ТҰМАҒАҢ ЖЫР АРНАҒАН ҚАҺАРМАН
ТҰМАҒАҢ ЖЫР АРНАҒАН ҚАҺАРМАН
Межелі жерге келіп жайғасқан малшылар бірі жылқысын, екіншісі қойын бағып, кешқұрым бастары қосылып, өткен-кеткеннен әңгіме қозғайтын. Сондай бір күнде ауылдастары «Баба» атандырған Бабағұлдың үйінде жас нәресте өмірге келіп, абысын-ажын қуанысып, бір-бірінен сүйінші сұрасқан сәт болыпты. Бабағұл қуанышын жасыра алмай, кең жайлауда, қиын-қыстау кезде өмірге келген ұлына, ел қорғаны болсын деген ниетпен Қаһарман деген есім қойған.
Міне, содан бері жетпіс қыс, жетпіс жаз келді. Сондағы дүние есігін ашқан Қаһарман жылқы малымен сырласып өсті десе болады. Жасынан ат құлағына ойнады. Жылқы, көкпар туралы сөз қозғалса Қаһарман бір серпіліп қалады.
Бастауыш сынып кезінде Қармақшы ауданындағы, қазіргі Тұрмағамбет ақын ауылындағы «Құйма-құлақ» атанған Үбісұлтан Аяпов қарияның отбасында болғаны оның өлең, жырға деген құмарлығын арттыра түседі. Оны өзі де жазған. «…Үбісұлтан Аяпов ескілікті сөзге келгенде нағыз су төгілмес жорғаның өзі болатын. Менің де есейіп, қария сөзге мән бере бастаған шағым. Жыраудың қайнаған ортасын Үбісұлтанның ауылында көрдім. Құлақ құрышының қанған уақыты да осы екі жылдың (1954) арасы».
Қ.Бабағұловтың өзі айтқанындай, сол бала кездегі есіткен қисса, дастандар мен жыраулардың толғау-жырлары себепкер болса керек, өзі де ыңылдап терме айтып, домбыра шертеді, ақын-жырауларды жанына жақын тартады. Оның нақты дәлеліндей, 2007-2008 жылы өзі бастамашы әрі демеуші болып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп Тұрмағамбет Ізтілеуұлы мен Балқы Базардың шығармаларының толық нұсқасын кітап етіп шығарып, құрастырушы болды.
Қаһарман Базар жырау мен Тұрмағамбет ақынның көзін көріп, сөзін тыңдаған шәкірттерінің әңгімелері мен жырларын тыңдап өскендіктен болар, осы игілікті шараға зор ынтамен кіріскен-ді. Оның бала жастан алған тәрбиесі, Сыр сүлейлерінің жырларын тыңдап өскендігі, осынау игілікті істерді ыждағатпен атқаруына итермеледі десек, қателеспейміз.
Ол орта мектепті бітіргеннен кейінгі барлық өмірі Алматы қаласы, Жетісу өңірімен тығыз байланыста болды.
1961 жылы Алматыдағы ауыр машина жасау зауытында қалыптаушы болып жұмысқа тұрады. Осында жүргенде әскер қатарына шақырылып (1962-1965 ж.) азаматтық борышын өтеп, Алматыға оралды. 1965 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономика факультетінің кешкі бөліміне түсіп, жұмыс істей жүріп, оқу орнын 1970 жылы бітіріп шықты.
Оқумен еңбекті ұштастыра білген ол еңбекте төселіп, шыңдалды. Оны 1969 жылы Қазақ ССР-і Тұрмыс қажетін өтеу министрлігіне қызметке алды. Міне, осы жылдарда оның білікті маман екендігі, ұйымдастырушылық қабілеті ашыла түсті. Алғашында жай экономист болып бастаған Қ.Бабағұлов бөлім, басқарма бастықтары сияқты лауазымды қызметтерді атқарды. 1983-1986 жылдары Алматы қалалық Тұрмыс қажетін өтеу басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. Осы жылдары қалалық басқарма қызметімен танысқан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Қ.Бабағұловқа: «Талап-бағытың дұрыс, Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілдері басқармаңда тоғысқан екен, ұлттар достығын, бірлікті қадірлей біл», – деп аманат сөзін, әкелік пейілін білдіріпті.
Елде тоқырау жылдары басталып, өмірге нарық экономикасы ене бастаған шақта Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланды. Одан соң 1991-1993 жылдарда Қазақстан Республикасы жоспарлау, кейіннен экономика министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ол басқарған салалары бойынша атқарылуға тиісті жұмыстарды жедел және біліктілікпен шешті. Алматы қаласының экономикалық, әлеуметтік жолдарын белгілеуге араласып, тікелей басшылық етті. Алматы қаласы кәсіпорындарының шетелдік кәсіпорындармен байланыс жасауына мұрындық бола білді.
Осынау қызметтерді атқара жүріп, экономист достарымен қатар белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар Ұзақбай Қараманов, Тұманбай Молдағалиев, Қалихан Ысқақ, Мұрат Қалматаев, Мұхтар Шаханов, Әкім Тарази, тағы басқа тұлғалы азаматтармен сыйлас, пікірлес болды. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиевтің «Қаһарман ініме» атты өлеңінде:
«…Қаһарман қатар жүрген жолдасымдай,
Тұратын көкірегінде жел басылмай.
Аллаға аздап алғыс айтқаны жөн,
Перзентті бергені үшін ел осындай» , –деген дос, інісінің сырын ашқан өлең жолдары бар. Тұмағаның «Таудан түскен сәуле» атты кітабындағы «Бабағұл қарт» өлеңі Бабағұл мен Қаһарманға арналған.
…Көңілін нұрландырған жер шырыны
Өзінде ер – бақыты, ер – шығыны.
Бір ұлы Алматыда,
Жалағаштың
Есігі жабылмайтын елшілігі.
Қ.Бабағұлов министрдің бірінші орынбасары ретінде республикада тау-кен, түсті меаллургия, Құмкөл мұнай кеніштерін жабдықтау, инвестиция тарту сияқты іргелі істерді шешуге араласты. Сондай-ақ Семей, Байқоңыр аймақтарының экономикалық саясатын анықтауға (ішкі инфрақұрылымын айқындау) мемлекеттік комиссияның жетекшісі болды. Ол экономика саласындағы бірнеше кітаптардың авторы. «Государственное регулирование регионной экономики в Казахстане в условиях перехода к рынку» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған, экономика ғылымының кандидаты.
Қ.Бабағұлов 1994 жылдан күні бүгінге дейін «Тайқазан сервис» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Алматыға келген оның елдің қуанышы мен қайғысын теңдей бөлісіп жүрген тұлғалы азамат екенін айта кету керек.Өзбекстанда тұратын қарт жырау Қалдаш Ахметұлын арнайы шақыртып, қазақ көрермендеріне (2005) таныстырған да Қ.Бабағұлов.
Қ.Бабағұлов біраз ақындардың кітаптарының шығуына демеушілік жасады. Әсіресе, көрнекті ақын, марқұм Темірше Сарыбаевқа жасаған қамқорлығы өз алдына бір төбе. Бұл қамқорлығынан ақын өнерін жоғары бағалағаны аңғарылады. Әсіресе, 2008 жылы «Сыр сүлейін сұрасаң» (ән, күй, жыр-термелер) атты музыкалық антологияны шығаруы, жыршы, жырау, термешілер өнеріне деген сүйіспеншілігі деуіміз керек.
Темірше Сарыбаев ағамыз «Теңімнің сен көтердің ауырын көп» атты толғауында:
…Ерім деп елжіредің, бауырым деп,
Теңімнің сен көтердің ауырын көп.
Атақты ақын деген қолпаш көріп,
Айықпас сөзден алдым тауып індет, – деп оның қамқорлығы мен өзіне кең жол ашылғанын меңзеп кетіпті.
Қаһарман Бабағұловқа көп ақындар осылайша өлеңдерін арнаған. Ал, біз күнделікті оның айналасындағыларға қамқорлығын, тентекті тезге салатын мінезін, жетім-жесірлерге көмек бергенін жиі байқаймыз, ол туған ауылында мешіт салып, ел арасында имандылықтың нұрын шашуға себепкер болды.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
еңбек ардагері