ЭФИРДІҢ ТІЛІН БЫЛҒАП ЖҮР...

ЭФИРДІҢ ТІЛІН БЫЛҒАП ЖҮР...

ЭФИРДІҢ ТІЛІН БЫЛҒАП ЖҮР...
ашық дереккөзі
191

Бүгінде отандық шоу-бизнес өкіл­дері телеарналарда мемлекеттік тіл мәр­тебесінің жайын ойлай бермейді. Мәселен, Баян Есентаева «КТК» телеарнасынан жүріп жатқан «Мама мия» жобасында қазақ тілінде орындалған әндерге орыс тілінде талдау жасап, баға беріп, «бүйректен сирақ шығарып» келеді. Байыбына барсақ, бұл мемлекеттік тілді басыну, қорлау болып табылады. Жасыратыны жоқ, осы үрдіс біздің телеарналарда қалыпты жағдайға айналған. Екі жұптың біреуіне міндетті түрде мемлекеттік тілді білмейтіндер таңдалған «Екі жұлдыз» бағдарламасының жүргізушілері Гүлнәр Досматова мен Фарида Ниязова да осыған белсене жұмыс жасауда. Кейін «Хабар» арнасындағы «Спой» деген бағдарламадан кілең қазақ қыз-жігіттерінің орысша ән салып және сонысына риза болып тұрғанын көріп, қарным ашты. Мемлекеттік тілді мойындамайтын бұл бағдарламаға көрермендер тарапынан бірнеше рет қарсылық көрсетілсе де, «баяғы жартас, сол жартас». 

 Одан беріде әнші-жұлдыздардың қаншалықты батыр екендіктерін құрт-құмырсқамен сынайтын «Фобия» жобасы, мемлекеттік тіл мәртебесіне көлеңке түсіретін «Әзіл студио», «Шіркін, лайф», «Құрдастар», «Бешбармақ шоу» деген көрсетілімдер пайда болды. «Фобия» жобасы қазақ тілінде жүргенімен, бірақ, руханияттан мүлде жұрдай. Түрлерін көргенде-ақ жиіркеніш сезім тудыратын жылан, тарақан, тышқан, түрлі жыбырлаған, ауру таратқыш жәндіктерді аузымен тістеп, ары-бері кім жылдам тасиды деген де өнер, өнегелі іс болып па екен? 

«КТК» арнасынан жүретін «Наша казаша» деген сайқымазақ бағдарлама мемлекеттік тілді қорлаудың медиалық озық үлгісі. «Салеметсiз бе, детилер! Итак, биз начинать етемиз урок шала-казахского языка», – деп бастап, мектеп оқушыларына мәңгүрттікті насихаттайтын бағдарлама кезінде тіпті жоғары рейтингке ие болды. Оларға да «Мынауың не?» деп жатқан жан болмады. Ол ол ма, қазір жартылай қазақша, жартылай орысша түсірілген телесериалдарды қарай алмайсың. Жаңалықтар болса, қазан-ошақтың маңындағы әңгімеден арыға аса алмай тұр әзірге. Осы тектес дүниелерді сараптаған сырт көз қазақты ұлттық құндылықтарға бас қатырмайтын, орысшаға жүйріктерге аузын ашып, арзан күлкіге қарық боп отыра беретін тобыр деп ой түйері анық. Бұдан кейін шетел жұртының қазақ халқына деген көзқарасы басқаша болып жатса, кінәні қайдан іздейміз? 

Сондай-ақ мемлекеттік тілде жүріп жатқан бағдарлама қонағы қазақ бола тұрып, өз пікірін орыс тілінде білдіру үрдісі де үйреншікті көрініс. Өзгелер оның пікірін талқылай жөнеледі. Тым құрыса, жүргізуші, не отырған басшылар бірауыз «Мемлекеттік тілге деген құрметіңіз қайда? Неге тілді меңгеруге тырыспайсыз?» деп неге айтпайды? Мұндай жайт барлық телеарналарға тән.

Қорыта айтқанда, қазақ телеарналарында қазақ ұлтының бүгінгі тілдік, әлеуметтік, ділдік, дәстүрлік, ұлттық мәдениеті, ұлттық тәрбиесі қандай күйде екені туралы ащы шындық айтылмайды. Орыстанған басшылар билігіндегі телеарна журналистерінің пікірінше, дарақы күлкі, арзан әжуаға толы жеңіл дүниелер, орысша аралас­тырып сөйлеу озық үлгідегі ток-шоу, топ-шоу, реалити-шоу, бизнес-шоу яғни, «тың идеялар» болып табылатын сияқты. 

Нұрлыхан Сатыпалды

Серіктес жаңалықтары