У ІШКЕНДІ СУ ІШКЕНДЕР ДЕЙДІ

У ІШКЕНДІ СУ ІШКЕНДЕР ДЕЙДІ

У  ІШКЕНДІ  СУ ІШКЕНДЕР ДЕЙДІ
ашық дереккөзі
379

«Түркістан» газетінің үстіміздегі жылдың 26-28 нөмірлерінде жарияланған кәсіби журналист Нәзия Жоямергенқызының «Байқоңырдың басына бұлт үйірілді», «Киелі даланы күйдірген гептил» мақалаларын оқып шыққанымда, сол жүздеген тонна улы зат өз үстіме құйылғандай әсер алдым. Бойымды шарасыздық пен әлсіздік билеп, «маңдайының соры мен бейнеті арылмаған неткен жансебіл халық едік?» деп іштей күйзеліске түстім. 

Гептил дегеніміз – У. Ол тіршілік біткеннің бәріне қатер төндіреді. Қазақ даласына құлаған «Протон-М» зымыран тасығышынан 600 тонна жанар-жағар май «бұлт болып үйіріліп, соңында топыраққа сіңіпті». Бұл жөнінен Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш: «Протонның» құлауын жалғыз ауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құлауын осы елге жасалған химиялық шабуыл ретінде, қарастыруға болады», – деп бағалапты.

Гептилге анықтама берген тағы да бір ресейлік маман, химия ғылымының докторы Лев Федоров: «Бүйректің гептилмен зақымдануының қауіптілігі сол, бірден анықталмайтын, ұзақ уақыт байқатпай асқынатын дерт. Ол онкологиялық дертке себеп болады», – дейді. «Байқоңырды» 2050 жылға дейін алған Ресей жағы апатқа орай бірден екі бірдей комиссия құрып, өздерін ақтап алудың амалдарын жасап жатса, «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың «бұл апат емес, Ресейдің ішкі жұмысы», «Үкіметтік комиссия құрудың қажеті жоқ. Ресей мұны қаламай отыр», – деп Ресейдің ығына жығылуы тіпті де түсініксіз. Уланып жатқан қазақ жері, оның зиянын көретін қазақ елі. Бұл қалай Ресейдің ішкі жұмысы болады?

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бектас Мұхамеджанов Бай­қоңыр ғарыш аймағының аумағында гептилдің көлемі мөлшер­ден ас­пағанын, ғарыш айлағына жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының денсаулықтарына ешқандай зиян келмегенін ресми түрде мәлімдейді.

Тағы да бір шенеунік – Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Еркін Шаймағанбетов: «Біз­дің мәліметтер бойынша, пайда болған шұқырдың ортасында геп­тилдің концентрациясының шекті деңгейінен 527 есеге, ал қоршау нүктесінен 10 метр жерде 395 есеге асып отыр», – дейді («Түркістан», №28).

 Ресей өкілдерінің өздері шындыққа аз да болса ишара білдіріп тұрғанда, Қазақстан билік өкілдерінің халықтың у жұтып жатқанына салғырттықпен қарап, ештеңе бүлінген жоқ деулері көп нәрсені аңғартса керек. Елдің ертеңін ойлар адам болса, жасалып жатқан қиянат үшін жанартаудай болып жарылар еді. Біздің билік тым болмаса «Бұларың не?» деп қабақ та шыта алмады.

Аса сәуегейлік танытпай-ақ, мәселені қарапайым түсінік-түйсік деңгейінен бағаласақ, Қазақстанның ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуін таппаған, есігін ешкім ашпаған келеңсіздіктер жеткілікті. Қазақ жеріндегі Ресейдің сынақ алаңдары, яғни, полигондары жойылмай, көрші мемлекеттің әлімжеттігі тоқталмақ емес. 

Ресейге берілген сынақ алаңының көлемі 10 млн. гектарға тең қазақ жері екен. Оның ішінде Сарышаған, «Капустин Яр» полигондарының жер көлемі ұлан-байтақ. Сол 10 млн. гектар жерді Ресей қалай пайдаланамын десе де өз еркі, оған ешқандай тиянақты бақылау жоқ. Өйткені ол «Ресейдің ішкі шаруасы». 

2 шілде күнгі апат қазақ жерін «Протонның» 32-рет ойрандауы екен. Билік иелерінің мән бермей, үнсіз қалуына қарағанда төбемізден қайта-қайта құлап, суымызды улап, жерімізді лайлап жатқан «Протондарға» етіміз үйреніп алған-ау дерсің 

Ресей жағы болған апаттың зиянды әсерінің бетін бүркемелеп, жердің жыртығын жамағандай, мәселені майдалап жіберуге тырысты. Ал, кезекті «Протонның» тағы да «Байқоңырдан» ұшуға дайындалып жатқанын қазақ теледидары сүйінші сұрағандай хабарлайды. Кезінде орыстың атақты ғалымы Сергей Королев ғарышты игеру мақсатында гептилді пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салыпты. Әскерилер арасында гептилді «тек дұшпандарға қарсы соғысқа пайдалану керек» деген ұғым қалыптасқан. Дәл бүгінгі күні, сақтау мерзімі өтіп кеткен гептил толы (600 тонна) «Протондардың» қазақтың қасиетті даласына тек қана зиян сеуіп жатқанын бүкіл әлем біледі. Бірақ еліне «жанашырлық» жасап, кесапаттың зияны жөнінде ақпарат құралдары тұщымды ештеңе жазбайды. Шындықтың бетін жалған жетістіктермен бүркемелеп, у ішкендерді су ішті деп жағымпаздықпен есебін түгендеуде. Ел басына күн туған осындай бір қиын сәттерде топ бастап, елге қамқорлық жасар азаматтардың көзбояушылық жасап, ел мүддесін саудалауға дейін барулары жаны таза, тәні пәк адамдарды күйзелтеді.

«Бақытты ұстап алудан, ұстап тұру қиын» дегендей қазақ қауымы елге ие боларлық нағыз патриоттық деңгейге жетпесе, бүгінгі алаулатып-жалаулатқан, шынайысынан дарақылығы басым, жемқорлықты әдетке айналдырған жасанды тірліктің келешегі бұлдыр.

Қысқасы, халқымыздың игілігі үшін күш-қайратымызды қайрап, жігерімізді танытып, елімізге рухани сілкініс әкелетін ұлттық идеология болмай, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы да екіталай. «Ел бірлігі», «Халықтар достығы» дегенді желеу етіп, басыңа у құйып жатқандарға құлдық ұра беру еліміздің бойын өсірмейді, абырой әпермейді.

Тілеген ЖЕТЕЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы, 

Жамбыл ауданы

Серіктес жаңалықтары