Бабажан қырғыны
Бабажан қырғыны
Шапқыншылардың шекараға жақын келіп, тоқайласқан жері – осы Бабажан бекінісі. Бұл қолды басқарушылар құрамында Бөрі Тәукин, Елікей Қасымов, Алданазар да бар. Кешегі еліне қорған болуға тиісті Жанғазының ұлы Алданазар Қамыстыбастағы қазақтарды шапқан.
Бұның алдында Жанғазы хан орыстар жаққа шығып кеткен Жанқожаға бірнеше рет қорқытып хат жазып, дарияның сол жағына, демек Хиуаға өтуді ұсынған болатын (АВПР қоры. Бас мұрағат. 1-9 іс. 681-683 беттер).
Осы аласапыран кездегі оқиғаларда өздеріне түсінікті, бүгінгі жұртқа түсініксіз бір жайт бар. Ол бірімен бірі бақталас әр мемлекеттерге бөлініп кеткен көбі аралас отырған ағайындардың, кейде тіпті руластардың өздерінің бір-бірімен қырқысулары. Ақмешіт маңын шөмекей, жаныс, шекті, әлімұлы, шөмішті табын мекендесе, іргелеc Хиуада өзбектер, тәжіктер, түрікмендермен қатар шөмекей, әлімдер де мекендеген. Құжаттарда атап көрсетілген. Мал таппақ талаппен арғы беттегі ағайын бергі беттегі өз бауырларын тонап жүр. Сондағы сылтаулардың бірі – орысқа берілген оң жағалаудағы қазақтардың «кәпірленуі».
Бұл уақытта Ресей халық ашынарлықтай зорлық көрсеткен жоқ. Қарапайым жұрттың қамқоры ретінде мысықтабандап келе жатты. Өзара қырқыстан берекесі кеткен Қоқан мен Хиуадағы қазақтар Сырдың оң жағына өтуді ойластыра бастады. Бұдан қауіп алған хиуалықтар бекіністерде әр рудан кепіл ұстап отырды.
Хиуа, Қоқан хандықтарының қазаққа деген жойдасыз озбырлық әрекеттері ата жұртын тастап кете алмай отырған оларды орысты паналауға мәжбүрлей берді.
1848-1850 жылдары елді аштық жайлады. Шаруа баққан қазақтар одан әрі тұралай түсті.
Барып шағынар, мұңын шағар, ел басын құрайтын хан жоқ, сұлтан-правительдер орыстан жем жеп отырған қуыршақ. Олар орыстар жағына да, Хиуа мен Қоқаннан келген басқыншыларға да сөздерін өткізе алмаған. Қара бастары мен азғантай малын күйттеген майда билердің өздері қамқорлыққа зәру. Сол алмағайып кезде батырдың Райым бекінісіндегі қарулы орыстардан өзге сүйеніші қалмаған. Бұған шағын өз руларын күйттеген қазақтардың алауыз, оның үстіне от қарудан жұрдай екендігін тағы қосыңыз.
Осы жайттарды санаға салып байыптағанда барып, қорғансыз қалған қазақтардың шын жағдайын айқынырақ түсінуге болар.
1847 жылы генерал-губернатор Обручевке жазған хатында Жанқожа Жанғазы ханның дәргейіндегі қазақтардың 500 түйесін, 58000 қойын, 700 сиырын, 600 жылқысын қайтарып алдық. Бұл олардың біздің қазақтарға бұрын жасаған бес шапқыншылығында таланған малдың бестен бірі ғана деп көрсетеді.
Осы аласапыранда Хиуаға, одан Ресей жағына өтіп, елді алатайдай бүлдіріп жүрген белсенді сұлтандардың бірі – Ермұхамед (Елікей) Қасымов.
Хиуа қызметінде жүрген сұлтан Елікей Жанқожаға бірде орыстарға шабалық, бірде орыстарға салық төлеме, бері өт деп хат жазады. Бұл жайттан хабардар болып отырған орыстар едәуір дүрлігеді, Елікейді көзден таса етпей мықтап бақылауға алады.
Қазақтардың ішкі ауанын барлап қайтуға жіберілген губерния хатшысы Житков 1847 жылы Хиуаның ықпалындағы сұлтан Елікей Қасымов бергі беттегі 1000 үй төртқаралар мен шөмекейлерді арғы бетке алып кетуге азғырып жүр деп мәлім етеді. Сұлтанның сөзіне еліккен шөмекейлердің бірсыпырасы сол жылы әрі өткенмен келесі жылы бергі бетке қайта ошарыла көшіп келген.
1849 жылдың жазында Хиуа ханы Елікейді өзіне шақырып алып, Бұқармен арақатынаста алаяқтық жасағаны үшін бүкіл отбасымен тұтқындайды.
ХІХ ғасырдағы орыс әкімшілігінің бұлтартпас түпкі саясаты Орта Азияны жаулап алуды аяқтау болатын. Оған жетудің жалғыз жолы қазақ жері. Қаншама саяси айла-шаралар жүргізгенмен әскер бекінбей мақсат жүзеге аспайтындығы тағы белгілі. Орыстар қазақ шоғырланған жерлерге бекіністер салып, бірте-бірте ішкерілей берді.
Ол мүдде көп шығынсыз тиянақты орындалуы үшін алдын ала қазақ жеріне дүркін-дүркін әр түрлі барлау экспедициялары аттандырылды. Экспедициялардың сырты бейбіт, момақан, дос іздеп жүр, бауырға тартады, ал олардың әрқайсысына нақты міндет – саяси ахуалды, күш-қуатты, елдің бірлігін білу, өздері жағына кісілер тарту, болашақ әскер жүретін жолдарды анықтау («…снять на бумагу земли»).
Сол барлаудың бірі 1845 жылдың жазында штабс-капитан Рыльцов бастаған 40 казак, 3 урядник, 2 аудармашы, 2 қазақ жолбасшыдан құралған Мұғаджар тауы аймағын картаға түсіруге шыққан әскери топографтар отряды. Отрядқа жүктелген нақты міндеттердің негізгілері – құпия жағдайда Кенесарының туыстары, жанында жүрген рулар, олардың қанша екендігін анықтау, адамдарды өздеріне тарту (осы мақсатқа 45 рубль бөлініп, қазақтарға сый-сияпат ретінде жұмсалған – М.Қ.), Хиуаның өзі де ұнатпайтын Жанқожа мен Кенесарының араларындағы дүрдараздық немен бітті, ханның Бұқара, Хиуамен қатынасы қалай, Кенесары қарсыластарының бастарын біріктіруге тырысу, тағысын тағы.
Орскіден (Жаманқала) 1845 жылдың 3 наурызында шыққан отряд қазақ жерінде 3 маусымға дейін мағлұмат жинады. Отряд мүшелері кездескен қазақтарды қонаққа шақырып, сый-сияпат беріп, ауыздарын аңқитып өздеріне керекті мағлұматтарын алған.
Осы экспедицияның жұмысы туралы қазақша білетін шенеунік коллежский регистратор Намчинов әкімшілікке тапсырған есебінде былай деп атап көрсеткен: «Кроме отделения киргизов чиклинского р. как то: джакаимовцы, куттуковцы, джулшаринцы и другие, есть приверженцы Джанходжи Нур-Мухаметова, все они по возможности уклоняются от влияния на них Кенесары и если некоторые из них кочуют совместно с ним находят над категорию его приверженцев, то это лишь из страха и беззащитности, но ничуть не из преданности и уважения». (КРОММ. №4 қор, №1 тізбе. 2346 іс, 375 бума, 20-бет).
Шенеуніктің бөліп көрсетуі бойынша, төртқаралар мен шөмекейлер де Кенесарыны қолдамайды.
Ол тағы да былай деп ерекше атап көрсетеді: «Киргизы чиклинского и джакаимского отделения с особенными уважением и преданностью отзываются об однородце своем би куттукова отделения Джан-Ходже Нур-Мухаметове, который в настоящее время прикочевал к Кзыл-Кабаку. Известная вражда его с Кенисарием оканчивается. Кенисары писал к Джан-Ходже примирительное письмо и он ответил ему на него согласием. Не боязнь и не собственное желание побудило Джанходжу примириться с Кенисарием, на которых Кенисары в особенности простирал свои нападения…» (Сонда. 21-бет).
Бейтарап шенеуніктің қызмет бабымен жазған бұл есебінен мына жайттарға көз жеткіземіз:
Шектілер батырды қорғаныш тұтып, оны жоғары бағалайды;
Кенесары өзіне бағынбағандарды шабады. Олар іштерін бермей, амалсыз бірге қонысты болып отыр;
Жанқожаға қараған ел Мұғаджар жаққа – Қызылқабаққа Бабажан бекінісі талқандалғаннан кейін көшіп келген;
Кенесары мен Жанқожаның араларындағы Фатимаға байланысты ағайынаралық дүрдараздықты орыстарға дейін біліп отыр. Олар батырды Кенесарыға қарсы қойып, осы араздықты өз мүдделеріне пайдаланғылары келеді;
Кенесары кейін «айып бізден болды» деген мағынада Жанқожаға кешірім хат жазған. Батыр оны кешірген. Кілемжайғанбопайда отырған Кенесарыға сәлемдесуге содан кейін ғана барған.
Халық жадында таңбаланып, ауызекі айтылып жүретін кейбір оқиғалардың қағаз жүзінде де тайға таңба басқандай ап-анық дәлелденетіні бар. Сондай жайттардың бірі – осы Бабажан қырғыны.
Бұрын Мәскеу, Ташкент мұрағаттарында жұмыс істеген кездерімде бұл оқиға жайлы әлдеқандай дерек кезікпес пе екен деп алаңдап жүретін ем. Кезікпеді. Дерек жақында ғана өз мұрағатымыздан ұшырасты. Бар болғаны алты-ақ бет. Аз болғанымен біраз шындықтың бетін ашатын құжат.
Орта орданың правителі қызметін атқарушы (Бұл кезде бекітілмеген – «атқарушы» –М.Қ.) Арыстан Жантөрин 1843 жылдың 25 көкегінде Орынбор шекара комиссиясына өзіне сұлтандар Али Юлбарысов, Умергазы Шергазбиев, Қашарғали Сұлтан-Мухаммедовтер келіп, өткен жылдың қарашасында жеті мыңдай қазақтың бұлардың адамдарын және өзге де қазақтарды шауып, кісі өлтіріп, мал-мүліктерін талағандарын, енді осы жаққа көшіп кеткен сол айыптыларды жазалауды өтінгендерін хабарлайды (ҚРООМ. №4 қор, №4227-іс,4-бет).
Бұлардың көрсетулері бойынша, шапқыншылықты бастап жүргендер («предводительство») кішкене шектілердің билері (Кейбір жеке кісілерге байланысты болмаса, орыс жазбаларында Асан, Үсен, Жиеней, Жолшара, Құрманай, Құттық деп кішкенелерді жіктеп жатпайды, жалпы кішкене шекті деп атай салады. – М.Қ.). Көтерілген қазақтар Құсалы Батыров, Тәтүкен деген сұлтандар мен жеті төлеңгітті өлтірген. 242 түйе, 336 жылқы, 3580 сиыр, 5256 қой, киім-кешек, азық-түлік, мол дүние талан-таражға түскен. Шағымданушылардың көрсетулерінде таланған бар мал-мүліктің құны 34746 червонец.
Осы мазмұндағы шағым орданың батыс бөлігінің правителіне де жеткен. Бұнда Сұлтан Баймұхамедов Жанқожаның бекініс бастығы Бабажанды да (Бабаджан) өлтіріп, оның жас баласын тұтқындап, өзімен бірге қырға алып кеткендігін, бүгіндері бала батырдың қолында екендігін анықтағандығын мәлім етеді. Баланы босатуға тілеу, қабақтың басқарушысы Утаралы Чунгаевқа әрекет етуін тапсырдым деп баяндайды ол тағы да шекара комиссиясына.
Демек Мұсабай жыраудың:
Баласын Майқарадай ұстап алды,
Артына Төлек батыр мінгестіріп,
Сәлем де Кенесары ханыма деп,
Алашты алты күн жүре аралатты, – деуі ақындық қиял емес, нақты шындық.
Шағымданушылар орыс әкімдігінен бекіністі талқандауды ұйымдастырып, оларға басшылық еткен мына билерді жазалауды сұрайды. Олар кішкененің билері (кісі аттары қағазға түскен күйінде – М.Қ.): кішкене шектілер – Джанхуджа Нурмухаммедов, Раманкул Кусбармаков, Шайты Топаев, Бердыбай Чапаков, Айбусун Сутанов, Джармуган Тогусов, Диянки Кульбаев, Кудайберган Чулакин, Кульджан Кусаев, шекті жақайымның билері – Байсалбай Байчукин, Турки Сурбасов, Турганбай Чубанов, Тулюбий Минбаев, Буранбай Карабатыров, қаракесектің би-батырлары – Актан Кабанов, Таймас Кыйтаров, Каир Иорапов, шекті – алтынбай Иткул, Нурман Ботенов, төртқараның басшылары – Утявли Бегайдаров, Сатыбалды Баялов, Қара Тляпов, Муса Алин, Баймухаммед Нарчабеков, қарасақал – Давыл Бекшин, Есет (?) Чагараев, Кубек Чункарин.
Сұлтан Жантөрин 1845 жылдың тамызына дейін істің ақырын бағып үндемей отырған. Бұған орданың батыс бөлігінің правителі Сұлтан Баймұхаммедов екінші рет хат жазады. Осы хат арқылы сұлтан Баймұхаммедов бар істі шекара комиссиясына хабарлап отыр. Баланы босатып алуды Утаралы Чунгаевке тапсырған. Арызданушылар сұлтан Баймұхаммед Айшуақовқа, сұлтан Арыстан Жантөринге де өздері барады.
Орта орданың сұлтан-правителі Баймұхаммед Айшуақов шекара комиссиясына бұл көрсетілген жазықты қазақтар біздің аймақта тұрмайтындықтан мәселені шеше алмаймын деп жазады.
Ресми жағынан алып қарағанда оқиға Хиуа жерінде өткендіктен ол туралы әлдеқандай мәліметтің орыс тарапынан кезігуі неғайбыл еді. Оңтайы келіп, бұл шағын құжаттың бізде сақталуына себеп – көтерілісшілердің осы оқиғадан кейін Ресей дәргейіндегі ата қонысқа ошарылып көшіп кетулері. Енді Хиуа жағынан шапқыншылық болатындығын білгендіктен. Арызданушылардың мақсаттары – бауырлас сұлтан-правительдерінен көмек болар ма деген үміт. Ал сұлтандар болса, орыс өкіметінің қолындағы қуыршақтар. Орыстар болса іс жүзінде мәселеге пәруана-пайым, мүддесі бөлек бөтен мемлекет. Шағым Орынбор шекара комиссиясында қаралғанда айыптыларды жазалау туралы әңгіме не әрекет жоқ, бұлардың араларында бұндай оқиғалар бола береді деген жайбарақат шешімге келген.
1990 жылдың тоғызыншы қаңтарында осы Бабажан бекінісінің орнын арнайы барып көргем.
Қала шаруаға болсын, ол жақ, бұл жақ қатынасқа болсын оңтайлы жерге орналасқан. Көне Жанкенттің оңтүстік батысында шамамен 10-15 шақырымдай. Жері тегіс, егістікке де, жайылымға да қолайлы. Қорғанның іргесінен басын Жылуаннан алатын Ақсалма арығы ағып жатыр. Басын Солжаға арнасынан алатын Жылуан кезінде теңізге барып құйған.
Қамал шағын. Қадымдағанда ұзындығы 200, ені 50 метр деп болжадық. Үш бөліктен тұрады. Ортасында құдық. Соқпа қорғанның ені екі-үш, кей қалың жері үш-төрт метрдей. Дуалдар сақталмаған, бүтін емес. Ал Раманқұл қамалының биік болғандығы көрініп тұр. Қамал сыртынан қазылған ор Бабажан қамалынан да терең.
Өз адамы болған соң қол батпаған да болар, Бабажан бекінісіне қарағанда, бұл қорған дұрыс сақталған, үштен бірі бүтін тұрған. Дуалдың биіктігі үш метрдей. Түйелі кісі іштегіні еркін көреді. Қамал шағын, ені мен ұзындығы бір. Қырық бес қадамдай шықты, демек елу метр деуге болар. Қақпа оңтүстік жақта. Қамал жанынан басын Қарлаңнан алған Жайқонақ арығы өтеді. Бабажан бекінісінен екі-ақ шақырым.
Осы деректерді саралай келе мынадай қорытынды жасай аламыз:
Хиуа хандығы қазақтарға үнемі озбырлық жасап келді. Олар байлыққа құнығып, әртүрлі сылтаумен зекеттегендерін қанағат тұтып қоймай, елдің намысына тиетін арсыздыққа дейін барды;
Бекініс 1842 жылдың қарашасында талқандалды. Бұл кезде Ақтан 72, ал Жанқожа 68 жаста;
Бекіністі талқандауға жеті мың адам қатысқаны ашынған жергілікті халықтың түгелге жуық атқа қонғандығына айғақ;
Жырларда, ауызекі айтылатын әңгімелерде де, Ақтанды бұлтты, әруақты батыр есебінде әспеттеу қалыптасқан. Шындыққа сәл жақындай түсер болсақ, құжатта аталғандай, оқиғаның болып отырған кезі қараша, күз айы. Күн бұлтты, жаңбырлы болуы табиғи заңдылық. Бұны бір деңіз. Атқа бір мініп, қандары қызып алған көтерілісшілердің Жанқожаны күтпей-ақ шабуылға шығуының басты себептерінің бірі – бекініс ішіндегі шеріктердің қолдарында су тисе тұтанбайтын пілтелі мылтық. Қазақтар осы сәтті де пайдаланып қалуды ұйғарған. Бұлар иіріліп жата берсе, Хиуаға хабар жетуі де мүмкін;
Шағымданушы сұлтандар айыпкер есебінде Жанқожаны бірінші атайды. Бұл батырдың осы шапқыншылықты ұйымдастырып, басында өзі болғандығының айғағы. Ұрысқа батырдың бір күн кешігіп жеткендігі жайында да әңгімелер бар. Айтыс үстінде Досқожа да айып ретінде бетке басып отыр. Жанама деректер де бұның шындыққа келетіндігін дәлелдейді. Кейін, 1856-1857 жылдардағы көтерілістің барысы туралы орыс офицерлерінің жоғарыға берген есептерінің бірінде олар Қазалыны қоршап жатқан кезінде батырдың әкесі Нұрмұхаммедтің бейітіне зиярат етуге кеткендігі көрсетіледі. Алдында орыс оғы. Ұрыс болса да алмағайып жайт. Аса діндар Жанқожаның осы жолы да соғыс алдында аттап кетпей, жол үстіндегі бабаларына зиярат етіп, медет тілеуі шындыққа сиярлық жайт;
Бір қызығы, шағымда Бабажанға құн сұралмайды. Соған қарағанда, Бабажан зорлық-зомбылық пен Жанқожаның ағасы Ақмырзаның өліміне кінәлі болғандықтан соның өтеуіне кеткен. Өздері де наибты шіріген жұмыртқа санайтын тәрізді;
Қағазда Ақтан батырдың әкесінің аты – Қабан. Ал ұрпақтарының шежіресінде – Ақайұлы. Сұлтандар өздерінің түптеріне жететін батырды қатардағы қара көріп, елемей, оның ата-бабасын білмеген де болар;
Сұлтандар шапқыншылыққа Раманқұл да қатысты деп көрсетеді. Соған қарағанда, «қашқан қоян жатқан қоянды да ала кеткен». Бүкіл халық тайлы-таяғымен дүрк көтеріліп жатқанда, көзге шыққан сүйелдей би қалай жалғыз қалмақ? Бәлкім, олжа бөлісуге қатысқан.
…Орыс өктемдігінің кесірінен келген бұл аласапыран қара халықты мүлде тұралатып кетті, ата-жұрттарынан босты, халық саны азайды, мал-мүліктерінен айырылды, талай қыздар мен әйелдер күңдікке кетті, талай азаматтар бірде ол жаққа, бірде бұл жаққа өтіп, сергелдеңге түсті.
Сергелдеңге түскен елде халықты ұйымдастыра білген батырлардан өзге сүйеніш қалмады.
Солардың да ішінде табандары таймастан қай сойқан, қай қанкешулерде де бірін бірі демеп, қара қазақтың қалқаны болған үш тұлға бар. Ол майдан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, қарасақал Дабыл Бекшин, қаракесек Ақтан Ақайұлы. Бұлар алмағайып заманда табандары тайып көрмеген, қашанда халқы үшін қан кешкен таласы жоқ ірі тұлғалар.
Ақтан Ақайұлы жасы ұлғайғандықтан Сыр бойындағы алпысыншы жылдардың аласапыранына қатыса алған жоқ. Ізіне ерген аз ғана ағайынымен Мұғаджар тауының сілемдерінде қоныстап отырған. Бейіті Ақтөбе облысына қарасты Тебенсай деген жерде. Өз ажалынан қайтты.
Өз ажалынан өлген Дабыл Қызылда, қазіргі Өзбекстан аумағында тыным тауып жатыр. Айтушылар Жанқожаның бейітінен таңсәріде тұнық кезде қараса, көрінеді дейді. Екеуінің араларынан – Жанқожа бейітінің оңтүстігінен таяқ тастам жерден – шекара торы өтеді.
1856-1857 жылдардағы Қазалыдағы қанды қырғыннан соң қыстың көзі қырауда ата қоныстан негізінен кішкенелер дүрк көтеріліп, Қызылқұм аймағына көшкен-ді. Ол жақта жалпақ ел отырған соң, оның үстіне көтеріліс басшысы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы тірі, орыс өкіметінің ішкен астары бойларына сіңбей қатты алаңдаулы еді. Бұл іс 1853 жылы Ақмешіт алынғаннан кейін шөмекейдің қатардағы биі «сразу старшина», іле-шала подполковник шеніне көтерілген, кеше ғана батырға орыстарға шабалық деп жалбарынып, бүгін оларға жанын сала қызмет етіп жүрген сұлтан Ермұхаммед Қасымовқа тапсырылды. Ол Ақмешіттен алты жүз қарақшы жасақтап, бейқам кезде ел тонады, кісі өлтіріп, қарт батыр Жанқожаны жалғыз үйде намаз үстінде мерт етті.
Хиуа жағында жүрген Жанқожаның айнымас серігі, қарт батыр Дабыл қолдарына түскен жоқ.
Бұл 1860 жылдың ерте көктемі.
Бұдан соң жазда арнаулы жасақ шығаруға соғыс министрлігінен қаржы сұрап отырған генерал-губернатор В.И.Катенин сол министрлікке көтеріліс ошағының мүлде шығынсыз, қаржылық жағынан да, ең бастысы, саяси жағынан да тиімді жағдайда қазақтардың өздері тындырып бергендігін шешесі ұл тапқандай қуана хабарлайды. Тағы да бір өкініштісі, Дабыл Бекшиннің қолға түспеуі (Дабыл бұл кезде тоқсанның үстінде-тұғын – М.Қ). Сөзбе-сөз келтірсек: «…Уничтожение шаек, смерть такого влиятельного батыра как Джанходжа и добровольное передание Бюре несомненно производит большое приветствование, влияние на киргиз, и по всей вероятности надолго отобъет у них охоту к мятежным попыткам.
Из всех предводителей хищников один только карасакаловец Дабыл Бекшин не попался в руки и до сих пор находится в хивинских владениях».
Қазақтың мойнына темір қамыт түсті. Ғасырлар қалыптастырған сертке берік, қасық қанын халқына қиюға пейіл далалық дәстүрдегі қайран да қайран хас батырлардың ең соңғы тұяқтары солай да солай ар-ұяттары таза күйінде өтті жалғаннан.
Түсініктемелер:
1. Жанғазы. Қолдағы мағлұматқа сүйенер болсақ, Жанғазының тегі былай: Өзбектен Әз Жәнібек, Әз Жәнібектен Тойқожа, Тойқожадан Барақ, Барақтан Жәнібек, Жәнібектен Қасым, Қасымнан Қайып (Ғайып), Қайыптан Әбілғазы, Әлімдерге де ықпалы жүрген – Әбілғазыдан Жанғазы. Кем тұтынғандары болар, халық Жанғазыны Мәненбей деп атандырған.
Жанғазының арғы аталары туралы өзге де нұсқалар бар.
2. Раманқұл. Алты кішкененің бірі Құттықтан Кенжеғұл, Кенжеғұлдан Таттыбай, Таттыбайдан Қосбармақ, Қосбармақтан Сырлыбай мен Раманқұл.
Тойымбет Күлімбетовтің баяндауында, Раманқұл енді ықпалы арта бастаған орыстарға сүйеніп, билік алу мақсатында Орынборға алпыс серікпен аттанады. Ішінде домақ Көсебай баласы Өсербай мен атқосшы Шалабай бар. Сол кез Қыр шектісі мен Сыр шектілерінің араларында барымта өріс алып, кісі өліміне ұласып ушығып тұрған. Өлгендердің ішінде Қарағұлдың немере інісі де бар. Қайтарда Қарағұлдың кісілері Раманқұлдың жолын тосып, біраз жолдастарымен қоса өлтіреді. Қарағұлдың бұл ісіне Есет пен Әзберген наразы.
Аралдық Ізжан Жалғасовтың көрсетуінше де, Раманқұлды өлтіретін Әзберген, Қарақұлдар. Қайтар жолда Үйтас деген өткелде күтіп алған деп нақтылайды бұл кісі.
3. Ақтан. Елінің азаттығы үшін дәрмені жеткенше аттан түспей өткен санаулы батырлардың бірі Ақтан Ақайұлы (1770-1854 (?)) қаракесек тайпасынан. Хиуа, Қоқанға жасалған талай жорықтарда Жанқожаның ең сенімді серіктерінің бірі. Кенесары Қасымовтың басшылығымен үш жүз бірігіп, Қоқан бекінісі Созақты аларда Ақтанның да белсене қатысқандығын бірнеше деректер айғақтайды.
Батыр жайлы кейін жазылған бірнеше дастан, арнау өлеңдер бар. Ертеректегі ақын, жыраулардың өлең, жырларының қай-қайсысында да халық қамқоршысы, қарадан шыққан батыр және үнемі Жанқожаның адал серігі ретінде аталып келеді.
Бүгінге дейін өзім қараған мұрағат құжаттарында аталған шағымнан өзге жерде орысқа қатысты оқиғаларда Ақтан бабамыздың есімі кездескен емес. Оның екі себебі болуға тиісті. Ақтан батыр көтерілістен бұрын, 1854 жылы дүниеден озған. Екінші себеп – кейінірек қайтқан дегеннің өзінде қарт батырдың сол кездегі мекені оқиға ошағы Сыр бойы емес, Мұғаджар аймағы.
4. Майқарабек – Бабажанның жанындағы ұлы. 1842 жылы он үш жаста. Ауызша деректерде бала Кенесарының алдына да апарылған. Жанқожа баланы жазаламай, қасына жолбасшы қосып, еліне қайтарады.
Бір деректе кейін Бекбауыл елшілік сапармен Хиуадан қайтып келе жатқанда серіктерімен осы Майқарабектің үйінде уланып, жолда қайтыс болады.
5. Төремұрат – Кішкененің Құрманайының Бабағы. Талай жорықтарда жанында болған Жанқожаның жырауы. Ыбырайым деген жырау баласы да Жанқожа туралы жырлап жүреді екен. Одан Ерқосай деген немересі болған.
Кенесарының жырауы Досқожамен айтысының үзіндісі арқылы бізге біраз мағлұмат жетіп отыр.
Қарасақал Ерімбет Шораяқтың Омарымен айтысқанда Төремұраттың жыраулығын жоғары бағалайды.
Мұралары жиналмай ұмытылып, жоғалып кеткен қазақтың санаулы жүйрік ақындарының бірі.
1830 жылдың күзінде Созақты қоршап жатқан үш жүздің әскерін:
Екі жүзді семсердің
Балдағы қолда қалғанша,
Ат басындай сом жүрек
От болып қаулап жанғанша.
Мөлдіреген екі көз
Жұмылып қанға толғанша,
Тыным алып, ас ішпей,
Ат бауырынан қан кешпей,
Ел бетін көрмес күн бүгін!
Созақты алсақ осыдан,
Қоқанның туын құлатып,
Сүйікті туған ерлерге,
Табылмас бұндай ғазаттық.
Қазақ үшін қан төккен,
Өздеріңдей ерлерге… –
деп жігерлендіріп, шабуылға көтеретін осы Төремұрат. («Қазақ тарихи жырларының мәселелері». Алматы. 1979 ж. 248-бет).
6. Сойдаққожа (Сайдаққожа) Оспанов (орыс жазбаларында Ходжа-Мухаммедали Усманов) Кенесары Қасымовтың жасауылында жүрген, ханға өте берілген, Самарқан мен Бұқарада білім алған білімді өзбек. Кенесары Фатиманы (Батма) жазықсыз жазалап, қайтаратында төркініне әкеліп салатын осы Сойдаққожа. Ханның жазба шаруаларын тындырып, елшілікке де жүрген, көтерілісшілер құрамына жасақ та тартқан.
Кенесарының жанында жүруінің басты себебі – Сойдаққожаның туған апасы Гүлшара Кенесарының әкесі Қасымның бәйбішесі. Кенесары қырғызда опат болған соң бір тайпа елмен Ташкентке кеткен. Кейін «Қазақ тайпаларының тарихы», «Қазақ хандарының тарихы» еңбектер мен «Кенесары батыр» атты дастан да жазған.
7. Жаныс Сығаев – төртқараның құрамасы, оның қожетінің биі. Елуінші жылдары елу екі жаста, орта бойлы, мығым, қарақоңыр, қара шашты кісі. Екі әйелі бар. Ор өзенінің Құман сағасын жайлап, Ырғыз өзенінің жағалауындағы Бесмұқа моласының маңына қыстаған.
8. Фатима (ауызекі Батба деп де айтыла береді. – М.Қ.) Ақмырзаның қызы, Жанқожаның қарындасы. Ақмырза Бабажанның қолынан мерт болған соң батыр жеңгесін өзіне некелейді. 1841 жылы үш жүздің сарбаздары Созақты алуға бас қосқанда, мезгіл күз, айт кезі болса керек, Кенесары Жанқожаның жарапазаншысына – ат, ал Жанқожа Кенесарының жарапазаншысына түйе берген. Ордада Созақтың алыну құрметіне болған басқосудан тарасып бара жатқанда серіктерінің бірі: «Батыр, Абылайдың шаңырағына құр қол келіп, кетіп бара жатырмыз. Бұл қалай болды?» – дейді. Сонда кедей батыр: «Ойбай-ау, ол да бар екен ғой», – деп, ордаға қайта келіп: «Абылайдың шаңырағына Фатима деген қызымды байладым», – дейді. «Байлау» міндетті түрде әйелдікке алу емес, Фатиманы хан әйелдікке алады. Алайда азулары алты қарыс төренің әйелдері қарадан келген басы артық күндеске күн берсін бе, ұйымдастырып жүріп ханға қаралайды. Хан ашу үстінде мәселенің ақ, қарасын ашпай, Фатиманы төркініне қайтарып жіберген.