Өзбек мигранттары: «Жалқау» ма, әлде жанкешті ме?

Өзбек мигранттары: «Жалқау» ма, әлде жанкешті ме?

Өзбек мигранттары:  «Жалқау» ма, әлде жанкешті ме?
ашық дереккөзі

Бұл көрініс әсіресе, Оңтүстік Қазақстаннан басқа өңірлерге қатынайтын автобустарда жиі кездеседі. Ойда-жоқта отыра қалсаң, көздері жәутең қаққан өзбек ағайындардың ішкі жан дүниесіне үңілгендей боласың. Қорғансыздың күні. 

Тіпті, ақша қуған немелер адамды адам құрлы санамай ма, бір-бірінің алдына мінгестіріп алғанын қайтерсіз. Шілденің шіліңгір ыстығында көлік түгіл, даланың өзі мидай қайнайды. Мұндайда қайдан тазалық болсын? Бірақ адамды осыншалық қорлауға бола ма?  

Әлемді экономикалық дағдарыс шарпыған уақытта екі қолға бір күрек таба алмаған халық жан-жаққа босып кетті. Әсіресе, бұл ауыртпалық өзбек ағайынның басына қатты тиді ме, әйтеуір еліміздегі құрылыс жұмыстарының басында солар жүрді. Қазақстан тұрмақ, Ресей асқан өзбектердің бірталайы қазір жергілікті жерде түтінін түтетіп жүр. Бұған Мәскеуге жол түскен сапарымызда көз жеткізген едік. «Домодедово» әуежайында еден жуып, дәретхана тазалап жүрген өзбек жастары – Илхам мен Зухраны әңгімеге тартқанымызда, «Мәскеуде айлық жоғары. Еден жуып жүріп алған айлығымыздан пәтерге төлейміз, азық-түлікке жұмсаймыз. Артылып жатса, туған-туыстарымызға жібереміз» деп ағынан жарылып еді. Әрі олар мұнда жетіскеннен жүрмегенін айта келе, «Өзбекстанда жұмыс таппағандықтан Ресейге келдік. Әйтеуір мұнда нәпақа табуға болады екен» деген болатын. Ал жақында Өзбекстан президенті Ислам Каримов Жизақ облысына барған сапарында шетелге кеткен отандастарын «жалқаулар» деп мәлімдеді. Қандастарының бір жапырақ нан үшін Мәскеудің көшелерін сыпырып жүргенін намыс көріп: «Бұл – ұлтты қорлау. Жалқаулар Өзбекстанда күн сайын азайып жатыр. Бұрынғыдай қолын жайып жүрген қайыршыларды да таппайсың. «Жалқаулар» – деп Мәскеуге барып көше сыпырып жүргендерді айтар едім. Олар бізді масқаралап жүр. Бұл өте жиіркенішті. Өзбек ұлты нан табу үшін алысқа барып өздерін қорлап жүр. Негізінен өзбек халқы басқа ұлттармен салыс­тырғанда, ар, намысты биік қоятын­дығы жағынан ерекшеленеді. Бұл – өліммен тең. Құдайға шүкір, Өзбек­станда ешкім аштан өліп жатқан жоқ»,  – деді Ислам Каримов. 

Өзбек басшысының өз отандастарын дәл осылай тұқырта айыптауына не себеп? Бір қарағанда, адам баласы туған жерінен жыраққа жетіскеннен кетпейтіні белгілі. Егер қарапайым халық жұмыспен қамтамасыз етілсе, өзбек ағайындар шетел  асып кетпес  еді. Өз бауырларын «жалқау» деген Ислам ака Қазақстанға автобуспен ағылып жатқан отандастарын көргенде қандай күйде болатынын кім білсін? Ол ол ма, арнайы рейд кезінде қазақ жеріне табанын тіреп, іле-шала тұзаққа түскен өзбектердің жағдайына неге үңілмейді? Міне, солар «жалқаулықтың» әсерінен шетелді паналап жүр ме? Әрбірден соң өзбектің нағыз еңбекқор халық екенін бүкіл әлем біледі. Тіпті, кәдімгі халық арасында жиі айтылатын анекдоттарда өзбек еңбекқор кейіпкер ретінде танылған. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, Өзбекстанда екі қолға бір күрек табылса, жат елде мұншама қорлыққа төзбес еді ғой. Бірақ мұны елдің басшысы Ислам Каримов неге білмейді, неге көрмейді? Онсыз да қазір кез келген мемлекет жатжұрттық мигранттарға қыр көзбен қарайды. Әсіресе, Ресейдің әсіреұлтшыл халқы азиялық десе, төбе шашы тік тұрады. Бүгінге дейін скинхедтердің қанша азиаттарды мерт қылғаны бір Аллаға ғана аян. Ресейде еңбек ететін 10-12 миллион мигранттың (оның дені Орталық Азиядан) көбі заңсыз жолмен ақша тауып жүр. Мигранттарды пайдалану, кемсіту, тіпті нәсілдік тұрғыда шабуылдау оқиғалары да кездеседі. Өзбек президентінің осыны біле тұра, бүкіл әлем халқының алдында өз отандас­тарын «жалқауға» теңегені мүлдем түсініксіз.  Тіпті, ел президентінің аузынан осындай сөздің шығуы талайды қайран қалдырған. Өзбекстан мен Ресейдің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған шақта президент Каримовтың ел экономикасы Ресейге тәуелді екенін іштей білсе де, сырт көзге мойындағысы келмейтінін аңғартты. 

Өзбекстан экономикасының біраз бөлігі мигранттардың Ресейден аударатын қаржысына тәуелді. Тек ресми банк аударымдарын ғана тіркейтін Ресей орталық банкінің дерегі бойынша, 2012 жылы миг­ранттар Өзбекстанға 6,084 млрд. АҚШ доллары шамасында қаржы аударған. Бұл көрсеткіш 2011 жылға қарағанда 33 пайызға артық екен. Бұл – Өзбекстан экономикасының 16,3 пайызын құрайтын сома. Бұған еңбек мигранттарының өздерімен бірге апаратын сомасы кірмейді. Демек, нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары екені айтпаса да түсінікті. Ресей Федералды миграциялық қызметінің мәліметінше, Ресейдегі 10 млн. шетелдіктің 2 млн.-нан астамы өзбектер. Яғни, өзбектер басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан көп. Одан кейінгі орындағы тәжіктер Отанына 3,952 млрд. АҚШ долларын жөнелткен. Ал үштікке енетін украиналықтар бюджетіне 2,982 млрд. АҚШ долларын құйыпты. 

Өзбекстан президенті Ислам Каримов жерлестерінің арқасында елдің ортақ қазанына құйылып жатқан салық түсімін ұмытып кеткен сияқты. Жылына 6 млрд. АҚШ доллары Өзбекстан мемлекеті үшін әжептәуір ақша. Мұны білсе де, білмегенсіген мемлекет басшысы «бір жапырақ» нан үшін елден безген отандастарына неге доқ көрсетеді? 

Каримовтың мәлімдемесінен кейін, жергілікті басшылар мектепті бітірген түлектерді шетелге жібер­меуді қолға алуда. Ол үшін арнайы кепілдеме хат жазып, тиесілі мекемеден мөр басылуы керек. Ата-ана мен аймақ басшылары оқушының орта мектепті бітіруіне жауапты. Егер бұл талап орындалмаса, азаматтардың өзін-өзі басқару мекемелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.  

Ресей де еңбек мигранттарын оңдырып жатқан жоқ. Ресей федералды миграциялық қызметі көші-қон заңнамасын бұзған 1,5 млн. шетелдікке елге кіруге тыйым салуды қарастыруда. Мекеме басшысы Константин Ромадановский: «Жыл басынан бері 100 мыңдай мигрантқа елге келуге тыйым салдық. Бұл нақты көрсеткіш. Егер жыл соңына дейін дәл осылай қарқынды  түрде жұмыс істесек, бұл сан 400-500 мыңға жетіп қалатын сияқты», – деп мәлімдеді.

Не десек те, жаттың қолына қараған жақсы емес. Әрі жергілікті халықтың кемсітуіне, менсінбеушілігіне ұшырау да ар мен ұятты биік ұстаған өзбек үшін үлкен намыс. Тағы да «бір жапырақ» нан үшін қиындық пен ауыртпалықтың бәріне төзіп жүрген олардың бұл әрекетін ерлік демес­ке лажың жоқ. Алайда, мұны сол мемлекеттің басшысы мойындамаса, амалың қанша?  

Жалпы, қазақ өзбекпен ежелден аралас-құралас өмір сүріп келеді. Ерте көктем келгеннен қар түскенше қолынан кетпені мен күрегін тастамайтын өзбектің еңбекқорлығына тәнті болып өстік. Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарының жұрты өзбектен сіңген еңбекқорлық пен жанкештіліктің арқасында дәнді-дақыл мен көкөніс егіп, бала-шағасын асырап жүр. Дегенмен, қазір «еліміздегі қылмыстардың 50 пайызы еңбек мигранттарының қолымен жасалады» деген мәлімет жиі айтылады. Жақында ғана Өзбекстан азаматы Ихбол Тұрдиев бастаған 3 қаскөйдің бүтін бір отбасын түгел өлтіргенін естідік. Бір мезетте бес адамды ажал құштырған үш қылмыскер де жасаған қылмыстарын мойындаған. Олардың мұндай ауыр қылмыстың түріне баруына себепті тағы да әлеуметтік түйткілдерден іздеуге тура келеді. Адам ішінде аласы да, құласы да бар. Заңсыздық жүрген жерде қылмыс та өрши түседі. Сондықтан да Қазақстан тарапы еңбек мигранттарын ел аумағына заңды түрде тіркеп кіргізсе, қылмыстың түрі де әлдеқайда азаюы мүмкін.  

Жерде жатқан тұзды баспайтын халықтың адам баласын нақақтан-нақақ өлтіре салатынына сенгің келмейді. Алайда, Өзбек басшысы Ислам Каримовтың өзі отандастарына әлгіндей жала жауып жатса, жерлестері пананы кімнен іздесін? Өзбекстанның ресми статистикасы бойынша, елдегі жұмыссыздық небәрі үш-төрт пайызды ғана құрайды. Дүниежүзілік банк берген мәліметке сүйенсек, екі қолға бір күрек іздегендердің саны 30 па­йыздан асып жығылады екен. Ашынған адам не істемейді? Егер Өзбекстан мемлекеті отандастарын жұмыспен толық қамтамасыз етсе, Мәскеудің «Домодедово» әуежайында дәретхана мен еден жуып жүрген Илхам мен Зухра еліне бүгін оралатын шығар, кім білсін?!