«АБАЙТАНУ» ПӘНІН АСТАНА ОҚУШЫЛАРЫ ҒАНА ОҚИ МА?

«АБАЙТАНУ» ПӘНІН АСТАНА ОҚУШЫЛАРЫ ҒАНА ОҚИ МА?

«АБАЙТАНУ» ПӘНІН АСТАНА ОҚУШЫЛАРЫ  ҒАНА ОҚИ МА?
ашық дереккөзі
427
Биылғы оқу жылының жаңалығы көп секілді. Еліміз мұғалім мәртебесін көтеруге бар амал-әрекетті жасап бағуда. Оған дәлел ретінде жыл сайынғы өтетін тамыз кеңесінде ұлт үшін, ұлттың ертеңі – ұрпақ үшін аянбай тер төгіп жүрген ұстаз қауымының еңбегі еленіп жатады. Білім саласына қажыр-қайратын жұмсаған білікті мұғалімдер үстеме еңбекақыға ие болса, енді бірі баспанаға қол жеткізіп, мәре-сәре. Бұл да болса, мемлекетіміздің күні кеше беделі түсіп кеткен мұғалім мамандығына деген құрметті еселеп қайтарып жатқаны шығар, кім білсін?! Жаңа оқу жылының көптің көңіліне жылылық ұялатқан жаңалығының бірі – елорда мектептерінде 9, 10, 11 сыныптарға арналған мектеп бағдарламасына «Абайтанудың» міндетті пән ретінде енгізілетіндігі. Құптарлық дүние! Ұлы ақын Абайдың білім-ғылымға, еңбекке, адамгершілікке шақырған мол мұрасы – өмірлік сабақ. Философиялық ойға тұнып тұрған 45 қарасөзінің өзі негізгі пәннің арқауы емес пе? Абайдың қай шығармасына көз салсаңыз да адамға ой салады. Уақыт өткен сайын ақын қозғаған тақырыптардың маңыздылығы, оны тануға деген қызығушылық артуда. «Абайды оқымаған қазақ қазақ емес» дейтініміз де сондықтан. Алайда, осы жерде бір сұрақ туындайды. Неге «Абайтану» пәнін тек елорда мектептері ғана оқуға мүмкіндік алды? Ойшыл ақынды еліміздің басқа өңірлеріндегі оқушылардың танып, білуіне не кедергі? Шын мәнінде, «Абайтану» мен «Алаштану» пәнін еліміздегі білім ошақтарының бәрінде жаппай түрде оқытуға болмай ма? Білім және ғылым министрлігі бұл пәннің тынысын неге тарылтып қойды екен? «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхамет­қалиқызының айтуынша, пән арқылы ақынның ән мұрасын насихаттау қолға алынбақшы. «Абайдың әнін орындаушыларды қалыптастыру қажет. Себебі, қазір Абайдың әндері сирек айтылып жүр. Көпшілік жұрт Абайдың 27 әні, екі күйі бар екенін біле бермейді», – дейді ол. Жөн делік. Бір қынжылтарлығы, мұның бәрін білу бақытына елорда оқушылары ғана ие бола ма? Әлде, ауыл баласы елордада тұрмағаны үшін жазықты ма? Біздіңше, игі бастаманы рес­публика бойынша қолданысқа енгізудің еш қиындығы жоқ сияқты. Қазір «Абайтану» ғылымын зерттеп, жинақтап, сүбелі еңбек етіп жарыққа шығарып жатқан ғалымдар көп. Абайдың шығармашылығы туралы том-том құнды кітаптар да жетерлік. Ал «Алаштану» пәнін енгізу де кезек күттірмейтін мәселе. Оқушы 1 сыныптан ағылшын пәніне батпақтап жатқанда, тым болмаса жоғары сыныптарға ел үшін басын бәйгеге тіккен Алаш қайраткерлері жайында кеңірек мағлұмат беруге неге болмасқа?! Құдайға шүкір, Алаш қозғалысы, Алаштың маңдайалды зиялы өкілдері туралы зерделенген, екшеленген дүние жоқ емес, бар. Тарихшы ғалымдарымыз «Алаштану» ғылымына қал-қадірінше үлес қосып келеді. Мектепке де керегі – оқу бағдарламасына қажетті әдебиеттердің қолжетімді болуы. Әзірге бұл тұрғыда айтарлықтай түйткіл байқалмайды. Демек, министрлік «Абайтану» және «Алаштану» пәнін еліміздегі білім ұяларына жаппай түрде енгізуіне негіз бар деген сөз. Бірақ, «Абайтану» пәнінің астарына әзірге астаналық оқушылар ғана терең үңілмекші. Ал, басқалары ше? Белгілі абайтанушы-ғалым, профессор Серік Негимов баспасөзге берген бір пікірінде: «Абайтану» пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге ешбір кедергі жоқ. Бар мәселе – ықыласта. Себебі ықыласты ұстаз, ынталы мұғалім Абайды оқуы керек, Абайды білуі міндет. Осыдан кейін мектеп оқушыларын Абай іліміне кеңінен тарту қажет. Ондай мамандар бар. Абайды сүйетін, Абайдың қазақтың беткеұстар ұлттық тұлғасы екендігін түсінетін, «Абай мұрасы – бүгінгі өмірдің айнасы» деп білетін ұстаз ғана өз шәкірттері үшін Абай әлемін аша алады. Бұл күнде Абайға елдің және барлық ғалам қауымдастығының ықыласы артуда. Себебі ол – бір кездегі адамзаттың ойшылдары – Аристотель, Сок­рат, Пла­тон­дар­дың рухын бойына сіңіріп, Пушкинді, Лермонтовты, Гетені қазақ тілінде шыр­қатып, бүкіл адамзаттың мәдени-рухани қазынасын мүлтіксіз меңгерген тұлға. Сондықтан да қазіргі кезде абайтану мәселесіне басқа халықтар да ерекше мән беріп келеді.  Бірақ мектеп деңгейінде бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Біздің Тәуел­сіздігіміздің іргетасын бекіту үшін, рухани құндылықтарымызды тереңдету үшін, жас қазақстандықтарды тұлға ретінде қалыптастыру үшін республиканың барлық мектептерінде «Абайтану» пәні міндетті түрде оқытылуы қажет. Бұл пәнді бар­лық жоғары оқу орындарына енгізу керек», – деп қадап айтыпты. Ендеше, бұған кім кедергі? Гүлмира Сәтембаева, Шығыс Қазақстан облысы, Мамырсу ауылының тұрғыны, ата-ана: – «Абайтану» пәнін менің де баламның оқығанын қалар едім. Біз мектеп қабырғасында жүргенде ойшыл ақынның дүниелерін оқытып, жаттата бермейтін. Қазір, шүкір еліміз егемендігін алған күннен бастап, ақын-жазушыларымыздың мұрасын ашық оқытуға мүмкіндік алдық. Әрі кез келген қазақтың жүрегінде аты жатталып қалған Абай ақынның мұрасын мектеп оқушыларына оқыту, таныту құптарлық іс. Бұл баланың ой-өрісінің кеңеюіне, адамгершілік қасиетінің артуына септігін тигізетіні сөзсіз. Өкінішке қарай, «Абайтану» пәні тек елорданың мектептерінде ғана оқытылады екен. Естуімізше, алдағы уақытта еліміздегі мектептерге енгізу жос­парда бар көрінеді. Сондықтан бұл шарадан біздің балалар да тыс қалмаса екен деймін. Еліміздегі мектептің бәрі мемлекеттік болғандықтан, ондағы оқытылатын пән де бірдей болғаны дұрыс. Онсыз да облыс орталығынан, қаладан қашық елді мекенде тұратын жұрттың балалары барша жақсылықтан құр қалып келеді. Сол себептен де, алалаушылыққа жол бермеу керек. Асқар Наймантаев, актер: – Өнер академиясында студентпен жұмыс істеу, дыбыс, үн, дикция,сөз тазалығын қалпына келтіру үшін, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдерден өткен соң, бірден Абай өлеңдеріне ауысамыз. Профессор Дариға Тұранқұлова апайымыз шәкірттерді Абайды танып алмай алға жылжытпайды. Бір семестр Абай өлеңдерімен жұмыс істеген шәкірттің көзқарасы, дүниетанымы мүлде өзгеріп сала береді. «Абайтану» деген пәнді қолға алып жатса, дұрыс екен, бірақ оны жүргізу формасы қандай болмақ? Отырғызып қойып «Жатта!» болып жүрмесін. Менің мектебімде «Абайдың он өлеңін, жиырма өлеңін жаттадым!» дейтін балалар көп. Мектеп тапсырмасы болу керек. Жаттағанына қуанамын. Бірақ, олар тек жатқа біледі. «Абайтану» оқушы түгіл орта жастағы ұстаз үшін де керек қазір. Қазаққа керек! Айгүл Болатханқызы, журналист: – Кейінгі жылдары мектепте жаңа пәндер енгізіле бастағанын жиі естиміз. Айталық, валеология, дінтану пәндері. Міне, «Абайтану» пәні биылдан бастап енгізіледі деп жатыр. Маған кейде «тым асығыс шешім қабылдап жүрген жоқпыз ба?» деген ой келеді. Кім біледі, бұл дұрыс та шығар. Бірақ пәндерді көбейткеннен білім сапасы жақсара ма? Оқулықтардың сапасы сын көтере ме? Қосымша пән болып есептелетіндіктен оқушы қаншалықты мән беріп оқиды ол пәндерді? Баста­уыш сыныптарда тек қана ана тілінде (шет тілдерін немесе қосымша пәндерді қоса бермей), сосын ұлттық тәрбиеге қатысты білім молынан берілсе деймін. Халықтық педагогикаға жіті назар аударылса екен. Ал «Абайтану» пәнін тек елордалық қана емес, республика бойынша барлық мектепте оқытылғаны дұрыс деп санаймын. Шолпан Төреханова, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы №148 қазақ орта мектебінің мұғалімі:  – Шын мәнінде, мектеп­терімізде «Абайтану» пә­нін оқытуға қажетті нақ­ты бағдарлама жоқ. Соған қарамастан, елордалық білім ұяларының мектеп бағдар­ламасына ен­гізіп отырмыз. Бірақ та қазіргі кезде бұл пәнді оқы­­ту­дың  жекелеген ұстаз­дар  ықы­ла­сымен жүзеге ас­қан бағ­дар­ламалары бар. Бұл жағынан қорқыныш жоқ. Ойшыл ақын жайлы жазылған, жазылып жатқан еңбек көп. Әзірге бұл бастаманың игілігін тек жоғары сынып оқушылары ғана көреді. Себебі, 1-сыныптан бас­тап, 11-сыныпқа дейін «Абай­­тану» пәнін оқыту жөніндегі бірізді бағдарлама әлі күнге дейін әзір­­ленген емес. Сондықтан да бүгінде Білім және ғылым министрлігі бұл мә­­селеге ерекше ден қойып, «Абайтану» пәнін оқытудың ар­найы бағ­дар­ла­ма­­сын қабылдауы қажет деп ой­лай­мын. Ең бастысы, бұл елордалық мектептерге ғана емес, еліміздің күллі білім ошақтарына міндетті негізгі пән ретінде енгізілгенін құптаймын. Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары