Сырттан спортшы әкелуге қарсымын

Сырттан спортшы әкелуге қарсымын

Сырттан спортшы  әкелуге қарсымын
ашық дереккөзі
287

Өз сөзінде Әлібек Нұрбайұлы облыстың алар асуы алда екенін айтып, жеңіс туының желбірей беретінін тілге тиек етті.

– Әлібек Нұрбайұлы, Ресейдің Қазан қаласында өткен Бүкіләлемдік Универсиадада оңтүстікқазақстандық спортшылар ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Қазанда Оңтүстік өрендерінің бабы мықты болды ма, жоқ әлде бағы жанды ма?

– Иә, расында Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткен универсиада шымкенттіктер үшін сәтті болды. Олай дейтінім, жерлестеріміз байрақты бәсекеде 1 алтын, 2 күміс, 7 қола медальдарды еншілеп, елге жеңіспен оралды. Жалпы, байрақты бәсекеге еліміздің атынан 169 спортшы қатысса, оның 43-і өзіміздің өңірдің тумасы екен. Бұл жолғы универсиадаға әлемнің кіл мықтылары қатысты деп айтсам, артық айтпаған болар едім. Мәселен, бір ғана Ресейдің өзінен 25-тен астам олимпиада чемпионы қатысқан. Сондықтан да «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтардың ішінде біздің спортшылардың бабы да, бағы да келісті болды.

– Өзіңізге белгілі, Лондон ойындарында облыс спортшылары бірде-бір жүлде ала алған жоқ. Ал енді Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтетін Олимпиададан біздің өрендер тағы да құр қол қайтып жүрмей ме?

– Универсиада ойындарындағы спорт түрлерінің бәрі де олимпиаданың бағдарламасында кездеседі. Ешкімге жасырын емес, Лондонда біздің еңсеміз кәдімгідей түсіп қалған болатын. Әйтсе де Лондон олимпиадасынан кейін біз жаттықтырушылардың құрамымен ақылдасып, қай жерден қателік кеткенін сарапқа салдық. Талдап-сараптаудың нәтижесінде кемшілік жіберген азаматтарды анықтап, олардың тиісті жазасын бердік. Жалпы, қандайда бір олимпиада өткеннен кейін ол тарих болып қалады. Алайда келесі олимпиадаға дайындық сол күннің ертеңінде басталады. Ашығын айтар болсам, Лондон олимпиадасында біздің жолымыз болмады. Себебі, ол кезде оңтүстік спортшылары өтпелі кезеңде тұрған болатын. Яғни көптеген спортшыларымыз спорттық карерасын аяқтап, соның салдарынан жағдайымыз нашарлап қалды. Мысалы, Лондон олимпиадасына қатысқан кезде таэквондо шебері Нұрсұлтан Мамаев небәрі 16-17 жасар бала еді. Қазіргі кезде осы өтпелі кезеңнен өттік деп нық сеніммен айта аламын. 

Ал енді универсиаданың қорытындысы бойынша талдау жасайтын болсақ, біздің спортшылардың жас екенін аңғаруға болады. Мысалы, нысана көздеуден Олеся Снегиревич, Александра Малиновская, Юля Морозова бастаған үштік 1762,85 ұпай алып, алтыннан алқа тақты. Міне, осы алтынды алуымызға бірден бір себепкер болған Олеся Снегиревич жас әрі келешегінен көп үміт күттіретін спортшы. Сондай-ақ байдарка және каноэмен жүзуден күміс жүлдені еншілеген Сергей Емельянов 18 жасар бозбала. Жас болғанына қарамастан, Сергей Емельянов ересектер арасында топ жарып, ірі жетістікке жетіп жүр. Жастар арасында әлем чемпионы атанған ол Канадада өтетін әлем чемпионатына аттанып кетті. Сондай-ақ еркін күрестен 55 келі салмақта өнер көрсеткен Бердақ Прімбаев кіл мықтылармен күресіп, қола медальді еншіледі. Алла қаласа, Прімбаевтың Азия және олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі жоғары. Қазіргі таңда ол ел құрамасы сапында оқу-жаттығу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сәтін салса балуанымыз қыркүйек айында ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысады деген жоспар бар. Сонымен қатар 66 келі салмақта күрескен Асқар Жаңбыров деген балуанымыздың жасы – 22-де. 

Ал бокстан 49 келі салмақта өнер көрсеткен Ержан Жомарттың бағы мен бабы қатар келді. Қазан Универсиадасына дейін жаттықтырушылармен бас қосқанымызда Ержанның жүлделі 3 орын алу мүмкіндігі барын бапкерлер айтқан болатын. Жаттықтырушылар сөзінде тұрып, өздерінің айтқан уәделерін орындай білді. Жалпы, білікті жаттықтырушы әлемдік аренада не болып жатқанын бағамдай отырып, өз шәкіртінің аяқ алысын анық біле алады. Ұзын сөздің қысқасы, біздің облыстың намысын қорғап жүргендердің басым бөлігі жас спортшылар болып келеді. Сондықтан да алда өтетін Азия және олимпиада ойын­дарында оңтүстік спортшылары биік белестерді бағындырады деген ниеттемін. Себебі сол кезде біздің спортшыларымыз әбден бабына келеді.

– Соңғы ойындарға қарасақ, қазақ футболының бойына қан жүрген сияқты. Мәселен, қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Белорусьтің БАТЭ-сін жеңіп, келесі ойынға жолдама алды. Өкінішке қарай, Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының басы дауға қалып, бас бапкер Тимур Иқсанов өз орнын босатты. Бұдан кейін не болмақ?

– Өздеріңіз білесіздер, «Ордабасы» футбол клубы өткен жылы облысымызда бұрын-соңды қол жеткізбеген жетістікке жетті. Яғни аталған футбол клубы тұңғыш рет ел суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ облыс тарихында алғаш рет еурододаға қатысып, оңтүстікті Батысқа паш етті. Жасыратын несі бар, жылдың басын «Ордабасы» ойдағыдай бастамады. Мәселен, қалпақпен ұрып алатын ойындарда жеңіліс тауып, жанкүйерлердің қабырғасын қайыстырды. Осыны аңғарған бұрынғы басқарма басшысы Полат Қырықбаев Виктор Пасульконы қайта шақыруға шешім қабылдады. Аталған азамат «Ордабасы» футбол клубын еліміздің суперкубогына жеткізген болатын. Байқасаңыздар, Виктор Пасулько келгелі бері «Ордабасының» ойындары ширай бастады. Ал соңғы болған жағдай кейбір азаматтардың қателігінен туындады. Сондықтан Тимур Иқсанов кінәсін мойындап, өз өтініші бойынша қызметтен кетті.

– Көпшілік қазақ футболының қарқын алуы үшін қазақ ойыншылары алаңда көп болуы керек екенін айтады. Бірақ оған құлақ асып жатқандарды көрмейміз. Жалпы өзге футбол клубтарына қарағанда «Ордабасы» клубында қазақ футболшылардың саны көп екен. Бұл туралы не айтасыз?

– Ешкімді бөле-жарайын деп отырғаным жоқ. Бірақ оңтүстікқазақстандықтардың негізгі халқы қазақ ұлты болғандықтан алаңда өзіміздің қаракөз ойыншылар ойнағаны жақсы. Бірақ тағы да қайталап айтамын, басқа футболшыларды шеттетіп, оларды алаңға мүлде шығармай қоюдан аулақ болуымыз керек. Бірақ біздің қазақ та өзге ұлт өкілдерінен еш қалыспай доп тебе алады деп ойлаймын. Өйткені қазақ халқы физиологиялық жағынан өте дұрыс қалыптасқан әлемдегі санаулы ұлттардың бірі. Мәселен, біздің ата-бабаларымыздың жекпе-жек спорт түрлерінен мықты болғанын аңғару қиын емес. Өйткені Алтай мен Атырауға созылған ұлан-байтақ қазақ даласын сақтап, бүгінгі бізге жеткізу әскери күш-қуатымыздың арқасы. Батыр бабаларымыз осы жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтаған. Осындай ерлік жасаған қазақ керек десеңіз футбол да ойнай алады. Себебі қазіргі кезде ел үкіметі футболды дамытуға айрықша назар аударып отыр. Мәселен, еліміздің әр түкпірінде көптеген спорт мектептері мен алаңдар ашылуда.  Айталық бір ғана Шымкенттің өзінде қалалық және облыстық футбол мектептеріміз бар.

– «Қазақстан Барысынан» Жұманазар Ерсұлтанов қолаға қол жеткізіп, оңтүстік жұртын бір қуантып тастады. Осы турнир төңірегіндегі дау-дамай туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі кезде «Қазақстан барысы» көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Осындай халықтық жобаны бастаған Арман Шораев сынды ағаларымызға алғыс білдіремін. Өйткені бұл азамат Қазақ күресін дәріптеп, оның имиджін көтеруде айрықша рөл атқарды. Рас, байрақты бәсекеде оңтүстік балуандарының жолы болмай, алғашқы белдесулерде жарыстан шығып қалып жүрген болатын. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Жұманазар Ерсұлтанов сынды апайтөс балуандарымыз саусақпен санарлық қана. Дзюдо, самбо, қазақ күресімен айналысқан Жұманазар кезінде жақсы күресіп, түрлі жарыстарда қанжығасы майланған болатын. Белгілі себептерге байланысты ол спортпен ерте қоштасты. Алайда арада сегіз жылдай үзілістен кейін аз ғана дайындықпен «Қазақстан барысына» қатысты. Өкінішке қарай, ол 100 пайыз дайындықпен бұл байрақты бәсекеге қатыса алған жоқ. Осының өзінде Жұманазар «Қазақстан барысының» қола жүлдесіне ие болып, оңтүстік халқын қуантты. Алдағы уақытта ерінбей еңбек етсе, бұдан да биік нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Ыстыбаевпен жақсы күрескен балуанымыз Сабыржан Әбділдәұлы да оңтүстік намысын абыроймен қорғай білді. Ал дау-дамай туралы айтар болсам, менің ойымша сол белдесуде Ыстыбаев жеңілген жоқ. Бұл арада мен Шыныкеевтің әрекетін түсіне алмадым. Өйткені нағыз балуан Шыныкеев сияқты төрешілерге қарсы шығып, жыламсырамауы керек. Сонымен қатар «Қазақстан барысында» төрешілер тарапынан да қателік кетіп отыр. Мысалы, залда айғай-шу шығарған қарапайым халық қазақ күресінің ережесін біле бермейді. Солай бола тұра халық шу шығарды екен деп жүлдені Шыныкеевке бере салу дұрыс емес. Менің ойымша, ақтық белдесуге Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғыманов шығуы керек еді. 

– Облыс атынан сынға түсіп жүрген ауыр атлет легионер Арли Чонтейдің күш-қайраты қалай? Оның бұған дейін бірде-бір турнирде жүлде алғанын көрген жоқпыз. Бұл жігіт туралы не айтасыз?

– Жалпы, мен шет елден легионер ойыншыларды әкелуге қарсымын. Себебі жаппай легионерге иек арту спортшыларымыздың жолын байлайды. Әрі-беріден соң 3 миллионға жуық халқы бар Оңтүстік өңірінде мықты жастар жоқ дегенге кім сенеді? Қазіргі кезде «сен тұр, мен атайын» дейтін талантты спортшыларымыз қалада да, ауылда да бар. Өкінішке қарай, біз оларды іздемей, тек шет елдің спортшыларына мән беріп отырмыз. Менің облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып тағайындалғаныма көп бола қойған жоқ. Басшы ретіндегі ең бірінші талабым, мүмкіндігінше облыс атынан легионер болмаса деймін. Бұл арада қарапайым халық менің бұл ұстанымымды дұрыс түсінер деп ойлаймын. Жалпы, мықты спортшыны тәрбиелеп шығару оңай емес. Маған халық мүмкіндік беріп, қолдап отырса, неге өзіміздің спортшыларды шыңдап шығармасқа. Мықты қазақ баласы әсіресе ауылды жерлерде көп кездеседі. Ал қыркүйек айынан бастап барлық спорт мекемелері өз жұмысын бастайды. Жоспар бойынша бір ай бойы спорт айлығын өткізіп, облысымыздағы барлық балаларды спортқа тартсақ деп отырмын. Өйткені спортқа ден қойған азамат ешқашан жамандыққа бармайды. Әрине, барлық баланың спортшы болуы міндет емес. Бірақ балаларымыздың тәрбиесі жақсы болып, елімізге көмегі тиетін мықты азамат болып өсуі тиіс. 

– Былтырғы жылды қоры­тындылаған бұрынғы басқарма басшысы  Полат Қырықбаев «біз зәулім спорт кешеніне зәруміз» деп облыс әкіміне айтып еді. Өз кезегінде Асқар Исабекұлы оған «ойланып көрейік» деп жауап берген болатын. Осы істің барысы қалай болып жатыр?

Негізі облыс әкімі Асқар Исабекұлына мың алғыс айтуымыз керек. Себебі бұған дейін облысымызда болмаған спорт нысандарының құрылыстары пайдалануға берілді. Соңғы төрт жылдың бедерінде әртүрлі спорт нысандары спортшыларға есігін айқара ашты. Сондай-ақ кезінде облыс әкімінің тікелей қадағалауымен ауыл-аймақтарда спорт алаңшалары ашылып, балалар спортқа тартылды. Өйткені дарынды спортшылардың ауылдан шығатыны екінің біріне белгілі. Ал енді облыс әкімі уәде еткеніндей,  спорт кешенін салу оңынан шешілді. Аталған нысан алдағы уақытта мықты спорт шеберлерін шыңдап, тәрбиелеп шығарады деген ниеттемін.

Әңгімелескен Гүл БЕКЗАТ

Серіктес жаңалықтары