МЫСЫР БУМЕРАНГЫ

МЫСЫР БУМЕРАНГЫ

МЫСЫР БУМЕРАНГЫ
ашық дереккөзі
227
Анығын айтқанда, ұлы майданның қыры да, сыры да көп. Мұнда экономикалық, идеологиялық, ақпараттық мүдделердің қақтығысы да, ғаламдық саясаттың қарама-қайшылықтары да, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы ымырасыз соғыстың салқыны да бар. Мысалы, Мысыр еліндегі саяси жүйенің ауысуының астарынан дінаралық қайшылықты көру қиын емес. Жақында Ресей президенті Владимир Путин Кремльде жер-жердегі православ дінбасыларын қабылдаған еді. Осы кездесуде Путин: «Әлемнің көптеген аймақтарында, әсіресе Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада конфессияаралық кикілжіңдер саны артқаны көңілімізді алаңдатады, жүрегімізді ауыр­тады. Діни азшылықтың, оның ішінде православтық хрис­тиандардың  құқығы тапталып жатыр. Бұл мәселе барша халықаралық қауымдастықтың назарын аударуы тиіс деп санаймын. Біздің мемлекет қақтығысты жағдайлардың сая­си шешімін табуға бағытталған белсенді сая­сат ұстанады», – деп мәлімдеді. Патриарх Кирилл де Таяу Шығыстағы правослов христиандарды қолдау қажеттігін айтып өтті. Кремль төрінде, ресми басқосу үстінде мұндай сөздің айтылуы тегін емес, сірә.

 

Пирамидалар ғана мәңгілік…

 

Мысырда пирамидалар ғана мәңгілік мызғымастай тұрақтылыққа ие. Ал жергілікті халық төңкерістер мен бітіспес майданнан жалығатындай болды. Отыз жылға созылған диктаторлықтан демократияға, одан исламдық мемлекет жүйесіне өтіп, одан қайта бас тарту оңай емес. Шілде айының басында Мысыр әскері ел президенті Мұхаммед Мурсиді орнынан алып, Конституцияның пәрменділігін жойды. Қазіргі кезде президенттің міндетін уақытша Конституциялық соттың төрағасы Адли Мансур атқарып отыр. Ол Мұхаммед Мурсидің тақтан тайдырылуы – әскери төңкеріс емес, «халықтың шынайы ерік-жігерінің жүзеге асуы» деп мәлімдеген. Билікті өз қолына алған әскерилер алдағы уақытта кезектен тыс президент сайлауын өткізуді жоспарлап қойған. Мурси тұтқынға алынғаннан кейін, оның миллиондаған жақтастары қарсы наразылық білдіріп, шеруге шықты. Қазір Мысырда «Мұсылман бауырларды» қолдаушылар мен полиция қызметкерлері арасында теке-тірес жүріп жатыр. Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түнде Мурсидің жақтастары Каирде тағы да ауқымды шеру өткізді. «Миллиондар маршы» жалғасып жатыр. Египеттің денсаулық сақтау министрлігінің соңғы күндерде таратқан мәліметіне жүгінсек, елдегі жаппай берекесіздіктің салдарынан 80-нен астам адам қаза тауып, 792  адам зәбір-жапа шеккен. Полициямен қақтығысып қалған шерушілердің басым көпшілігі көзден жас ағызатын газдан жапа шеккен екен. Ал жаңа билікті қолдаушылар жақында 29 миллион мысырлық қатысқан шеру өткізді. Адли Мансур осы шеруден соң «Мемлекет өз абырой-беделін қалпына келтіруі тиіс» деп мәлімдеме жасады. Тахрир алаңы қазір әске­рилердің иелігінде болса, Мурсидің жақтастары Каирдің Ан-Нахда алаңын жаулап алған. Шерушілер демократиялы сайлау арқылы билікке келген Мұхаммед Мурсиді тұтқыннан босатып, өз қызметін атқаруға мүмкіндік беруін талап етеді. Бірақ Египеттің қазіргі вице-президенті «Бұл мүмкін емес» деп мәлімдеді. Сонымен, Мұхаммед Мурсидің тұтқында отырғанына айға жуықтап қалды. Елдің Бас прокуратурасы оның үстінен қылмыстық іс қозғап жатыр. Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэт­рин Эштон Мурсиге жолығып, екі сағат бойы әңгімелескен.  Экс-президентпен кездесуінен соң, Еуроодақ өкілі қазіргі дағдарыстан шығудың жолын іздеу керектігі жөнінде пікірлерінің бір екенін, бірақ алдағы сайлауға қатысты пікір алмасуда ортақ ұйғарымға келе алмағанын айтты. Қазір Мысыр армиясы Каирдегі мемлекеттік, әлеуметтік маңызы бар нысандардың бәрін қару-жарақтың күшімен қорғап тұр.

 

…Мәңгілік мүдде ғана бар

 

Соңғы жылдардағы аймақтық қақтығыстар мен соғыстар халықаралық қауымдастықта ғаламдық ойлау жүйесі де, адамзатқа ортақ құндылықтар да жоққа тән екенін байқатты. Тіпті бір кездегі біртұтас идеологиялық мақсат-мүдде де қат. Солтүстік Африкадағы бейберекетсіздіктер алпауыт елдердің де, көршілес мемлекеттердің де, саяси одақтастардың да түптің түбінде мақсаты бөлек, мүддесі басқа екенін анық көрсетіп берді. Әлем «әркім өз қотырын өзі қасысын» деген тұрпайы да, жабайы түсінікпен тіршілік етуге көшті. Өзіндік мүдде соғысында идеялас, тұрғылас, мүдделес, бауырлас т.б. түсініктер көмескі тартқан. Бұл қағида тіпті діни бауырластыққа да жүрмейді. Кезінде «Мұсылман бауырлар» қозғалысын қолдап, оның демократиялы жолмен билікке келгенін мойындаған халықаралық қауымдастық енді саяси жүйенің күшпен ауыстырылуына айтарлықтай қарсылық не наразылық көрсетпегені таң қалдырады. Бір қарағанда, ішкі қайшы­лықтардан туындағандай көрінсе де, Мысырға дендеп еніп жатқан сыртқы күштердің ықпалы күшейе бастаған. Соңғы күндері Мурсидің билікке оралуын көксейтін топтардың ішінде «Әл-Каида» қозғалысы өкілдерінің пайда болуы жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Оның үстіне, шеруге шыққандардың көпшілігі қолдарына суық қару ұстаған. Осылайша, Египет азаматтық соғыстың алғышарттарын бастан өткеруде.

 

Баспасөзінен таны…

 

Дін демекші, Мысырдағы соңғы бір айда болған оқиғалар бұл аймақтағы дінаралық қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіре түсті. Әр елдің мүддесінің қандай екені сол елдің баспасөзінен-ақ байқалады. Мысалы, Түркия басылымдары Мысырдағы саяси жағдайдың астарынан Ислам дініне тұсау болу, мұсылман мемлекеттерін тұралатуға бағытталған астыртын соғыстың елесін көреді. Түркияның «Sabah» газетінің сайтында 5 шілдеде «Демократия жақтастары төңкерісті қолдап, қол шапалақтады» деген мақала жарияланды. «Таяу Шығысты қайта құру (бөлісу – ред.) тұсында бұл төңкеріс Египетті қатардан шығару мақсатында жасалды. Осыған ұқсас жағдай Гези қозғалысының көмегімен Таксим алаңында Түркияға қатысты да ұйымдастырылып еді. Осылайша, аймақтағы екі маңызды мемлекет – Египет пен Түркияның аяқ-қолы тұсауланды. Ал түркі және мысырлық қоғамдық ортасы осы ойынның қатысушылары ғана еді, одан артық-кемі жоқ» делінген. Түркияның тағы бір басылымы «Star gazete» 7 шілде күні жарияланған «Исламды тоқтату» деп аталатын мақалада бұл мәселе ашық айтылады: «Базбіреулер Батыстың осы жағдайда неге үнсіз қалғанын түсінбей әлек. Оның себебі қарапайым: олар үшін Таяу Шығыста демократияның орнауы аса маңызды емес, өз мүддесі одан әлдеқайда қымбат. Басты мүддесінің бірі – исламды тоқтату, яғни исламдық ағымдарды биліктен алшақтату», – деп жазады. Осылайша, түркі басылымдары исламды қорғауға шақырып жатыр. «Бүгінде Түркияның мойнында осы ойынды тоқтату үшін үлкен жауапкершілік бар. Бір жағынан, Түркия әлемге толерантты, барша адамзатқа жылышырайлы, демократиямен үндес исламды насихаттаса, екінші жағынан – Батыс тарапынан берілуі мүмкін соққылар мен арандатулардан қорғануы тиіс». АҚШ-тың «New Yorker» сайтында «Мүдделер қақтығысы» атты 16 шілдеде жарияланған мақалада батыстық екіұшты саясаттың астары әшкереленеді. «Екіұдай стандарттар әңгімесі кезінде Египет пен Вашингтондағы соңғы кездегі оқиғалар көмескі тартты. Армия көшеге танкілерді шығарып, сайланбалы президентті биліктен тайдырғанда, конституцияның күшін жойып, жалпыұлттық телеарналарды жауып, басқарушы партияның жетекшілерін тұтқындағанда, әдетте ол «төңкеріс» деп аталады. Бірақ осындай жағдай Египетте болған кезде, Обаманың әкімшілігі бұл оқиғаға дұрыс анықтама бермеу үшін жанталасты»,– деп жазылған. Америкалық христиандар да діни мүдде жайына алаңдаулы. 15 шілдеде америкалық «Charisma News» сайтында «Таяу Шығыста христиандық жойыла ма?» деген мақала жарияланды. Осы айдың ішінде Лондонда бас қосқан дінбасылар Таяу Шығыстағы христиан дінінің болашағы үшін алаңдайтындарын ашық білдірген. Олар Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдары христиан діні өкілдерінің санының күрт азаюынан қауіп көреді. «Египет пен Ирандағы саяси жүйенің ауысуы және Сирия, Ливан, Ирактағы дінаралық қақтығыстардан соң христиандық азшылық өз ой-ұстанымдарын ашық айтуға, ал халықаралық құрылымдар олардың мүддесін қорғауға мүмкіндік алып отыр» делінген.

Мурси неден сүрінді?

 

Мурси бастаған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының билікке қазіргі заманғы демократиялық түсініктерге сай, жалпыұлттық сайлау арқылы келгені даусыз. Ал бұл сайлауды ұйымдастыру мен өткізу әдісі зайырлылық пен азаматтық қағидаларына қаншалықты сай екендігі басқа әңгіме. Америкалық бір журналист сайлау кезінде «Мұсылман бауырлар» партиясына дауыс беруге бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының қара халықтың діни наным-сеніміне ғана негізделіп өткізілгенін жазады. Мұхаммед Мурси билік басында бір жыл ғана отырды. Егер бүкілхалықтық сайлауда көпшіліктің қолдауына ие болса, аз ғана уақытта биліктен алшақтататындай ол қандай қателіктерге жол берді? Ол 2012 жылы сайлауда 51,73 пайызбен басымдыққа ие болып, билік тізгінін заңды жолмен алса да, аз уақытта көп қателікке бой алдырды. Ең әуелі, «Мұсылман бауырлар» ел ішіндегі саяси қар­сыластарын қудалауға көшті. Ресми жұмыссыздық деңгейі 8,4 па­йыз, ал тұрғындарының 20 пайызы кедейшілік қамытын киген елде жаңа билік экономикалық жағдайды түзеу үшін нақты іс-әрекет жасай алмады. Мурсидің басты қателіктерінің себебін сарапшылар саяси және дипломатиялық  тәжірибесінің азды­ғынан, экономиканы оңалтудағы олақ­тықтан көреді. «Мұсылман бауыр­лар» билікке келген соң Египеттің Біріккен Араб Әмірлігімен және Сауд Арабиясымен ара-қатынасы күрт нашарлағаны осының анық дәлелі. Соның нәтижесінде елде инвестиция қарқыны азайып, жұмыс­сыздар саны артты, араб ел­дерінен келетін қаржылық көмек сар­қыл­ды. Сарапшылардың айтуынша, енді Египеттің экономикасын тұ­рақтандыру үшін 25 миллиард доллар керек екен. Жалпы, соңғы бір-екі жылда Египетке келген шетелдік инвестиция көлемі 12 пайызға азайған. Кей деректерге қарағанда, ірі инвесторлар Мурси биліктен кеткен соң, Египет экономикасына қайта инвестиция құюға әзір екенін мәлімдеген. Оның үстіне, Мурсидің үкіметі көршілес Эфиопия елімен Ніл бо­йында плотина салу жобасына байланысты кикілжіңді өз пайдасына шеше алмады. Бұл плотина салынып біткен кезде Мысырға келетін Нілдің суы 20 пайызға дейін азаймақ. Мурси шеше алмаған тағы бір түйткілді мәселе – Синай түбегінде тәртіп орнату еді. Билік қарсыластары осы жерде орналасқан газ құбырларын қайта-қайта жарып жіберіп, елді миллиардтаған долларға шығынға батырды. Қазіргі таңда Мысыр елі инфляция, жұмыссыздық, сыртқы қарыздың көптігі сияқты экономикалық қиындықтарды бастан өткеруде. Хосни Мүбарактың да, Мұхаммед Мурсидің де биліктен тайдырылуының астарында елдегі әлеуметтік қайшылықтар мен экономикалық қиыншылықтар жатқанын жоққа шығару қиын.

Мысыр әскері – жәй әскер емес

 

Мамлюктер кезеңінен бастап Мысыр білек күшіне мойынсұнған ел. Сарапшылар осыдан екі жүз жыл бұрын да Мысыр армиясы қоғамда түрлі реформалардың жүргізілуіне едәуір ықпал тигізіп келгенін айтады. Бүгінгі қайшылық – мысыр армиясы мен елдің қарапайым тұрғындарының мүддесі мен дү­ниетанымы арасындағы айыр­машылықтан туындап отыр. Египет армиясы елдің тұтастай исламдық жүйеге өтуіне қарсы, оған батыстық құндылықтар жақын. Бірақ халықтың 90 па­йызына жуығы өзін мұсылман санаған елде «Мұсылман бауырлар» сияқты исламдық партияның сайлау арқылы билікке келуі де кездейсоқтық емес. Мысыр армиясының іс-әрекетінен сыртқы күштердің, жатжұрттық идеологияның ық­палын көретіндер де бар. Бірақ бір жылдан астам уақыт билік басында отырса да, елді әлеуметтік-экономикалық тығырықтан шығаратын жол таппаған Мурси үкіметінен көңілі қалып, енді қайтадан әскерилерге үміт артатындар да баршылық. Оның үстіне, Мысыр өз тарихында ұзақ уақыт бойы өзге елдердің бодандығында болып келген. Әр кезеңдерде Рим және Осман империяларына, араб әлеміне бағынышты болды. Өткен айдағы әскери төңкерістің астарында сыртқы күштердің, жатжұртық мемлекеттердің ықпалы бар екені айқындалар болса, онда алдағы сайлауда қайтадан исламдық топтар жеңіске жетуі мүмкін. Өйткені бұрқылдап қайнап жатқан қазанның қақпағын қанша қымтап жапсаң да, буы сыртқа шықпай қоймайды. Әбден қайнауы жетіп, тасып, жарылыс жасаса да, іште буырқанған ыза-ашу, кек, қарсылық сыртқа шығар жол табады. Әлеуметтік қайшылықтардан, экономикалық қиыншылықтардан, төңкерістер мен бейбере­кет­сіз­­діктерден қажыған жергілікті ха­лықтың іштегі ызасы да осыған ұқсайды. Қазір билікке келген топ «халықтың ерік-жігерін» қан­ша жерден желеу қылса да, бұл мәлімдемелерге шүбәсіз сену қиын. Кейбір деректерге қарағанда, Мысыр армиясы басшылығы елдің ЖІӨ-нің төрттен бір, әлде үштен бір бөлігіне ие. Әскери басшылықтың мемлекеттің көптеген салаларында, оның ішінде туризм, құрылыс, қару-жарақ өндіріс салаларында жеке мүддесі бар. Сондықтан да тәжірибесіз Мурсидің үкіметін биліктен алшақтатқанда және алдағы уақытта кәсіби команда жинауға уәде бергенде, әскерилер ең әуелі жеке коммерциялық мүддесін ойлайды деген тұжырым негізсіз емес. P.S. Қалай деген­мен де, Мы­сыр­дағы соң­ғы кездегі оқи­ғаларды «Араб көк­темі­нің бумерангы» атағандардың сөзінің жаны бар. Мысырдағы саяси дағдарыс бір шешімін таппайынша, бұған дейін де тыныш­сыз Таяу Шығыс аймағы тұрақтанбайтын сияқты. Халықаралық қауым­дастықта қазір әр мем­лекет өз мүддесі үшін ғана әрекет етсе де, бір аймақтағы тұ­рақ­сыздық пен соғыс өрті уақыт өте өзгелерді де шарпуы әбден мүмкін. Бұл жолы төңкерістің азаматтық соғысқа ұласу қаупі зор. Сондықтан да жеке мүддеден адамзаттық, қоғамдық сана басым түскені баршаға тиімді еді-ау…

Гүлбиғаш ОМАР

Серіктес жаңалықтары