арқылы ынтымақтастықты арттыра отырып, журналистердің кәсіби бірлігін нығайтуға, түркі мемлекеттерінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар.

Түркі әлеміне тән журналистер бірлігін құру үшін не істемек керек? Меніңше, ортақ ұйымды құрған күннің өзінде алғашқы кезеңдерде кедергілер кездеседі. Осындай түйткілдердің бірі, жалпыға ортақ түркі тілін бекіту. Қазіргі кезде түркі халықтары түркі тілінде сөйлейтіндігіне қарамастан, олардың барлығы бірдей бірін бірі тілмашсыз түсіне алмайды. Сондықтан жалпы түркі тілін қалыптастыру да аса маңызды мәселелер қатарында деп ойлаймын. Бұл жерде Түркияда қолданатын түрік тілі бүкіл түркі әлемі қолдануға лайық тіл деп білем. Осы мәселені шешкеннен кейін ғана түркітілдес журналистердің бірлігі арта түсіп, халықаралық деңгейдегі өзге бұқаралық ақпарат құралдарымен терезесі тең дәрежедегі бәсекелес құрылымға айналады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ