ЗАТАЕВИЧТІ ТАМСАНДЫРҒАН ТАЛАНТ

ЗАТАЕВИЧТІ ТАМСАНДЫРҒАН ТАЛАНТ

ЗАТАЕВИЧТІ ТАМСАНДЫРҒАН ТАЛАНТ
ашық дереккөзі

Бұған дейін Мәскеу, Варшава мен Санкт-Петербург сияқты үлкен қалалардың қайнаған мәдени өміріне араласып, музыка саласында өнімді қызмет атқарған тәжірибелі маман сайын даланың салқар да сұлу үнінен ерекше рахат тапты деп сеніммен айта аламыз. Жер бетіндегі түрлі халықтардың ән-жырына құлақ құрышы қанған, әсіресе, әлемдік эталон деп танылған Еуропа музыкасының білгірі саналатын, елуді еңсерген Затаевичті қазақ ән-күйлері “өзіне ғана тән поэтикалық қуатымен, сұлулығымен  және әуен байлығымен” таң қалдырып, тәнті етті. 

Құлашын жазып, қажымас қуатпен, құмарлықпен жұмыс істеген ол бар болғаны үш жылға жетер-жетпес уақытта көптеген шығарманы нотаға түсіріп, «Қазақ халқының 1000 әні» деген жинағын шығарды. Бұла халықтың музыка мәдениетіне деген қызығушылығы мен таңданысы ғұмырлық мұратына айналған ғалым бұдан кейін қазақ даласын мақсаткерлікпен аралап, осының нәтижесінде 1931 жылы «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағы жарық көрді. Арынды ән мен тәтті күйлердің тасқа басылуына дәнекер болып қана қоймай, Александр Викторович жазып алған шығармаларына, оларды орындаушыларға кәсіби сын тұрғысынан талдау жасап, салыстырып, баға береді. Осылай салмақтағанда, әлем музыкасы жөнінде энциклопедиялық білімі бар этнограф ғалым таразысының салмақты басы қашанда бүгінгі әңгімеміздің бас кейіпкері Ғаббас Айтбаевқа тиесілі. Ол Арқа дәстүрінде шырқайтын әншілерді көбінесе Ғаббаспен салыстырады және осынау сырттай бәсекеде әрдайым Ғаббастың мерейі үстем тұрады. Семей губерниясының сол тұстағы ең үздік үш әншісіне тоқталып: Әміре – тыңдарманның ықыласына қарай құбылатын «артист», Қали – өз көңіл-күй әуеніне қарай өзгеретін «қарабайыр» орындаушы, Ғаббас – әнді бар болмысымен мөлдіретіп айтатын нағыз «кәсіпқой» әнші деп сипаттайтын Затаевич «Әміре мен Қалиды қосса, Ғаббас шығады» деген кесімін ұсынады. Ән асқары Әміренің /әділет үшін айтайық, Затаевич оның дауыс күші мен мүмкіндігіне артықшылық береді/ фонограммадағы, дәуір даусы Қалидың таспаға жазылған әндерін тыңдадық. Әрқайсысы – қайталанбас құбылыс. Сонда, біздің естуімізге мүмкіндік тумаған Ғаббастың үні қандай болды екен деген сауал сананы шабақтайды.

1882 жылы Қарқаралы оязына қарасты Қу болысында дүниеге келген Ғаббас Айтбаев Арқа әншілік дәстүріндегі аса көрнекті тұлғалардың бірегейі. Ол – бесігін ән тербеткен өңірдің түлегі. Ғаббастың өз әкесі Айтбай да, оның әкесі Демікпе де өнерлі жандар екен. Ұлы Мұхаңның «Абай жолы» эпопеясында баяндалатын Құнанбай – Бөжей тартысында кейінгісін жақтайтын шынжыр балақ, шұбар төс Баймұрынның туысы һәм сенімді серігі, әншісі, балуаны, түстікке бір тайдың етін жеп қоятын атақты мешкейі Демікпе жайлы ертегіге бергісіз әңгімелер ел ішінде әлі де айтылады. Оның ұлы Айтбай әншілігіне қоса сазгер, ақын. Оның «Раушан», «Перизат», «Хәллам» т.б. әндері болған. Айтбайдың композиторлық талантын А.Затаевич жоғары бағалап, алғашқы екі әнін жазып алады. Кейін оларды Е.Брусиловский әйгілі «Қыз Жібек» операсында пайдаланған. Сол дәуірдің өнер фестивалі – Қоянды жәрмеңкесін думанға бөлеген сал-серілер шоғырының қалың ортасында жүрген Айтбайдың Ғаббасы ғана емес, Ұсайын, Қадыс, Мұқан есімді ұлдарының бәрі шетінен әнші, өнерпаз болған-дүр. Мысалы, Александр Викторович «Раушан» мен «Перизатты» Қадыстың, «Кідігай», «Оқыса», «Қалам» деген әндерді Ұсайынның айтуында тыңдап, қағазға түсірген. Осындай ортада жарық дүние есігін ашып, күй күмбіріне тербеліп, ән әлдиімен бөленіп ер жеткен, «Бұлақтар да ән салатын, дала, тіпті, қырдың самал желі де сиқырлы үнмен әндететін» өлкеде азаматтық дәурені қалыптасқан Ғаббастың әнші болмасқа амалы да жоқ тәрізді бір қарағанда. Бірақ, жай жақсы әнші болу бар да, Жаратушы дарытқан сұлу дауыс пен орындаушылық мәдениеттің жарасымын мейлінше меңгерген, жүректің қылын қозғайтын шын шебер болу бар ғой. Санасында саңылауы бар замандастарына, тіпті, әлемнің небір дүлдүлдері мен бұлбұлдарын естіп келген Затаевичке тыңдаушы болу бақытын сыйлаған Ғаббас, міне, осындай хас шеберліктің шыңы еді. 

Әншінің бозбалалық, жігіттік шағы жайлы мағлұмат тіптен жарытымсыз. Арқаның Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсіп, т.б. сал-серілері, берідегі Иса, Майра, Әміре тәрізді өнерпаздар жайлы деректі һәм көркем шығармаларда Ғаббас та әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде ән шырқағаны айтылады. Жарық дүниеде жер басып жүруге бөлінген уақытының қалған шағында өзінің шаруасын дөңгелетіп, бала-шағасын өсіріп, туған өлкесін думанға бөлеп, момын тірлік кешсе керек.

Ғаббас Айтбаевтың есімі бұқаралық ақпарат бетіне ілігуі, әншілік атағының жария болуы 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін. Ресеймен қатар қазақ даласына да жұмақ орнатамыз деп жылы-жылы сөйлеп келген кеңес өкіметі халықтың сенімі мен қолдауына ие болу үшін ел ішіндегі беделді де ықпалды, сауатты адамдарды қызметке тартқаны, олардың жағымды қасиеті мен іскерлік қабілетін өз билігін орнатуға пайдаланғаны белгілі. Ғаббас та осындай мақсатпен жаңадан орнаған қоғамның жұмысына тартылып, Қарқаралы округіндегі Төтенше комиссияның өкілі болады. Алғашқы құрылған ауылдық кеңестердің бірін басқарады.

«Қазақстан» ұлттық энциклопе­диясын­дағы дерекке сүйенсек, қазан төңкерісі жеңісінің 5 жылдығына орай 1922 жылы күзде Қарқаралыда өткен халық таланттарының өнер сайысында /кейбір өлкетанушылар бұл конкурс Қазақ автономиясының бір жылдығын мерекелеуге байланысты 1921 жылы өтті дейді/ Ғаббас 1-орынды жеңіп алады. Сөз реті келгенде айта кетейік, осы бәсекеде Нұрғазы Төлепбергенов екінші, Қали Байжанов үшінші орыннан көрініп, Жүсіпбек Елебеков ынталандыру сыйлығын иеленген екен. Сайысқа төрелік жасағандардың қатарында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен суырып салма ақындардың сүлейі Иса Байзақов болған-дүр.

Халық әндері мен қазақтың біртуар композиторларының керім шығармаларын аса зор талғампаздықпен екшеп алып, бар бояуын құлпыртып, мөлдірете орындау шеберлігімен Ғаббас басқа әншілерден оқ бойы озық тұрды. Оның өнер атты құдіреттің асқақ шыңына көтерілуіне мүмкіндік жасаған орта, төңірегіндегі әншілер ешкімнен кем түспейтін дарындылар еді. Бірақ, Ғаббастың дауысы, дарыны бәрінен басым болған-ау деп шамалаймыз.

Республика Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Нығымет Нұрмақовтың шақыруымен Қарқаралы – Қу өңіріне этнографиялық сапарға барған Затаевич /бұл жөнінде белгілі қаламгер, зерделі зерттеуші-ғалым Зарқын Тайшыбайдың «Алтын бесік – ән орда» деген кітабында кеңінен жазылған/ осы жолы Ғаббастан 12 ән жазып алады. Бәрі де інжу-маржан дүниелер. Дегенмен, Александр Викторович соның ішінде «Ардақ», «Қанапия» және «Біржан сал ақын» /«Теміртас»/ үшеуіне ерекше тоқталады. Әсіресе, «Ардақ». Зерттеуші оны бұрыннан біледі. Аталған әнді «Қазақтың 1000 әні» жинағына №647 ретпен кіргізген де екен. «Ғаббастың «Ардағы» – тұнып тұрған поэзия. Қиялыңды қияға самғататын жазғы кештің, мақпал ай сәулесінің, сана жетпес­тей самарқау даланың поэзиясы! Бұл, жан сырымды ақтарсам, тек қана қазақтың, тек қана халықтың ғана емес, ең асқақ, ең шынайы мәнінде, «музыка» атаулының барынша бақытты жетістігі» деп ерекше тебіренген Затаевич одан әрі: «Қанапия» – Ғаббастың басқа әні, «Ардақтан» кем емес. Сүйемелдейтін домбыраның сүмбіл үнімен астасатын керімсал һәм кербез әуен қайырмасына келгенде керемет сұлулық пен іңкәрлікке табынтады. Тұтасымен алғанда – ғажайып әсерге бөлейтін өте күшті және толқынды поэзия жарасымы.

Осы екі әнннің қайсы үздік екенін айту қиын: «Ардақ» әлде «Қанапия». Олар бір бірін толықтырып тұр. «Ардақта» дала табиғатының қайталанбас көркем де паң, мөлдір де маңғаз келбеті салтанат құрса, «Қанапияда» дербес тұлғаның қуанышы мен қайғысы құлашын барынша жайып, айбынын асыруға ұмтылатыны сезіледі. Ән екпіні сәт сайын өзгеріп, үлбіреген нәзік те баяу қайырымдары жедел асау, адуынды ырғаққа ауысып отырады.

…Ғаббас айтатын Біржанның әні, ол шырқаған барлық әндер сияқты ғажап көркем, мөлдіреген таза да қарапайым…» деп, ағынан жарылған Александр Викторович дара дарынның әншілік, суреткерлік келбетін көз алдымызға елестетеді. Бұл кезеңде жас адамға тән албырттықтан арылған, жазып отырған әніне, оны жеткізуші әншіге де сын көзімен қарай алатын деңгейдегі зерттеуші неге Ғаббасқа құлап түсті деген заңды сауал туады. Бар кілтипан мынада: «Ғаббас Айтбаев – Қарқаралы уезінің сом алтындай салмақты, талғамы мүлтіксіз жоғары тамаша әншісі. Ол әннің алуан түрлерінен ең таңдаулысын іріктейтін, мүсіндеп, қырлайтын, жүрек қылын қозғайтындай жылылықпен орындайтын музыканың ақыны. Тыңдаушылардың көңілін табамын деп кәсіпкер өнерпаздар тәрізді тыраштану, тәкаппарлық пен мақтаншақтық, шалағай әншілердей созбақтау, сасқалақтау дегеннің көлеңкесі де жоқ онда. Шырқаған әнінің әуені өмірдің өзіндей көркем де қарапайым, сымбаты хас шебердің қолынан шыққандай мінсіз, – ол ән орындағанда беретін сезім ағынының қуаты сондай, тіпті белгілі бір мәні жоқ дейтін «қайырмалардың» өзін (мысалы, оның «Ардағының» ғажайып түрі) тыңдаушы жан-жүрегін тебірентіп жеткізеді».

Қазақ музыкасы үшін қабырғасы қайысып, қара нардың жүгін тартқан Затаевич әншінің өмірде қарапайым, сыпайы, бірақ өз бағасын білетін дәрежедегі азамат екенін атап айтады. «Жабайы азиаттарға» кейбір еуропалықтар тәрізді деміне нан піскен сасық кеудемен емес, тең дәрежедегі сыйлас адам тұрғысында қарап, қиындығы мен қызығы аралас дала тұрмысына түсіністікпен араласқан зерттеуші көшпелілер жасаған ұлы мәдениетті әлемнің өзге өңірлеріне таныс­тырушылар қатарында болғанын орынды мақтан етеді. Әсіресе, Қазақ Халық ағарту комиссариатының тапсырысы бойынша, 1927 жылғы 17 сәуірде, консерватория залында, Бүкілодақтық кеңестер сьезінің делегаттары үшін ұйымдастырылған концертке мұрындық болып, Мәскеуге он бір қазақ әнші-артисі барғанын, олар кейінірек Үлкен театрда өткен «Этномир» ғаламат этнографиялық концертке де қатысқанын қуана жазады. Осы сапар барысында Александр Викторович Ресейдің еңбек сіңірген артисі, халық музыкасының зерек білгірі, аса беделді, қатал сыншы, құрметті азамат П.Любимовтың пәтерінде қонақтап жатқан әйгілі испан гитарашысы Андре Сегояның алдында қазақтың үш мықты әншісіне – Әміре, Қали және Ғаббасқа ән салғызу мүмкіндігіне ие болады. Халық музыкасының шебер орындаушысы, аса талғампаз да нәзік сезімді, музыка құпиясын бүге-шігесіне дейін білетін гитарашы алдыңғы екі әншінің өнеріне алғыс айтып, сыпайы ғана мақтайды, өзінің алыстағы елінде де ән басында қазақтардағыдай көтере шырқалатын дауыс ашары болатынын атап көрсетеді. Ғаббас ән салған кезде испандық ерекше толқып кетіп, «Mais c*est un grand poete!” /«Бұл өте керемет суреткер ғой!»/ деп күбірлеп қайталай береді. Ән аяқталғаннан кейін мейман сырбаз әншінің қолын жібермей, қайта-қайта қысып, өзін таң-тамаша қалдырған ризашылық сезімінің әсерін аударып беруді сұрайды. Осынау кездесудің баяны кейінірек алуан түрлі вариантпен ел аузына тарап кетті.

Ғаббас 1929 жылы ақпан айының оны күні жүрек ауруынан көз жұмған. Зерттеуші «Қазақтың 500 ән-күйінің» тасқа түскен, баспаға ұсынылатын көшірмесін қарап отырғанда, 1931 жылдың қаңтар айында, Мәскеуге іссапармен барған ақын, халық музыка мәдениетінің сұңғыла білгірі Ілияс Жансүгіров қаралы хабарды жеткізіп, қазыналы қарттың қатты қайғырып, көзіне жас алғанына куә болады. Оның қабырғасын қайыстырған қаймана қыр қазағының өлімі емес, әлемдік өнер көгіндегі аса жарық жұлдыз болуға лайық жанның мезгілсіз қазасы еді. Александр Викторович француз ойшылы, жазушы һәм тамаша музыкант Ромен Ролланға алдында жазған бір хатында Ғаббастың дара дарынына ерекше тоқталады, оның орындауында таңбаланған ән ноталарына ыждағатпен көңіл бөлуін сұрайды. Есімі аталған пікірлес досына кейінірек жолдаған жазбасында тума таланттың жалғаннан ерте көшкеніне өкініш білдіреді, Ғаббасты егіле жоқтаған көңіл-күй әуені анық байқалады. Зерттеушілердің мағлұматына сүйенсек, қазақ өнері үшін құнды қазына саналатын бұл құжаттың түпнұсқасы Париж университеті жанындағы әулие Женьева кітапханасының Ромен Роллан қорында сақтаулы тұр екен.

Қазақ ұлттық музыкасының тарихын түзіп, теориясын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан академик Ахмет Жұбанов ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген еңбектер жариялағаны белгілі. Атап айтқанда, «Замана бұлбұлдары» кітабында ән өнерімізде айшықты із қалдырған Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Абай, Жаяу Мұса, Мәди, Бал­уан Шолақ, Естай, т.б. тұлғалардан бастап, күні кешегі кеңес дәуірінде жасап, даусы ілгері ұрпақтың құлағында қалған Нартай, Кенен, Әміре, Қали, Жүсіпбек, Қуан, Манарбек, Ғарифоллаларға дейінгі әнші, композиторлардың шығармашылдығы жайлы тұтас бір галерея жасады. Соның ішінде, дербес тақырыппен арнайы сөз етілмейтіні – Ғаббас. Әншіні көріп, дауысын естімеген соң және деректердің тапшылығынан, ғалым жоғарыда аталған кітабының соңында «Қосымша» атаумен жазылған шолу мақаласында Затаевичтің мәліметі мен берген бағасы көлемінде шектеледі. Алда жеке еңбек жазу үшін оқушы жұртшылықтан естіген-білген деректер түсіп қалар деп үміттенетін автордың мұраты ақталмағаны өкінішті, әрине.

Жүсіпбек Елебеков Ғаббасты ең алғаш рет 1918 жылы көріп, ол ән шырқағанда дүниеде мұндай да сұлу дауыс болады екен-ау, – деп таңырқана тамсанған екен. Қазір «дәстүрлі ән» аталып жүрген өнердегі Арқа сал-серілері мектебінің өткені мен бүгінін жалғастырған алтын көпір, замандастары «ән салудың академигі» деп әспеттеген Жүсекеңді тамсанту оңай емесін әркім де түсінсе керек. Сондықтан, оның: «Ғаббас біз үшін, жастар үшін шамшырақ еді. Біз, бәріміз оған жақындасуға ұмтылатынбыз, одан үйренуді бақыт санайтынбыз. Тек әншілігіне ғана емес, халықтың қымбат мұрасы, бізге қалдырған қымбат қазынасы ән өнерін Ғаббастың бағалай білетін сұңғылалығына еліктейтінбіз. Өзін құрметтейтін әрбір өнер қайраткері үшін Ғаббас – үлкен мектеп» деген жүрекжарды пікірінің мәні зор.

Ғаббастың балалары арасынан өнер жолын ұстанғаны ұлы Рауф болатын. Өкініштісі, ауыр науқас салдарынан талантты әнші эфирмен ерте қоштасуға мәжбүр болды, екі жастың біріне келмей бақиға аттанды.

Заманында әншілердің әншісі атанған, қалың тыңдарманды ғана емес, өнердің өрісін танитын ерек тұлғаларды табынтқан ғажап дарын иесі Ғаббастың туған жерінде – Балқантаудың баурайында тыныс тапқанына да сексен жылдан артық уақыт өтіпті. Әйткенмен, ардақты жанның әруағын ұлықтап, есімін есте қалдыру үшін ол әнмен тербеткен өңірде жасалған ештеңе жоқ. Осы тақырыпты қабырғалы қаламгер, ғалым Зарқын Тайшыбай бірнеше мәрте көтерген еді. Бірақ, ағамыздың жанайқайы аудан, облыс деңгейіндегі әкім-қаралардың құлағына жетпей келеді.

Балқантау жайлы тұтас әндер циклын жазған қуатты композитор, белгілі өнер зерттеушісі, қаламгер Илья Жақанов ағамыз Егіндібұлаққа келген бір сапарында әншінің жермен жексен болуға жақындаған қабіріне қарап тұрып: «Ғаббастай арысты ардақтап, аты Алаш баласының аузында жүретіндей бір әрекет жасамаған елдің көктеуі күмәнді-ау» деген еді қамығып. Алдымызда жүрген аузы дуалы ағаның осы сөзі кейде еске түсіп, Балқантау жұртының бағы ашылмай тұрғаны содан ба екен деп ойлаймын.

  

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері

Қарағанды қаласы