БАСЫ ДАУЛЫ, ХАЛҚЫ МҰҢЛЫ БАЯН АУЫЛЫ
БАСЫ ДАУЛЫ, ХАЛҚЫ МҰҢЛЫ БАЯН АУЫЛЫ
Бұл мақала редакциямызға Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Баян ауылынан жолданған оқырмандар хаты негізінде жазылған.
108 адам қол қойған хатта азаматтар қазақ ауылының ауылдық округ мәртебесінен айрылу қаупін алдын ала ескертіп, тұрғындардың жан айқайын білдірген болатын. Облыс басшылығына, жергілікті мәлихат депутаттарына жазған арыз-шағымдарына жауап болмаған азаматтар араша сұрап, редакцияға хат жазуға мәжбүр болған.
Шындығында, бұл жағдай тек Баян ауылының басына үйірілген бұлт емес, жалпы қазақ ауылдарына деген мемлекеттік көзқарастың өзектілігі жайлы ой қаузауға себепші болар оқиға еді.
Баян ауылдың қысқаша тарихы мынандай. Өткен ғасырдың 30-жылдары шаңырақ көтерген бұл ауылда қазіргі таңда ресми құжаттарға сәйкес 782 тұрғын бар. Бірақ ауылдың белсенді азаматтары тұрғын халықтың саны 1305 екенін айтады. Ауылда 160 бала оқитын қазақ орта мектебі, жергілікті дәрігерлік пункті жұмыс істейді.
Сексен жылдан астам тарихы бар ауыл тұрғындары атақонысты оңтайландыру құрбанына айналдыруға наразы.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша он әкімшілік-аумақ таратылған. Таратылған 10 ауылдың 7-уі, ал қайта құрылатын 8 елдімекеннің 6-ауы – осы Жамбыл ауданының үлесінде.
Өкінішке қарай, жақында облыс әкімінің өкімімен Жамбыл ауданы бойынша тағы үш ауылдық округ (соның ішінде Баян ауылдық округі бар) жабылды. Қазақ ауылының тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдарда жергілікті басшылық тұрғын халықтың ой-пікірімен санасқан жоқ. Оңтайландыруды олақ жүргізудің салдары 160 бала оқитын қазақ мектебінің болашағын бұлыңғыр етіп отыр.
Сөз жалғасы
«Баян» ауыл басына бұлт оралды» деген мақала газетімізде жарияланған соң, редакцияға ҚР Өңірлік даму министрлігінен жауап хат келіп түсті.
Солтүстік Қазақстан облысындағы жеті елдімекен мен Баян ауылдық округын оңтайландыруға қатысты жазылған жауап хат Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты қолға алынған шаралар туралы баяндама-есепке көбірек ұқсайды. Вице-министр С.Жумангарин қол қойған жауап хатта соңғы үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық ресми көрсеткіштер егжей-тегжейлі жазылыпты.
Ал оңтайландыру саясатына қатысты вице-министрдің жауабы төмендегідей:
«Осылайша, ауылдық округтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жүргізілген мониторингтің, олардағы көші-қон процесінің өзгерісіне жасалған сараптама нәтижесіне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі тарапынан Жамбыл ауданындағы 12 ауылдық округ, оның ішінде Баянауыл, Новорыбинский және Железненский ауылдық округтерін тарату туралы ұсыныс енгізілді.
2010 мен 2012 жылдар аралығында аталған ауылдық округтерде тұрғын халықтың көші-қонының теріс сальдосы байқалады:
– Железненский ауылдық округте 2010 жылдан бері 68 адам қоныс аударып, 25 адам көшіп келген, тұрғын халықтың саны 556 адамды құрады;
– Баянауыл ауылдық округте 77 адам көшіп кеткен, 25 адам көшіп келген, тұрғын халықтың саны 782 адамды құрады;
– Новорыбынский ауылдық округында 44 адам қоныс аударып, 25 көшіп келген, тұрғын халықтың саны 737 адамды құрады.
Бұл округтердегі тұрғын халықтың саны Жамбыл ауданы бойынша ең аз саналады, ал ауылдық округтердің аппаратын ұстауға, мәдени, ойын-сауықтық жұмыстарды қолдауға, көшелерді жарықтандыруға, абаттандыруға жұмсалатын бюджет шығындары басқа аудандармен бірдей бөлініп отырған.
Оның үстіне, бұл округтердің тұрғын халқының санының азаюы медициналық қызмет көрсету сапасына әсер етіп, дәрігерлік амбулаторияның жабылуына әкелді.
Ауылдық округтердің біріктіру олардың географиялық орналасу жағдайына, сондай-ақ жақсырақ дамыған инфрақұрылымы бар және басқа да қосымша қызмет түрлерін алу мүмкіндігін ескере отырып (мысалы, Архангелка мен Кладбинка ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның болуы, Пресновка ауылында аудандық аурухананың орналасуы) жасалғанын атап өту керек.
Бұл ауылдық округтердің аппаратын оңтайландыру нәтижесінде үнемделетін (жылына 14 млн. теңгеден астам) қаржы инфрақұрылымды дамытуға жолдарды жөндеу мен абаттандыруға қосымша бағытталатын болады», – делінген.
Байқап отырғандарыңыздай, ауылдарды оңтайландыру бюджет шығынын қысқарту желеуімен жүргізіліп жатыр. Бірақ бүгін қаражат үнемдеудің соңы ертеңгі күні ұлттың әлеуметтік-демографиялық дамуына қандай шығын әкелерін есептеп шығу мүмкін бе? Онсыз да қазақылықты қолыңа шам алып іздейтін аймақта қазақ ауылын ауылдық округ мәртебесінен айырып, өзге ұлт өкілдері басым елді мекенге қосудың келешектегі шынайы салдары қандай болмақ?
Жақында редакциямызға Баян ауылды кезінде он жыл басқарған, бүгінде абыз ақсақал, газетіміздің тұрақты оқырманы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Тілеген Жетеевтен тағы бір хат келіп түсті. Үшбу хатты қаз қалпында жариялағанды жөн көріп отырмыз.
Ауыл халқы жабайыланып барады
Халықаралық саяси апталық «Түркістан» газетін жазып ала бастағаныма он бес жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдардың ішінде ел ішіндегі беделі өсе түскен, республикалық ақпарат айдынында өз бағытын дұрыс тапқан, әрқашанда ақ сөйлеп, адалынан жарылатын басылымның өз оқырмандарына етене жақын болып кеткені де рас. Әсіресе, бастарынан бағы тайып, бүгінгі қоғамдық тіршіліктің өгей баласына айналған, ұшарын жел, қонарын сай білген «урбанизация» құрбандары – ауыл адамдарына жанашырлық жасап, үзілмеген үміттеріне қанат жалғап жатады.
«Баян» ауыл басына бұлт оралды» деген тақырыппен газет бетіне жарияланған көлемді мақала еліміздің теріскей өңірінің алыс түкпірінде жатқан, кешегі КСРО-ның кезінде атағы алысқа кетіп, аламанның алдын бермеген елдің бүгінгі күнгі келеңсіз тіршілігін бүкіл республика жұртшылығына жайып салған еді. Мақала авторы, кәсіби журналист Гүлбиғаш Омар қарындасымыздың қалам тербеуі де ерекше екен, баяндықтардың өткендегі ақар-шақар тіршілігін, бүгінгі күйбең сүреңсіз өмірлерін келістіре жазыпты.
Құрамында 300-ден аса шаңырағы болған ауылда, қазір 140-тай ғана аула қалыпты. Мақаланы қабырғалары қайысқандай жүрек тебіренісімен оқыған, әсіресе ел байлығын өз қолдарымен жасаған қарт адамдардың толғаныстарында шек болған жоқ. «Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығадының» кері келді.
Автор Баян ауылынан 1950-70 жылдар аралығында үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан, өте намысқой, еңбек десе жанып түсетін елгезек жандар екенін де атап өтіпті. Ең басты көңіл аударарлығы бұл ауыл өзінің ата-баба салтын сақтаған, қазақи әдет-ғұрпын ұмытпаған, қаймағы бұзылмаған таза қазақ ауылы екендігін де тайға таңба басқандай етіп, шегелей жазыпты.
Мақаланың жазылуына не себеп десек, оған да жауап бар: «Редакциямызға Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Баян ауылының бір топ азаматтарынан хат келіп түсті. Бұған дейін облыс басшылығына, жергілікті маслихат депутаттарына жазған арыз-шағымдарына жауап болмаған ауыл азаматтары араша сұрап, газетімізге үшбу сәлем жолдаған екен. 108 адам қол қойған хаттың мазмұнынан отандастардың жан айқайы анық сезіледі. Бұл ауылдың басына бұлт үйіріліп, елді мекендерді оңтайландыру саясатының нәтижесінде ауылдық округ мәртебесінен айрылғалы тұр», – делініпті көлемді мақаланың алғысөзінде.
Мақала республикаға белгілі, өздерінің депутаттық міндеттерін белсенділікпен атқарып, ел көзіне түсіп жүрген мәжілісмендер Нұртай Сабильянов, Айгүл Савельеваның дәрежесі жоғары, барлық жағынан (тұрғындар саны, орта мектептегі оқушылар саны, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жағдайы т.т.) мәртебесі биік Баян ауылындағы округті жауып, көрші орыс селосына кірме қылып қосу (Архангелкаға) дұрыс болмайтындығы жөнінен ой-пікірлерін жариялады.
Баянауылдықтар болса облыс әкімі Самат Сапарбекұлына: «Баян ауылдық округін жауып, Архангелка округіне қосу ата-баба қонысында баяғыдан отырған таза қазақ ауылын күштеп тарату болып табылады. Оған жол бере көрмеңіз. Әлі де елмен ақылдасыңыз, халыққа жанашырлық жасаңыз», – деп тікелей өтініш жазған. Өкінішке қарай, депутаттардың ой-пікірлері де, ауыл адамдарының құлдық ұрғандай жалына жазған өтініштері де жауапсыз қалды. Ауылға өзі келмесе де, жансеріктерінің біреуін жіберуге болатын еді. Бірақ облыс әкімінің «өзімбілемдігі» бәрінен де басым болып шықты. Облыс әкімінің өкімімен Баян ауылдық округі таратылды, ендігі жерде өздерін көзіне де ілмеген облыс әкіміне өкпелі ауыл жұрты алдағы келе жатқан әкімдердің сайлауына да, басқадай саяси іс-шараларға да араласпақ емес. Несі бар? Демократиялық даму жолына түскен тәуелсіз мемлекеттің халқының өз құқықтарын қалай пайдаланамын десе де еркі бар. Оған қандай да бір лауазым иесінің өкімзорлығы өтуі де дұрыстыққа жатпас.
Тағы да бір айта кетерлігі, Баян ауылы – кезінде атақтары алысқа кеткен аузы уәлі, көріпкелдігі де бар Маса халфе, Қантай бауыр, көптеген ғұламалар шыққан қасиетті де, киелі ел. Сол ғұламалардың ұрпақтарынан қарғыс алу жақсылыққа апармас. «Атаңнан бота қалғанша бата қалсын. Ботаның құны – бір-ақ жұт, батаның құны – мәңгі құт» дегенді қасиетті қарияларымыз бекер айтпаған.
Бүгінгі күні облыс әкімі деңгейіндегі шен иелеріне сын айту да оңай емес. Бұл «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегенге пара-пар. «Жаным – арымның садағасы» дейтін көне көздің бірімін. Қазіргі әкімдердің қолында тек қана үкіметтік билік емес, тосын адамның денесімен (қуыршақ фигуралармен) тасаланған коммерциялық билік те бар. Облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктердің қатар қойылған екі тағы, соған жалғасқан екі қалтасы бар деседі. Бұған мысал да жетерлік. Мысалы, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев 71 миллиард теңгенің ізіне су құйып, белгісіз жаққа қашып кеткен. Санамалай берсең мұндайлардың санына саусақ жетпейді. Миллиардтаған теңгені жұтып қойған атақты жемқор М.Әблязов, В.Храпунов, т.тағылар. Осындай асқан жалмауыздықтың басты себебі – шен иелерінің қарапайым көпшіліктің алдындағы жауапкершілікті сезінбеуі, өздерін жұрттың бәрінен ақылды санап, қалың қауыммен қоян-қолтық келіп, мақсат-мүдде бірлігін насихаттай алмауы.
Самат Сапарбекұлы Ескендіровтың облыс билігін қолына алғанына жарты жылдай ғана уақыт өтті. Алғашқыда сонау Австрия елінен 1 млн. 700 мың евроға сатып әкелінген, мұнда келгеннен кейін бес айдай тұрып шаруашылыққа 400 млн. теңге шығын әкелген 722 бас буаз сиырлардың (олардың жартысы ғана бұзаулаған) біздің жақта жоқ Шмаленберг вирусына ұшырады деп әдейі өлтіріліп, өртелуі жантүршігерлік жағдай еді. Қолда бес ай тұрған малдың бірлі-жарымының әлдебір себептермен пышаққа ілігуі де мүмкін ғой. Сондай еттен мал маңайында жүрген адамдардың дәм татқандары да бар шығар. Егер бұл іске баспасөз құралдары араласса, мәселе араның ұясындай дуылдар еді. Бірақ бұл күмәнді істі жария етуге уақытында тосқауыл қойылды. Жергілікті билік иелерінің айтуынша, бұл келеңсіз іске кінәлі Австрия жағы екен. Бұл қорытындының рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір қызметін жаңадан бастаған облыс әкімі сүттен ақ, судан таза.
Самат Сапарбекұлының екінші қолға алған күрделі ісі – онсыз да құрып бітуге айналған елді мекендерді оңтайландыру, селолық, ауылдық округтарды қысқарту болды. Бұл арада тұрғын халықтың басқа жаққа үдере көшуі жөнінен Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан бойынша көштің алдында екенін айта кету жөн. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде шағын ғана Жамбыл ауданының көлемінде 53 мыңдай халық тұрған екен. Биылғы жылдың басында бұл көрсеткіш 23 мыңға дейін төмендеді. Көшелердегі көшіп кеткен үйлердің орынындағы төмпешіктер көбейіп, күтімсіз қалған шағын ауылдар есептен шығарылып, иесіз иттердің думанды мекеніне айналғаны жасыратын нәрсе емес.
Жаңа әкім өзінің пәрменімен аудан көлеміндегі жеті бірдей шағын ауылды таратты. Бірақ, облыс әкімінің шешімі күшіне енгенімен, есептен шығарылған ауылдар сол орындарында. Ол жерлерде көштен қалып, санда да, санада да жоқ, жабайыланған кәрі-құртаңдар тұрып жатыр. «Таратылған» ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары үшін ешкім жауап бермейді. Өйткені әкім-қаралар ондай жауапкершілікті өз мойындарынан сыпырып тастаған. «Елдері жабылған жабайыларда біздің жұмысымыз жоқ» деген сыңай танытады.
Шағын ауылдар жөнінен Елбасымыз Н.Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлер Кеңесінде: «Шағын ауылдар жөніндегі мәселелерді асықпай сараптап, бір-екі күнде емес, осы жылдардың ішінде Қазақстан ауылдарын көтерудің қамын ойлап, бағдарлама жасау керек. Ондағы жұртты көшіріп, балаларды мүмкіндік бар жерде дұрыстап оқыту керек» деген еді. Бұл 2013 жылдың сәуір айында ғана болған әңгіме. Осы жиыннан келе салып ешқандай сараптамасыз, ел тұрғындарымен келісіп алмай, ауыл адамдарының келешек-болашағын болжарлық бағдарлама жасамай, қойға шапқан қасқырдай елдегі қалыпты тіршіліктің ойранын шығаруы, облыс әкімі Самат Сапарбекұлының, жеңілдетіп айтқанда, асығыстығы. Әкімнің өкімі бойынша «жабылған» ауылдардың тұрғындары қайда барулары керек? Бұған заңдылық жағынан қандай баға берілер екен?
Есепте жоқ, жабылған ауылдардан шығып кетіп, қыстың қақаған боранында адасып өлген адамдар туралы баспасөз бетінде жазылып жүр. Мысалы, биыл наурыз айында көрші ауылға жаяу шыққан 72 жасар Қасенов Жұматайдың мәйіті бір айдан соң қар астынан табылды. Бұған кім кінәлі? Келешекте мұндай жағдайлардың жиілеп кетуі әбден мүмкін.
Облыс әкімінің өкімімен Жамбыл ауданы бойынша үш ауылдық округ (соның ішінде Баян ауылдық округі бар) жабылды. Яғни, әр округке енетін ауылдардың саны өсті. Ауыларалық жолдардың жоқтығынан округ орталығына қатынау қияметке айналды. Оның үстіне, ауыл саны азайған сайын ауылдардағы дәрігерлердің жұмыс ауқымы ұлғайды. Мысалы, екі ауылға бір дәрігер дегендей. Ауылдардың ара қашықтығы 12-15 шақырым. Жолсыз жермен науқас адамдарға уақытында барып келу де қияметтің қыл көпірінен өтумен бірдей. Қысқасы, ауылдарды оңтайландыру, округтарды жабу ауылдағы онсыз да күрделі тіршілікті одан әрі қиындату болып табылды.
Енді бір баса назар аударатын мәселе, билік иелерінің округтардағы жүргізіп жатқан «жаңашылдықтары» жергілікті халықтың, ауыл тұрғындарының келісімінсіз, көпшіліктің ой-пікірінсіз, баяғыдай жуан жұдырықтың күшімен тындырылуда.
Облыс әкімінің тағы бір аз уақыттың ішінде көрініп қалған қыры, аудан әкімдерін жиі-жиі ауыстыра беруі. Біздің Жамбыл ауданында өткен жарты жылдың ішінде төртінші әкім ауыстырылды. Алдымен Серік Ыбыраев, содан кейін Владимир Балахонцов, одан Саят Әшімов, енді қазір Орал Қаппасов. Бір ғажабы, аудандық маслихаттың депутаттары аузына не түссе, соны жұта беретін мешкейлер сияқты. Қандай әкім келсе де, оған ойланбастан жүз пайыз дауыс береді. Бұл – осы аймақтағы демократияның шырқау шегі ме деп қаласың.
Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы аудан әкімдері мен биік лауазым иелері түгел жаңаланды. Білетіндер солардың бәрі де облыс әкімі Самат Ескендіровтің өзі таңдаған командасы деседі.
Дегенмен де, біздің айтпағымыз басқа: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, жергілікті халықтың, әсіресе, ата-баба қонысын қимайтын қазақтардың қасиетті туған жерлерінен басы ауған жақтарына үдере көшуіне не себеп? Ұлы Отан соғысының қырғыны кезінде, баяғыдағы ата жауымыз құба қалмақтың шапқыны кезінде туған жер үшін жанын пида еткен батыр халқымыздың ыдырай көшуін қалай түсінуге болады? Қайткенмен де, бұл тарихи құбылыс келешекте лайықты бағасын алар деп ойлаймыз.
Әзірге, шағын ғана Жамбыл ауданынан тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде 30 мың адам көшіп кетті. Бұған дейін көшіп кету үй иесінің өз еркі болса, енді жабайы тіршілік жасап жатқандарға қысым жасау арқылы зорлап кетіру сыңайы байқалады.
Ауылдарда қолынан іс келетін білімді мамандар тапшылық етуде. Ауыл, округ бойынша әкімдікке балама кандидаттар ұсыну көзбояушылық деңгейіне жеткізілген. Өйткені елге, жерге жаны ашитын есті азаматтар жоқтың қасы.
Елге ел болар маслихат депутаттарының «белсенділігі» жоғарыдағыдай.
Ауыл ауыл емес, «ауғанстан» болғаны қашан!
Ал, жағымпаздар мен шындықтың бетін көбік сөзбен бүркеушілер «Ауыл гүлденіп келе жатыр» деулерін қоймайды.
Тілеген ЖЕТЕЕВ,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Жамбыл ауданы
Сөз соңы
Соңғы күндері редакцияға жеткен, Баян ауылының 131 азаматы қол қойған тағы бір хат бар. Онда ауыл азаматтары ауылдық округты Арангелкаға қосуға қатысты шешім қабылдауда облыс басшылығы жергілікті тұрғындардың пікірімен санаспай отырғанын ашық айтады:
«Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданының әкімі С.Қ.Әшімов мырзаның біздің ауылдасымыз Т.Жетеевке берген жауабында: «2013 жылдың 27 наурызында аудан әкімінің қатысуымен тұрғындардың жалпы жиналысы өткізілді. Онда Баянауыл және Архангелка селоларын қосатындығы, әкімшілік орталығы Архангелка селосының болатыны туралы мәселе көтерілді және бұл мәселе тұрғындардың келісімімен шешілді» делінген.
Мәселенің шындығы олай емес.
Дәл сол күні Баян ауылында екі бірдей қайғылы қаза болып, елдің ересектері мен баскөтерерлері, ел тағдырына байланысты шешімді сөз айтатындардың бәрі қазалы үйлерде болып, өлгендерді жөнелтудің жабдығымен айналысты. Сондықтан да елдің көпшілігінің жиналысқа баратын жағдайлары болмады.
Осы жағдайды біле тұрып, арнайы бір мақсатпен келген аудан әкімі ауылдағы мектептің шамалы мұғалімдерімен, басқадай шаруашылық адамдарымен жиналыс өткізіп, өздеріне керек шешімді қабылдатады. Жиналғандардың ел болашағына байланысты ондай шешім қабылдауға біліктері де, құқықтары да жетпейтін еді.
Бұл аудан әкімі С.Әшімовтің көзбояушылыққа салынып, қулықпен жасалған ісі деп білеміз осы үшін қолымызды қоямыз!».
(131 адам қол қойған).