Төре балаларының қолындағы тапанша

Төре балаларының қолындағы тапанша

Төре балаларының  қолындағы тапанша
ашық дереккөзі
316

 Өйткені түн жарымда ауылды шырт ұйқыдан оятқан қарудың дыбысы халықтың үрейін алған. Ауыл әкімдігіне үміткер Төлеген Оспановтың немере інілері ауыл балаларына резиналы қарудан оқ жаудырып, 20 шақты адамды жарақаттаған, ал бір жас жігіт ажал аузында.  

Ауыр халде жатқан жігіттің арқасына оқ тиген. Оның айтуынша, әкімнің туысқандары ауыл балаларына әлімжеттік көрсетіп, Төлеген Оспановтың қаруымен және қызметтік көлігімен қуып жүріп оқ атқан. Сондағы талаптары, ауыл жастарын өздеріне бағындырып, заңсыз салық жинап тұрмақшы. «Курсивъ» газетінің мәліметінше, басбұзарлар – немере інілері деп көрсетілген. Ал ресми емес мәліметтерде оқ атқан – Оспанов мырзаның туған баласы. 

Майоровка ауылының тұр­ғыны Меңсұлу Бай­тулинаның айтуынша, әкімдіктен үміті бар Оспановтың өзі де бұл төбелеске қатысқан. Тіпті көлікті өзі жүргізгенін бүкіл ауыл көрді дейді. 

– Біздің ата-анамыз сен­дерді уысында ұстап, қа­найтын болады. Ал біз сендерге бастық боламыз. Сендер бізге ақша жинайсыңдар, біз қаруға оқ сатып аламыз, – дейтін көрінеді базбұзарлар. Бұл бүкіл ауылдың естіп-көріп білгені. Алайда Оспановтар бұл мәліметті жоққа шығарып отыр. Ол немере інілерінің керісінше жапа шеккенін айтып, ал өзінің оқиға орнында мүлде болмағанын айтуда. Бірақ «Бес адам жиырма адамға қалай шамасы жетеді. Кеше мен оларды тарқатуға келдім. Маған кел деп қоңырау шалды, міне мыналар менің інілерім», – деп ауыл әкімдігіне үміткер болғандықтан қасақана ұйымдастырған арандатуы деп өзіне шаң жуытқан жоқ. 

Бұл даңғаза облыс орталығына да жетті. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін жергілікті шенеуніктер, ақсақалдар мен депутаттардан комиссия құрылды. Халықты тыныштандыру үшін Майоровка ауылына аудандық билік өкілдері келіп, халықпен жиналыс өткізді. Бірақ мәселенің анық-қанығы анықталған жоқ. Өйткені қара халықтың сөзіне ешкім сенбейді. Ал комиссия мүшелері шенеуніктер, ендеше әділдікті қай жақтан күтуге болады. Жергілікті халық тіпті талап-арызын да өз атынан жазып өткізген, алайда оны қаперге алған тағы ешкім жоқ. Әрине, қаперге алынбайды, себебі бұл бұқара халықтың әкім сайлауға да құқы жоқ. Ауыл әкімін осы шенеуніктерден құрылған топ сайлайды. 

5-9 тамызда әкім сайлау науқаны. Бұл «дүбірлі доданы» әкімге үміткерлер асыға күтуде. Жобаға сәйкес, әкімдер 4 жылға жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Ауыл әкімдерін сайлау­шылар – аудандық, қалалық мәслихат депутаттары. Облыс­та жасақталатын тізім бо­йынша қызметтік көлігі, жеке вилласы, қолында пәрмені бар шенеуніктер қай әкімді орынтаққа отырғызатынын іштей білетіні әркімге түсінікті-ақ. Әкім – ауыл халқының жағдайын жасау үшін, ауылдың тұрмысын түзету үшін сайланады. Ендеше қандай әкім керектігін ауыл өзі біледі емес пе? 

«Қарағанды облысы бо­йынша 203 әкім сайланады. Бұлар  – ауыл округтерінің, ауылдар мен кенттердің  201 әкімі, аудандық маңыздағы қалалардың екі әкімі. Бүгінде үміткер 600 адам тіркелді», – деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Г.Жәшкенова. Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев барлық қалалар мен аудандарда  әкімшілік реформа жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырып, бірыңғай кадр қызметін құру мәселесін қарастыруды жүктеген болатын. 

Бұл уақытта Қарағанды облысындағы екі ауылдың әкімі парақорлықпен ұсталды. Ұлытау ауданы Терісаққан ауылдық округының әкімі Сәрсембай Ибраев Қаржы полициясының қызметкеріне пара бергені үшін темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты деп хабарлады Қаржы полициясы облыстық департаментінің баспасөз қызметі. 

Оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Ибраев мырза бүгінге дейін мемлекеттік сатып алуларды өз пайдасына қолданып келген. Қаржы полициясы қызметкерінің бас тартқанына қарамастан жұмыс үстеліне 450 мың теңгені жайған. 

Ал Ақтоғай ауданындағы Сары-Шаған ауылының әкімі Марат Дайырбеков жемқорлық қылмыс жасады деп айыпталды. Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылды. Облыстық қаржы полициясы департаментінің хабарламасында көрсетілгендей, Дайырбеков мырза  ауылда балалар алаңын салуға бөлінген бюджеттің 3,9 миллион теңгесін өз пайдасына жұмсаған.  

P.S. Әкімдікке үміткер және сайланған әкім-қарарлардың тірлігі осы. Дегенмен ауылға бас болатын, ауыл халқына үзеңгі боп тартатын әкімдердің сайлауы болашақта әділетті өтсе дейміз. Түптің түбінде зардабын тартатын – ауыл адамдары. 


Ақниет Бейімбетқызы

Серіктес жаңалықтары