АУЫЛ ӘКІМДЕРІН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАЙДЫ

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАЙДЫ

АУЫЛ ӘКІМДЕРІН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ САЙЛАЙДЫ
ашық дереккөзі
510

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз-хатшысы Венера Жексембекованың мәліметтеріне сүйенсек, бүкіл республика бойынша аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан 7162 үміткер ұсынылған. Бір әкімнің орынтағына орта есеппен 3 үміткерден келеді. Үміткерлердің орта жасы – 44. 

Үміткерлердің 1118-і немесе 25,3 пайызы қазіргі әкімдер. Есеп бойынша 2457 әкім сайлануы тиіс. Бұл барлық әкімдердің – 91 па­йызы екен. Оның 47-сі – аудандық маңызы бар қалалардың, 2101-і – селолық округтердің, 119-ы – ауылдардың, 190-ы – селоның әкімдері.

5 тамыздағы алғашқы сайлау Оңтүстік Қазақстан облысында басталмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы республика көлемінде ең ірі облыстардың біріне жатқызылады. Мұнда республикадағы ең ірі аудан – Мақтаарал ауданы орналасқан. Аудан халқының саны ортаңқолдай облыс халқының санына жақындайды. Бұл ауданда 24 ауыл бар. Демек тек бір ауданның өзі 24 әкімді қайта сайлайды деген сөз. 

Мәселе қанша әкімнің сайлануында емес, сайлаудың қалай өтуінде. Қазіргі Сайлау туралы конституциялық заң бойынша, ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайды. Демократиялық Қазақстанның тарихында бүкілхалықтық сайлау – тек Президент сайлауы және мәжілісмендер мен мәслихат депутаттарын сайлауда ғана жүзеге асырылуда. Ал Парламенттің Жоғарғы палатасы Сенат депутаттарын да мәслихат депутаттары таңдайды. Демек бұл сайлауларға халық мүлдем қатыспайды. Тек мәслихат депутаттарының таңдауына мойынсұнатын болады. 

Ендеше бұны әділ сайлауға жатқызуға бола ма? Ең әуелі ауыл және аудан мәслихаттарындағы депутаттарымыз кімдер? Олардың 99 пайызы «Нұр Отан» халықтық партиясының өкілдері. Осыдан бірнеше жыл бұрын өткен мәслихат сайлауына үміткерлердің 10-ының 1-еуі ғана өзге партиядан болғаны жайында жазған да болатынбыз. Аудан әкімдері «Нұр Отан» партиясының филиалының жетекшілері. Оның үстіне ауыл әкімдігіне үміткерлерді аудан әкімдері ұсынады. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі ұсынған үш депутаттың үшеуі де «Нұр Отан» партиясынан және бұндағы 20 мәслихат депутатының 20-сы «Нұр Отанның» өкілдері. Жақында жолымыз түсіп Қазақстанның біраз ауылдарында болған едік. Жергілікті жұрттың әкім сайлауға байланысты пікірін білгіміз келген. 

«Әкімді сіз бен біз сайлай алмасақ, сайлау деп дабыралап, төлеп отырған салығымыздан жырып берудің қаншалықты қажеті болды. Мәслихаттар сайлайды деген сөз аудан әкімі кімді сайла деп пәрмен береді, олар соны сайлайды деген сөз», – дегенге сайды көбінің пікірі. 

Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлаудың эксперименті бұған дейін екі рет өткізілген. Әуелі 2001 жылы қолға алыныпты. Онда 150-200 адам өз дауыстарын өз араларынан шыққан өкілге тапсырған. Ал 2006 жылғы сайлау тек бірнеше қалада экспериментті түрде өтті. Ол қазіргі жүйе секілді мәслихаттардың сайлауымен ғана іске асырылды. Бұдан кейін ауыл әкімдерін сайлау туралы әңгіме күрт тоқтап қалған болатын. Сөйтіп, осы аптаның басында жалғасып, келесі аптада аяқталатын саяси науқаннан халықтың хабары болғанымен, оған белсенділік танытуы аз. Өйткені оларға өз ауылының әкімін таңдап алуға ерік беріліп отырған жоқ.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ 

Серіктес жаңалықтары