КҮМӘН ТУҒЫЗҒАН ТЕРГЕУ КЕМШІЛІКТЕРІ

КҮМӘН ТУҒЫЗҒАН ТЕРГЕУ КЕМШІЛІКТЕРІ

КҮМӘН  ТУҒЫЗҒАН  ТЕРГЕУ  КЕМШІЛІКТЕРІ
ашық дереккөзі

 Әрбір оқырман, көрермен немесе тыңдарман тәуелсіз басылымдарда және ашық Интернет кеңістігінде сот отырысында болып жатқан оқиғаларға өз бағасын беріп жатады. Бір жағынан бұл сол сотқа төрағалық жасайтын судьяға үлкен сын. Жалпы, біз ежелден сөз қадірін жақсы түсінген, жүйелі сөзге тоқтай білген халықтың ұрпағымыз. Барлық дау-дамайларды қара қылды қақ жарған, халық арасынан шыққан билер шешіп отырған. Ондай билердің есімі күні бүгінге дейін ел аузында.
Дегенмен осы атышулы процесстің бас­ты тыңдаулары барысында анықталып жатқан тергеу келеңсіздіктері көптеген сұрақтар тудыруда. Неге олар орын алды?
Мәселен, атышулы «Қорғас ісі» бас­тал­ғанда алғашында жедел-тергеу тобы­на кезінде Қазақстан Республикасы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев жетекшілік жасаған болатын. Ал осы­ Ауғанбаев мырзаның небәрі жарты жылдан кейін кезектен тыс аттестация кезінде кәсіби сынақтан сүрініп, Жоғары аттестация комиссиясының «лауазымына сәйкес емес» деген шешімімен қаржы полициясы органдарынан аластатылғанын көп адам біле бермейді. Жалпы, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин 2012 жылғы 28 желтоқсанда баспасөзге берген сұхбатында аттестацияға дейін және оның барысында қаржы полициясы жоғары басшылығының құрамы 85 пайызға жаңарғанын хабарлаған болатын. Ендеше, бүгінгі таңда ашық сот процессі барысында анықталып жатқан келеңсіздіктердің түбірі қайдан бастау алатынын әркім іштей сезеді.   
Сот отырыстарының бірінде сөз сұраған адвокат Дина Сәрсенова сотқа төрағалық етуші судья Советхан Сәкеновке сенімсіздік білдіру туралы мәлімдеме жасады.
Сөйтсек, қолдаухатқа 32 сотталушылар мен олардың алты адвокаты қол қойыпты.
– Басты сот отырыстарының барысында төрағалық етуші судья ашықтан ашық айыптау тарапының сөзін сөйлеуде, – деді сөз алған адвокат Сәрсенова. – Төраға әділетсіздік білдіріп, теңдік принципін бұзуда, сөйтіп, сотталушыларға өз ұстанымын қорғауға мүмкіндік бермейді. Төрағалық етуші дөрекілік танытып, процес­ке қатысушылардың сөзін бөліп, оларға да­уыс көтереді және сот залында күйгелекті ахуал тудырып, жағдайды байсалды, толық және әділ зерделеуге қажетті шаралар қолданбайды.
Соттың барлық кем-кетігін сотталушылар мен олардың адвокаттары төрт бетте баяндапты. Сот отырыстарына төрағалық етуші Советхан Сәкенов мұндай жағдайды күтпесе де, өзін-өзі сабаға түсіріп, тараптарға пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді.
Қорғаушы Болат Әбдірахмановтың айтуынша, барлық жүргізушілердің тергеу кезінде берген жауаптарының мәтіндері бірдей екен, тіпті, орфографиялық қателері де егіздің сыңарындай.
– Куәгер Исламов сот залында өзінің орыс тілінде оқи алмайтындығын мойындады, бірақ орысша толтырылған жауап алу хаттамасына неге қол қойғандығын нақты түсіндіре алмады. Ал куәгер Мунаев сотқа шақыру қағазын тапсырған қаржы полициясының қызметкерлері оған өзінен жауап алған хаттаманың көшірмесін де қоса тапсырғанын хабарлады. Бәлкім, жүргізуші «айтқан» жауабын «есіне түсірсін» деген болар.
Менің ойымша, куәгерлерге қысым көрсету басталғандай. Өйткені ашық процесс, өздеріңіз көріп отырғандай, тергеу барысында орын алған көптеген келеңсіздіктердің бетін ашуда.
Ол ол ма, бұдан асқан сорақылық та бар екен. Процессте сотталушылар Айдаров, Сыдықов және Мұратбековты қорғаушы адвокат Ерік Сұлтанов тағы бір келеңсіздіктің бетін ашты. «Көзінің көруі бойынша үшінші топтағы мүгедек сотта өзінің оқи алмайтындығын мәлімдеді, бірақ ол өзі берген хаттамаға: «менің айтқан сөзім бойынша дұрыс жазылды және өзім оқып, қол қойдым» деп көрсеткен», – деді шынайы кейіген адвокат. Өйткені әлгі кісінің сотта берген жауабы тергеу барысында толтырылған хаттамадағы жауаптан әлдеқайда алшақ жатыр. Сот отырысында оған «берген жауабыңызды оқып беріңізші» деген ұсыныс айтылған еді. Әбден ашынған куәгер: «Мен сіздерге айттым ғой, оқи білмеймін деп», – деді.
 «Немесе мына дәйекке назар аударыңызшы. Орысша сөйлеу білмек түгіл орыс тілін түсінбейтін адамнан алдын ала тергеу барысында орыс тілінде жауап алынған. Міне, сол кезде ол жиырма төрт минут ішінде машинкамен терілген үш бет жауап беріп, тіпті, өзіне бейтаныс тілде жазылған жауаптарды оқып, қолтаңбасын қойыпты. Осының барлығына небәрі жиыма төрт минут жұмсаған. Не деген дарындылық! Ең сорақылығы, орысша бірауыз сөз білмейтін куәгер тергеушімен аудармашысыз «сөйлескен» көрінеді. Тамаша! – деді күйінген қорғаушы.
Жүргізушілерден жауап алу
ұзаққа созылуда

Адвокаттардың айтуы бойынша, жүр­гізушілерден жауап алудан басталған бас­ты сот отырыстарына айыптау тарапының тізіміне сәйкес 185 жүргізуші келу керек болатын. Естеріңізде болса, 1,5 мың томдық қылмыстық іс бойынша айыптаушылар процесске 600 куәгер шақырып отыр.
Ал процесске куәгер ретінде шақырылған жүргізушілердің тек 20-ға жуығының 2011 жылғы сәуірде құрықталған жүктерге қатысы бар. Сонда басқа жүргізушілер неліктен шақырылған?
Себебі, қаржы полициясының қыз­меткерлері екі жылдан астам уақыт бойы асығыс жауап алған жүргізушілер өздерінің алғашқы жауаптарында сәуір айында ұсталған машиналардың рәсімделуіне ешқандай қатысы жоқ «Қорғас ісінің» фигуранттарын атаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері бойынша, тергеу келтірілген экономикалық шығынның көлемін нақты анықтамаған. Өйткені сол кезде құрықталған атомашиналардағы жүктерді кедендік рәсімдеу процессі басталмаған. Ендеше, оларды контрабандаға жатқызуға ешқандай негіз жоқ. Сонымен қатар, айыптау қорытындысында «қылмыстық қауымдастық 2007 жылдан бас­тап Қытайдан контрабандалық жолмен жүк тасуды ұйымдастырған» деп көрсетілгеніне қарамастан, 1500 томда тергеу «қылмыстық қауымдастықтың» 2007 жылдан 2011 жылғы сәуірге дейінгі мерзімде жүзеге асырған экономикалық контрабанданың бірде бір фактісін келтірмеген. Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасынан жіберілген жүктер туралы жолданған сауалнамаға жауаптың келмегені, әлде келген жауап нұсқасының айыптау тарапына тиімсіз болуы салдарынан іске тігілмегені анық болды.
Сот мәжілісінде жауап берген жүргізушілер бұл айыптауларды толығымен жоққа шығарды. Мәселен, олар, яғни жүргізушілер, сотта «екі бекетте де кеденшілер міндетті түрде машиналарға қарау жүргізді, тент пен кузовты байлайтын тростың, тенттің тұтастығын тексерді, автомашинаның габариттерін өлшеді, механикалық және электрондық пломбаларды ілді. Және мұның барлығы кезекке сәйкес жүзеге асырылды», – деді. Жүргізушілердің айтуынша, бұл процедуралардан өтпей, кеден бекеттерінен шығу мүмкін емес. Өйткені бірнеше метр сайын шлагбаумдар орнатылған.
Тергеу барысындағы тағы бір өрескел келеңсіздік туралы айыпталушы Михаил Войтовичтің адвокаты Ашурбек Ашурбеков әңгімеледі. «Кеше біз куәгер Сатыбалдиновтан жауап алдық. Ол бізге 2011 жылғы 28 сәуірде «Қалжат» кеден бекетінде жеті машинаның құрықталғанын айтты. Машиналар кеден бекетінде жеті күн тұрған, ешкім оларды қарап, мөр баспаған. Одан кейін қаржы полициясының қызметкерлері бұл жүк машиналарын Алматыдағы «Сторхаус» уақытша сақтау қоймасына дейін ілеспе күзетіп апарған. Ал кеденшілерді жазаға тарту туралы қаулыда «қылмыстық қауымдастық мүшелері жеті автомашинаны Алматыдағы «Сторхаус» уақытша сақтау қоймасына дейін ілеспе күзетіп апарған», – деп көрсетілген. Міне, осы әрекет кеденшілерді тұтқындауға және олардың одан ары қамауда қалуына негіз болған айыптардың бірі болған».
Міне, осылай қаржы полициясы қызметкерлерінің өз әрекеттерін «қылмыстық қауымдастық мүшелеріне» таңуы түсініксіз-ақ.
Ауқымды «Қорғас» операциясы жүзеге асырылып, жоғары жаққа даңғаза рапорт берілгеннен кейін қаржы полициясындағы кейбір қызметкерлердің «табыстан басы айналғандай». Сөйтіп фактілер мен әрекеттерді өздерінің қалауынша бұрмалаған. Айғақ заттарды қалауларынша тәркілеген олардың бойында «хаттамалардағы жауаптарды қалай көрсетсек те, біздің айтқанымыз болады, біз қаржы полициясымыз – күш біздің жақта» деген астамшылдық болған сияқты.
Бірақ тергеушілердің дегені болмады. Процесс ашық болып, барлық келеңсіздіктер көпшілікке аян болды. Оның ішінде, қаржы полициясы тергеушілерінің біліксіздігі мен шорқақтығы да.

Қайрат Матреков   
Алматы