Коасано Такаюки, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық ұйымының жетекшісі: Семей жүрегімнің түкпірінде тұрады

Коасано Такаюки, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық ұйымының жетекшісі: Семей жүрегімнің түкпірінде тұрады

Коасано Такаюки, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық ұйымының жетекшісі: Семей жүрегімнің түкпірінде тұрады
ашық дереккөзі
234

Бүгінде әлемге бейбітшілік шаһары ретінде танылған Жапонияның Хирошима қаласының көрікті көрінісіне қарап отырып 1945 жылдың 6 тамызында ядролық қару қылтиған шөбін де қалдырмай, тып-типыл еткендігіне сену мүмкін емес сияқты. Хирошиманың  жасыл желекті бақтарын аралап, кең даңғылдарымен  саумал ауасын жұтып серуендеп, заманауи зәулім ғимараттарына сүйсініп келе жатып, Бейбітшілік мұражайына кіргенде көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Жермен жексен болған қала макеті, радиациядан зардап шеккендердің суреттері мен заттары, қайғылы көріністер көңіліңе мұң ұялатады. Алапат жарылыстан топырағына дейін күйіп кеткен Хирошима жеріне жапондар жиырма жылдың ішінде сәулетті қала салды. «Енді бұл жерге ешқашан өсімдік шықпайды» деген ғалымдардың пікіріне қарамастан аз уақытта табиғаты тамаша өлкеге айналдырды. Бейбітшілік символына айналған Хирошимада туып-өсіп, бүгінде «атом қаруынсыз әлем» ұранымен халықтар достығы мен бірлікті насихаттап жүрген азамат,  Хирошима-Семей қалаларына қатысты жобалардың авторы, Халықаралық ынтымақтастық ұйымының жетекшісі Коасано Такаюкимен әңгімелескен едік.

– Коасано сан, Хирошима тағдырындағы қасіретті кезеңді еске алу қаншалықты қиын болса, ол туралы айтудың өзі жүрекке ауыр екені рас. Шындық өлмейді, ақиқат өшпейді. 1945 жылдың 6 тамызында командир Пол Тиббетстің бұйрығымен Хирошимаға 13-18 килотон тротилдық «Little boy» бомбасы тасталды. 9 тамызда пилот Чарлз Суини «Fat Man» атом бомбасын Нагасакиге тастады. Нәтижесінде 200 мыңнан астам халық қырылды. Бүкіл деректері Бейбітшілік мұражайында сақталған сол зұлматтың тарихына біраз тоқталсаңыз. 

— Ол туралы айту кімге де болса ауыр тиері рас. Бірақ тарих парақтарын ешкім жыртып тастай алмайды. Ондағы жазуларды өшіруге де ешкімнің құқы жоқ. Қасірет қайталанбасын деген тілек әркімнің-ақ жүрегінде бар. Бомба тасталғанда бірнеше минут ішінде эпицентрден 800 метр қашықтағы халықтың 90 пайызы мерт болды. Хирошима шаһарының ортасындағы кісілердің денесі бірден көмірге айналған. Жарылыстың жойқындығы сонша, әуеде ұшқан құстарға дейін өртеніп кеткен. Эпицентрден 2 шақырым жердегі қағазға дейін жанған. Ең мығым деген бірді-екілі ғимарат болмаса, қалған үйлердің бәрі тып-типыл болған. Жарылыс нәтижесінде шыққан сәуленің күштілігі сонша, 19 шақырым қашықтықтағы мекемелердің терезелері қираған. Жарылыс толқынынан шыққан жалын қаланы тұтас өртке орап, аз ғана минуттарда қашып шыққандар болмаса, тұрғындар сол жерде-ақ мерт болды. Бірнеше күн өткенде басқа қалалардан келген дәрігерлер тірі қалған азын-аулақ адамды емдей бастады. Алайда радиация бұл адамдарға мәңгілік сырқат сыйлаған еді. Олардың біразы бірнеше апта ішінде көз жұмса, тірі қалғандары өмірінің соңына дейін жазылмайтын ауру болып қалды. 2009 жылғы санақ бойынша Жапонияда 235 мың хибакушя (Хирошима мен Нагасакидегі жарылыстан зардап шеккендер) бар екен. Олардың арасында радиациядан зардап шеккен әйелдерден туған балалар да бар. 2009 жылғы санақ бойынша радиация әсерінен көз жұмғандар 413 мың адамды құрайды. Ол уақытта дүниежүзінде радиактивті ластану туралы әңгіме болмайтын. Өйткені қоршаған ортаның ластануы деген ұғымның өзі жоқ еді. Жарылыс болған екі шаһарды Жапония Үкіметі жауып тастамады. Жыбырлаған жәндігіне дейін жойылған жерге жаңадан шаһар салды. Жасыл желекке орады. Хирошима да, Нагасаки де танымастай келбетке ие болды. Хирошимадағы атом бомбасы жарылған соң қоршаған ортаға нақты қандай зияны тигенін тәптіштеп айту қиын. Бірақ сол жарылыстан соң мүгедек боп қалған, баласы ауру боп туған адамдар аз емес. Олар әлі де өмір сүруде.

–Хирошимада 1945 жылғы жойқын жарылыстан соң бірді-екілі ғимарат қана қалды. Бүгінде ЮНЕСКО тізіміне алынып, маңызды тарихи архитектуралық ғимарат ретінде сақталған құрылыстар туралы айтсаңыз.

– Жапонияда жер сілкінісі жиі болатындықтан құрылыстың сейсмикалық беріктігі жоғары болуына мән беріледі. Хирошимада жарылыстан соң қаңқасы болса да сау қалғандар сол сейсмикалық тұрғыдан мығым етіп салынған ғимараттар. Жарылыс орталығына жақын болса да бұл ғимараттардың каркасы бұзылмай қалған. Бүгінде Гэнбакудому деген атпен танымал кірпіштен салынған Хирошиманың өндірістік палатасының ғимараты жарылыс орталығынан 160 метр жерде орналасқан болатын. Хирошиманы қайта салу кезінде Гэнбакудомудың қалған қаңқасын құлатып, орнына жаңа мекеме салу туралы ұсыныстар көп болғанына қарамастан ел басшылығы жүрекке жара салған тарихи оқиғаның куәсі ретінде нысанды орнында қалдыруды жөн деп біледі. Бүгінде Гэнбакудому Хирошиманың ең белгілі тарихи экспонаты. 1996 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік маңызы бар мұраларының санатына қосылды.

– ХІХ ғасырда Жапонияның Еуропаға ашылған қақпасы болған Нагасаки қаласы да атом бомбасының астында қалды емес пе?

 – Бомба тасталғанға дейін Нагасаки Жапонияның маңызы зор өндірістік қаласы болатын. 1945 жылдың 1 тамызында қаланың оңтүстік батысына бірнеше бомба тасталды. Бомбаның бірі Мицубиши зауытына бағытталған. 1 тамызда мектеп оқушылары шаһардан шығарылып, басқа ауылдарға көшірілді. Жарылыс болған уақытта қалада 200 мың адам тұрған екен. 9 тамызда жергілікті уақыт бойынша 11:02-де күші 21 килотонна болатын жарылыс болды. Тарихи деректерге қарағанда, бомба тастайтын ұшақтың техникалық ақаулықтарына байланысты бомба тек Мицубиши зауытына түскен. Егер қаланың тұрғындары көп орналасқан оңтүстігіне таман тасалғанда Хирошима сияқты тып-типыл болатын еді. Нагасакидегі атом жарылысының күші Хирошимаға қарағанда зор болғанмен жарылыс әсері бәсеңдеу деседі. Оған негіз болған фактордың бірі Нагасакидің географиялық орналасу ерекшелігі. Өзіңіз білесіз, бұл қала жоталар мен төбелердің үстіне салынған. Қатпар-қатпар жоталар шаһарды толық жойылып кетуден аз да болса сақтап қалыпты. Көзімен көргендердің айтуы бойынша, жарылыс толқыны күшті жел түрінде балаларды ұшырып әкеткен. Атом жарылысы Нагасакидің 110 шаршы шақырым аумағын қамтыған. Оның ішінде 22 шаршы шақырымы теңіз аймағы болып табылады. Нагасаки префектурасының есебі бойынша, жарылыс эпицентрінен 1 шақырым қашықтық аумақтағы жан-жануарлар бірден өліп кеткен. 2 шақырым радиуста орналасқан үйлердің барлығы дерлік қираған. 3 шақырым жердегі құрғақ заттар, қағаздарға дейін өртенген. Нагасакидегі жалпы саны 52 мың ғимараттың 14 мыңы қираса, 5 400 үйдің қаңқасы ғана қалыпты. Бомба түскеннен кейін шаһардың әр жерінде өрт болған деседі. 1945 жылдың соңына дейін Нагасакидегі жарылыс салдарынан 60-80 мың адам көз жұмса, 1960 жылға дейін 140 мың адам мерт болған. Яғни, жарылыстың ұзақ кезеңдік зарарын халық көрді деген сөз.

–«Мұндай зұлмат қай­та­ланбасын» деген тілектен туған сіздің идеяңыз «Канвас» деп аталатын халықаралық ұйымды құруға негіз болды. Ұйым осы уақытқа дейін көптеген жобаларды жүзеге асырды. Ұйымның бағыт-бағдары жайында әңгімелесеңіз.

– Өзім Хирошима қаласында туып-өскен соң, атом бомбасының зардабын көргендердің тағдыры көз алдымызда өтіп жатты. Адамзатты жоюға бағытталған жарылыс­тар туралы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ білдік. Әлемде ешқандай жарылыс болмаса екен, мәңгілік бейбітшілік орнаса деген тілек бала күннен көкейімізде ұялады. 1998 жылы Хирошима университеті халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде түрлі халықтардың өмірі мен мәдениеті қызықтырды. Шет елдік студенттермен араласа бастадық. Университеттің халықаралық клубтарына мүше бола жүріп, басқа мемлекеттердің тыныс-тіршілігімен таныстық. 2001 жылы Үкіметтік емес ұйым тарапынан жасалған Хирошима-Семей жобасына қатысу мүмкіндігі туды. Сол жылы тамыз айында мемлекеттік емес ұйым мүшелері Қазақстанға барып, Кеңес Одағы тұсында 450-ден астам сынақ жасап, 1500000 адам зардап шеккен бұрынғы полигон болған жерде денсаулығына зор нұқсан келген жандардың әлі де туылып, тұрып жатқанына куә болдық. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң халықаралық ынтымақтастық ұйымын құрдық. Қазір Токиодағы IT компаниясында қызмет істесем де Хирошима мен Семей жүрегімнің бір бұрышында тұрады. 

– КСРО-да тұңғыш атом бомбасы жарылған Семейге жоба барысымен жиі барасыз ба?

– Атом бомбасының зардабын шеккен Хирошима мен полигонның сынақ алаңына айналған Семейдің әлемге тастаған ұраны бір: «Ядро­лық сынақсыз әлем құру». Хирошима мен Нагасакидің әкімшілігі мен түрлі ұйымдары бұл мәселеде көптеген істер атқаруда. Қазақстанға келер болсақ, баршаға белгілі «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері, ел басшылығы ядролық сынақсыз әлем құруда Орта Азиялық деңгейде бастамашы болып, көптеген игі істерге мұрындық болуда. Қазір әлемде көптеген қарудың түрлері жасалды, жасалып та жатыр. Алайда адамзатты жоюдан басқа функциясы жоқ, ұрпаққа үрей әкелетін қарудың қандай түріне болсын қарсы екені белгілі. Адам баласы тыныштықты қалайды. Бейбітшілікті насихаттауға арналған көптеген халықаралық ұйымдар бар. «Канвас» халықаралық ұйымының мақсаты да бейбітшілік жолында әлем халықтарының ынтымақтастығын нығайту, Қазақстан мен Жапонияның достығын арттыру. Ұйым мүшелері негізінен жастар болғандықтан «қарусыз бейбіт әлем» идеясын ту етіп, бірлесе жұмыстар атқаруда. Біз жыл сайын тамыз айында коференция, симпозиум, телекөпірлер өткіземіз, «Невада Семей» қозғалысымен бірге форумдар ұйымдастырамыз. Қазір екі елдің ядролық сынаққа қатысты тағдыр талайын баяндайтын вебсайт жасауды жоспарлап отырмыз, бұдан басқа да істерді халықаралық деңгейде атқару үстіндеміз. Өз басым Семейге 2001 жылдан бері бес-алты рет қана бардым. Алғаш жолым түскенде тоғыз күн жүрген едім. Бірінші әсерім — жасыл желекке оранған көркем қала екен. Ауасы мөлдір, атмосферасы жанға жайлы шаһар. Жалпы мен Қазақстанды, қазақ елін жақсы көремін. Әсіресе, тау-даласының табиғаты ерекше ғой. Семейден шығып, алыс ауылға да сапар шектік. Мен ауыл сыртына шығып, көкжиекке көз тастадым. Жапонияда қайда қарасаң да теңізді көресің, кең далада тұрып көжиекке қарау расында көкірегіңе ерекше сезім ұялатады. Шегі мен шетіне көз жетпес кең даланы алғаш көруім еді. Ол кезде студентпін ғой, көкжиекке қарап тұрып, «Қазақстан расында алып мемлекет екен» деп ойладым. Содан соң маған ұнағаны, қазақтың ет тағамдары, шынымен де ерекше дәмді ғой. Әдетте шет елдіктерге майлы ет тосын боп көрінеді. Ұлттық тағам қазақша еттің дәмін татқанда көшпелі халықтың тарихы көз алдыма келгендей әсерде болдым. Қазақтың ұлттық мәдениетіне, оның ішінде ұлттық тағамдарына ерекше құндылық деп қарау керек.

– Семей полигоны туралы алғаш қайдан естідіңіз?

– Студент кезімде алғаш Шимодзаки Суемицуден естідім. Ол кісі маған Қазақстан туралы, Семей полигонының салдары жайында көптеген мағлұматтар беріп, идеяларымен бөлісті. Біз бүгінде сол кісінің бастамаларын жалғастырудамыз. Ол уақытта Шимодзаки 450-ден астам сынақ жасалған қазақ жері туралы айтқанда қатты тебі­рендім. Бейбітшілікті нығайтуға, мемлекетаралық достықты дамытуға өзіндік үлес қоссам ғой деген ой туды. Қазақстанға барғанда Атом көлін, Шаған өзенін көрдік. Төңірегіндегі ауыл-аймақты араладық. Полигон зардабын көрген халықпен жүздестік. Сол кезде мен Қазақстан деген кең байтақ жері бар мемлекеттің басына бұдан былай зұлмат жағдай төнбесін, қазақ даласында азапты тағдырлар қайталанбасын деп тіледім. Атом бомбасы, полигон туралы көлгірсіген көп сөздің қажеті жоқ. Қияметті басынан өткергендердің жасы ұлғайды. Ендігі жерде әрбір туылған ұрпақ тек бейбітшілікке қызмет етуі керек және бұл үрдісті келешек ұрпақтардың жалғастыруын ойлауымыз қажет. Сондықтан біз адамзатқа қарсы бағытталған қару түрлерінің болмауын қалаймыз, тек бейбітшілікті нығайту жолында еңбек етеміз. 

– Жапонияда атом қаруына қарсы, бейбітшілікті қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асыратын басқа да халықаралық ұйымдар бар ма?

– Бұл саладағы халықаралық ұйымдар көп дей алмаймын. Студенттердің, оқушылардың басын қосатын шағын топ, клубтар Жапонияның әр өңірінде бар. Халықаралық деңгейдегі ұйым тек Хирошимада ғана. Жапония мен Филлппин елін байланыстыратын жастардан құралған волонтерлік топ бар. Бірақ оның фунциясы басқа. Халықаралық ынтымақтастық ұйымын құру идеясы оқушы кезімнен көкейімде жүрген. 1990 жылдары әлем жаһандану деген үрдіске ілесіп, мемлекеттер арасындағы экономикалық, саяси байланыс нығая бастады. Ол уақытта Хирошима-Семей жобасының жетекшісі Шимодзаки Суемицу болатын. Ол кісі 2004 жылы дүниеден озғанша көптеген мемлекеттердің жастары бір ұйым аясында бірігуі үшін еңбек етті. 1994 жылы Хирошима қаласында Азия саммиті өткен кезде осы жобаны жасау идеясы қолға алынып, 1998 жылы «Хирошима-Семей» құрылды. Шимодзаки сан басқа да хирошималықтармен бірге аталмыш ұйымның негізін қалап, оның жұмысын ілгерілетті. Бұл жоба аясында Семейге жоғары санатты дәрігерлер тобы жіберілді. Хирошимадағы Санйоуджогакуенкоутоубу жеке меншік мектебіне шет елдің полигоннан зардап шеккен аймақтарының оқушылары шақырылды. Бұл мектепте Семейдің 20 баласы тәлім алды. 

– Жақында Жапонияда өткен халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзіңіз «Чюгокушинбун» газетіне жарияланды. Осы жиында көтерілген мәселелерге тоқталсаңыз…

– Атом қаруынсыз әлем тақырыбына арналған, бірнеше күнге созылған симпозиумға Жапония мен Американың халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты. Мен Семейдегі полигон зардаптары туралы баяндама жасадым. Полигон сынақтары салдарынан Қазақстанның экологиясына үлкен зардап тигенін, өзен-көлдің ластанғанын, жан-жануарлар санының кемігенін сөз еттім. Сарапшылар бұл тақырыпты халықаралық деңгейде кеңінен қарастырудың өзектілігіне тоқталды. Халықаралық ұйымдардың жобаларын жүзеге асыруға БАҚ белсенді түрде атсалысса деген пікірлер болды. 

– Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған Төлеген Мұха­метжановтың «Заман-ай» әні жапон тіліне аударылып («Джидай»), Роза Рымбаевның орындауында Жапония сахнасында сан мәрте шырқалды. Хирошима префектурасында жерұйық мекен саналатын Миядзима деп аталатын арал бар. ЮНЕСКО-ның ерекше қамқорлығына алынған аралға кім көрінген бара бермейтіні белгілі. Еліктері емін-еркін жайылып жүрген ғажап аралға аяқ басқан адам қайтқысы келмейді. Біз барған кезде еліктер жеңімізден тістеп жібермеген еді. Былтыр қазақтың сүйікті әнші қызы Роза Рымбаева Миядзимаға барды деген хабарды жапон БАҚ-нан естідік. Миядзима қазақ әншісін қалай қарсы алды?

– Дүниежүзінде еліктері алаңсыз жайылып жүрген екі-ақ мекен бар. Екеуі де Жапонияда. Бірі Нара шаһары болса, екіншісі Хирошима префектурасындағы Миядзима аралы. Қазақ пен жапонның жүрегін тебіренткен «Заман-ай» әнінің орындаушысы Роза Рымбаева Миядзимаға арнайы шақырылды. Біз әншіні Хирошима қаласында қарсы алып, орталықтан электр пойызға мініп, жағалауға келдік. Аралға кеме он минутта жеткізді. Кемеден түскенде әншіні, ұлы Мәди мен сіңлісін Миядзиманың еліктері қоршап алды. Жұрт бірден суретке түсіре бастады. ЮНЕСКО қарамағына алған Уцукушимаджинджя сарайы, қолөнер шеберлерінің ұстаханасы, ежелгі жапон өнер бұйымдары қойылған дүкен сөрелерінің жанынан өтіп, Хирошима ғана емес, Жапонияның символына айналған алып қызыл Тории қақпасына таяу барып, суретке түстік. Содан соң Миядзима тарихи мұражайына кірдік. Түскі астан соң Роза баласымен Миядзиманың океанариуміне шақырылды. Қайтарда суда жүретін автобусқа мініп Хирошиманың Хонкава өзенімен саяхаттадық. Яғни суда жүретін автобусқа Миядзима аралынан отырып, ішкі Жапон теңізімен жүзіп отырып, Хонкава өзеніне жеттік. Одан соң осы өзенмен жүзіп отырып, Гэнбакудому тарихи ескерткішінің жанынан ағып өтетін Мотоясугава өзенінің көпірінен түстік. Әншінің Хирошимаға келуі тұрғындарға үлкен қуаныш сыйлады. Бұл даңқты әншінің өміріндегі ең қызықты саяхаттың бірі болды-ау деймін. Жалпы, Роза Рымбаеваның Жапониядағы концерттеріне жұрт көп жиналады. Күншығыс еліне танымал десем өтірік емес.

– Қазақстанның бүгінгі даму үрдісін қалай бағалайсыз?

Мен Астана қаласына бармасам да суреттерден оның келбетін көріп, тәнті болған жайым бар. Болашақта арнайы барып қайтсам деген ойым бар. Бәйтерек мұнарасы тәрізді ұлт символына айналған сәулет туындылары шаһардың ажарына ажар қосып, Қазақстанның өркендеп келе жатқанын дәлелдеуде. Оның үстіне Астананың о бастағы жос­парына жапон архитекторы Кисо Курокаваның қатысуы көңіліңе жылылық ұялатады. Астананың дамуы Қазақстан дамуының көрсеткіші деп білемін. Осы орайда қазақтың алыс ауылдарының келбеті де көз алдыға келеді. Арадағы алшақтық байқалмай қоймайды. Дегенмен болашақта Қазақстан осы жолмен қарқынды дамыса, ауылдық округтер де жақсы жағына қарай өзгеретініне сенемін. Сол кезде Астана Қазақстан туында бейнеленген Күн сияқты қазақ жерін шуаққа бөлейді деген ойдамын.

Әңгімелескен Шарафат Жылқыбаева

Алматы – Хирошима – Алматы 

Серіктес жаңалықтары