БАБАЖАН ҚЫРҒЫНЫ

БАБАЖАН ҚЫРҒЫНЫ

БАБАЖАН ҚЫРҒЫНЫ
ашық дереккөзі
415

«1812 жылы қыс айында Хиуа ханы Мұхаммедрақым (1806-1825 жж. хан болған) өзі бастап Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің бойында қыстап жатқан бейбіт елге шабуыл жасайды. Бұл өңірдегі Кіші жүздің шөмекей рулары талан-таражға түсіріліп, 100 мың қойдан, 40 мың түйеден айырылады, 500-дей қыз-келіншек тұтқынға әкетіледі. 1815 жылы Мұхаммедрақым 5000 әскерін тағы да Сырдың төменгі ағысы бойындағы қазақ руларын тонауға аттандырады. Бұл жолы Кіші жүздің шекті рулары жапа шегеді. Хиуа әскері мол олжамен кері оралады. 1816 жылы хиуалықтардың келесі жорығы тағы да осы өңірге бағытталады. Бұл жорықта тек қазақтар жағынан өлгендер саны 2000-нан асады» («Ақша бұлтты Ақтан батыр». Алматы, 2010 ж. 18-бет).

Орыстардың Сырдарияға бірте-бірте жақындап келе жатқандығынан толық хабардар Хиуа ханы Мұхаммедрақым баласы Аллақұлы мемлекет шекарасын бекемдеу үшін Жаңадария мен Қуаңдария, Сырдарияның төменгі етегіне бекіністер салуды одан әрі жалғастырып, бекіністерге хан өкілі – наибтарды отырғызады. Сол шептің бірі қалың қазақтың ортасына орналасқан осы Бабажан бекінісі. Наиб хан қазынасына салық жинайды, жергілікті қазақтарды басқарады, шекараға бас-көз болады.

Бұл мекен ауызша әрқилы атала береді: ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкенттің маңында болғандықтан – Жанкент, бекініс иесінің атымен – Бабажан, көне жұрттың маңынан кейін салынғандықтан – Жаңақала, қазақтар үшін зорлық-зомбылықтың ордасы болғандықтан – («Сәтсіз күні салынды Бабажан ердің қаласы») Жаманқала. Ең дәйектісі – Бабажан бекінісі.

«1819 жылы Шерғазы ханның ұлы Жанғазыны Мұхаммедрақым Сырдың төменгі бойындағы қазақтарға хан етіп бекітеді» деп көрсетеді тарихшы Берекет Кәрібаев (Сонда. 17-18 беттер).

Қазақтар екіұдай жағдайда қалды. Оқиғаның сорабын барласақ, бір­сыпырасы Хиуаны қолдаса, ендігі бір тобы олардан іргені аулақ салғанды жөн көрген. Аралдық Ізжан Жалғасовтың көрсетуінде, бекініс салуға келе жатқан бетте Бабажан алдарынан шыққан Бекжанды өлтіреді. Сонан кейін жұрт онымен сөйлесуге Баймолда биді жіберген. Қазақтар мәмілеге келгісі келеді екен деп, ат басын кері бұрған олар жоқ. Демек, әу бастан-ақ хиуалықтардың беттері қатты.

Бабажанға байланысты жайт халық санасында берік таңбаланып қалған. Бұл қасіретті барынша ықшамдап баян еткенде оқиға желісі мынадай: Хиуа Сыр бойының төменгі етегіндегі қазақтардан алым-салық жинап, орыспен арадағы шекараны бақылап тұру үшін Бабажан деген сартты шеріктерімен жіберіп, ол Жанкент қаласының маңынан жергілікті халықтың көмегімен қорған салып алды. Ізіндегі қарулы қолы мен мұндағы жергілікті қазақ жандайшаптарына арқа сүйеген ол мал есебімен алатын алым-салықты місе тұтпай, қазақтың арына да қол салды. Бойын үйрете келе әр күн сайын қырқылмаған тоқты – бүлінбеген қыз талап етуді шығарды. Оның үстіне әу бастан Хиуаның теперішіне көнбейтін Жанқожа қырға кетерде ағасы Ақмырзаға мына залымдардың кесірі тиер, аулақ болалық, бірге жүр деген. Ол болса: «Егін салып отырған шаруамын, салығын төлесем болды емес пе. Бабажан маған не істейді?» – деп інісіне ермей қалады. Егісіне малын түсірткен бір кикілжіңде Ақмырза Қосбармақтың үлкен ұлы Сырлыбайды ашу үстінде садақпен атып өлтіреді. Сонан Ақмырза мен билік басында жүрген Раманқұлдың (2) араларында жаулық пайда болып, ол Бабажанға ғайбаттап, Ақмырзаның қол-аяғын байлатып, дарияға ағыздырып жібереді. Халықтың көтерілуіне басты себеп осы екі жайт.

Хабар қырдағы Жанқожаға жетіп, зорлықтың ордасына айналған қамалды талқандау ұйғарылады.

Қаракесек Ақтан (3) батыр бастаған қалың қол Жанқожа жетемін дегенше қамалды бұзып, батыр келген соң сол жерде Бабажанды қазыққа отырғызып өлтірген. Жас баласы Майқарабекті (4) қасына адам қосып, еліне қайтарады.

Халқына қорған бола алмаған Жанғазының қара жорғасын жырауы Төремұратқа (5) мінгізіп, Жанқожа ханды қырға жаяу айдап кеткен. Жолда әбден шаршап-шалдыққан хан тұсынан шалқақтап өтіп бара жатқан Төремұраттан аяқ суытып алмаққа атын сұраса, батырды арқаланған жырау: «ертең өлетін ханда нем бар?» деп, оған назар да салмай тұсынан жорғалатып өте шығады.

Раманқұл туысына қолы батпай, оның жазасын жергілікті билерге тапсырады. Қариялардың тағы бір баяндауында бекініс алыну бойына Раманқұл батырдың көзіне түспей қашып кеткен.

Шежіреші қария Ахмет Өмірзақовтың мінездемесінде: «Жанғазы – төре. Абылайдың отыз ұлының біреуі. Туысынан бозөкпе. Ел басқару қабілеті жоқ, тек ерқара адам. Елінен әкімшілікке қолы жетпей Жанқожаны сағалап мында келгесін Жәкең Абылайдың аруағын сыйлап, Қарлаңның аузынан жер беріп, сол маңайға хансың деп отырғызып қояды. Бұл біраз жыл отырады. Бұның қолынан ешнәрсе де келмейді. Соның осалдығын пайдаланып, Раманқұл Хиуадан Бабажанды келтіреді».

Сырдағы қалың ел арнайы билер тобын жіберіп, батырдан енді Жанғазы ханды өздеріне қайтаруды сұрайды.

Осы жайт туралы Тойымбет Күлімбетов қарияның маған жазып берген қолжазбасынан үзінді алу қажет боп тұр:

«Бұл жағдайды естіген батыр жан-жаққа ат шаптырып, елді жинап, мал сойғызып, Жанғазыны бұрынғы хан пормалы киімдерін кигізіп, ақ кигіздің үстіне отырғызыпты: «Ай, Жанғазы, мен сені өлтіремін деп едім. Себебі жаман сәурік те алдындағы үйірін бөтен айғырға өлмей бермейді. Үйірін қорғайды. Үйірі үшін жарақаттанады. Сен сол сәурік құрлы болмай, алдыңдағы халқыңды Бабажанға қорлаттың. Халық үшін неге өлмедің? Халқыңды қолыңа ұстап, Бабажанға неге қарсы тұрмадың? Бас сауғалап, халқыңды Бабажанға қорлатып, халқыңа азар-ақырет көрсетіп, халқыңа жаның ашымады. Дегенмен сол халқың сені тағы сұрап отыр. Сен енді халқыңның тілегі бойынша халқыңа бар. Орныңа хан бол. Халқыңның қадірін біліп, қамын ойла. Әділ бол! Халық үшін жаныңды қиып өл. Енді мұнан былай осындай жағдай болса, өкпелеме», – деп барлық жағдай ақылын айтып, Жанғазыны хан салтанатымен Сыр бойындағы халыққа беріп жібереді. «Өлімнен ұят күшті» деген. Батырдың алдында өмірімдегі бір ұялған жерім болды», – депті Жанғазы. Омар мен екеуі Сыр бойындағы өзінің қаласына келіп, орнына халыққа хан болады.

…Сонан соң Жанғазы Сырдария бойындағы халыққа үш жыл хандық құрды. Үш жыл ішінде алдына дауласып келген адамдардан Жанқожа батырдың жаны ашитын адамдарының дауларын шешпей кейінге алып қала береді. Төртінші жылға қарағанда істерін, дауларын қарап, үш адамын батыр Ырғыз жағында алыста жүргенде дарға асып өлтіреді. Батыр есітіп келемін дегенше Жанғазы қашып, Хиуа ханына қарасты Әмудария бойындағы Назархан қаласының қасынан бес-алты шақырымдай жерден халықтың егістік жерінің ортасынан үлкен қылып соқпадан жай салдырады. Сол жайды бітіріп, енді төбесін жабуға қарағанда Хиуа ханы Жанғазыны шақыртып алдырады. Жайдың төбесі жабылмай қалады. Сол уақыттарда Хиуа ханы Марымен жау екен. Жанғазыға Хиуа ханы: «Сен әскер басы болып, әскер алып Марыға барасың. Марыны жаулап алып келесің. Келген соң саған Назархан қаласының хандығын беремін», – дейді. Жанғазы бес мың әскерге бас болып Марыны жаулап алуға Марыға кетеді. Марыға барып, Марымен бір жылдай соғысады. Сол соғысып жүргенде Жанғазы жаудан өледі. Жанғазының сүйегін әскерлері былғарыға тігіп алып келіп, Назархан қаласының қасындағы өзінің салдырған жайының тұсындағы биіктің басына жерлейді. Жанғазының салдырған жайының төбесі осы күнге дейін ашық, жабылмаған. Соқпалары құламай тұр. Өзі өлген соң әйел, балалары ол жайға кірмеген болуы керек. Мен өзім барып арнайы көзіммен көрдім. Сырты бір ауыз, іші бөлме-бөлме. Мал қоралары да ішінде. Бір гектар жер шамасы жайдың көлемі.

Қазақта сол заманның ақындарының Жанғазы туралы айтқан шығармаларынан аз ғана жадымда қалған үзінді:

Кешегі Жанғазы хан қашаған хан,

Серғазы алпыс-жетпіс жасаған хан.

О, дариға, солар да өтті, кім қалады.

Күнелткен жетім-жесір босағаңнан.

Осындай айтқан өлеңдері көп. Бірақ менің жадымда қайсысы қалып жатыр».

Тағы бір халық жырында былай делінеді:

«…Қайыптың ұлы Жанғазы,

Хан болыпты дәріпті.

Сырдың бойын сағалап,

Көп қаланы салыпты.

Әкім қылып осы елге,

Бабажан деген сарттың

Қолына берді жарлықты.

Біздің Алаш баласы

Бабажан сартқа қанықты.

Бабажанның қорлығы

Қазақтарды налытты.

Налытқаны емей немене,

Ақтылы қошқар, саулықты,

Үй басына салыпты.

Еріксіз қара қозыдан,

Бабажан алды салықты.

Елде жақсы мал болса,

Елде сұлу жар болса,

Елде жақсы қыз болса,

Бабажан алып сарықты.

Бастан кетіп ықтияр,

Тамам қазақ тарықты…»

(«Толқын». 4 қыркүйек, 1992 жыл).

«…Ал енді Төремұрат баяғы Жанғазыға істеп кеткені бар, Жанғазыдан қорқып, Сыр бойына келіп, жыр жырлай алмайды (Ханның қара жорғасын қасқырға жегізіп алған – М.Қ.). Батыр да Сыр бойына жақындамайды, – деп жазады Тойымбет қария одан әрі. – …Халық Төремұратқа жаны ашып, ханға лайықты үш тоғыз өлі дүние жинап береді. Және тоғыз қысырақ, бір айғыр береді. Сонымен Төремұрат дүниесін атына бөктеріп, қысырақтарын айдап дарияның жағасына келеді.

Шамасы осы күнгі Қарлаң маңы. Қарлаңның батыс бетінде Жанғазы қаласының орны осы күнге дейін әлі тұр.

Төремұрат дарияға келіп, әрі өтпей үш күн кідірді. Төртінші күні ханның ордасының айналасына аттар байланып, халық жиыла бастады. Мұны бер жақта тұрып көрген Төремұрат қысырағын айдап, ханның ордасына келіп, мінген атын бір қазыққа байлап тастап, домбырасының құлағын бұрап келтіріп алып, орданың есігін ашумен бірге өлеңдетіп айқайлай береді:

Ассалаумалейкүм,

Алдияр тақсыр ханымыз.

Алдыңа келді қарашың,

Арызды қабыл алыңыз.

Болатұғын түрі жоқ,

Ханға келмей сәніміз, –

деп осы сияқты өлеңдермен ханнан күнәсін сұрап өтініп, жырлай береді. Есікті ашып, табалдырықтан аттай бергенде хан ақырып: «Тұр солай! Өлмеймін деп келдің бе?» – дейді. Сонда Төремұрат: «Ілгері де, кейін де кете алмай, бір аяғым табалдырықтың ішінде, бір аяғым сыртында, орданың есігін жамылып тұрып, күнәмді кеш деп өтініп жырлай бердім», – депті. Орда толған батыр, билер отыр. Олардың біреуінде де үн жоқ. Ханда да үн жоқ. Мен жалғыз жанымды сұрап зарлап қақсап тұрмын. Көп уақыт өтті. Біреуінде де үн болмады. Сонсын:

Есіктің алды айтақыр,

Айнала құрдым ақ шатыр.

Надандықтың зарынан

Алдымдағы ханыма

Жазықты болдым мен пақыр.

Хан ыржиып күлмейді,

Зарлаған мендей пақырдың

Кім екенін білмейді,

Хабардар бол, көп батыр, –

деп көпшілікке жабыстым. Мұнда да көпшіліктен де, ханнан да үн болмады. Осы пормада көп уақытқа дейін қақсап, зарлап тұрдым жалғыз жанымды сұрап. Ешбір адамнан үн шықпады. Мұнан да болмаған соң қатар отырған батыр, билердің атын атап бас салып жабыстым, – депті.

Пәленше ағам, қайдасың?

Түленше ағам, қайдасың?

Алдымдағы ханыма

Күнәм қаптың тауындай

Жорғаң жазым болмасын.

Ханның кеуілі қатыңқы,

Жібітетін кеуілін

Таба алмай тұрмын айласын.

Осындайда болмаса,

Өңкей қабылан, жолбарыстың

Көремін қашан пайдасын? –

деп осылайша баспа-бас атын атап жабысып қатар отырған адамды осы пормада жабысып, жырлап келгенімде: «Өй, мұңдар, кештім қаныңды. От басына келіп айта ғой. Қаныңды ішермін деп едім, болмады. От басына кел. Өлімнен құтылдың ғой», – дейді Жанғазы күліп. Жанғазыдан басқада үн жоқ. Сол күні ханның алдында жырлап, батыр, билерді мақтап, ханнан, би, батырлардан көп олжа түсірдім, – депті. – Хан менің тоғызымды не қылсын. «Кембағал, менен қорқып Сырға келе алмай ашығып жүдеп қалыпсың ғой. Маған әкелген малыңды алып барып қатын-балаларыңа расхот қыл. Бірақ хан беріп жіберді деп айт әйел, балаларыңа» – деп күліпті Жанғазы. Сонымен өлімнен құтылып, олжалы болып халыққа араласып кеттім», – депті Төремұрат».

1969 жылдың 3 желтоқсанында Қазалыда әңгімелескенімде Бекетаев Жармақанның осы жайт туралы: «Сонда Төремұрат хан алдында былай жорғалауға мәжбүр болған», – дегені бар-ды:

Сәтсіз күні салынды

Бабажан ердің қаласы.

Бұлаңдаған қара аттың

Менен де болды жаласы.

Неге көңілің бітеді,

Хан иемнің баласы?

Малға көңілің біте ме?

Малыңды санап ала-шы.

Малға көңілің бітпесе,

Тентегіңді шала-шы.

Сонда жиеней Жәңке:

– Жөнімен сөйле. Өлтіретін бе еді сені! – деп араға түскен екен. Әліке қанжарды алдына тастай берді (Әліке деп отырғаны ханның жанындағы оққағары болса керек – М.Қ.).

Төремұраттан Ыбырайым, онан Ерқосай. Раманқұлдың немерелері бар еді. Ұсталып кетті. Раманқұл таттыбай. Раманқұл қашарда оған ат дайындағандар Қалымбет пен Шәкен», – деп тағы қосқан-ды қария.

Бозкөл елді мекенінің тұрғыны Т.Төре­бек­ұлының жазбаларында осы ретте Жанғазының бетін қайтаратын Бекарыстан би.

Тойымбет Күлімбетовтің қолжаз­ба­сындағы Досқожа мен Төремұрат айты­сының біздің тақырыбымызға қатысты тұсы былай (Төремұрат айтыс үстінде қарсыласы Досқожаны кемітіп, Доғалақ деп атайды. – М.Қ.):

«Доғалақ:

– Сен, әлім, өз-өзіңмен бау боласың,

Жиналып әлім, шөмен жау боласың.

Батыр деп Жанқожаны көп мақтайсың,

Хиуаның алдың бұзып қай қаласын?

Төремұрат:

– Айтамын айта келе, әуелім жар,

Жантақты желе басып оттайды нар.

Бас қылып Бабажанды мың сарт қырдық,

Басына кең дүниені түсіріп тар.

Сойдақтың өтірік десе шықсын жаны

Қасыңдағы анау Сойдақ ішінде бар.

Доғалақ:

–Жайлауы еліміздің талды-ай деген,

Айқайды қара аламан салды-ай деген.

Сойдақтың айтып келген бізге тілі,

Жанқожа қашып бармай қалды-ай деген.

Шақыртып ат жіберіп келмеген соң,

Егінші қараборбай алды-ай деген.

Айтамын айта келе әділ айда

Жортады түлкі, қарсақ терең сайда.

Бас қылып Бабажанды мың сарт қырсаң,

Жіберген біздің ханға белгің қайда?

Төремұрат:

–Су шайқар сазан балық өтіменен,

Қара суда қайық жүзер бетіменен.

Қаласын Бабажанның бұзып алдық,

Жәкеңнің келе жатқан көтіменен.

Өтірік әр нәрсені бір айтасың,

Баладай жасы толып жетілмеген.

Алдында екі жүздің шын сөйлейік,

Қыршаңқы сөзіңді қой лекілдеген.

Шашақты сөздеріңнің аласы көп,

Жақында жын ұрғанға секілденген.

Доғалақ, қосып айтпа өтірік-шынды,

Жиналып үлкен-кіші кеңес құрды.

Ұмытсаң Жанқожаны құдайды ұмыт,

Шаптырды олжа үлестен екі құлды».

Айтыстан мынадай шындықтар анық көрініс табады: қамалға шабуыл жасарда Жанқожа Кенесарыға хабар салған, Бабажан қамалын аларда азғантай кісімен болса да Сойдаққожа келген. Қамалға шабуыл басталар сәтте Жанқожа болмаған. Оқиғаның болғандығына айғақ әрі осы талапта кішкенелердің ханмен пейілдес екендігіне дәлел – екі тұтқын жіберіліп отыр.

Тағы бір халық жырында:

Хан баласы Майқарабек,

Өлмей-ақ тірі көрсін деп,

Төлекті ертіп ізіне,

Төреге белгі болсын деп,

Кене ханға жіберді,

Тигізбей жерге жамбасын, –

делінеді. Бұған сенсек, ханның алдына келген екі құлдың бірі Бабажанның он үш жасар ұлы – Майқарабек.

Тойымбет Күлімбетов ақсақал осы қа­малды алмас бұрын Жанқожаның өзі арнайы барып, Кене ханнан көмек сұраған деп көрсетеді. Сойдаққожа бастаған біршама топ Сырға келгенде бұлар істі тындырып қойған. Айтыс үсті екі жақ көзбе көз беттесіп отырғанда Төремұраттың «мына отырған Сойдақ өз көзімен көрді, ханға екі құл бердік» деуі бұл деректің шындыққа сай келетіндігінің айғағы. Демек, Бабажан қамалын алу жайынан Кенесары хабардар, алайда қолұшын беріп, айтарлықтай көмек көрсетпеген.

Авторы белгісіз бір өлеңде Бабажан туралы:

«Екі жарым жыл хан болып,

Сараман дәурен сүріпті», –

делінеді.

Бұл жайт Мұсабай дастанында былай баяндалады:

«Бұл қазақ сарт келгенін кек етпеді,

Бір сөзін айтқан сарттың екі етпеді.

Қаласын ортасына салып алып,

Бабажан бұл қазақты зекеттеді.

…Егінші егін егеді кетпенменен,

Тұқымнан алдырмайды сепкенменен.

Дәуірі Жанқожаның келгеннен соң,

Егінші қала бұзды кетпенменен.

Қазаққа сарт та қылды үстемдікті,

Көрмедік Жәкең барда еш кемдікті.

Қаласын Бабажанның бұзып алып,

Қазаққа алып берді бір теңдікті».

Шежіре қартымыз Өмірзақ Ахметовтің көрсетуінде, Хиуа ханына арнайы барып, елге 150 нөкерімен зекетші Бабажанды әкеліп жүрген Қосбармақтың Раманқұлы. Мақсаты билікке ие болу, Ақмырзаның қолынан мерт болған Сырлыбай ағасының кегін алу. Жергілікті халықтың күшімен өзіне де, Бабажанға де бекініс салдыртып жүрген Раманқұл.

«Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі». Үш бірдей түйе – Азияны біржола иемденуге түбегейлі дайындалып келе жатқан – суық қаруы сай Ресей, әу бастан-ақ дүниеге қан шеңгелдеп келген Қоқан, әні-міні жан бергелі тұяқ серпіміндегі Хиуа – сүйкенгенде Сырдың төменгі етегінде аласапыран басталды. Халық босқынға ұшырады, мал-мүліктерінен айырылды. Талай батыр қыршынынан қиылды, талай ару күңдікке кетті, талай ерлер бірде ол жаққа, бірде бұл жаққа өтіп, сау бастары саудаға түсті.

Сөйтіп ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сыр бойының төменгі етегін мекендеген үш бірдей мемлекеттің талауында қалған Кіші жүз қазақтарының бастарына түскен қасіретті адам баласына бермесін. Бұл қасіреттің ең негізгі себебі – Ресейдің Орта Азияны біржола жаулап алу саясатының жүзеге асырыла бастауы, қорытынды ақырғы әрекеттері. «Таз ашуын тырнадан алады». Тынысы тарылып келе жатқан Қоқан, Хиуа хандықтарының, сөздің тура мағынасында, қорғансыз қалған қазақтарға дүркін-дүркін шапқыншылығы бұл мемлекеттердің соңғы тұяқ серпуі еді. Қару жағынан өздерінен әлдеқайда үстем, соғысқа сақадай сай дайындықпен келіп, бекініс сала бастаған басқыншыларға олардың тістері батпады. Біз білерде, хиуалықтар қазақ жеріне қаншама ойран салып жүріп, Қосаралда бір ғана солдат, 1847 жылы екі жауынгер өлтірді. Есесіне «орыстарға берілген» қазақ ауылдарын аяусыз тонады. Сол шапқыншылықтардың басы-қасында елге ие болуға тиісті кешегі хан, сұлтан, оның үстіне бергі беттегі қазақтардың өз туыстары да болды.

Қамал салынып, оған Бабажан орныққан соң Сырдың төменгі етегінде қос өкімет пайда болған. Алдында шеріктері, қолында қаруы, хандыққа арқа сүйеген Бабажанның сөзі Жанғазы төреге қарағанда үстем екендігі түсінікті.

Бар қысымшылық пен қорлықтың ошағы – бекіністің талқандалуы Хиуа хандығы мен жергілікті қазақтардың араларында пісіп жетіліп, әбден ушыққан жараның жарылуы болатын.

Бұл айтулы оқиға Сыр бойы қазақтарының рухын бір көтеріп тастады. Сонымен қатар бұдан былай арақатынас ушығып, көрші Хиуа, Қоқан тараптарынан шапқыншылықтарды одан әрі үдетті. Бұдан кейінгі жылдар Сыр бойының төменгі етегі, Арал теңізі, Қарақұм, Ырғыз жақты мекен еткен қазақтар үшін қанды оқиғалар мен тонаушылыққа, жаппай етек алған шапқыншылыққа ұласты.

Орыстардың бірте-бірте бері жылжып келе жатқандығынан үрейленген хиуалықтар Ақирек, Ырғыз түгілі Орынбор, Жаманқала маңына дейін жорықтап қайтуды дәстүрге айналдырған.

Хиуалықтар қаншама қол жинап, топылып дүркін-дүркін шапқандарымен негізгі жауы – орыс әскеріне тойтарыс бере алған жоқ. Тойтарыс түгілі айтарлықтай зиян да тигізе алмаған. Есесіне ата жұртында отырған жазықсыз қазақ ауылдары аяусыз тоналған. Бұл шапқыншылықтар орыстардың «өзіміздің қазақтарды қорғаймыз» деген сылтаумен Орта Азияны біржола иемдену керектігін «заңдастыра» түсті және жеделдетті де.

…«Көн қатса, қалыбына барады». Жанқожа: «Еліңді жатжұрттықтарға қорлатпай, дұрыстап басқар», – деп ханды орнына қайтарғанмен, Хиуаға арқа сүйеген Жанғазы шапқыншылық әрекеттерін доғарған жоқ. Құжаттар былай деп көрсетеді. 1847 жылдың тамызында хиуалық Қожанияз бастаған Жанғазы мен Елікей дарияның оң жағалауына өтіп, мың үйді тонаған, малдарын олжалап, 21 әйел, бала-шаға, қарттарды құлдыққа алып кеткен. Жанқожа батыр дереу 700 адам жинап, шапқыншылардың ізіне түскен. Арғы бетке қашқан олар қуғыншылар жетемін дегенше дариядан өтіп бара жатып, 30 баланы бесігімен суға атқан.

Жанқожаның шекараға қойған 5 қарауылының төртеуінің бастарын алып, денелерін суға ағызған. Заттық айғақ үшін әлгі төрт баспен қоса жақайымның биі Өтегеннің баласын тірілей алып кеткен.

Жанқожа бастаған қазақ жауынгерлері бұл шапқыншылыққа орыстардың көмегін пайдаланып, лайықты тойтарыс берді. Шапқыншылар паналаған бекініс алдымен ракетамен атқыланды. Хиуалықтар бас сауғалап бытырай қашты. Сонан кейін Жанқожа бастаған қазақтар Бабажан бекінісін өртеп, талқандаған. Шапқыншылардың айдап бара жатқан 3000 түйесі,

Серіктес жаңалықтары