Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында «Үлкен Алтай» халықаралық субөңірлік конференциясы аясында Қытай елінің инвесторларымен 1 млрд 500 млн АҚШ долларына 15 меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли хабарлады.
Оның айтуынша, бұл құжаттар логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және басқа да перспективалы салаларды қамтиды. Олардың ішінде, жалпы сомасы 39,5 млрд теңгені құрайтын қытайлық серіктестердің қатысуымен 3 жоба іске асырыла бастады.
Сонымен қатар, өңірден шыққан елге танымал тұлғалардың, кәсіпкерлер мен меценаттардың қатысуымен өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумда 336 млрд теңгеге маңызды 15 келісімге қол қойылды.
«Инвестиция тарту және өңірдің жаңа өнеркәсіптік базасын қалыптастыру аясында аумағы 96 гектарды құрайтын «Өндіріс» индустриялық аймағында 3 жаңа жобаларға жер беріліп, толыққанды игерілді. Индустриялық аймақты 186 гектарға дейін кеңейтіп, шағын өнеркәсіп паркін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді өңір әкімі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.