262
БҮЙРЕК ЕКЕУ БОЛҒАНМЕН...
БҮЙРЕК ЕКЕУ БОЛҒАНМЕН...
Отандық медицинада ағза транспланттау ісі қолға алынғалы отыз жылдан астам уақыт болды. Мемлекет те бұл салада мамандарды дайындау мен қажетті құрал-жабдықтарға, инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөліп келеді. Біздегі трансплантациялық ота туысқандық донор арқылы жүзеге асып келсе, мәйіттік түріне адамдардың көзқарасы мен психологиясының өзгеруі өзекті екенін дәрігерлер айтады. Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығының трансплантация жөніндегі кеңесшісі Ғани Құттымұратов: «Өлген адамды мәйіт ретінде пайдалануды қазір қалың көпшілік арасында кеңінен насихаттаған дұрыс. Өйткені жұртшылық арасында бұған үрке қарайтындар көп. Ал шын мәнінде бұл адамгершілік жағынан алғанда маңызы зор игі іс», – дейді. Көпшіліктің бұған үрке қарайтынынан болар, ағза трансплантациясы төңірегінде алыпқашпа әңгімелер көп. Бірақ адам көз жұмғаннан кейін жүректі 4 сағатта, бауырды 6-8 сағатта басқа адамға салып үлгеру керек, әрі донор мен рецепиенттің қан тобының типтік анализдері сәйкес келуі керек екенін бастан-аяқ тәптіштеп түсіндірген Алматы облыстық денсаулық сақтау басқарма бастығының орынбасары Әсет Қалиев ел арасындағы ағза сатылатындығы жөніндегі әңгіменің қисынсыз екенін айтады.
Қоғамда әлі де болса жақындарына жәрдемдесіп, туысына донор болсам дейтіндер жоқтың қасы. Сонда ағза мүшелерін алмастыруды күткен мұқтаж жандарға кімнен қайыр тиеді?
Ресми дерек бойынша, елімізде 3 мың адамның бүйрегі, 1146 адамның жүрегі, мың адамның бауыры, 233 адамның ұйқы безі, 235 адамның өкпесі ауыстыруды қажет етеді. Бұл адамдардың өмірін аяқасты қайтыс болғандар мен ерікті донорлар ғана ұзарта алады. Алайда донор болғысы келгендердің көбісі жақындарына жанашырлықпен ағзасын сыйласа, біреулері материалдық жоқшылықтың зардабынан тұйыққа тіреледі.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Еуропа мен Америка елдерінде донор болуға кенеттен немесе алдын ала келісім жасалады. Германияда жылына 4500 орган трансплантациялық отаға алынатын болса, соның 620-сы туған-туыстарынікі. Трансплантация мен донорлыққа көшбасшы саналатын Испанияда әр миллион тұрғынға шаққанда 35-і өз еркімен келісім берген донор болады. Ал ағза мүшелерін алмастыруды қажет ететін отандастарымыз көп баратын Пәкістан, Қытай секілді елдерде қыруар қаржыны талап етеді. Бұны екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіндігі белгілі. Бейресми деректерде бауырдың бір бөлшегі 40-60 мың доллар болса, бүйректі 10 мыңнан бастап 90 мың доллар аралығында сатып алуға болады. Жүректің құны 90-100 мыңға жетсе, жұлынды қажет ететіндер 20 мың доллар шамасында трансплантациялық ота жасата алады. Донор тапшылығынан трансплантациялық ота жасауға бөлінетін квота да көңілге жұбаныш болмай отыр.
Екі бүйрек пен бауырдың бірін өзгеге сыйлайтындар кездескенімен, жүрек біреу. Дені сау адамдардың «бүйрегімді сатамын» деген хабарландырулары интернет сайттарында жазылып жүр. Әлемде адамға тұңғыш ота жасаған хирург Ю.Ю. Вороной 1933 жылы жасы алпыстан асып қайтыс болған қарияның бүйрегін 26 жасар келіншекке салған. Алайда бұл ота жасалған соң, екі күн өткенде емделуші қайтыс болады. Осы сәтсіз отадан кейін Еуропа мен АҚШ ғалымдары жануарларды тәжірбие нысанасына алып жүрді. 1950 жылдың 17 маусымында Америкада бүйрек трансплантациясы жасалды. Бұл оқиғадан кейін ота жасалған адам бес жыл өмір сүріпті. Ең алғашқы трансплантациялық оталардың тек бүйрекке жасалуының себебі жоғарыда айтқандай екі бүйректің бірін алып, келесі адамға зиян келтірмей салуға болатындығы. Жүрекке алғашқы трансплантациялық ота жасаған ғалым В.Демихов иттің жүрегін ауыстырған. 1967 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің ғалымы Кристиан Барнард адамның жүрегін алмастыру отасын тұңғыш жүзеге асырған болатын.
Елімізге қайта оралсақ, бір Алматының өзінде жүрегін ауыстыруды күтіп отырған мыңнан астам науқас бар. Әзірге жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастардың өмірін дәрігерлер жасанды жүрек құрылғысы арқылы ұзартып жүр. Соңғы бір жарым жылда осындай елу ота жасалыпты. Жүрек құрылғысымен кем дегенде 1-2 жыл ғана өмір сүрсе, бір аспаптың құны 250 мың долларды құрайды. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры жүрек трансплантациясын дамыту керектігін басып айтты. Денсаулық сақтау министрінің статистикасы көрсеткендей, қайтыс болған бір адамның органдары кезек күткен бес-алты адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Әлеуметтік зерттеулерде халықтың 60 пайызы ағза мүшелері трансплантациясына қолдау білдіргенімен донор тапшылығына амал қолдану қолға алынуы тиіс. Адамдардың көзқарасы оң өзгерсе, ақ халаттылар адам өміріне арашашы болуға білек сыбана кірісуге дайын. «Қазақстан бойынша соңғы бір жылдың ішінде осы жолмен үш-ақ рет ота жасалды. Екеуі Астанада, біреуі Алматыда. Сол үш жағдайда да ағзасын орыс өкілдерінің өкілдері берді. Ал өзіміздің қазақтар көбіне рұқсатын бермейді. Ағза мүшесін о дүниеге алып кеткеннен не пайда? Бір адам үш-төрт науқастың өмірін кем дегенде он бес-жиырма жылға созады. Оның ішінде қаншама жастар бар. Донорды зарыға күтіп өмірден өтіп кетеді. Сондықтан марқұмның туыстары ағза мүшесін берсе соның өзі үлкен сауап»,–дейді бас дәрігер Болатбек Баймаханов өз сұхбатында. Бұл пікірді «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақтың қаншалықты құптайтыны белгісіз. Дініміз исламда: «Тіпті, өлім жазасына кесілген адамның дене мүшесін оның рұқсатынсыз алуға болмайды деген. Дегенмен қайтыс боларының алдында өсиет етіп, дене мүшесін басқа жанға салуға рұқсат етсе болады», – дейді имамдар. Түрксіб аудандық мешітінің наиб имамы Медғат Асқарбекұлының уағыздауынша, қазіргі уақыттағы адамдардың операция жасатып, дене бітімдерін өзгертуіне шариғат қатаң қараса, ана мен баланың денсаулығына байланысты ағзаларын беруі рұқсат етілген нәрселер. Ел арасында адам тірі күнінде ағза мүшесін қайтыс болғаннан кейін өзгеге беруге келісетінін, не келіспейтінін заңдастырып қою керек деген пікірлер айтылып жүр. ДДСҰ жарғысында трансплантациялық ота келісім немесе өліктің ағзасын марқұмның туыс- туғанының рұқсатымен ауыстыруға болатындығы көрсетілгенімен, адам ағзасын саудалауға қатаң тыйым салынған. Ағза сату заңдастырылса, еліміздегі қылмыстың көлемі көбейе түсетінін жазғандардың уәжі де орынды демеске шара жоқ. Сау адамға қылмыскерлерден қауіп келсе, кедейлер ақша табу үшін өз денесіне өзі қиянат жасау фактілері артып кету фактілері мүмкін екенін ұмытпайық.
Алтын Бейімбет