ҒАРЫШ ЭНЕРГИЯСЫН ИГЕРУГЕ ТАЛПЫНЫС
ҒАРЫШ ЭНЕРГИЯСЫН ИГЕРУГЕ ТАЛПЫНЫС
Елімізде 2017 жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрменің тақырыбы дүйім жұртқа белгілі болып қалды. Бүгінде әлем елдері қуат көзінің тапшылығын сезініп отырған уақытта маңызды шараның болашақтың энергиясына арналатыны заңдылық.
Төрт жылдан кейін бас қалада өтетін ауқымды шараға байланысты ұйымдастырылған халықаралық сәулет байқауы ақпан айының орта шенінде бастау алып, шілденің 18-інде мәресіне жеткен болатын. Байқау барысында көрмеге әлемнің көптеген сәулетшілері ниет білдіріп, өз жұмыстарын ұсынған. Негізінен бұл байқауға 100-ден астам өтініш қабылданып, жиырма елдің сәулетшілері сынға түскен екен. Солардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Канада, Австрия, Австралия, Норвегия, Корея, Ресей секілді елдерден бөлек, отандық сәулетшілер де бар. Елбасы Н.Назарбаев таңдау қорытындысының маңыздылығына тоқтала келе: «Біздің көрменің тақырыбы әрбір құрылыста энергияның баламалы көздерін пайдалану, жылумен және сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыратын «жасыл экономикамен» тығыз байланысты», – деген болатын.
Көрме кешендерін жобалауға қатысқан сәулет өнерінің үздік шеберлері Стефано Боери (Милан ЕХРО-2015) мен Нана Эрнандес-Геташвили (Сарагоса ЕХРО-2008, Ресей павильонының авторы), GMP International SP сәулет компаниясы (Сан Паоло-2020), Заха Хадид (Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің көпірі) Астана қаласын жобалауға қатысты қызығушылық танытып, өз ойларын ұсынып отыр. Бұдан бөлек, Қазақстан Қаласалушылар одағы, KAZGOR жобалау академиясы, «Қазөркенпроект» ЕҰУ «Этносәулетші ҒЗИ» және еліміздің Сәулетшілер одағынан Сәкен Нарыновтың шеберханасы аталмыш байқауға қатысты дейді ұйымдастырушылар. Байқауға келіп түскен жұмыстарды АҚШ-тың экономикалық үрдістерді зерттеу қорының президенті Джереми Рифкин басшылық жасайтын арнайы техникалық кеңес саралап шықты. Бұл кеңестің құрамында әлемнің үздік сәулетшілері, даму мен энергияны үнемдеу саласының білікті өкілдері барын айтуымыз керек. Қыркүйек айында шығатын байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге 150 мың АҚШ доллары табыс етілмек.
«ЭКСПО – 2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» деген атауының өзінде ғылым мен инноватика жатыр. Сондықтан ЭКСПО-ны өткізу шеңберінде арнайы ғылыми техникалық бағдарлама әзірледік. Біздің ол ұсынысымыз ұлттық жоспарға кірді. Қазіргі таңда ол бағдарлама тиісті талапқа сәйкес ғылыми-техникалық сараптамадан өтіп, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның сараптамасына ұсынылған. Бұл бағдарламаға жиырма шақты жоба енді. Бұл бағдарламаны жасар алдында зерттеу жүргіздік. Дүниежүзі елдерінің баламалы энергия саласындағы жаңалықтарын зерттедік. Көрмелерге де қатысып жүрміз. Сонда байқағанымыз, бұл салада айтылатын жаңалықтар бәлендей көп емес. Бәрі де су, жел, Күн энергиясы сияқты дәстүрлі энергия көздерінен аса алмайды. Ал біз өз бағдарламамызға космос энергетикасын қосып отырмыз. Қазақша айтқанда, ғарыш энергиясы», – дейді Әбдікерім Әбжәлелұлы. Бүгінде ғарыш энергиясын игерумен айналысып жатқан елдердің қатарында АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония сияқты мемлекеттер бар. Бұл қатарға Қазақстан да қосылды деген сөз. «Ал ғарыш энергиясы – Күннен алынатын энергия. Алайда бүгінгі біз алып отырған Күн энергиясы озон қабатынан өткенде, өзінің негізгі қуатынан 100 есе азайып кетеді. Сондықтан озон қабатының жоғары тұсына космостық аппараттар қойылады. Ал жерде жоғары жиілікті сәулелерді қабылдайтын қабылдағыш антенна орнатылады да, ол жоғары жиілікті сәуле шығаруды айнымалы токқа түрлендіреді де, оны тұтынушыға жібереді», – дейді ғалым.
Екінші жоба – сутекті энергия. Осының арқасында болашақта әрбір үйге электр желісін тартып, электр қуатын кіргізу қажет болмай қалады. Өйткені әр үйде қуаты күшті аккумулятор батареялары болады. Ол аккумуляторлар электр қуатын тез әрі молынан жинап алады екен.
Бүгінде әлем елдерінде қолданылатын жел қондырғыларын біздің ел де барынша жетілдіріп, пайдалану қолға алынуда екен. Мысалы, еліміздің кей өңірлерінде жел тұрақты соқпайды. Міне, сол аймақтарда жел соққанда қуат көзін барынша молынан жинақтап алатын «Торнадо» атты қондырғы жасалуда. Ал келесі бір аймақтарда желдің соғу күші қалыпты деңгейден де артып кетеді. Сондай кезде жел қуатын жинақтаушы құралдар сынып қалмауы үшін желдің жоғары диапазонына арналған құралдар жасау жоспарланған көрінеді.
Динара Мыңжасарқызы