Дүбірлі жарыстағы даңғаза
Дүбірлі жарыстағы даңғаза
Ұлттық спорттың ішінде қазақ күресіне ерекше іш тартатын халық емеспіз бе, балуандардың белдесуіне тәнті болғанымыз соншалық, жеті сағаттың қалай зырылдап өте шыққанын сезбей қалдық. Ал жанкүйер қауымға лық толған Астананың төріндегі «Сарыарқа» спорт кешені нағыз рухты мекенге айналды.
Бұл осымен үшінші мәрте өткен «Қазақстан барысы» турнирінің беделін биіктете түскендей. Әрі биылғы бәсекеге қатысуға ниет білдіргендердің ішінде жастардың басым екендігі қуантты. Бұрын жергілікті аймаққа ғана мәлім болған балуандар әп-сәтте күллі қазақ даласына танылған жоқ па? Жүз мыңдай балуан арасынан озық шыққан 32 апайтөстің бозкілемдегі белдесуін бізден басқа 35 мемлекет көрермені тікелей эфирде тамашалапты. Бұл ретте отандық «Қазақстан» мен «КТК» телеарнасы қазақ тілінде таратса, ресейлік «Боец» арнасы орыстілді аудиторияға тікелей көрсетілім ұсынды.
Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен «Қазақстан барысы-2013» турниріне арнайы келіп, алып денелі толағайларға сәттілік тілеген ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов мырза: «Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында спортқа барынша жағдай жасалып келеді. Биыл күзде бокстан Әлем чемпионаты Алматыда өтеді! Осыдан-ақ қазақ спортының әлемдік деңгейдегі беделінің биік екендігін байқауға болады. «Күш атасын танымас» деген нақыл сөз бар. Алдарыңызда тұрған 32 жігіт – Қажымұқан мен Балуан Шолақтың лайықты ізбасарлары. Бұлар іріктеу жарысында топ жарған таңдаулы спортшылар. Қазақтың күрес өнерін өрге сүйреп жүрген азаматтар. Бүгінгі жарыста ең мықты балуанның жүлдеге ие болуына тілектес болайық!» – деді ағынан жарылып. Алаш баласының намысын қайраған «Қазақстан барысы» турнирінің ашылу салтанатында құрметті қонақ ретінде қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеухан құттықтау сөз сөйлеп, жырдан шашу шашты.
Осыдан кейін соқыр жеребе тартылып, балуандардың кіммен жұптасып шығатыны анық болды. Түс әлетінде басталған белдесуде әлсіздер біртіндеп ысырылып, кіл мықтылар алға ұмтыла берді. Нағыз балуандардың белдесуі ширек финалда көрінді. Қазақ күресінің көрігін қыздырған бозкілемде Шығыс Қазақстан облысынан келген Айбек Нұғымаров Оңтүстік Қазақстан облысы атынан шыққан ауыр салмақты Жұманазар Ерсұлтановпен кездесіп, жауырынын жер иіскетті. Орнынан біраз уақыт тұра алмаған «Жақсығұлды» «Шығыс барысы» омақаса құлатып, айқын басымдықпен жеңді. Ал «Қазақстан барысы-2012» турнирінің жеңімпазы, Жамбыл облысының атынан додаға түсіп жүрген Бейбіт Ыстыбаев ақырғы демін ақтық ойынға сарқа жұмсағысы келді ме, әйтеуір сақ қимылдады. Бұған дейін ақпарат құралдарына берген сұхбатында Бейбіт балуан барша жанкүйерлеріне «Үш мәрте «Қазақстан барысы» атанамын!» деген уәде берген болатын. Осы мақсатқа жету үшін бір жыл бойы тер төккенін де жеткізген. Алайда, 140 келілік Бейбіт Ыстыбаев пен 122 келілік Ержан Шынкеев те белдесу кезінде сылбырлық танытып, жұрт күткендей тамаша жекпе-жектің үлгісін көрсете алмады.
Шынкеев жеңіске әділ жетті ме?
Бірақ жанкүйер мен көрерменнің көңілін аулаған да осы екі балуанның күресі болды. Екеуі де «сен тұр, мен атайын» дейтін қапсағай денелі күш иелері. Спорттағы тәжірибесіне де ешкім шәк келтіре қоймас. Шынкеев 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қатысушысы ретінде белгілі болса, Ыстыбаев қазақ күресінен өтетін түрлі жарыстарда оза шауып жүрген түйе балуан. Оның нақты көрінісі – былтырғы жылғы додада «Қазақстан барысы» атануы еді. Ал бүгін кейбіреулер: «Неге Бейбіт бұл жолы өзін-өзі көрсете алмады?» деген сауалға жауап іздегісі келеді. Бәлкім, балуандар ақырғы демін ақтық ойынға арнағысы келетін шығар, кім білсін? Қалай дегенде, «Тараз арланы» өзіне лайықты бәсекелес Ержан Шынкеев емес, Айбек Нұғымаров деп білген сияқты. Бірақ ақтық финалға жолдама алу сәті айқайға ұласып кетті.
Әдіс жасауға асықпаған қос балуан бозкілемде біраз жүріп қалды. Төрешілер Шынкеевке ескерту жасағаны сол-ақ еді, халық қарсылық танытып, қазылар арқылы алғызып тастады. Бұдан кейін сылбыр қимылдап жүрген Ержан өзін қолдап, қолпаштап отырған жанкүйерлердің сенімін ақтаудың орнына, алыстан қашқақтап, уақытты созып алды. Бейбіттің әуселесін байқады ма, әлде түйе балуанның мысы басты ма, тек белдесудің аяқталуына аз ғана уақыт қалғанда әдіс жасап, қарсыласын етпетінен түсіргендей болды. Бірақ қазылар ережеге дөп келмейтін әдісті есепке алған жоқ. Себебі, бұл әдіс кезінде Бейбіттің жерге алдымен тізесі емес, қолы тиіпті. Төрешілер мен әділқазының шешіміне қарсы шыққан Шынкеев дауласып, бүк ұпай беруін сұрады. Тіпті, қазылар балуанға қазақ күресінің ережелерін айтып, түсіндірсе де, дегенінен қайтпады. Ереженің аты – ереже. Осы сәтте бозкілемдегі төреші Бейбіттің жеңіске жеткенін дүйім жұртқа паш етіп, қолын көтерді. Алайда, қазылар отырған қапталдан шуылдаған бір топ жанкүйер әділ шешімге наразылық білдіріп, қолындағы шөлмектерін лақтыра бастады. Оларды қоздырған бәлкім, жершілдік, бәлкім күншілдік. Не десек те, жанкүйерлер де басбұзарлық танытып, 35 мемлекет тамашалап отырған қазақ күресі турнирінің беделіне нұқсан келтірді. Бұл әрбірден соң көрермен мәдениетінің төмендігін де әшкере етті.
Жанкүйерлердің түсінбеушілік әрекетіне таң қалған ұйымдастырушылар үлкен экраннан екі балуанның күресін қайта-қайта көрсетумен, түсіндірумен болды. Төрешілер қанша жерден өз шешімін ақтап, шырылдаса да, дауыс беру арқылы Бейбіт Ыстыбаевты Ержан Шынкеевке жығып берді. Бірақ бұл әділетті жеңіс пе? Аты дардай спортшының төрешілермен дауласып, қазылардың шешімін түкке тұрғысыз етуі ұят жағдай емес пе?! Шынайы жеңіске лайықты балуан екеніңді дәлелдегің келсе, бозкілемдегі белдесуде мықтылығыңды көрсет. Өйтпедің бе, ашуға мінбе. Мұндай өрескел мінез нағыз спортшыға тән емес. Алайда, ашушаң қылығымен есте қалған Ержан Шынкеев ұпай бермесе, ойыннан бас тартатындығын айтудан жасқанбағанда, теледидар алдындағы былайғы жұрт кірерге тесік таппаған. Сонда дейміз-ау, әділ шешім шығаруы тиіс қазылар қазақ күресінің ережесіне бағына ма, әлде көрерменнің ығына жығыла ма? Бұрын-соңды қандай спорт түрінде болсын, қазылардың екі шешім шығаруы, ол ол ма, бастапқы шешіміне өздерінің қарсы тұруы кездесе қоймаған жағдай. Ал, біздің әділқазылар осындай қателікке жол беріп, күллі көрерменнің алдында күлкіге қалды.
Халықтың алдында «жеңді» деп қолы көтерілген Бейбіт Ыстыбаев та қазылардың шешіміне аң-таң. Ол өзінің жеңілгеніне сенген жоқ. Содан ба, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Жұманазар Ерсұлтановпен қола белбеу үшін белдесуден бас тартты. Оны бозкілемде үш минут күткен төреші жеңісті автоматты түрде 160 келілік балуанның еншісіне берді. Ал, бұдан кейін «Қазақстан барысын» анықтау да қиынға соқпағаны белгілі. «Алтын белбеу» үшін ақтық сында кездескен Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаровтың қайсысы мықты екенін жұрт біледі. Былтырғы турнирде «Қазақстан барысы» атанған Бейбітке есесін жіберіп алған Айбектің тәжірибесі де, дайындығы да сақадай. Ол қазақ күресінен 2010 жылғы Әлем чемпионы, қазақ күресінен 2011 жылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы. Қазақ күресінің шебері бұл жолы бабы да, бағы да келісіп, қарсыласын жерге қадап, таза жеңіске жетті. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысынан келген Айбек Нұғымаров 150 мың АҚШ доллары мен «Алтын белбеу», «Тайтұяқ» және 75 мың АҚШ доллары тұратын автокөлікке ие болса, «Күміс белбеуді» қанжылаған Ержан Шынкеевке 30 мың АҚШ доллары, ал «Қола белбеуді» күреспей алған Жұманазар Ерсұлтановқа 10 мың АҚШ доллары табыс етілді. Олардың бапкерлері де сыйақысыз қалған жоқ. «Жеңіске деген жігері үшін» Виктор Демьяненкоға күрестен әлем чемпионатына жолдама тапсырылды.
Үшкемпіров неге шырылдады?
Жарыстан соң, «Қазақстан барысы-2013» жүлдегерлері мен ұйымдастырушылар журналистерге арнап, баспасөз-мәслихатын өткізді. Пресс-конференция барысында сөз алған «Қазақстан барысы» – Айбек Нұғымаров өзінің жеңісін ата-анасына, бапкеріне және елордасы Астананың 15 жылдық мерейтойына арнайтынын жеткізді.
Ал, жартылай финалда дау-дамай арқылы Бейбіт Ыстыбаевтан айласын асырған Ержан Шынкеев өзінің жеңісін әділ санайтынын тағы да тілге тиек етті. Осы мәселеге орай, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы, идея авторы Арман Шораев алдағы күндері төрешілер мен балуандардың қатысуымен босқосу өтетіндігін және төрешілердің тарапынан жіберілген қателіктің енді қайталанбайтындығына сөз берді. Сондай-ақ, Арман Төлегенұлы «Қазақстан барысына» берілетін алтын «Тайтұяқ» енді спортшының өзінде қалмайтынын, бас балуан бұл құнды дүниені келесі жылы ұтатын палуанға тапсыратынын еске салды.
Бұл кезде Жамбыл облыстық федерациясы «Қазақстан барысы» турниріндегі күрес ережелерінің бұзылуына қарсылық білдіріп, Қазақстан Республикасының президенті әкімшілігінің бастығы К.Мәсімов мырзаға; «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек мырзаға; «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры төрағасы Ө.Шөкеев мырзаға; ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасы Е.Қожақапанов мырзаға; Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті С.Түкеев мырзаға; «Қазақстан барысы-2013» турнирінің бас төрешісі Ы.Нұртаев мырзаға жазбаша наразылық хатын жолдады. «Біріншіден, негізгі бес минутты бұл балуандар тең аяқтады. Қазақ күресі ережесіне сай мұндай жағдайда балуандар арасында белдесу тағайындалады. Белдесуде жеңген палуан жеңімпаз деп танылады. Мыңдаған жанкүйерлер алдында Ержан Шынкеев жеңіліп, төрешілер алқасының шешімімен жеңімпаз деп жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев танылды. Бірақ 20 минут өткен соң сол төрешілер алқасы Бейбіт Ыстыбаев жеңіліп қалды деп мәлім етті», – дейді олар. «Екіншіден, тең күрестен кейін Олимпиадаға қатысушы Ержан Шынкеевтің 15-20 минут бойына белдесуге шықпай судьялармен салғыласуын қалай деп түсіндіруге болады? Қандай елдің күресінде ортаға шыққан балуан төрешілермен дауласып, өзінің қалай күрескендігін бозкілемде дәлелдеген? Басқа күрес түрлерінде ондай балуандар тез арада жазаға тартылады. Халық наразылық білдірді деп жеңісті жеңілген балуанның уысына ұстатуды қалай түсінеміз?.. Бұл турнир қаншама Қазақстан телеарналарынан, шет елдердің телеарналарынан көрсетіліп отыр, бұл қазақ күресін дүниежүзіне паш ету емес, қорлау. Бүкіл әлемдік халықаралық жарыстарда күрес ережесін өрескел бұзу орын алмаған, қорытындылай келгенде, кенеттен шығарған әділқазылар алқасының шешіміне қарсылығымызды білдіреміз. Сондықтан, қазақ күресінің ережелеріне сәйкес, аталмыш наразылыққа заңмен көрсетілген мерзімде жауап беруді сұраймыз», – делінген құжатта. Жамбыл облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Айтқазы Қарабалаевтың пікірінше, төрешілер жанкүйерлердің жетегінде кеткен. «Жеңісті Бейбітке бергенде көрермендер арасында көптеген наразылық тудырды. Жамбылдық балуан жеңімпаз деп жарияланған күрестен соң, төрешілер кенет негізгі белдесуде Ержан Шынкеевтің бір балы есепке алынбағанын еске түсірді. Қазақ күресінде мұндай ереже жоқ, олай істеуге болмайды», – дейді Айтқазы Қарабалаев.
Ал, «Жас алаш» газетіне қысқаша берген сұхбатында «Қазақстан барысы» әділқазылар алқасының төрағасы Жақсылық Үшкемпіров әділқазылар тарапынан әділетсіздіктің орын алғанын жасырмапты. «Өте ұят болды, халық наразылық танытып, кiлемге қарай шөлмек лақтырды. Содан кейiн әдiлқазылар алқасындағы жетi адам ақылдаса келе дауысқа салдық. “Қазақ күресi” қауымдастығының президентi Серiк Төкеев, осы жобаның иесi, негiзгi ұйымдастырушысы Арман Шораев және әдiлқазылар алқасының төрағасы ретiнде мен Бейбiттiң жеңiсi заңды деп дауыс бердiк. Ал қалған төртеуi Ержан жеңдi деп тұрып алды. Төрешiлер көрдi, бейнебақылаудан қайталап қарап, тағы да шұқшиды. Қазақ күресiнiң ережесiне сай болмады. Төрешiлердiң айтқаны елеусiз, шешiмi құнсыз болса, несiне кiлемге шығарады? Одан да балуандарды күрестiрсiн де, халықтың айқайымен шешсiн мәселенi. Мен ендi бұдан былай бұл турнирге келмеймiн. Абыройымды айрандай төктi. Қазылар алқасы дегеннiң керегi жоқ. Елдiң алдында әбден ұятқа қалдым. Кезiнде әлем чемпионатын, әлем кубогын ұтып, тiптi олимпиада шыңына шыққанда менiң қасымда қазақтар жүрдi ме? Бiрнеше мәрте КСРО чемпионы атанғанымда менiң шашбауымды осылай көтерiп, мен үшiн қазақтар отқа түстi ме? Спортшының ел алдында дауласуы өзiне де, өзгеге де абырой емес. Жығылдың ба, iлтипатыңды сенi қолдаған жанкүйерге көрсет. Сондықтан бұл дау маған да оңай соққан жоқ. Жастар өссiн, қазақ күресi қарыштап дамысын деген мақсатта қолға алынған сайысты осылай саудаға салып жiберетiн болсақ, ол – ездiгiмiз» деп ашынып, бұдан кейін бұл жарысқа бармайтынын ашық мәлімдепті.
Шынында да, әділқазыларды тығырыққа тіреген екі балуанның күресі біраз уақытқа дейін талқыдан түспейтін сияқты. Себебі, жексенбі күні-ақ әлеуметтік желіде басталған қызу пікір-таластың демі әлі басылған жоқ. Бірі кемшілігін бетке басса, енді бірі ұсыныс білдіріп әлек. Интернет бетінде толассыз жарияланып жатқан пікірлердің бір сарасын ұсынып көрсек.
Қазақ үні: «Талай аламан жарысты көрген Жақсылық ағамыздың төрелігінен артық не айтуға болады! «Күш атасын танымас» дегендей, нағыз жеңімпазға лайық Бейбіт бауырымызға өте обал болды. Дүйім елге қазақ спортын масқара қылған әлгі 4 төрешіні жершілдігі, сатқындығы, екіжүзділігі, ел арасына іріткі салған жандар есебінде қазақ спортынан аластау керек!».
Барселона: «Масқара болды, Бейбіт барыс деген атаққа зәру емес, бірақ жігіттің көңілін қалдырды. Екі сөйлегендік екіжүзділік деп білемін. Сенген төрешілеріміз жерге қаратты. Сонда не, қазақ күресінің ережесін білмейді ме? «Тізесі тиген жоқ, ұпай берілмейді» деп бір соқты, белдестірді, жеңімпаз деп қолын көтеріп төрткүл дүниеге көрсетті де, 5 минуттан соң «жеңілді» деді. Мұндай масқараны да көрдік, айтса сенбессіз…».
Ермахан Қалмұрзаев: «Жігіттер не болса да ұят болды… Алдымен Ержанға ереже бойынша ұпай берілмейді деді, соны дәлелдеу үшін талас тудырған сәтті сан қайтара көрсетті. Сонан соң екі балуан тең болды деді де, белдестіріп күштіні анықтады. Бейбітті жеңді деп жариялады. Сонан соң Жақсылық Үшкемпіров күрестің ережесі біздің сүйегімізге сіңіп кеткен деп, жарияланған жеңісті қайта дауысқа салып, Ержанды жеңді деп жариялады. Күллі жаһанға жар салып өткізіп жатқан жарысыңның ережесі толық анық болмаса, онда несіне жыртыламыз? Жеңімпазды «Барыс» деп жарнамалап, дәріптегенімізбен оны кісі ғұрлы санамай, біресе жеңді, біресе жеңілді деп, жұрт алдында масқаралайтын болсақ, мұндай дәріптеудің керегі не?»
Бейбітгүл Исаева: «Не десе де Айбектің жеңісі айтуға тұрарлық. Ержанның шеберлігі финалға шықпай тұрып-ақ белгілі болды ғой. Бейбітті даумен жеңіп, финалға шықты. Егер нағыз балуан болғанда Бейбітпен соңына дейін белдесер еді. Сәтсіз шыққан әдісін дауға салып, төрешілерді мойындатқаны азаматтық емес».
Абзал Құспан: «Қазақстан барысы» өте жоғары деңгейде өтті, оны ашық мойындауымыз керек. Дүние жүзінде кез-келген деңгейдегі жарыстар айқай-шусыз өтпейді, тіпті олимпиада ойындарында да болып тұрады. Барды бар деп айта білу керек…».
Серік Үркінбаев: «Бірін асыра мақтап, екіншісі жайлы ауыз ашпай қою дегеніңнің өзі комментаторлықтың шартын бұзу емес пе? Менің ылғи да таңғалатыным бізде комментаторлар бейтараптық ұстау дегенді әсте білмейтін болса керек. Шығыс қазақстандық пен атыраулық жас балуанның белдесуінде ме екен, шығыс қазақстандық жайлы көпірте айтып келді де, анау жайлы мүлде ауыз ашқан жоқ. Бірте-бірте атыраулықтың ширақтығы мен қайратын көре келіп, «ойбай» деп айнып түскендей болды. Тым шалағай сөйлеп, өздерінің ой-өрістерінің қаншалық деңгейде екенін көрсетіп қоятындары тіпті сорақы».
Қалай дегенде де, биылғы «Қазақстан барысы» турнирі жоғары деңгейде өтті. Қазақ күресін әлемдік деңгейге шығару үшін шыр-пыр болып жүрген «Қазақстан барысы» идеясының авторы Арман Шораев бастаған ұйымдастырушы алқаның еңбегі тасада қалмаса игі. Бір анығы, біз тілге тиек еткен кемшіліктер мен дау-дамайға әкелген кертартпалар алдағы уақытта ұлттық спорттың ережесіне өзгерістер енгізуді сұранып тұрған сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?