Рамазан айын құрметте
Рамазан айын құрметте
Қасиетті Құран түскен, ораза ұстау парыз қылынған нұрлы да сырлы Рамазан айында басыңызға бақ, қойны-қоншыңызға құт қонсын!
Бір түнінің өзі мың айдан қайырлы деп саналған берекелі Рамазан айын аман-есен көрген, балиғатқа жеткен, ақыл-есі дұрыс, тұрғылықты әрбір мұсылманға парыз оразаға ниет қылу керектігі айтпасақ та түсінікті.
Құдіреті күшті Аллаһ Тағаланың бұлжымас бұйрығын орындауға шіліңгір шілденің ыстығы да, күннің ұзақтығы да, нәпсінің анау-мынау қалауы да кедергі келтіреді деп ойламайық.
Шын иман, шын ниет, шын ықылас Аллаһ разылығы үшін ұсталатын оразаның асыл діңгегі демекпіз.
«Ей, иман еткендер! Сендерге тақуалыққа жетуде бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз қылынды» («Бақара»,183-аят) – деп келетін Құдіретті Хақ Тағаланың киелі сөзін оқыған, естіген кісі оны жаны қалмай жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын» («Бақара», 185) – Құрандағы бұл үкімді орындаушыға сый мен құрметті Жаратқан Аллаһ Тағаланың өзі беретіні тағы рас.
Хадистен алар дәлел мынау: «Ислам діні бес негізден құралған – Аллаһтан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі шәһәдатын айту, намаз оқу, рамазан айында ораза ұстау, зекет беру, шамасы жетсе, қажылыққа бару. Ислам ғұламаларының келісімінде: «Кәпірден басқаларға Рамазан айында ораза ұстау парыз». Ақылға салсақ, ақыл-есі дұрыс адам рамазан оразасын ұстағаны абзал. Біріншіден, Аллаһтың бізге берген теңдессіз нығметтеріне шүкірлік қылу – шариғат тұрғысынан да, ақыл жағынан да міндет. Екіншіден, ораза тақуалыққа жеткізетін жол. Үшіншіден, ораза – адам бойындағы нәспсіні ораза ұстаушыға бағындырады.
Ораза – арнайы ниет қылып, таңның атысынан кештің батысы аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу.
Ораза ұстау уақытын да Құран бізге көрсетті: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан жарық) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, содан соң оразаны кешке дейін ұстаңдар» («Бақара», 187).
Қасиетті рамазан айы – Құран айы, құлшылық айы, сабыр айы, азаттық айы. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Рамазан айының теңдессіз сыр-хикметтерін сезіну үшін әрбір адам парыз оразаны ұстап, қасиетті Құранды оқып әмір етілген құлшылықтарды орындауға тырысу қажет. «Көп естігеннен бір көрген артық» емес пе?
Қасиетті айды аман-есен көрсеңіз, оның қадір-қасиетін де біліңіз, нұрлы Рамазан айын ардақтаңыз. Белгілі себептермен ораза ұстай алмасаңыз да, бұл айды қастерлеңіз.
«Кімде-кім Аллаһтың мейірімінен үміттеніп, шын жүректен ораза ұстаса, күнәлары кешіріледі», «Аллаһ Тағала сіздерге ораза тұтуды парыз, Тарауих намазын сүннет етті», «Кімде-кім иман келтіріп сауабын Аллаһ Тағаладан тілеп, қадір түнін таң атқанша көз ілмей ғибадатпен өткізсе, онда мың ай Аллаһ Тағалаға ғибадат жасағандай болады және күнәлары кешіріледі»,– деген хадистерді қаперіңізге сақтаңыз.
Аллаһ Тағаланың әмірін орындап, аштыққа, шөлге шыдаған Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) үмметтеріне нәсіп болған Рамазан айын құрметтейік.