ТАНКТЕР ТЕМІР ҮЙІНДІГЕ АЙНАЛҒАН

ТАНКТЕР ТЕМІР ҮЙІНДІГЕ АЙНАЛҒАН

ТАНКТЕР ТЕМІР ҮЙІНДІГЕ АЙНАЛҒАН
ашық дереккөзі
214

Халқымыздың өткен жолына әділ баға беріп, оны бүгінгі күн тұрғысында пайымдап, мұны келешек ұрпақ жадына мейлінше сіңіру болашағымызды одан әрі жан-жақты бағдарлауға жол сілтейді. Жас буын бүгінгі тәуелсіздігіміздің қандай құрбандықпен келгенін білмейінше, ұлтжандылық, отанға, халқына деген сүйіспеншіліктің қалыптаспайтыны шындық. Сондай қасіретке – ядролық жарылысқа ұшыраған өңірлерді, Карлаг пен Алжир лагерлерін айтсақ-та жеткілікті. 

Тәуелсіздік тағылымының мемлекет болашағы үшін маңыздылығын айта келе Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуында» әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету басты назарда екенін, ел жүрегіне терең жара салған, жылдар бойы халыққа нәубет әкелген кездерді толыққанды зерделеу қажеттілігін мәлімдеді. 

Сол қасіреттердің бірі 63 жыл бұрын бейбіт күн – 29 тамызда қазақ жерінде алғаш рет атом бомбасының жарылуы еді. 

Елімізге қасірет әкелген атом бомба жарылысына куә бола жүріп, әскери міндетін өтеген солдаттың – бүгінгі қарияның бастан кешкені бүгінгілерге сабақ болатын шығар.

«Біздер әскери борышымызды атқаруға шақырылғанда өзімізді батырдай сезінетін едік. Мен Қазақ технология институтының инженер-механик дипломымен әскерге шақырылып, екі жыл «Конечный» кентінде солдат, сержант болып, кіші лейтенант атағын алғанша қызметімді өтедім. Ғимараттар мен алып құрылыстардың жермен-жексен болғанын, танктің темір үйіндіге айналғанын, тағысын-тағыларды жұрттар кинодан көрсе, біз бұл оқиғалардың көзі тірі куәгеріміз»,–дейді бүгінгі қария.

1963 жылғы желтоқсанда оншақтымызды майор Шишкин поездан түсіріп, әскери бөлімге тапсырды. Елге хат жазғанда мекен жайымыз «Москва, 400 әскери бөлімі» дегеннен, екінші, мәтіні көрсетіліп тілхат алғаннан, жүрген жеріміздің өте құпия екенін білдік. Көбіміз жоғары білімді болғандықтан 18 күнде солдаттық ант қабылдадық. Кейінірек білгенім – әскери қызмет атқарған жерім «Конечный» – қазіргі Курчатов қаласы, Шығыс Қазақстан облысы, бұл туралы құжатым, мақтау қағаз бен суреттерім сақталған. 

«Конечныйдан» 30 шақырымдай қашықтықтағы жерді жергілікті кісілер полигон деп білсе, әскерилер тілінде ол «нүкте». «Нүктеде» бау-бақша да, дәнеңе де жоқ. Мал ұсталмайды. Қажетті нәрсенің бәрін сырттан молынан әкеледі. Әскери отбасылар тұратын болған соң, көбіне балалар жападан-жалғыз үйлерінде қала береді. Әскерилер үй бетін көрмейді, күні-түні алаңда. Полигон үш облыстың – Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының шектескен жеріндегі шетсіз созылып жатқан жазықта әдейі жарылысқа дайындағандай үш жиегі қыр болып, төртінші беті ойпаңға ұласатын алаң. Бұл өңірдің адамдары кейде жарылысқа алдын ала ескертулермен дайындалады екен. Сынақ уақытында үйдің есік-терезесін ашып тастап, жазық алаңқайда болуды талап еткен. Бұйрық солай. Жарылысты дегбірсізденіп күтеді. Кеңес заманында кейі білім, біреуі жұмыс іздеп, арман қуып алысқа аттанғандар туған жеріне қайтып келе алмасын алдын-ала білді ме? Күні кеше ғана балалық шағы өтіп, көшелерінде асыр салып ойнаған елі аз ғана уақыттың ішінде «жабық жәшікке» айналып, тас бекіді. Түлеп ұшқан ұяларына қайтып оралатын жолдары жабылғандар түгілі, ұшқан құс пен жүгірген аңның өтуінің өзі мұң болды. Ал «жәшіктердің» ішінде әскерилермен бірге әйелдер мен бала-шаға тағы бар.

Сержанттар құрамын даярлайтын тоғыз айлық мектепті бітірген мені қатардағы он солдатқа командир етіп, жарылыс болатын аймаққа жүк машинасымен апарды. Ондағы жұмысымыз офицерлерге қызмет көрсету. Барсақ қазақы үй үлгісіндегі дөңгеленген палатаның бес-алтысы қатар тізіліп тұр, едені тақтайдан, әдемілеп сырланған, үстіне төселген жап-жаңа кілемшелер. Әрбір үйдің сырты бірнеше қабаттан тұратын қалың полиэтиленнен жасалған көгілдір түсті материалдармен қапталған. Түрлері көздің жауын алардай әсем безендірілгені көз алдымда. Солдаттар да оның екі-үшеуін құрастырып, тұрғызды.

Бізге кигізгендей қысқа ақ түсті тондары бар елу шақты офицерлердің көбінің погондары жоқ екен. Генералдардың көптігін сонда көрдік, Сталин сыйлығының иегері, генерал, биология ғылымдарының докторы Василенконы (қарауындағы секторда қоян, тышқан, т.б. қан құрамының өзгеру сызбаларын жазумен 2-3 айдай шұғылданғам, оны 70-ші жылы Мәскеуде аспирантурада жүргенде «Аэропорт» метросында кездестірдім) білетін едім. Командиріміз Кушнарев ертең атом сынағы болатынын айтып, соған байланысты солдаттар атқаратын қызметін қысқаша түсіндіріп, олардың жұмысын қадағалауды маған жүктеді.

Офицерлер және басқа көпшілікпен бірге бақылау жүргізетін дөңесте мен де жүрдім. Дауысты күшейткіш аспаптармен орталық пульттен үш сағаттық дайындық хабарланды. Жердің ең дөңес жерінде тұрып, жарылысты жоғарыдан оңтайлы көріп-бақылау үшін түрлі аспаптар орнатылған, үш жағы қоршалған бүндіршікте оншақты адам тікеден-тік тұр. Жарылысқа келген комиссия мүшелері болу керек. Беттері аспаптар бағытталған жаққа қараулы. Жарылысқа жарты сағаттай уақыт қалғанда дауысты күшейткіш аспаптармен орталық пульттен бес минут сайын дайындық хабары жасалды. Соңында хабарды 10-нан бастап санап, 9, 8, 7,… 1 және 0 дегенде жарылыс жасауға руқсат белгісі берілді. 

Осы уақытта нөкерінде екі истре­би­телі бар нән ұшақ әуеге бомбаны тастау үшін көтерілді. Зымыраншылар әр сәтті қалт жібермей, қара шыны арқылы жарылыс жақты көзбен қадағалауда. Дәлдеу пультінде нысанаға қарай «жарық нүкте» бағытталғаны көрініп, барлық құрылғылар өшірілген соң, айнала көз қарықтырар жарыққа толды. Іле-шала от бүріккен дәу бұлт пайда болды. Әуелі бұлтқа қарай жерден созылған алапат құйын ертегідегі айдаһардай аузын ашып, жал-құйрығы мың бүктеле бұралып қаһар төкті. Соңын ала жарылыс толқыны келіп жетті. Ызалы дауыл кеудеден итеріп, сынаққа тұрғызылған түрлі құрылыстарды қиратып, әйнектерінің күл талқанын шығарып, ұсақ малдарының тері­ле­рінің үйітіліп жатқандарын кейін көзіміз көрді. Содан кейін құлақты жарардай дамылсыз күркіреген үнге ұласты. Осы кезде денені үрей билеп, жермен бірге толқында жүргендей сезіндік. Жарылыс «саңырауқұлағы» әуеде ұзақ тұрмай, көк тіреген баған төмен түсіп, төбесіндегі бұлты ашық түске еніп, табиғи бұлттардың арасында байқалмайды. Жарылыстан кейінгі жердегі құбылысты сөзбен айтып жеткізу қиын. Жер үсті жарылысы көкке көтерілген қап-қара қабырғаға ұқсайды, әуе жарылысы алыстағы бұлт болып көрінетінін біз сержанттар құрамын даярлайтын мектептегі сабақтардан білетінбіз. Бомба жарылған кезде бүкіл жер-жаһанның зұлымдығы мен жамандық күштері аласұрып, еркіндікке шығуға ұмтылғандай қабылданады деп айтатын. 

Секунд санап, бүкіл денеңді шара­сыз­дық сезімі билейді екен, басың ба, миың ба құрысып, құлағың тарс бітеліп, жүрек пе, өкпе ме аузыңа тығылады. 

Қорқынышымды басқаларға біл­дір­­­меу үшін, іштей тістенгенім есімде. Жарылыс өткен соң, ұзақ уақыт өзіңе-өзің келе алмай, түсініксіз халде тұрғанда, жарылысқа жақындау маңға әдейі жер астына қойылған аспаптарды, қондырғылар мен арнайы сынақ заттарын жинап, оларды машинаға тиеуге бұйрық берілді. Бұл жерде біз алғашқы рет жарылыстан пайда болған нән саңырауқұлақтарды көрдік. Кейіннен мұның барлығын санамнан өшіріп тастағандай болып едім, бірақ соңғы кезде жадыма маза бермейтін сияқты. Түсімде сол даустарды естимін, соған байланысты сирек болса да құбылыстарды көремін. Көбінесе ұйқыда аяғыммен көрпені теуіп, айқайлап ұйқыдан шошып оянып, жанұя мүшелеріне де күлкіге қалған кездерім жетерлік. Мүмкін, бұның бәрі радиация толқынының санаға, жүйкеге әсері етуі шығар.

Жақын жарылыстар 10-18 ша­қы­рым, шалғайлары 40-70 шақы­рым­дай қашықтықта өтетіндіктен ра­диацияның мөлшері шамадан тыс жоғары болатыны анық. Бірақ әскерилер үшін сәуле көрсеткіші сағатына 50 рентген деп әдейі азайтып беріледі екен. Ал радиацияның жалынды демі жанды-жансыздың бәріне өз әсерін тигізбей қоймайды. Айналада алып мутант саңырауқұлақтар өсетін кездеріне де куәгерлер жетерлік. Денедегі сәл ғана жарақат айлап, жылдап жазылмайды. 

Ертіс бойындағы тарих күнтіз­бе­сі­нен мынаны – 1949 жылғы 29 тамызда таңғы сағат 6.30-да жергілікті халыққа ескертілместен, жер үстінде биіктігі 30 метрлік мұнарада қуаттылығы 20 килотонна болатын атом бомбасы «РДС (Россия делает сама) – 1» қазақстандық полигон өңірінде (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының шекарасында, Семей қаласынан 130 шақырым қашықтықта, Ертіс өзенінің сол жағалауында) ең алғашқы сынағы өткізілгенін білеміз. «Оған белгілі ғалым Курчатов, Кеңес Одағының ішкі істер министрі Берия қатысыпты» делінеді. 

 Дерекке зер салсақ, 1947 жылғы 21 тамызда Кеңес Одағы үкіметінің шешімімен құрылған №2 мемлекеттік орталық сынақ полигонында 1949-1989 жылдары 460-тан аса ядролық сынақ, оның ішінде: 30 жер үсті, 88 әуе, 348 жер асты ядролық жарылыс­тары жасалған. 13 рет радиоактивті газдың атмосфераға таралуынан келген экономикалық және демографиялық зардаптарына 1,5 миллион тұрғын ұшырады. Полигон радиусы 16 км болатын 18 мың шаршы метр жер көлеміне орналасқан. 

1951 жылғы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылғы 12 тамызда қуаты 480 килотонналық қару (РДС-6 термоядролық сутегі бомбасы) 33 метрлік мұнарадан жарылғанда сабан үйлер, мектептер қираған екен. 1955 жылғы 22 қарашада РДС-97 термоядорлық қаруы 1800 метрлік биіктіктен, бүкіл әлем бойынша тұңғыш сутегі бомбасы ұшақтан тасталыпты. Осы жылдары полигон әуесінде 6, жер астында 340 сынақ болыпты. Тек 1961-62 жылдардың өзінде ғана әуеде және жер үстінде 50 ядролық бомба сыналып, 72 термоядролық сынақ өткізілген. Бұл жарылыстардың қуаты атом жарылысынан 2,5 мың есе артып түседі деген деректер де бар. Жер үстіндегі соңғы қару 1962 жылғы 24 желтоқсанда сыналған. 

1963 жылғы 10 қазанда ядролық сынақтарды ауада, су астында, ғарышта жасауға тыйым салу туралы халықаралық келісімге КСРО, АҚШ, Ұлыбритания қол қойды. Сонан, 1963 жылдан 1989 жылға дейін жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалыпты. Бұл тек сан ғана емес, оның ар жағында Семей өңіріндегі, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыс тұрғындарының жылдар бойы шеккен қасірет-қайғысы, алапат сынақтардың зардабы, азматтардың тағдыры тұр. Полигон орналасқан Абыралы ауданы таратылып, жұрт ата мекенін тас­тап, күшпен көшірілген. Сол заманда шетке шыққан семейліктерге Семейден, Шыңғыстау, Абай еліненбіз деп айтпаңдар дегенді де естідік. Қаншама адам сәулелену, қатерлі ісік, қан қысымы, іштен кемтар болып туу, көз, психикалық ауруларына шалдықты. Бұрынғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты Петрушенко деген полковник Саржалдың маңындағы атом көлінің адам денсаулығына зиянсыздығын дәлелдеймін деп суға қойып кетіп, ақырында мерт болған. 

«Семей ядролық сынақ поли­го­нындағы сынақтардың салдары­нан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР 18.12. 1992 жылғы заң нормаларында ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аймақтар: Семей облысының аумақтары, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан, Зайсан, Зырян, Тарбағатай аудандары, Өскемен, Риддер қалалары, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Таврия, Самар, Серебрянск аудандарының шекара шегіндегі елді мекендер, Павлодардың Баянауыл, Май, Лебяжі, аудандары, Қарағандының Қарқаралы ауданы, бұрынғы Егіндібұлақ аудан елді мекендері қоса жатқызылды. Абай ауданындағы Саржал ауылдық кеңесінің, Бесқарағай ауданындағы Долон және Бөденелі ауылдық кеңес­терінің, бұрынғы Жаңасемей ауданындағы Сарыапан және Иса елді мекендерінің шекара шегіндегі елді мекендер төтенше радиациялық қауіпті аймаққа енгізіліп белгіленді. Ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Семей облысының Абай, Бесқарағай аудандарының елді мекендері, бұрынғы Абралы, Жаңасемей аудандарының, Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар және Малдар ауылдық кеңес­те­рінің шекара шегіндегі елді мекендер жатқызылды. 

2006 жылдың 8 қыркүйегінде Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру туралы шартқа қол қойылды. Аталған мәселенің өңірде және дүние жүзінде тұрақтылықты нығайтудың елеулі факторы ретінде қарастырылғаны анық.

Сынаққа куә әскерилердің фото­сурет­тері сақталыпты. Шарипов Семейден, Вдовин Василий Кемерден, Модоров Василий Алтайдан (үшеуі де пединститут бітірген) және мен офицер курсын бітіріп елге оралдық. 1965-1967-ші жылдары Семейдегі жоғарғы мектепте сабақ бердім. Осы жылдары да полигондағы жарылыстардың жаңғырығы зілзала болып қалаға да жетіп тұрды, оны көзімізбен көрдік. Талай рет жарылысқа қала халқы полигоннан қашықта тұрса да куә болды.

Зұламатты көзімен көрген адамдар да азайып барады. Тәуелсіздік жемісін татқан ұрпақ алаңсыз білім алып, ядролық қару сынауға қарсы әрекеттерге үлестерін қосып, еліміз үшін аянбай еңбек етуін тілейік. 

Пернеқұл Ошақбаев,

Қазақ технология және 

бизнес университетінің профессоры 

Серіктес жаңалықтары