ЕСТІГЕНІМДІ ЕМЕС, КӨРГЕНІМДІ ЖАЗАМЫН

ЕСТІГЕНІМДІ ЕМЕС, КӨРГЕНІМДІ ЖАЗАМЫН

ЕСТІГЕНІМДІ ЕМЕС,  КӨРГЕНІМДІ ЖАЗАМЫН
ашық дереккөзі

Біз де жылына бір рет ат басын бұрып тұратын осы шипажайға барған сайын жылы қабылдап, он күнгі ем-домыңды тәптіштеп түсіндіріп беретін тәжірибелі дәрігер Айтбай аға Тәсіловтің бірнеше кітаптары жарыққа шыққан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі екенін де естіген едік. Таяуда «Мейрамды мекеннің әзіл-қалжыңдары» атты кезекті бір кітабын қолымызға түсірдік. Кітап өткен жылы Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан шығыпты. 

Сөйтсек, 1974 жылы Алматы Мемлекеттік медицина инс­титутының емдеу факультетін бітіргеннен бастап осы шипажайда дәрігерлік қызмет атқарып келе жатқан дәрігер-жазушының «Сарыағаш курортында дем алу мен ем алу», «Емделушінің елу сұрағы», «Сен жүрген жер», «Табиғат-емші» атты бірнеше кітаптары өз оқырмандарын қалыптастырып та үлгеріпті. 

«…Тұрақты, өзгермейтін ғаламда ешнәрсе жоқ екеніне күн өткен сайын көзің жете түседі. Соның бір көрінісі адамның көңіл-күйі де мың құбылған уақыттың бірде мейірімді шуағын сезінсе, тағы бірде қатулы қабағымен ұшырасып жатады. Кез келген шектен шығушылықтың зияндылығындай, әлгі «қатулы қабақ» жан-дүниемізді жағалай жүріп, біртіндеп әрекетіне көшеді. Ырқына одан әрі көне берсе, жеміс бермейтін ағаштардай қаптап өсіп-өніп, «уайым» атты орманға айналары анық. Ал, сол орманның ішінде адасып қалмаудың бір амалы, көңілге сәуле түсірер, жақсы ойлардың жетегіне ілесу дейді білетіндер. У.Теккерей: «Өмір деген айна, ол әр адамның бейнесін қайыра көрсетіп отырады. Қабағыңды қарс жауып, қатыгезденсең, ол да саған солай қарайды, жайдарыланып күлсең, ол да саған мәз-мейрам болады депті»,– дейді автор өз алғысөзінде. 

Біз бүгін Денсаулық сақтау саласының үздігі, жазушы-дәрі­гер Айтбай Тәсілов мырзаның шипажайға демалуға келген қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнер, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің еріксіз езуіңе күлкі ұялатар сәттері жайлы оқырмандарды да хабардар еткіміз келеді. 

ӨР ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСЫМЫ

Жаңылмасам, 1994 жылдың мамыр айы еді. Жеңіс күнін тойлағанымызға бірер күн өткен. «РАФ» автокөлігі келіп тоқтап, ішінен полковник шенін білдіретін, иығында үлкен-үлкен үш жұлдызы бар, көкшіл түсті әскери киімдегі, беліне кездік байлаған Қасым аға Қайсенов түсті. Артынан Асыл апа да көрінді. Жандарында Асыл апаның Тараздағы сіңлісі де бар болып шықты. Ағамен саулық сұрасқан соң:

– Мен демалмаймын. Жеңгеңді алып келдім. Мына автокөлікпен Шымкентке жетіп алып, кешкісін пойызға отырып Алматыға қай­тамын, – деді. Түс мезгілі еді.

– Қасым аға, түскі асты осы жерден ішіп алып жүргеніңіз мақұл болар. Мұнда келмей кеткеніңізге де көп жыл өтті. Курорттың котлетін де сағынып қалған шығарсыз? – деп әзілдей сөйлеп, асханадағы сыйлы қонақтарға арналған бөлмеге қарай бастай бердім. 

Қасым аға жанымда келе жатып: 

– Мені білетін бе едің? – деп гүж етті. 

– Ковпакты білмегенде, қазақтың бас партизаны «Вася ағайды» білмей не болыпты. Білгенде қандай… 

Ол кезде әлі Халық қаһарманы атағы берілмеген. Жазушылығын айтпағанымнан ба: 

– Менің кітаптарымды оқығансың ба? – деді. 

– Сіздің «Жас партизанда­рыңызды», «Жау тылындағы балаңызды» мектепте жүргенде-ақ оқығанмын. Есейгенде «Днепр­де», «Партизан соқпақтары» атты кітаптарыңыз қолыма түскен. 

Асханада дәм татып отыр­ға­нымызда Жеңіс күнімен құттықтай келе, есімде қалған өз өлеңіне аздап өзгеріс енгізе тақпақтадым. 

 Демеймін қатардағы жасығысыз,

Сіз-дағы өр қазақтың Қа­сымысыз.

Тағдырдың талайынан талмай өткен,

Алтайдың алшы түскен асығысыз. 

Зерлі шапан жаба алмасам да, осылайша ағаны жақсы білетіндігімді дәлелдей түсіп, риза етіп, шығарып салуға көлігіне жақындағанымызда, қайырласып тұрып: «Апаңа қарарсың» дегенді айтты. Бұл «Өр қазақтың Қасымының» Сарыағаштан соңғы көрінуі еді… 

КОРПУСТЫ ТӨҢКЕРСЕ ДЕ…

Санаторийде күнде таңертең кезек­ші мейірбике бөлмелерді аралап, ем­делушілердің хал-ахуалын біліп тұруға міндетті. Сондай мақсатпен Л.Колтунова деген мейірбике бесінші корпустың елу тоғызыншы бөлмесіне кіреді. Бұл бөлмеге Баукең түнде келіп орналасқан екен. Мейірбике одан хабарсыз. Ағамыз төсекте шылым шегіп жатқан көрінеді. Жол жүктері де реттелмеген. Мейірбике орта жастан асқан, етжеңді, дауысы өте жіңішке әйел болатын. 

– Что это такое?– деп бөлме тұрғынын тәртіпке шақырмақшы болады. 

Бөлмеде өзінен басқа ешкім бол­мағандықтан одан кейінгі көріністі Лидия Прокофьевна былай деп есіне алған еді: 

– Жүзіне қарасам, өңі суық тартып бара жатыр. Жанындағы орындықта сүйеулі тұрған таяғына қолын соза берді. Мен де тез есімді жиып, есіктен шыға қаштым. Қорыққанға қос көрінеді ме, әлде шынымен солай болды ма, ол арасын айыра алмадым, әйтеуір таяқ есікке келіп тарс еткендей болды. Зымырап келемін. Жол жөнекей кездес­кен демалушылардың: «Тыныштық па?» – дегеніне қарамаймын. Сол күйімше жүгірген бойы бірінші корпустағы бас дәрігер Күндебек Төребекұлының кабинетінен бір-ақ шықтым. Ентігімді баса алмай, осындай да осындай деп, болған жайды айтудамын. Бас дәрігер жайбарақат: 

– 5-тің елу тоғызы ма? Мұрты бар ма? – деп өзіме қарсы сұрақ қоя бастады. 

– Ия, – деймін мен.

– Корпусты төңкеріп жіберсе де үндемеңіз. 

Мұндай жауапқа аң-таң болған маған бас дәрігер аз-кем ойланып: 

– Сіз Александр Бектің «Арпалысын» оқығансыз ба? Ол кісі сондағы комбат Момышұлы ғой, – деп түсіндіріп жатыр. Бірер сағаттан кейін 59-шы бөлмеге қорықсам да қайта бардым. Жол жүктері жиналып қалыпты. Атымды сұрап, минералды су әкеліп беруімді өтінді. Мен мұны «достасқандығымыздың» белгісі деп түсініп, қуанып кеттім. 

«МӘГИЛӘ»

1990 жыл. Ардақты ақынымыз Тұманбай Молдағалиев аға бір қазақ генералымен сөйлесіп, «Иса-ата» жотасына көз салып тұрды. Жота басындағы бейіттерді байқады білем, қазақшасы нашар генерал:

– Анда не? – деді. 

– Зират қой. 

Ол не? 

– Мола… қабір… 

 Бұдан кейін де генералдың түсінбеген сұрақты кескінін байқап, сәл үнсіз қалған Тұмаш аға күдер үзген кейіпте, терең күрсініп, жай ғана «мәгилә» деді де, бұрылып кете берді.

 « … МИ ЖОҚ» 

В.Беловтың «Привычное дело» («Үйреншікті шаруа») кітабын қазақшалау арқылы кезінде Әбілмәжін Жұмабаевтың бағалауынша «қазақ әдебиетіне тың олжа» әкелген Иген Хасанұлымен санаторийге келген күні (16.10.2006 ж.) жүздесіп қалғам. Бір жыл бұрын келемін деп телефон шалып, келмей қалған. Соған байланысты болса керек, аман-саулықтан соң бірден әзіл әңгімеге ойысты: 

…Екеу сөйлесіп отырады. Бірі: 

Биыл да Жапонияға барғым келеді, –дейді қиялданып. 

– Онда былтыр да барған боларсыз? – дейді екіншісі. 

 Сонда біріншісі: 

– Жоқ. Былтыр да барғым келген, – деп дүңк етіп, кейістік білдірген екен. Былтыр да келгіміз келгенімен, реті биыл келді, – дегеніне қабағымыздың жадырағанын байқаған Иекең уақытымның бар, жоғынан құлақтанған соң әңгімесін әр қарай жалғастырды: 

– Шіркін, табан астынан әзіл әң­гіме шығарудың шебері Қалтай аға (Мұхамеджанов) еді ғой. Қалағаның үш томдығына редакторлық етіп, шамалы өзімен араласқан кезім болған. Шығармаларында кейбір әріптестеріне «қаттылау» кеткен жерін байқап қалсам телефонмен «…ертең бәріміз де өтіп кетеміз. Онда «қаттылау» күйінде қалып қояды. Қазір «жұмсартуға» жағдай туып тұр» дегеніме шамалы үнсіздіктен кейін: «Мейлің… жұмсартсаң жұмсарта сал,–деуші еді. 

Бір жолы Қалтай аға көшеде та­йып құлап түсіп, басын соғып алған ғой. Өтіп бара жатқан адамдар жиылып, шақыртылған жедел жәрдем де келе қалып, «миы шайқалған» деп ауруханаға ала жөнеледі. Аурухананың қабылдау бөліміндегі дәрігерлерге Қалағаң:

– Қайдағы шайқалған ми. Менде ми жоқ, – деп бет бақтырмапты. Сол жерден үйіне телефон шалып, зайыбына: 

– Әй, Фаридаш-ау, сен ылғи «миың жоқ» деуші ең, мыналар «миың бар, бірақ шайқалған» деп жатыр. Бұл қалай? – деген екен жарықтық. 

Қалағаңа байланысты тағы бір жәйтті еске алмақ болып еді, есік жақта отырған Рыс жеңгей ванна қабылдау уақытының болып қалғанын ескерткен соң, «қалғанын кейін…» деген қаламгер. 

«Кейіні» бір жылға созылды. 

Дәлірегі 2007 жылдың 7 қарашасында жанында «Атамұра» баспа корпорациясының бас редакторы Әділхан Пірман бар, қолында «Қалтайдың қалжыңдары» атты кітап бар Иген ағамен тағы да менің кабинетімде отырдық. Осы кезде есіктен басын қылтитқан медбике біреудің «жүрегі қысылып қалғанын» жеткізді. Мен кешірім сұрап, шығып кетіп, он минөттен кейін қайта оралдым. 

– Жазғандарыңда жақсы келесің де… бірден үзіп тастайсың. Жаңағыдай ойдан адастыратын жағдайлар көп болатын болар. Жазу үшін алаңсыздық керек-ақ. Өткен жылғы әңгіменің жалғасын енді ол кісінің өзі жалғастырсын, – деп Иген аға сыйлаған әдемі мұқабалы «Қалтайдың қалжыңдарында» мынадай қолтаңба бар еді: 

«Қалтай ағаның шарапаты қонсын деп «қалжыңын» ала келдік. Сен де қаражаяу емессің. 

Ағатайлаған ініден,

Ықылас күткен шағымыз.

Жақсылығын сатпайтын,

Текті екен, інім, задыңыз.

Аңқылдап келген шақтарда,

Көңілдің бабын табыңыз.

Қармаққа ілген қалжыңнан,

Қалтаға шөкім салыңыз.

Ізбасар іні ап келдім,

Жігіттік дәурен байрағын,

Әділханнан алыңыз. 

Иген Хасенұлы

«Сарыағаш», 2007 жыл, қараша.

Дайындаған Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ