АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАРДЫҢ АТТАНЫ
АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАРДЫҢ АТТАНЫ
Өйткені шекара сызығына қатысты бірнеше талап қойған айырқалпақтылар Жамбыл облысына келетін каналдың көзін бітеп тастады. Оларды тіпті, Қазақстан тарапынан жолданған наразылық нотасы да сабырға шақыра алмай отырған сыңайлы.
Дау жоқ жерден басталған. Қырғызстанның 8 азаматы малдарын Қазақстан аумағына жайғаны үшін тұтқынға алынды. «Азаттық» радиосына сұхбат берген қырғыз азаматшасы Динар Бегімбаевның айтуынша, 2013 жылдың 11 шілдесінде шекараның бергі бетінде қолға түскен қырғыздар бірнеше күн бойы абақтыда жатқан. Бірақ келесі күні 800 қой мен 18 жылқы иелеріне қайтарылған. Ашуға мінген айырқалпақтылар Жамбыл облысының егін алқаптарына келетін судың көзін бітеп тастады. Бірақ көп кешікпей, жайылымдық жерлерден шыққан дау шешімін тапты. Өйткені Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі Батырбек Күлекеев облыс әкімдігі қырғыздарға Қазақстан жерінде мал жаюға рұхсат бергенін жеткізді: «Шекараның дәл жанынан малдардың жайылуына жер бөлдік. Сосын олар (қырғыздар – Н.Ж.) малды сендердің жерлеріңе жаямыз деді. Біз оған да көндік. Ойлана келе, таудың ішіндегі жер, малдарын баға берсін деп ойладық. Бұл шешімді Жамбыл облысының әкімі де құптады. Кеше ол Талас облысының әкімімен кездесті. Бірақ суға қатысты түйткіл әлі күнге шешілген жоқ». Атқамінерлерді алаңдатып отырғаны, бірнеше күннен бері Қызыларық пен Ақтөбе ауылдарындағы мыңдаған шаруаның картоп, жүгері мен алма егілген алқаптарындағы суғарылмалы жердің кенезесі кепкен.
Негізі қазақ пен қырғыздың суға қатысты туындаған дауы 2013 жылдың 7 шілдесінде басталған еді. Талас облысының Көксай мен Қарабура ауылдарының тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара сызығының бөлінісімен келіспейтіндіктерін айтып, шекараралық су каналын бітеп тастады. Екі ел үкіметаралық комиссия құрып, түйткілді шешуге тырысқанмен, соңы нәтижесіз болды. Осының салдарынан Жамбыл облысының кейбір ауылдарының егін алқаптары сусыз қалды. Үстіміздегі жылдың 16 шілдесінде Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі қырғыз Үкіметін суға байланысты мәселені тез арада шешуге шақырды. Елшілік өкілдерінің айтуынша, даудың кесірінен Жуалы ауданы ғана емес, шекара маңына орналасқан Қырғызстан азаматтары да зардап шегуде: «Заңға томпақ келетін осы әрекеттер бұған дейін қабылданған шекарааралық су қорын бірге пайдалану келісімі мен халықаралық құқық нормаларына қайшы». Алайда, бұл талап шекара бөлінісіне наразы қырғыздарды тәубесіне түсіре қоймайтын сияқты. Өйткені олар Қазақстанға аумағындағы 13 шақырымға созылатын 4,5 мың гектар жерді Қырғызстан беруді, 2012 жылғы келісім бойынша Қазақстанға өткен 2,6 мың гектар жерге қойылған шекаралық бағандарды алып тастауды, екі ел арасындағы шекараны өзен ағысы бойынша бекітуді талап етуде.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара 1241 шақырымға тең. 2009 жылы шекара сызығы бекітіліп, тараптар құжатты ресми түрде мойындады. Бірақ анда-санда аттандап қоюды ұнататын қырғыз ағайындар жер дауын қайта қоздырғандықтан, анығы, суды жауып тастағандықтан, дипломатиялық қарым-қатынасқа сызат түсті. Сейсенбі күні ресми Бішкекке наразылық нотасын жолдаған ҚР Сыртқы істер министрлігі каналды тез арада ашып, су жіберуді талап етті. Қырғыз шенеуніктерінің бұл құжатқа қалай жауап берері әзірге белгісіз.
Бүгінде қырғыздардың әл-ауқатын жақсартуға қазақстандық туристер де үлес қосып келеді. Бірақ елдегі саяси тұрақсыздық туризм саласына да кері әсер етуде. «Шілденің ортасы болды, әлі де Қазақстан жақтан келетін туристердің қарасы көрінбейді. Жыл сайын бұл кезеңде Ыстықкөлге демалуға келетін қазақтардың санында шек болмайтын», – деп мұң шаққан қырғыз кәсіпкері Ерік Туғамбаев бәріне саяси ахуал кінәлі деген пікірде: «Мүмкін халықтың ашу-ызасы қайнап, шыдамы біткен шығар. Бірақ туристік маусым басталарда айқай шығармау керек еді. Біз мұнда қазақстандық туристерді жыл бойы күтеміз. Сонда небары екі айда пайда тауып қалуға жанталасамыз. Шолпан ата мен Бостеріде тек туристердің арқасында ғана күн көріп отырғандар көп».
Қазақтар елінен нәпақа табуға келген қырғыздардың саны да көп қазір. Жыл басында ұйымдастырылған тексеру нәтижесінде анықталғаны, Алматы, Шымкент пен Тараз базарларында сауда жасайтын 50-60 мың қырғыздың тең жартысы коммерциялық әрекетін заңдастырмаған, яғни, біздің қазынаға салық төлемеген.