Михаил Саакашвили: Аспаннан шұға жауады деп ойлайсыздар ма?

Михаил Саакашвили: Аспаннан шұға жауады деп ойлайсыздар ма?

Михаил Саакашвили: Аспаннан шұға жауады деп  ойлайсыздар ма?
ашық дереккөзі
220

Мұның астарында бір емес, бірнеше мәселенің басы қылтиятыны сөзсіз. Бұл кешегі Оңтүстік Осетия мен Абхазияға қатысты мемлекетаралық дау, одан қала берді ресейлік нарықта бақандай жеті жыл бойы тыйым салынған грузин шарабы мен «Боржоми» сусынының қайта келу-келмеуі де біраздан бері өлмейтін тақырыпқа айналды. 

Мәселен, грузин шолушысы Георгий Зотов «АиФ» газетіндегі «Нужна ли нам Грузия?» деген мақаласында: «Екі ел қашанғы бір-біріне алакөз болып жүреді. Грузия саясаттанушылары Ресеймен боржоми сусындарын тұтынушы ел ретінде емес, қайырымды көрші ретінде қарым-қатынас жасау керек екендігін мойындауы қажет» деген екен. Ол сондай-ақ, «Грузин дос­тарыммен бірге отырған үстелде үнемі екі елдің достығы үшін тілек айтамын да, «Хванчкарадан» ұрттап қоямын. Олар да болашақта қатып қалған сеңнің еритініне сенімді» деп әзілдепті. Ал, жергілікті кәсіпкер Вахтанг Гаприндашвили Ресейдің Грузиясыз күні жоқ дегенді айтады. «КСРО құлаған уақытта да Грузия құдды Мәскеудің қарамағында болмағандай сезінді. Сол кезде біздің республика КСРО-ның тәжіндегі маржандай еді. Путиннің Оңтүстік Осетиядағы бес күндік соғыс туралы үгіт-насихат фильмінде: «Грузиядан айрылу – ХХ ғасырдағы ең үлкен трагедия» дегеніне таңқалдым. Әйтсе де, астамшыл Ресей президентінің дәл бұлай айтуы күдік ұялатады», – деген пікірін білдірген. 

Шарап демекші, Тбилиси үкіметі ауысқалы бері Ресей нарығына грузиндік тауарлардың қайта оралуына мүмкіндік туды. Мамыр айынан бастап дүкендердің сөресінде боржоми және грузин шарабы самсап тұр. 2006 жылы енгізілген эмбарго алынып тасталғандығының арқасында қазірдің өзінде Грузия Ресейге шамамен 1 млн. бөтелке шарап жеткізіпті. Грузияның ауылшаруашылығы шарап ұлттық агенттігінің жетекшісі Леван Давиташвилидің айтуынша, жыл соңына дейін көрсеткішті 5 млн. бөтелкеге жеткізу жоспарда бар.

Иванишвилидің көздегені не?


Грузияда күзде өтетін прези­дент­тік сайлау қарсаңында саяси­ мәселе тіптен өршіп тұр. Ал үкіметті басқарып отырған «Грузинская мечта» коалициясының басшысы, миллиардер Бидзина Иванишвили соңғы кезде екі ел арасына от жағып, араздықты қоздыратын пікірлерімен танымал. Ол өз пікірінде: «Грузиндер кеңестік мұраны қайтарып алуы керек. Президент Михаил Саакашвили мен оның командасы соғыстан кейін Ресеймен байланысын жұрттың алдында үзуге бел буып, алып империяға үнемі грузин жерлерін «басып алғандығы» жөнінде айып тағып келеді…» деген кінә артады. Тіпті, уақытша билік Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындауы мүмкін деген болжам жасап әлек. «Біз парламентте «Басып алынған аумақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп отырмыз. Бұл Абхазия мен Оңтүстік Осетияға рұқсатсыз кіруді жұмсартады», – дейді. Ол бұл пікірі арқылы ресми Мәскеудің ығына жығылып жүргендігін анық байқатты. Әрі өзін екі мемлекетті жақындастырып, арадағы қырғи­қабақты жақсарттым деп санайтын көрінеді. Мұнымен қоса, Ресейде сатылуына тыйым салынған грузин шарабы саудасының қайта жандануына өз септігін тигізгенін де қадап айтты. Алайда, Иванишвилидің «Мәселенің бәрін дипломатиялық деңгейде шешкен дұрыс» деп өзеуреуі жергілікті ұлтшылдарға жақпай қалғаны анық. Себебі, қазір оның қарсыластары Грузияның саясатын басқа арнаға бұрғысы келген үкімет басшысы туралы «Ол Грузияның территориясын орыстарға беруден тайынбайды» дегенді ашық айтуда. Демек, Грузияның уақытша билігі талай жылдан бері бітпес дауға айналған саяси мәселені оңай тәсілмен шешуге тырысса да, мұны жергілікті халық құптап отырған жоқ. Халықаралық республикалық институты (IRI) жүргізген зерттеуге сүйенсек, сауалнамаға қатысушылардың 57 пайызы Ресейді хас жауы санаса, 30 пайызы керісінше достасуға ниет білдірген. Грузия үшін достастық мемлекеттердің үштігіне АҚШ, Әзірбайжан және Украина енсе, ал Ресей үшін жағымсыз мемлекеттің қатарында АҚШ, Грузия және Латвия бар екен. 

Соңғы кездегі саяси оқиғаларды назарда ұстаған НАТО-ның бас хатшысы Андерс фон Расмуссен Ресейдің Грузияға қарсы шықпауын сұрады. «НАТО Грузияның тәуелсіздігі мен территориясының сақталуын қолдайды. Бұған жаңа билік те шама-шарқынша күшін салуда. Әрине, біз де Грузияның Ресеймен қатынасын жақсартуын бірауыздан құптаймыз» деген болатын. Ал НАТО-ның пікірін арқаланған Иванишвили Грузияның НАТО мен Еуроодақ құрамына кіретіндігіне, сондай-ақ Ресеймен татуласып, айрылып қалған территорияны қайтарып алатындығына толықтай сенімді. 

Қастандық жасауға ниеттілер көп

Алайда, уақытша билік Грузия­ны талай жыл басқарған Михаил Саакашвилидің еңбегін жоққа шығарғысы келіп, қаралауға дейін барды. Ол ол ма, парламент депутатттары оның жұмсаған шығындарын есептеп әлек. Ал бір ақпарат көздерінде «Грузия президенті өзіне-өзі қастандық жасады» десе, енді бірі «Оған үлкен қауіп төніп тұр» деген мәлімет таратқан. Рет-ретімен айтсақ, Михаил Саакашвилиге қастандық жасаған өзінің жақын адамы, бұрынғы Ішкі істер министрі, қазіргі «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының төрағасы Вано Мерабишвили екендігі баспасөзде жарияланған. Шын мәнінде, Саакашвилидің өзі велосипед теуіп келе жатып, шұңқырға кездейсоқ түсіп кеткендігін айтса да, мұны сан-саққа жүгірткендер көп. Жергілікті халық бұл оқиғаны сайқымазақтардың президентке әдейі жасаған қойылымы десе, кейбір саясаткерлер мұның астарында шындық жатуы мүмкін екенін жасырмайды. 

Көктемде Руставели даңғылына Саакашвилиді жақтаушылар жина­лып, өздерінің сүйікті басшысын асыға күтті. «Біз мұнда үкіметтің қа­зіргі жүргізіп жатқан саясатына­ қарсылығымызды білдіру үшін жиналдық» дейді олар. Таңер­тең басталған шеруге түс ауа Саака­шви­лидің өзі де жетіп: «Алаңға сіз­дер шақырған соң келдім. Мен сіздерді жақсы көремін! Сіздермен бірге жеңіске жетеміз, сіздер үшін өлуге бармын!» деп мәлімдеді. «2008 жылы Владимир Путин Тбилисиді ала алмағанына да біздің сіздермен күш біріктіріп, өзара бірлікте болуымыз кедергі келтірді. Сол кезде Агутин емес, президент Качинский, президент Ющенко, президент Саркози, вице-президент Байдан келді. Ал Ющенконың әуе қорғаныс жүйесі туралы айтқан сайын біздің атып түсірген 12 ресейлік самолетті көрсеткені ұят болды. Грузия үкіметі сабын мен сусабын үшін ақша есебін жіберді. Біз достарын дәл осылай қарсы алатын Грузияны қалаймыз ба? Біз Онищенконың алдында кешірім сұрап, Ющенкоға монша үшін есеп­айырысу қағазын жібереміз бе?» – деді жақтастарына қарап. Бұл әңгіме қайдан шықты? 

Осыдан біраз уақыт бұрын Грузия парламенті Саакашвилиге қатысты құпия құжаттардың «бетін ашыпты». Олар президент мемлекет қаржысын сыйлықтар мен көңіл көтеруге жұмсады деп айыптады. Ал, әлгінде Саакашвилидің келемежге айналдырып айтқан моншасы да осыдан шығып отырғаны белгілі. 2011 жылы Грузияға келген сапарында Украинаның экс-президенті Виктор Ющенко моншаға түскен көрінеді. Оған 360 АҚШ доллары төленген екен. Бұдан бөлек бюджеттен арнайы мемлекеттік қорғау қызметіне 145 мың доллар шығындалып, бұл қаржы президент пен үкімет мүшелерінің жаңа жылды Дубайда қарсы алуына жұмсалған. Сол сияқты 70 мың АҚШ доллары Тбилиси мэрінің Австрияда арықтау процедурасына төленсе, мемлекет басшысының тамағын жасайтын испандық азпазшыға ай сайын 15 мың доллар көзделген. Мұнымен қоса, елдегі сауық кештеріне келген әнші-бишілердің де қауіпсіздік қызметіне кеткен ұсақ-түйек шығындар да бар тізімде. Алайда, уақытша үкіметтің тырнақ астынан кір іздеген әрекетіне Саакашвилидің берген жауабы мынау. 

«Үкімет өзін күлкілі жағдайға қалдырғанын біле ме екен? Әлемнің қай мемлекетінде президент шетелге шықпайды, өзімен үкімет, парламент мүшелерін ертіп жүрмейді? Елдің танылуы мақсатында неге шетелдік журналистер мен қонақтарды шақырмауымыз керек? Егер біз мұны істемесек, жүздеген миллион немесе миллиардтаған долларлар қайдан келіп жатыр дейсіздер? Аспаннан шұға жауады деп ойлайсыздар ма?», – деді сабырлы түрде. 

Шын мәнінде, Грузия парламенті тізген әлгі шығындар өз орнымен жұмсалған ба, жоқ па, президенттің мемлекет бюджетін шығындауға құқығы бар ма деген мәселені Ішкі істер министрлігі мен прокуратура тексеруге кіріссе де, мұнысынан түк шыға қоймайтын сияқты. Себебі, мемлекеттің қамы үшін ел басшылары қайда шабылмайды? Егер салыстырмалы түрде біздің министр, депутаттардың шығындарын есептесе, Саакашвили шаң қауып қалатындай көрінеді. Басқасын былай қойғанда, еліміздің түрлі шараларына келетін шетелдік әншілердің қалтасына миллондаған доллардың кетіп жатқаны жалпақ жұртқа мәлім. Ал, үкімет мүшелерінің қайда, қанша қаржының басына су құйғанын кім білсін? 

Президенттікке үміткерлер тіркелуде


Грузияда президенттің сайлауды өткізу уақыты үш мәрте өзгерді. Жақында ғана айтулы датаға нүкте қойылып, ағымдағы жылдың 27 қазанында өтетіні белгілі болды. Саакашвилидің бұл шешімінен сая­сат іздеген үкімет басшысы Иванишвили мен оның жақтастары: «Ол өзінің биліктегі күнін ұзартуға тырысып жатыр…» – депті. 

Алайда, Саакашвилидің прези­­­­денттік сайлауға түсуге конс­ти­туциялық тұрғыдан құқығы жоқ екен. Яғни, мемлекет заңы үшінші рет президенттік мерзімге түсуді қарастырмайды. Әзірге ол «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясынан Давид Бакрадзені кандидат ретінде ұсынып отырған көрінеді. Ал «Грузинская мечта» коалициясынан Білім министрі Гиоргий Маргвелашвили бақ сынамақ. Үкімет басшысы Иванишвили оны баламасыз кандидат ретінде алғашқы кезеңде-ақ жеңіске жететіндігіне сенім білдіруде. Сонымен, АҚШ Халықаралық республикалық инстиутының (IRI) алдын ала зерттеуінше, қазірдің өзінде Маргвелашвилиге 41 пайыз, Саакашвили партиясынан түсетін үміткерге 11 пайыз, Ішкі істер министрлігінің экс-басшысы Саломэ Зурабишвилиге 7 пайыз, сондай-ақ парламенттің бұрынғы спикері Нино Бурджаназде мен Христиан-демократиялық қозғалыс басшысы Гиоргий Таргамадзеге 5 пайыздан дауыс беретінін айтыпты. Ал өзін президенттік таққа лайық санайтын «Лейбористер партиясының» бұрынғы лидері Шалва Нателашвилиге сауалнамаға қатысқандардың 4 пайызы дауыс беруге дайын. Алайда, президенттікке үміткерлер 17 қыркүйекке дейін 26 мың қол жинауы тиіс. 

Серіктес жаңалықтары