Бразилияның Санта-Катарина штатында тұратын Шмидттер әулеті 50 жылдан бері ағашпен жүретін 1952 жылғы Chevrolet Styleline Deluxe автокөлігін пайдаланып келеді. Бұл туралы Record TV Cabo Verde телеарнасы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ерекше көлікке газогенераторлық пеш орнатылған. Ол 1977 жылы шебер Арнольдо Шмидт пен оның ұлы Элемердің қолымен жасалған. Пештің сыйымдылығы небәрі 20 келі отын, ал сол мөлшердегі ағаш пен бұтақ 80 шақырым жол жүруге жетеді. Қажет болған жағдайда көлікте қосымша 10 литрлік бензин багы да бар.
Федералды университет инженерлері жобаны ресми түрде мақұлдап, тиісті сертификат берген. Бұл құжат көліктің жол қозғалысына заңды түрде қатысуына және техникалық байқаудан еркін өтуіне мүмкіндік береді.
Шмидттер отбасы көлікті отбасылық мұра ретінде сақтап келеді. Арнольдо 2021 жылы дүниеден озған соң, көлік қазір ұлы Элемердің иелігінде. Ол көлікті сату немесе заманауи модельге айырбастау ұсыныстарын бірнеше рет алғанымен, бас тартқан.
«Бұл тек көлік емес, бұл біздің отбасымыздың тарихы мен еңбегінің бір бөлігі», – дейді Элемер Шмидт.
Үйінде Шмидттер 40 жылдан бері сақталып келе жатқан қосалқы бөлшектер мен кузов панельдері бар – қажет болса, көлікті жөндеуге бәрі дайын.
Газогенераторлық жүйе өзі ерекше жаңалық емес: мұндай технология өткен ғасырдың 40-50 жылдарында Бразилияның ауылдық жерлерінде кең таралған. Алайда дәл осындай ретро-машинаны бүгінге дейін сақтап, жолда пайдаланып жүрген жалғыз отбасы осы – Шмидттер.