662
ҚАЗАҚ АРУЛАРЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
ҚАЗАҚ АРУЛАРЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында дүниеге келіп, бүгінде тәуелсіз еліміздің еңсесі биік оқу орындарының біріне айналған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті өзінің 70 жылдығына қадам басты. Университет ТМД аумағындағы жалғыз, өзіндік дара бітімімен ерекшеленетін, танымды тарихы бар беделді оқу орны. Білім ошағы осы жылдар ішінде мыңдаған болашақ ұстаздарға сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, ұлттық зиялыларымыздың қатарында қазақ қыздарының көбеюіне үлкен үлес қосып келе жатқаны ақиқат.
Бүгінде кең-байтақ еліміздің кез-келген түкпірінде оқу орнының ұстаздық, қоғамдық және мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып жүрген түлектерінде есеп жоқ. Олар еңселі еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты бағып-қағып, тәлім-тәрбие берумен бірге, қоғамымыздың әр саласында қажырлы еңбек етіп келеді. Әр түлектің жемісті еңбегі – Қыздар университетінің жетістігі. Жетпіс жылға жуық тарихы бар, білім ордасы жоғары білімді педагог дайындап қана қоймай, оқу орнын бітіріп шыққан әр қазақ қызына өнегелі тәрбие беріп келе жатқан киелі шаңырақ. Тіпті, қыздардың бағыт алар бағдаршамы болып отыр десек те болады.
«Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап өткен еді. Қазақ қыз баланы тек шаңырақтың шырақшысы ғана емес, ұлттың келбеті деп білген. Осы аталы сөзді әрдайым есте ұстаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. Өйткені мұнда оқитын студенттерінің дені – қазақ қыздары. «Ұлт діңгегінің беріктігі ұлттық тәрбиеде жатқандығын» түсінетін, «Ұрпақты тәрбиелейтін де, қоғамды қалыптастыратын да аналар» деп білетін Қыздар университеті студент қыздарға заманауи білім берумен қатар, адамгершілік, имандылық, парасаттылық, елжандылық, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіріп келеді.
Білім ошағында ұлтжанды, парасатты, шынайы қазақ аруының бейнесін қалыптастыру мақсатында жыл сайын «Қазақ аруы» арнайы курсы жүргізіледі. Аталмыш курс жаһандану үдерісінде ұлттық мүддені жоғары қоя отырып, салт-дәстүрді бағалайтын, этномәдениетті, мінез-құлқы мен санасы ұлттық ділмен ұштасқан, кәсіптік-педагогикалық имиджі қалыптасқан зиялы әйел тәрбиелеуге бағытталған. Өткен оқу жылында «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген идеясымен «Қыз Жібек» клубы қайта ашылды. Клубтың басты мақсаты – қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды сіңіру, қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы «Қыз Жібек» қалыптастыру және университет білім алушыларының сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздар ортасын құру болып табылады. Халықтық асыл мұралары негізінде саналы тәрбие беруді әрқашан жадынан тыс қалдырмаған жоғарғы оқу орындары арасында «Ақмаңдайлым» әншілер байқауын, «Мұқағали жырлары» жыр мүшәйрасын, «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Қыз қылығымен көрікті» атты сайыстар және т.б. байқауларын өткізіп тұрады. Университет қабырғасында «Қыз қылығы», «Бұлбұл қыздар», «Шебер қыздар», «Назқоңыр», «Ізденіс», «Інжу-маржан», «Үміт» және т.б. үйірмелер жұмыс жасайды. Студенттердің мәдени танымын жетілдіруге бағытталған түрлі кештер университет көлемінде, факультет аясында және топ ішінде жүйелі түрде жүргізіледі. Мұнда сонымен қатар, көрнекті ғалымдармен, белгілі өнер, қоғам қайраткерлерімен, белгілі ақын-жазушылармен кездесу кештері, қайырымдылық акциялары, қыстық және жаздық спорттық олимпиадалар мен турнирлер өткізіліп отырады. Мәселен, композитор, күйші Шәміл Әбілтаев, ақын Төрегелді Ташенов, Әбсаттар қажы Дербісәлі, университетіміздің студенті, Олимпиада чемпионы Майя Манеза және университет оқытушысы, Манезаның бапкері Алексей Нимен, композитор Бейбіт Оралұлымен кездесу кештері болып өтті.
Университетте ана тілін құрметтеуге арналып өтілетін шаралар да аз емес. Жыл сайын оқу орны Абай оқулары, Ә.Құрышжанұлы, С.Исаев, Мұқағали оқулары, «Тіл бірлігі – ел бірлігі» атты тіл апталығы, «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты поэзия фестивалі, «Бір ел – бір кітап» акциясы және т.б. осы сияқты қазақ тілін қастерлеуге арналған кештер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Оқу орнының «Университеттер көп – Қыздар университеті жалғыз» деп айтылатын ұраны осыны айғақтаса керек. Біз де киелі шаңырақты бітірген әр қазақ қызы ел сенімін ақтап, тәуелсіз еліміздің болашағын алға апарар білімді де, ардақты ұстаз ғана емес, ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі боларына сенеміз.
Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Қазір «жаһандану» заманы. Ақпарат пен техниканың дамыған, ғаламдану процесі жедел жүріп жатқан қазіргі кезең ұлтымызға ғана тән қазақ қызы қасиеттеріне кері ықпал жасамай қоймайтыны белгілі. Бірақ, соған қарамастан, өз ұлтының бет-бейнесін жоғалтып алмауға, қазақ қызының қасиетін таптатпауға үйретуге тиіспіз. Болашақ аналарға қазақ бірлігін, берекесін, еркіндігін ойлаған дара да, дана тұлғалар Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды аналарымыздың өнегелі істерін, батыр арулар – Әлия, Мәншүктің ерлігін, желтоқсан көтерілісінің құрбандары болған аруларымыз Сабира Мұхамеджанова мен Ләззәт Асанованың қайсарлығын, асыл аналардың жалғасындай өнер жұлдыздарына айналған Дина Нұрпейісова, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова сынды әйгілі әнші-күйші, ақын, бишілерімізді озық өнегелерін үлгі етіп тәрбиелеуіміз керек.
Зәуреш Сабырова,
Қыздар университетінің Әлеуметтік және
тәрбие ісі жөніндегі проректоры