582
КРЕДИТТІК ЖҮЙЕ ҮМІТТІ АҚТАДЫ МА?
КРЕДИТТІК ЖҮЙЕ ҮМІТТІ АҚТАДЫ МА?
Аталмыш жүйенің мақсат-міндеттері жөнінде Қазақ Ұлттық Заң университетінің оқыту-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Ө.С.Қыстаубайдың түсіндірмесін тілге тиек етсек, кредиттік жүйе – біріншіден, студенттердің оқу траекториясын өздерінің қалыптастыруына мүмкіндік береді; екіншіден, кредиттік жүйемен оқыту бойынша студенттер элективті пәндерді және оқытушыларды өздері таңдауға құқылы; үшіншіден, студенттердің ағымдағы үлгеріміне 60% және емтихандағы білім көрсеткішіне 40% беріліп, студенттің білім деңгейі екі сатыға бөлініп бақылауға алынады; төртіншіден студенттердің үлгерімі оқу сабақтарына қатысуы, өзіндік жұмыстарды, өзге тапсырмаларды орындауы 8-ші және 15-ші апталарда бақылауға алынып, бағаланады; бесіншіден, студенттердің үлгерімін бағалау «қанағаттанарлық» бағаның 5 сатысы, «жақсы» бағасының 3 сатысын және «өте жақсы» бағасының 2 сатысын қолдану арқылы жүзеге асырылады; алтыншыдан, сессия пәндері бойынша қанағаттанарлық бағаны ала алмаған немесе себепті, себепсіз жағдайлармен сессия пәндерін тапсыра алмаған студенттер үшін жазғы семестрлер қарастырылған.
Жоғарыдағы жаңа жүйенің аталған міндет-талаптары елімізде қалай жүргізілуде, ақсап тұрған өзекті мәселелері қандай? Студенттердің білім деңгейі әділ бағаланып жатыр ма? Осындай сауалдарға жауап іздеу мақсатында ЖОО-ның оқытушыларымен ой бөлістік. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің оқытушысы Шәрипа Нұржанова: «Қазіргі кезде Болон жүйесіне сәйкес әлемнің көптеген жоғары оқу орындары білім бағдарламаларын жасауда. Біздің елімізде де бұл жүйе басталып кетті. Оның біздің студенттер үшін берері мол. Бас кезінде біраз қиындықтар кездесуі мүмкін. Қазіргі кезде соның бір жақсы жағы мобильдік ұтқырлық арқылы студент алмасу жағы, әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдардың келіп дәріс оқуы, қос диплом алу мүмкіндіктерін де атауға болады. Өз мамандығыңыз бойынша кез келген мемлекетте қалаған пәніңізді оқуға мүмкіндіктер туады». Қарап отырсақ, батыстан келген жүйенің біздің оқу үрдісімізге қосар үлесі, берер білімі бар сынды. Алайда, біздің елімізде тәжірибеге енгізілгенімен, бұл жүйе толықтай орындалып отырған жоқ. Әсіресе, студенттердің сандық пән таңдау барысында өз факультет ішіндегі салаларды ғана меңгеруі, және сабақ кестелерінің дұрыс қойылмауы», – дейді. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенттерінің бірі Айғанымның: «Маған Болон жүйесі ұнайды, алайда ұстаздарымыз жаңа технологияны әлі дұрыс түсінбесе керек, жүйе өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. Өйткені, шетелде сабақ кестесін, уақытын өзің таңдайсың. Онда оқу мекемесінде кешке дейін жүрмейсің. Көбінесе студенттің өзіндік ізденісіне көп қолайлы жағдай жасалған», – деген ойын келтіруге болады. Мәселен, АҚШ университеттерінде студенттер сабақ кестесін өздері белгілеп, арнайы профессорларымен жеке, кей жағдайларда онға жуық студенттер болып қалаған уакыттарында оқиды. Шетелдік Болон жүйесінде топтық оқу мүлде жоқ, яғни, еркіндік басым. Кредиттік жүйенің тиімділігі кез-келген студенттің өзінің бейіміне қарай қалаған пәнін таңдай алады. Бірақ, пән таңдау барысында көңілі толмайтын Асқар есімді студенттің сөзіне сенсек, өздері қалаған сабақтарды кей жағдайда оқи алмайды екен. Оған себеп тек шектеулі сан бойынша ғана студенттердің белгілі бір пәнді таңдай алуы. Яғни, кез-келген таңдау пән 10-15 студенттерге ғана арналып жүргізіледі.
Бұл қаншалықты шындық? Расында, студенттердің талғам, таңдауымен санаспауы ма? Осы тұста, кредиттік жүйемен оқыту әдісін, оның ішінде пәндер бойынша Білім және ғылым министрлігінің бекітетін типтік бағдарламалары мен типтік оқу жоспарларын қайта қарау қажет пе?
Жүйені жүзеге асыруға не кедергі болып отыр деген жоғарыдағы күмәнді ойларға, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің доценті, Қарлыға Мысаева былай дейді: «Кредиттік жүйе – әлемдегі білім беру саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес жүйенің бірі. АҚШ-тағы журналистика мектептерінің студенттері еншісіне тиген пәндерді тиімді пайдалана алады. Бізде, әлі күнге дейін студенттер кредиттік жүйе бойынша өздеріне тиісті сабақтарды толығымен меңгермеді. Оған себеп, біріншіден, әрбір факультет өздерінің кредит санын өздеріне сақтағанын қалайды. Мәселен, олар өздерінің кредит санын өзгелерге берсе, өздерінде сағат саны азаяды. Сондықтан осыған қызығушылық мүдделі болып отыр. Екіншіден, пән таңдау мәселесіне келетін болсақ, арнайы бір салалық сабақта қалыптасқан студент саны болады. Яғни, 65 студентті 13 баладан бөліп 5 топ жасайды. Негізінен, бұл жұмыстармен компьютерлік тіркеу бөлімі айналысады, олар студенттер санының асып кетпеуін, немесе жетпей қалмауын бақылап отырады. Бөлінген 5 элективті пәндерді сақтау барысында жүйе дұрыс жұмыс жасауы қажет. Компьютерлік базаларда жүйелілік керек, ол болмаған жағдайда студенттер тарапынан түсініспеушіліктер туындайды. Үшінші, студенттер элективті пән таңдау кезінде сабақ атауына емес, оқытушыларына қарап таңдап жатады. Сондай мезеттерде студенттерді өзге оқытушылардың айлық сағаты үшін еркінен тыс бөлетін кездерде аз емес. Білім жүйесіндегі нақты салалық айқындылықтың жоқтығы».
Ендігі сөз тізгінін студенттердің білімін бағалау қаншалықты өз дәрежесінде орындалуда дегенге бұрсақ. Ізденуші жастар кредиттік жүйенің білім бағалау тұрғысында студенттерге берерінен алары көп дейді. Сөзіме дәйектеме ретінде студенттердің пікірлерін бере кетсек, артық болмас. Мәселен,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ақбаян есімді 4-курс студенті кредиттік жүйемен оқыту әдісіне мүлде қарсы екенін ашып айтты. Студенттің бұлай ашынып сөйлеудегі себебін өз сөзімен жеткізелік. «Кредиттік жүйе оқытушы мен студентті тығыз байланыстыратыны рас. Бірақ, оқытушының студенттің білімін бағалау кезінде түрлі келеңсіз оқиғаларға тап боламыз. Бар тағдырымызды балға байлап қоятын жүйеге деген өкпем қара қазандай. Әрстуденттіңемтиханнаналғанбағаларын офис-регистратор компьютергеенгізіпотырады. Алайда, кейдеенгізілмей де қалатын сәттер аз емес». Осы пікірмен Алматы энергетика және байланыс институтының 4-курс студенті Мөлдірдің де ойы ұштасады. Неге десеңіз, Мөлдірдің айтуынша, жақсы тапсырдым деген студенттің өзі өтпей қалып, кредит төлеп жатады. Кредиттік жүйемен оқу – пара алуға әкеп соғады дейді. Әрине, көпке топырақ шашқан дұрыс емес, десек те «жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, жоғары оқу орындарындағыбелең алып жатқан парақорлық, жемқорлықты қатаң қадағалаған дұрыс.
Сөз түйіні, заман талабына сай елімізге келген кредиттік жүйеге қазақ студенттері әлі жүз пайыз дайын емес! Бізге уақыт және тәжірибе керек. Негізінен, ЖОО-ның қай факультеті болмасын студенттерге бірінші курстан бастап кредиттік жүйенің мақсат- міндеттерімен таныстырып, білім алушы жастардың болашақта еңбек процесіне араласқан кезде қажет болатын пәндерді өз еркімен таңдау құқықтарының барын түсіндіруі керек. Бізде арнайы базалардың оқу-құрал жабдықтарының толықтай қамтылмауының әсерінен шетелдік дәрежеге жете алмай отырмыз.
Айдана Шаңғытбаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
3-курс студенті