«КӨКЕЛЕРДІҢ» КӨМЕГІ КӨСЕГЕМІЗДІ КӨГЕРТПЕЙДІ

«КӨКЕЛЕРДІҢ» КӨМЕГІ КӨСЕГЕМІЗДІ КӨГЕРТПЕЙДІ

«КӨКЕЛЕРДІҢ» КӨМЕГІ КӨСЕГЕМІЗДІ КӨГЕРТПЕЙДІ
ашық дереккөзі
227

ХХІ ғасырды ақпараттық технологиялардың заманы деп жиі айтамыз. Шындығында, IT саласының өнімдері өміріміздің түрлі салаларына дендеп енді. Бірақ заманауи технологиялардан қорғану қажеттігі көбіне есте бола бермейді. Ақпарат – жаңа ғасырдың құралына ғана емес, қарсы жұмсар қаруына айналды. Ұлттық ақпарат кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері жайында қазақстандық софтверлік компаниялар қауымдастығының президенті Азаматхан Әміртаев ой қозғайды.

– Әлемдік нарық өлшемімен қарағанда, Қазақстанда IT саласының дамуын қалай бағалайсыз?

– Бүгінгі таңда IT саласы Қазақстанда әлі даму үстінде деп айтуға болады. Бұл сала еліміз егемендік алғаннан бері ғана қолға алынды. Оның тез әрі қарқынды дамуы – әлемдік құбылыс. Адам өмірінің қай саласына болмасын, IT-технологиялар дендеп енді. Қазіргі заманда адамдардың тұрмыс-тіршілігін қалта телефонсыз, компьютерсіз елестетуі қиын. Ал дамыған мемлекеттерде компьютерлер күнделікті тұрмыстың тоқсан пайызын қамтиды десек, асыра айтқандық болмас. 

– Бізде ше?

– Біздің елде қалалық жерлерде адам өмірінің елу пайызы компьютермен тығыз байланысты. Ауылдық жерлерде әлеуметтік жағдайдың төмендігіне байланысты, компьютерлердің жетіспеуі себепті бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. 

– IT саласының дамуы жайлы айтқанда, Қазақстанның тұтынушы елге жататыны даусыз. Әлемдік нарықта не жаңалық бар, қандай ұсыныс бар, соны енгізумен ғана айналысып отырмыз, осының өзінде кенжелеу бар. Бұл салада біздің дүниежүзіне ұсынар өз өніміміздің болуы мүмкін бе?

– IT технологиялар үш негізден тұрады. Ең әуелгісі, бастысы hard warе, яғни ағылшын тілінен аударғанда, құрылғылар. Яғни, телефон аппараты, компьютердің сүйегі, т.б. Екіншісі, softwarе, яғни осы құрылғыларды іске қосу үшін арнайы бағдарламалармен қамтамасыз ету. Бағдарламалардың бағасы құрылғылардан он есе қымбат болу мүмкін. IT технологияның үшінші бағыты – service, қызмет ету, яғни құрылғылар мен компьютерлік бағдарламалардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қадағалау. Осы үш негізді алып қарайтын болсақ, жаңа құрылғыларды шығаратын зауыт біз түгілі, көрші Ресейде, тіпті ТМД аумағында жоқ. Мысалы, Мерседес көлігін тек немістер шығарады, өйткені технологиясы солардың қолында, америкалықтар қанша қаржы құйса да, Мерседес сияқты көлік жасай алмады. Сондықтан IT-құрылғылар шығару ісінде Батыс елдері озық тұр, қазір оларға Қытай құйрық тістесіп келеді. Ал компьютерлік бағдарламалар шығару ісін екі бөліп қарауға болады. Бұл салада ірі, бастапқы бағдарламаларды да­йындау орасан зор қаржыны, интеллектуалды еңбекті және ғылымды дамытуды талап ететін жұмыс. Онымен бізді Еуропа елдері, Америка қамтамасыз етіп отыр. Ал бізде ондай бағдарламаны жасау мүмкіндігі жоқ, өйткені IT ғылымы дамымаған. Бізде ауылшарушылығы ғылыми институты бар, ал IT саласында ешқандай ғылыми мектеп қалыптаспады. Шын мәнінде, ұлттың интеллектуалды деңгейі, қарым-қабілеті ақпараттық технологиялар ғылымын дамыту арқылы көрінеді. Бұл саланы игеріп, осы бағытта жұмыс істеп жүргендер – жоғарғы оқу орнын бітіргеніне бес-алты, әрі кетсе он жыл болған кешегі студенттер. Ғылыми мектеп қалыптасуы үшін зерттеу орындары, лаборатория, ғылыми орта мен ғылымды дамытуды мақсат еткен мамандар керек. Software-нің екінші қыры – кіші-гірім, ұсақ бағдарламалар жасау немесе үлкен компаниялар дайындаған платформаны өзімізге бейімдеп, қосалқы бағдарламалар жазу. Бұл жұмысты атқару қазақстандық компаниялардың қолынан келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір мұндай жұмыстарды орындату үшін шенеуніктер отандық компанияларға емес, Ресей, Украина мен Белорусь компанияларына тапсырыс береді. Мысалы, Ауылшаруашылық министрлігінде, Салық комитеті т.б. мемлекеттік органдардағы компьютерлік қосалқы бағдарламалар дайындау ісіне осылайша шетелдік компаниялар араласып жатыр. Сонда біздің ақпараттық кеңістігіміз қалай қорғалмақ? Өйткені сырттан келген компаниялардың қолына түскен ақпарат кейін жария болмасына кім кепіл? Сондықтан бұл саладағы мемлекеттік тапсырыстың бәрін отандық компанияларға беру керек. Олар осы елдің заңдарына бағынып жұмыс істейді, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, осы жерде жұмыс орындарын ашып, жергілікті нарықты дамытады, салық төлеп, экономиканы көркейтеді. Үшінші бағыт бойынша, яғни қызмет көрсету жұмыстарын да қазақстандық компаниялар атқара алады. Мысалы, Қазақстанда темір жол саласындағы IT бағдарламалары бойынша басты-басты жүйелерде ресейлік және белорустік компаниялар қызмет көрсетеді. Одан бөлек, мұнай өндіру ісінде компьютерлік қызмет көрсету бойынша шетелдік алпауыт компаниялардың өздеріне жүктелген. Осындай жұмыстардың бәрін жергілікті компаниялар өз қолына алуы керек. Онсыз отандық IT саласы дамымайды, еңсесі көтерілмейді. Қолымыздан келіп тұрған істі өзіміз атқаруға ұмтылуымыз керек. Сұраныс болса, бұл сала бойынша маман дайындау ісі де қарқынды дамиды: IT саласы бойынша колледж­дер ашылады, ғылыми орталықтар құрылады, ғылыми кадрлар дайындалады. Біздің 2004 жылы Софтверлік компаниялар қауымдастығын құрғандағы бас­ты мақсатымыз – отандық компаниялар мүддесін қорғау, осы саланы дамытуға атсалысу болатын. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Мысалы, IT саласына елімізде жыл сайын 500 миллион доллардай қаражат бөлінеді. Орасан зор қаржы қайда жұмсалып жатыр? Оның басым бөлігі шетелдік компанияларға құйылып жатыр, бірақ ақпараттық қауіпсіздік мәселесі әлі жолға қойылмаған. 

– Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін не істеу керек?

– Біз бір ай бұрын Қауымдастық атынан хат дайындап, барлық мемлекеттік органдарға –  министрліктер мен облыс әкімшіліктеріне дейін ақпараттық қауіпсіздік деңгейіне өз тарапымыздан тегін сараптама жасауды ұсындық. Көпшілігі біздің ұсынысымызды елеусіз қалдырғанымен, сең қозғалды, қазір бір-екі министрлікте осы бағытта жұмыс басталып кетті. Бақсаңыз, біз бұл салада аудит жасауды ақысыз атқаруды ұсынып отырмыз. Осы саланың ішінде жүргендіктен, мемлекеттік органдардың компьютерлік бағдарламаларында көптеген олқылықтар бар екенін көріп-біліп отырмыз. Сараптама аяқталғаннан кейін, кем-кетіктерді қалай толтыруға болады, қай тесікті қалай жамауға болатынын да айтып-көрсетіп береміз. Осылайша, ұлттық ақпарат жүйесіндегі ашық-шашық жерлерді бітеу, оның кем-кетігін толтыру, қорғау ойымызда бар. Бір мысал айтайын. Мысалы, қазір көп адам Mail.ru жүйесіндегі электронды пошта қызметін пайдаланады. Ал шын мәнінде жеке пош­таны «бұзып», оның ішіндегі мәліметтерді алу «құны» 5 доллар ғана тұрады. Осылайша, біздің азаматтардың жеке өміріне, жұмысына, шығармашылығына т.б. қатысты жеке деректері еш қорғалмаған. Көп адамдар интернетке салынған деректерді құпия сөзсіз ешкім аша алмайды деп ойлайды. Шындығында, ғаламтор жүйесінде кез келген поштаны, желіні бұзып, қажетті ақпараттарды алу – оңайдың оңайы.

– Осы орайда, корпоративті пошталардың қорғанысы қандай екен, мысалы, мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың электронды пошталарын «бұзу» оңай ма?

– Аз ғана ақы төленетін болса, оларды «ашу» қиын емес. Мысалы, қазір мынандай бағдарламалар бар, олар дүниенің басқа бұрышында отырып, ғаламтор арқылы сіз өз кабинетіңіздегі компьютерде не жазып, не істеп отырғаныңызды бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан ақпараттық технологиялар саласында біз әлі қорғансызбыз, осыны ашық айту керек.

– Қорғану үшін не істеу керек?

– Біріншіден, арнайы заң қабылдап, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпей тұрып, жаңа ақпараттық жүйелерді енгізуге біржола тыйым салу қажет. Мысалы, миллиардтаған қаржы бөлініп, жер-жерден Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды, бірақ бұл жүйеде ақпараттық қауіпсіздік мүлде ойластырылмаған. Open Sources деген бағдарлама бар, соны енгізіп, құпия сөз арқылы ғаламтор жүйесінде кез келген ақпаратты алатын етіп жасап қойды. Шындығында, өте ұят жағдай. Мемлекеттік органдарда жүздеген ақпараттық жүйелер бар, оларда қандай мәліметтер ұрланып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан қоғамдық ұйымдар қандай олқылықтар бар екенін анықтап тәуелсіз сараптама жасап беруі тиіс.

Жыл басында, ақпан айында болуы керек, Мәдениет министрлігінің сайты бұзылды, белгісіз хакерлер сайттағы материалдарды алып тастап, орнына ұятсыз сөздерді жазып тастаған. Одан соң Алматыда Республика сарайы алдындағы үлкен экранда бір хакер құпия сөз арқылы ғаламторға кіріп, көпшілік орындағы экранға порносайттарды шығарып қойған. Бұдан басқа да мысалдар жеткілікті. Қазіргі таңда мемлекетттік органдарда ғаламторда жұмыс істейтін компьютер мен ішкі құжаттармен жұмыс істейтін компьютер – ортақ. Бұл дегеніңіз – ғаламторға қосылған желі арқылы хакерлер жұмыс компьютеріндегі кез келген ақпаратты ұрлай алады деген сөз. Бұл ақпараттық қауіпсіздікке үлкен қатер деген сөз. Оның үстіне, Көлік және коммуникация министрлігі электронды үкімет жүйесінде «бұлтты технологияны» («cloud technology») пайдалануды ұсынып отыр. Яғни, ХХІ ғасырдың технологиясы – қажетті деректер, мәліметтер базасы сіздің компьютерде емес, арнайы серверлерде, бір орталықта сақталады. Сіз ғаламтор арқылы сол жүйеге еніп, қажетті деректі алып, сол жерде жұмыс істейсіз, сақтап қоясыз.  Бұл өте қажетсіз, тіпті келеңсіз нәрсе. Меніңше, бұл жекелеген адамдардың мүддесіне жұмыс істейтін жоба. 

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз әуелі оның қай жерде қандай ақпарат сыртқа кетіп жатыр, қалай ұрланып жатыр деген мәселені анықтап алуымыз керек, сосын ол тесіктерді бітейтін арнайы бағдарламаларды іске қосып, «құлып» салуымыз керек. Ешбір мемлекеттік құпия, маңызды ақпарат, жеке мәліметтер шашау шықпайтындай мықтап сақталуы керек.

–  Осы орайда, жекелеген азамат­тардың түрлі мемлекеттік органдарда сақталуы тиіс мәліметтері, яғни, жұмыс орны, телефоны, мекен-жайы, тіпті меншік нысандары, т.б. деректері «қара базарда» сатылатыны жайлы бұған дейін де айтылып жүр. Бірақ Қазақстан азаматтарының жеке басына қатысты мәліметтердің құпиялығын қамтамасыз етуге мемлекет кепіл болуы тиіс емес пе?

– Әлбетте. Сондықтан да бұл мәселеге шұғыл түрде мемлекеттік жоғары деңгейде көңіл бөліп, әрекет етуіміз керек. Мысалы, Эстония 2002 жылы электронды ақпарат жүйесіне толықтай өткенін жариялап, дүние жүзінің алдында мақтанды, 2005 жылдары эстондық мамандар осы мәселе бойынша Қазақстанға келіп, кеңесшілік жұмыстар атқарған. Ал 2007 жылы олар Белгісіз солдаттың ескерткішін алып тастаған кезде, орыс хакерлері ақпараттық шабуыл жасап, эстондық электронды үкіметтің тас-талқанын шығарды. 

– Бізде электронды үкімет жүйесі іске қосылғалы көп бола қойған жоқ. E-gov.kz жүйесін зерттедіңіздер ме? Оның қорғанысы қандай екен?

– Бұл жүйені тексеруге бізге мүмкіндік бермей отыр. Меніңше, бұл жерде жемқорлық мәселесі бас қылтитады. Қазір мемлекеттік органдар IT саласымен қалай жұмыс істеуде. Олар өздері жоспарлайды, өздері тапсырыс береді, өздері бюджеттен қаржы бөліп, өздерінің жеке компаниялары арқылы орындайды, өздері жұмысты қабылдап алады да, өздері мақтайды. Түптің түбінде, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген қағидаға сәйкес, олардың енгізген бағдарламаларынан ақау шықса да, оған көзжұмбайлықпен қарайды. 

Біз былтырдан бері электронды үкімет жүйесінің әлсіздігін ашық айтып жүргендіктен, олар оның қорғанысын күшейту үшін арнайы тұжырымдама да­йындау үстінде. Оған қосымша 2 миллиард теңге қаржы керек деп отыр. Сонда осы электронды жүйені дайындап, іске қосқан кезде оның қорғанысы ойластырылмаған, Қазақстандағы барша азаматтардың өміріне қатысты ақпараттарды қорғау енді ғана қолға алынбақшы. 

Қазір IT саласының дамуында Елбасының қамқорлығын сезініп отырмыз. Бірақ орта шендегі шенеуніктер сыбайлас жемқорлықпен тұсау болып отыр. Сондықтан біз Президенттің атына хат жаздық, мәселенің мән-жайын ашық айтып отырмыз. 

– Қазір мемлекеттік тапсырыстардың басым көпшілігі электронды жүйеге өтті. Осы жүйеде өткізіліп жатқан тендерлердің тазалығына күмән тууы мүмкін бе?

– Бізде IT саласы дамып келеді, бірақ жемқорлық көп жағдайда аяққа тұсау болуда. Мысалы, осы салада ең көп тендер өткізетін мемлекеттік орган – Көлік және коммуникация министрлігі. Бірақ нарықта жұмыс істеп жатқан барлық компаниялар үшін тендер арқылы тапсырыс алу мүмкіндігі бірдей емес.

Мемлекеттік электронды сатып алу жүйесін Қаржы министрлігі отандық BAS деген компанияға тапсырыс беріп, да­йындатты. Қазір біз бұл жүйеден кемшілік көріп отырған жоқпыз. Қорғанысы мықты бағдарлама. Олар дүниежүзілік озық технологияларды пайдаланып жасады.

Бірақ мемлекеттік органдарды ақ­параттық технологияларды енгізу ісі  толығымен Көлік және коммуникация министрлігіне тапсырылған. IT саласы бо­йынша осы министрліктің Автоматтандыру комитеті жауапты. Салалық орган ретінде E-gov, Халыққа қызмет көрсету электронды жүйесі, Е-learning сияқты ірі жобаларды осы министрлік атқарып отыр.  Кейбір мемлекеттік органдар қажетті электронды жүйесін өздері тапсырыс беріп, дайындатып жатыр. Мысалы, Республикалық Статистика агенттігі, облыстық әкімшіліктер электронды жүйені дайындауды өз мойнына алды. Бірақ IT саласына бөлінетін қаржының 60 пайызы Көлік және коммуникация министрлігі игеріп отыр. Онда АҚ «ҰАТ» деген ұйым бар, ашық тендердің бәрін осы ұйым арқылы өткізеді.

Жеке шенеуніктер жақын-жуықтарының атынан ашқан кішігірім фирмалар арқылы мемлекеттік тапсырыс аясында үлкен жобаларды қолға алып, өздері жүзеге асырады. Осыншама орасан зор қаржы бөлгеннен кейін бізде бұл сала бойынша ғылым дамып, мамандар дайындалып, орталықтар ашылуы, арнайы мектеп қалыптасуы керек еді. Бірақ ештеңе жоқ. Жемқорлыққа тосқауыл қоймасақ, күні ертең «көкелердің» арқасында ашылған фирмалар көсегемізді көгертпейді. Олар бүгін бар да, ертең жоқ. 

– Қазақстанда IT саласында қанша компания жұмыс істеп жатыр?

– Жүздеген компаниялар бар. Олардың ішінде көзге түсетін он шақты компанияларды атап өтуге болады, мысалы, отандық BAS, Kazcomnet, Bimash, InterActiv Kazakhstan, Кси-Фактор, IT engineering т.б. 

– Қазақ ақпарат кеңістігіндегі сайттарының қорғанысы қандай екен? Мысалы, биыл көктемде «Түркістан» газетінің сайтына ақпараттық шабуыл жасалды. Тексеру барысында, шабуылдың шетелден жасалғаны анықталды.

– Қазақстандық ақпараттық ресурстар кеңістігіндегі қорғаныс өте әлсіз. Мысалы, Грузия мен Ресей арасында бес күндік соғыс болған кезде, Грузиядағы барлық сайттар жабылып қалды. Егер бізге қазір сырттан ақпараттық шабуыл жасалатын болса, онда бізде оған қарсы тұрар қауқар жоқ. 

– Әлеуметтік желілерде қазір көп адам жеке өміріне, отбасына, жұмысына т.б. ақпараттарды жариялауды әдетке айналдырды. Жақында Америкада әлеуметтік желілердегі барлық ақпаратты арнайы барлау органдарының жинақтап отыратыны әшкереленіп, оның заңдылығы қоғамдық дау туғызды. Бізде де арнайы қызмет органдары әлеуметтік желілерді жіті қадағалауда ұстай ма?

– Әлемдік алпауыт елдер әр уақытта дүниежүзілік ақпаратты өз бақылауында ұстауға тырысады. Олар үшін әрбір мемлекеттің ішкі жағдайы, әрбір жер тұрғынының не істеп, не қойып жатқанын білу өте маңызды. Бұл анық нәрсе, одан қашып құтыла алмаймыз. Ал екінші мәселе, жекелеген азаматтардың өздері жайлы белгілі бір ақпаратты жария етуі – олардың құқықтары. Бірақ мемлекет тарапынан ақпараттық кеңістікте, электронды жүйеде қауіпсіздік қамтамасыз етілуі керек. Дүние жүзінде ақпараттық жүйелер стандарттары қабылданған, бірақ Қазақстанда мұндай стандарттар әлі енгізілген жоқ. Жалпылама ұғымдар бар, бірақ шифрландыруға байланысты, ашық және жабық кілттердің инфрақұрылымына қатысты стандарттар енгізілген жоқ. Ал бұл – ақпараттық қауіпсіздіктің іргетасы саналады. Бұл салада біз ресейлік және америкалық стандарттарды пайдаланып жүрміз. Біз Қауымдастық атынан екі стандарттарды қатар пайдалану жайлы ұсыныс айттық. Осылайша, қауіпсіздікті күшейтуге болар еді.

– Ал өзіңіз әлеуметтік желілерді қалай пайдаланасыз? Осы саланың маманы ретінде жеке ақпараттық қауіпсіздікті сақтау жағынан қандай қам жасайсыз?

– Біріншіден, мен электронды поштаның құпия сөзі ретінде өте күрделі комбинацияны қолданамын және оны кемінде айына бір рет ауыстырып тұрамын. Электронды пошта қызметінде мен gmail.сom жүйесін пайдаланамын. Кейбір азаматтар бұл мәселеге салғырт қарайды, құпия сөзге өзінің не баласының атын қоя салады. Ал әлеуметтік желілердің ішінде тек Facebook желісін қолданамын. Бүгінгі таңда қауіпсіздік жағынан ең жақсы қорғалған жүйе сол ғана. Басқа әлеуметтік желілерде сіздің атыңыздан басқа біреу парақша ашып, не қорғанысты бұзып, сіздің орныңызға әрнәрсені жазып, ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. 

– Ресей ұлттық әлеуметтік желілерін қалыптастырды, олардың Одноклассники, Вконтакте желілері Қазақстанда да танымал болды. Қытай өз аумағында ұлттық желі жасады. Бізде Ел.kz деген ұлттық желі бар, шамамен бес мыңдай адам тіркелген, бірақ танымалдығы аз.

– Ақпараттық жүйелер арқылы халықты бақылауда ұстаудың мүмкіндігі мол. Қазақстанда әр түрлі әлеуметтік желілер бар, бірақ жеткілікті деңгейде дамымаған. Оларды пайдаланушылар қатары аз болуы да содан деп ойлаймын. Мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі достарыммен, әріптестеріммен хабар алмасу үшін Facebook сияқты дүние жүзінде кең таралған желілерді пайдаланамын. Ал пікірталас алаңы керек болса, Елбасы ұсынған G-Global платформасының мүмкіндіктерін пайдалануға әбден болады. Шындығында, біз IT саласын дамытуға Елбасының көзқарасы оң екенін көріп отырмыз. G-Global платформасы арқылы әлемдік пікірталас алаңы қалыптасу үстінде. Сол жерде ақылдасу, ойласу, кеңес құру, әріптестер табу орталықтарын жасап жатырмыз. Біз осы платформа арқылы ай сайын онлайн семинарлар өткізуді қолға алдық. Мысалы, екі ай бұрын мемлекеттік қызметкерлерге арналған ақпараттық қауіпсіздікке қатысты онлайн семинар ұйымдастырдық, одан соң ақпараттық жүйеге сараптама жасау жайында өткіздік, келесі семинар Smart Astana электронды жүйесіне қатысты болмақ. Ал әлеуметтік желілердің танымалдығы – нарықтың сұранысына қатысты. 

– Қазақстанда ақпараттық кеңістіктің қанша пайызы отандық өнімдерден тұрады, қаншасы сырттан келген ақпарат?

– Бұл тілдік ортаның ерекшелігіне байланысты. Біздің азаматтардың көпшілігі орыс тіліне жетік. Сондықтан олар орыстілді ақпарат ресурстарын жиі пайдаланады. Мен мысалы, ағылшын тілін білгендіктен, ағылшын тіліндегі ресурстардың ақпаратын тұтынамын. Түрік тілін білетіндер түрікше сайттарды оқиды. Оған қоса, нарықтағы ұсыныс пен сұраныс ара салмағын да екшеу керек. Ресей интернет кеңістігін дамытуда бізден озып кетті. Электронды қызмет көрсету, электронды дүкен, кітапхана, мектеп желілері жақсы дамыған. Орыстың ақпараттық ресурстарының саны бізден елу есе көп. Қазақтілді интернет ресурстарға сұраныс артқанда, ұсыныстың да саны артады деп ойлаймын. Біз де интернет кеңістікте қазақша сайттардың көбеюіне жұмыс істеп жатырмыз. Енді бес-он жылда ауылдық елді мекендер түгел ғаламтор жүйесіне қосылатын болса, онда қазақтілді интернет-тұтынушылар саны күрт артады, сонда бұл салада ұсыныс та көбейеді.

– Ғаламтор кеңістігіндегі түрлі мазмұндағы ақпараттар ағынынан жас ұрпақты қорғау үшін не істеу керек?

– Ғаламтор – өмірдің айнадағы бейнесіне ұқсайды. Оның  жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Сондықтан теріс мазмұндағы сайттарды екшеп, ашылмайтындай ететін арнайы фильтрлік бағдарламалар бар, баласының болашағын ойлаған ата-ана үйдегі компьютерге соны орнату керек. Екіншіден, әрбір ата-ана баласының ғаламторды пайдалану барысында қандай сайттарды ашатынын қадағалап отыру керек. Үшіншіден, балаларға рухани, діни тәрбие беру керек. Діни-рухани тәрбие алған бала жаман сайттарды ашпайды, онда не жазылғанын қарамайды.

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАР

Серіктес жаңалықтары