ҚАЗАҚ КӨШІН ҚАҢТАРУ КІМГЕ ТИІМДІ?

ҚАЗАҚ КӨШІН ҚАҢТАРУ КІМГЕ ТИІМДІ?

ҚАЗАҚ КӨШІН  ҚАҢТАРУ  КІМГЕ ТИІМДІ?
ашық дереккөзі
148

Алайда, Премьер тағына отырғанына жылға жуықтаған Ахметов үкіметінен де қайыр аз болайын деп тұр. Өзгені былай қойғанда, Елбасының жарлығымен қайта жасақталуы тиіс Көші-қон комитетінің жыры әлі біткен жоқ. 

Көші-қон проблемаларымен жақсы таныс Серік Әбденов әйелдердің зейнет жасын ұлғайтамын деп жүріп, отставкаға кетті. Оның орнына келген Тамара Дүйсенованың бұл саладан қаншалықты хабары бары беймәлім. Ең бастысы, Мәсімов Үкіметі тоқтатқан көші-қон квотасына қатысты жаңа заң жобасы дайындалып жатыр дегелі де біраз уақыт өтті. Қазір одан да хабар болмай кетті. Есесіне, қағазбастылық пен қолдан жасалған кедергілердің салдарынан қаншама қазақ Үрімжі мен Алматы, Астана арасында сабылып жүр. 

Баспасөзде қазақ көшінің бұралаң жолдары туралы аз айтылған жоқ.

Әсіресе, соңғы жылдары Қытайдан оралатын қандастарымыздың виза проблемасын сөз қылмаған ақпарат құралы қалмады десе де болғандай. 

Бірақ, бұған көңіл бөліп, назар аударған билік жоқ. Керісінше, қазақ көшіне жасалып отырған кедергілер күн өткен сайын қордаланып келеді. Редакциямызға хабарласқан Жайна Бақытжан есімді жас қыздың сенделісі осының куәсі. Жайнаның ата-анасы Қазақстанға оралғалы көп болған жоқ. Осында Алматы облысындағы бір танысының үйінде тұрып, Қазақстанға тұрақты тіркеліп, ықтияр хат та алып алған. Өзі кәсіпкер. Екі баласы бар. Ұлы ішкі Қытайда білім алады. Қызы қытай мектебінде оқып жатқаннан кейін, оның ары қарай қытайланып кетуінен қорыққан әке-шешесі мектепті аяқтар-аяқтамастан, Алматыға алдырады. Жайнаның Қазақстанға келгеніне 6-7 айдың жүзі. Ең әуелі биыл жыл басында келген екен. Қазақстанның Үрімжідегі Төлқұжат және виза бөліміндегілер оған 3 айлық, бір мәртелік визаны басып береді. Сәуір айына қарай, визасының уақыты аяқталған ол Қытайға қайта шығып, визасын тағы үш айға создырып оралды. 

– Қыстай балама репетитор жалдап, Қа­зақ­станның білім жүйесіне сай оқыт­­­тым. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия­ уни­верситетінде оқуды мұрат етіп, құжатта­рымызды тапсырдық. Кешенді тестілеу шілденің 21-інде өтті. 22-сінде баламның визасы аяқталды. Астанадағы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментіне барып, визамызды бір айға созып беруін айтып жалынсақ та, олар визамызды созбай қойды. Бір айға уақытша тіркеуге алыңыздар, сосын емтихан аяқталысымен, шығып кетеміз деп те айттық, тіпті Көші- полициясындағы лауазымды бір тұлғаның «уақытша виза берілсін!» деген бұрыштамасын да көздеріне ілмеді. Міне, визамыздың уақыты аяқталғанына бір аптадан асып барады. Астанадағылар «шығу визасын» басып берейік, шығып кетіңіздер дейді. Егер оны тыңдасақ, Қазақстанның Үрімжідегі төлқұжат және виза бөлімі бізге 6 айға дейін виза бермей қояды. Кешенді тестілеуден жинаған ұпайымыз төмен болып қалды. Ендігі мақсатымыз, күзде басталатын дайындық курстарына құжат тапсыру. Алайда визаның уақытының келтелігі бұған да мұрша бермей тұр, – дейді Жайнаның әкесі Бақытжан. 

– Қазақстанға келгелі алты айдан асқан екен. Осы уақыт аралығында тұрақты тіркелуге мүмкіндік болмады ма? 

– Тұрақты тіркеуге мүмкіндігіміз болмады. Себебі, Қазақстан Қытайдан келген қазақтарға ондағы «нопостан» шығып келу туралы талап қояды. Бұрын ондай талап жоқ еді. Бұл соңғы көші-қон заңымен бірге келді. Ал Қытай шетелге шыққан азаматын бес жылсыз «нопостан» шығармайды. «Нопост» дегеніміз біздің тілмен айтқанда, үй кітапшасы. Яғни тіркеуден шыққандығы туралы анықтама. Бұл анықтаманың азаматтықтан шығып келгені туралы анықтамадан айырмашылығы жоқ. Өйткені Қытай халық республикасының заңы бойынша, шетелге шыққан әрбір азаматының нопосы бес жылға дейін ашық болады. Бұл олардың өзінше сақтанғандағы түрі. Себебі, шетелге кеткен азаматтарының онда жерсіне алмай қайта оралуы мүмкін. Ондай жағдайда үй-жайы, тіркеуі сақталады. Оларды қайтадан баспанамен қамтамасыз етіп, нопос ашып жатудың өзі үлкен әлек, – дейді ол. 

Астанада ешкімге мұңын тыңдата алмаған олар Алматыдан мәселелерін шешіп алармыз деген үмітпен, ат арылтқан екен. 

Бұл адамдардың мұң-мұқтажын тыңда­ған­нан кейін, мәселенің оңды шешілуіне көмегі тиер ме деген мақсатпен Алматы қалалық көші-қон полициясына хабарластым. 

– Егер ол адамдардың Қазақстанға келу визасы бітіп кеткен болса, оны Сыртқы істер министрлігі соза алады. Оларға жай-күйін айтып, азаматтыққа тапсыратындықтарын мәлім етсе, Консулдық департаментіндегілер қазақтарға түсіністікпен қарайды. Визасын созуға көмектеседі. Визасын создыра алмаса, біз тіркеуге ала алмаймыз, – деді полиция полковнигі Ләззат Мұхитова. 

Алматы қаласындағы Сыртқы істер минис­трлігінің өкілдігіне бас сұққанымызда, бізді қарсы алған Консулдық департаменттің өкілдері жалпы Алматыда Қытайдан, Ауғанстан және Пәкістаннан келгендердің паспортын мүлдем қабылдамай жатқандықтарын айтып, тек қана бұл мәселені Астанадағы Консулдық департаментте шешуге болатын­ды­ғын жеткізді. 

– Алайда, ешкімге ешқандай жағдайда ви­засын созып беріп жатқан жоқ. Тек қана шығу визасын алып, Қытайға қайтудан басқа амал жоқ, – дейді ондағылар. 

Бақытжан отағасының салы суға кетіп, қызын ертіп кеткен. Қолдан келер басқа қайран болмай біз қалдық. 

Жалпы, Қытайдан келетін қазақтарды осындағы туысқандарының жеке кепілдігі арқылы шақыруды тоқтатқанына он жылға жуық уақыт болды. Ал, көшіп келу визасын тоқтатып, тек туысшылау визасын аша бастағалы да біраз уақыт. Соңғы үш-төрт жыл көлемінде 1-2 жылға беріліп келген виза тек үш айға, бір мәртеге берілетін болды және уақыты аяқталса, созылмайды. Оның үстіне тұрақты тіркеуге тұрудың кедергілерін жасап бағуда. Енді олардың тұрақты тіркеуден шығып келуін талап ету және «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2102 Қаулысына өзгерістер енгізу туралы ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №362 Қаулысының 11-тармақтың 2-бабы бойынша: «ҚР-да өзге де заңды негізде уақытша болатын адамдар: келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты; кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшін шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде болуы мүмкін шетелдіктің Азаматтығына ие мемлекетінің жазбаша келісімін ұсыну қажет». Алайда, бұл құжаттарды Қытай мемлекетінен алу, қиямет қайымнан өтумен бірдей болып тұр. Сөйтіп, қазақ көші осылай қаңтарылды. 


Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары