Бордақылаудың бабын тапқан шаруа

Бордақылаудың бабын тапқан шаруа

Бордақылаудың бабын  тапқан шаруа
ашық дереккөзі

Мал шаруашылығын қарқынды дамытуда «Сыбаға» бағдарламасы да мол үлесін қоса бастады. Қазіргі шаруашылықтарды дамыта отырып, жаңа тұрпатты фермерлік шаруашылықтарды қалыптастыру, ондағы мал тұқымдарының асылдануына жол ашу осы бағдарламаға артылған міндеттердің бірі.

Жаңадан пайда болған фермерлік шаруашылықтар қазірдің өзінде 45 мың бас қолтума сиырларды сатып алып, оларды асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру нәтижесінде асыл тұқымды мал өндірісін жолға қою ісіне кіріскен. Фермерлік шаруашылықтармен қатар мал бордақылау алаңдары да дамытылмақ. Осы орайда оңтүстікте мал бордақылаумен айналысатын қазығұрттық жеке кәсіпкер Ертаев Сырым жайлы айта кеткен жөн. Малдың бабын жасай білетін бауырымыздың 800 бас ірі қарасы бар. Одан жылына 250 тонна ет алады екен.

Ертаев Сырым Маханбетұлы 1999 жылы мектепті тәмамдаған соң сол жылы Шымкент қаласындағы ОҚМУ-дің экономика факультетінің «кеден ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2003 жылы оқуын бітірген соң жеке кәсіппен айналысқанды жөн көреді. Осылайша он жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Шаруашылығы жылдар өте келе іріленіп, қазіргі кезде мыңнан астам ірі қараны бордақылап, сойып сатады.

Сырымның айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын небәрі 85 бас ірі қарасы болған. Тынбай еңбектенуінің арқасында мал басын еселеп көбейтіпті. Үкімет тарапынан бөлініп жатқан көмек те жұмысымның алға басуына тың серпін беріп отыр дейді өзі. Айтуынша, мемлекеттің жеңілдетілген несиесінің арқасында, жаңа мал бордақылау базасын ашуға қол жеткізген. Осылайша ашылған жаңа база негізінде 1000 бас ірі қара мал бордақылауға мүмкіндік алыпты. 

800-ге жуық ірі қараның әр басынан 350 келіге жететін өнім алған. Жалпы көлемі 250 тонна ет өндіріпті. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы тағы да 1000 тонна ет өндіретін жаңа кәсіпорын ашуды және 1000 бас ірі қараға арналған қора соғуды жоспарлап отыр.

Кәсіпке ден қойған Сырым 2011 жылы «Жарас KZ» атты өндіріс кооперативін ашады. Кооперативтің 500 га егістік, 1000 га жайылым жері бар. Сырымның айтуына қарағанда, олар малды еліміздің әр өңірінен алып келіп бордақылайды екен. Бордақылау мерзімі малдың тұқымына қарай 3 айдан 6 айға созылатын көрінеді. Әр сиыры күнделікті 1-2,5 кг дейін салмақ қосып отырады. Ал, малдың жем-шөбі жартылай өздерінен шықса, қалғанын сатып алады.

Өз ісіне адал, еңбекқор, кәсібінің нәсібін көріп отырған Сырым Ертаев облыстық ауылшаруашылығы басқармасының шешімі бойынша 2012 жылдың «Озат мал бордақылаушысы» номинациясын жеңіп алды. Бұл оның еңбегінің еш кетпегенінің белгісі. Ауыл шаруашылығына деген мемлекеттің қолдауы мен жәрдемі әрі қарай жалғаса берсе, сала еңбеккерлері алдағы уақытта үлкен табыстарға жетеріне шүбә жоқ.

МАҚСАТ – ЕТ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРУ

Елбасы ет экспортын еселей түсу керектігін үнемі айтып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2016 жылға дейін жылына 60 мың тонна ет сырт мемлекеттерге жіберілуі тиіс. Шардаралық шаруалар осы орайда мал бордақылау ісін мықтап қолға ала бастаған. 

Шардара ауданында бүгінгі таңда 6 мал бордақылау және бір мал сою бекеті бар. Оның ішінде «Сая» фермерлік қожалығында қазіргі таңда 90 бас қара мал бордақылануда. Семей қаласынан әкелінген ақ басты бұқалар екі жерге бөлінген. Екі мезгіл кебек араласқан жем беріледі екен. Түскі мезгіл шөппен азықтандырылады.

 «Сая» фермерлік қожалығының төрағасы Ғалымжан Қарабаев ірі қара малды Семей қаласынан 1,5 жасқа келгенде әкелеміз, одан кейін 2 жастан асқанда 300 кг жобасында ет береді дейді. Қазір байлаған малдары 300 келіден астам ет беретін болса керек. 3 жылдан бері айналысып, жақсы пайда тауып отырса керек. Ауылдағы азаматтарға үнемі мал бордақылау ісінің қыр-сырын айтып, кеңес беріп келеді. 

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша биыл аудандағы екі фермер 142 бас қара мал сатып алып, ет өнімдерін беруде. Бағдарлама мақсаты – мал басын асылдандыру, көбейту және ет өнімдерін өндіру болып табылады. Мемлекет тарапынан субсидиялық қаржы бөлу де қарастырылған. Мәселен, бір бұқаға алғашқы жылы 107 мың теңге берсе, келесіде жеті мың теңгеден, аналық басқа 16 мың теңге белгіленген. Шардара аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Махамбетов: «Алдыңғы жылы бізге 360 бас аналық бас мал алу көзделген болатын, бірақ біз оның санын 817 басқа дейін жеткіздік. Мал азығы үшін жем шөп қорын молынан жасақтау бағытында 3200 гектар жерге жаңа жоңышқа егілді. Бұрынғы көлемі 8500 га құрайтын. Жалпы ауданның егіс құрылымында маңызды дақыл жоңышқа 20 пайызды құрап отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш», – дейді.

Мал бордақылауды жергілікті шаруалар толық қолдап отыр. Келеше­гі кемел іс ет экспортын арттыруға серпін беретіні де сөзсіз. Бұл алдағы күндердің еншісіндегі шаруа.