ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТЕМ ДЕП, ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТЕМ ДЕП, ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТЕМ ДЕП, ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
ашық дереккөзі
255

Тіпті, соттың аты-жөні дұрыс жазылмаған. Асығыс қабылданған қаулыда
сот-медициналық сараптама көрсетілмеген. Ал СКАТ компаниясының өкілдері
“ол ұшақта болғанда мас еді” деуден танба
уда. Алайда олар қолдарында айғақтың жоқтығын да мойындап отыр. Сонда мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету –
қылмыс па?   


  “Қазақша
білмеймін, білгім де келмейді!”


69035bd2ebe155ec2e0c3cdc45435641.jpg

“Прайм Плазадағы” Қайрат Нұртасқа қатысты
шу әлі басылып үлгермей жатып, әлеуметтік желінің қазақтілді бөлігі тағы да әбігерге
түсті. Апта басында, яғни, сейсенбі күні елімізге танымал қазақ басылымдарының
бірі – «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылғап Қалыбай мырза үш күнге
абақтыға жабылыпты. Осы оқиғаға байланысты abai.kz сайтына сұхбат берген Ж.Қалыбайдың
ұлы Бекзат: “Әкем, 1 және 3 жасар екі бауырым, анам мен 77 жастағы әжеміз
бәрі Түркияға барып демалып жатқан. 1 жастағы інім Махамбет ауырып болмаған соң,
«Скат» әуекомпаниясының ұшағымен қайтып келе жатады. Жолда Махамбет
мазасызданып, әкем оны жұбатпақ болып, көтеріп алып әрі-бері жүреді. Оның бұл жүрісі
жолсерік жігітке ұнамапты. Баласын уатып жүрген әкемді әлгі жігіт бір емес, екі
рет қағып өтеді. Екінші рет қағып өткенде әкемнің қолындағы шырын сусыны төгіліп,
киімін былғайды. Әкем  жігітке: «Мұның не, бір емес, екі емес мені неге қағып
өтесің?» десе, әлгі жігіт: «Маған орысша сөйлеңіз!» деп талап қойыпты. Әкем
болса: «Қазақстанда тұратын әрбір адам қазақша білуге және сөйлеуге міндетті»
деп, сонымен әңгіме біраз жерге барған. Сөйтіп, әкемді ұшақтың ас үйіне шақырып,
сол жерде әлгі жігіт кешірім сұрап, үстін тазалап берген. Сол кезде 
жігіт: «Мен қазақша білмеймін, білгім де келмейді» деген. Ақыры, әкем келіп өз
орнына жайғасады. Бір кезде жолсеріктер жолаушылардан «Жарылғап Қалыбай жол
бойы мазамызды алды» деген мәтіндегі хатқа қол жината бастайды. Олардың бұл әрекетін
әкем телефонына түсіре бастаған. Сөйтсе, Айжан деген жолсерік әкемнің
телефонына жармасып, телефонды тартып алмақшы болыпты. Жолаушылардың көбі
орыстілді қазақтар болғандықтан, әкемнің қазақ тілін білу туралы сөздері олардың
да «намысына» тигенге ұқсайды. Ұшақ Алматыға келіп қонған жерде әкемді полиция
алып кеткен” депті.

c6d1b83805b671980a8552011bee8aa3.jpg

Заңға сүйкенсек, Жарылқап Қалыбайға тағылған
айып: қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтың
330-бабы: “1. Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу,
азаматтарды қорлап тиiсу, тұрғын жайларды, ортақ пайдалану орындарын қорлау және
қоғамдық тәртiптi және азаматтардың тыныштығын бұзатын, төңiрегiндегiлердi
сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да осындай iс-әрекеттер, айлық есептiк көрсеткiштiң
үшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк
қамауға алуға әкеп соғады. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк
жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер,
айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке
дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады” делінген.

  

СКАТ-қа бойкот жарияламақ


545e86041dbe4e683e55d3292714e10b.jpg

Жарылқап Қалыбай абақтыға жабылған күннің ертеңіне,
яғни, сәрсенбіде әлеуметтік желі арқылы бастама көтерген бір топ
азамат журналист жатқан уақытша тергеу изоляторының алдына жиналды.
Салыстырмалы түрде айтсақ, кісі көп жиналды. “Қазақша сөйле деген талап қойғаным
үшін жазықты болдым” деп ағынан жарылған қандасты қолдауға бейіл қазақ
саны бұдан да көп болса керек-ті. Бірақ “барымен – базар” болғандар
сол жерде Ж.Қалыбайға қатысты қаулы қабылдаған судья Тұрғынбаевқа деген
наразылығын білдірді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін менсінбейтін
СКАТ компаниясының мемлекеттік мәселелерге жүрдім-бардым қараған немқұрайлылығына ашу-ызасын айтты, тіпті, еліміздегі мемлекеттік
тілді құрметтейтін барлық азаматты компанияға бойкот жариялап, оның қызметін
пайдаланауға, ұшақтарына мінбеуге шақырды. Белгілі қоғам қайраткері Мұхтар
Тайжанның айтуынша, “бұл мәселеде компанияның кешірім сұрауымен шектелмей,
құзырлы органдардан СКАТ-қа ел аумағында әрекет етуге рұхсат беретін
лицензиясын тартып алуды талап ету керек”. Жиын барысында жұрттың арасынан табылған
белгілі қоғам қайраткері, заңгер Ермек Нарымбаев Жарылқап Қалыбайға заңды тұрғыда
көмек беруге кірісті. Оның қағазға жазған өтініш пен арыздың орысша нұсқасын
Жарылқап аға қазақшаға аударып, оны сол жердің канцеляриясына өткізуі тиіс. Ол өтініш
бүгін кешке дейін Алматы қалалық сотына кеп түседі. Осы оқиғаға байланысты
пікір білдірген адвокат Абзал Құспан: “Әкімшілік істердің бір жаман жері,
(облыстық) қалалық соттың апелляциялық алқасынан ары қарай қаралмайды, яғни
апелляциялық алқа соңғы нүктесін қояды. Сондықтан,
әзірге бәрін қоя тұрып, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасына заңды,
негізді шағым жазып, мына Қаулының күшін жою керек. Жәкеңе қиын жағдайда көмек қолымызды
созуымыз қажет, әрине. Бірақ, мені бір қинайтын жағдай біздің халқымыздың, ауру
жанына әбден батқан кезде ауруханаға баратыны сияқты, заңгердің де көмегіне уақытылы
жүгінбейтіні. Әйтпесе, бұндай істердің Республика бойынша біразына қатысып, тек
қана жеңіске жетіп жүрген жайымыз бар. Естеріңізде болсын, тіл мәселесінде қолданыстағы
заң біздің жағымызда, тек оны орнымен сауатты пайдалана білуіміз керек”, –
дейді. 

 

  Қаулыда қате өріп жүр


3a2987aae08dc9a34f55fe82512450d7.jpg

a7cc76fe5659ac05e876c3d7db25768e.jpg

Абақтыға арнайы келіп, әріптеске қолдау көрсеткен
журналистер арасында цензураны көлденең тартқандары да болды. Мәселен, кейбір
тележурналистер: “Эфирге шығара ма, жоқ па, бәрі басшылардың қолында ғой”
деп ақталды. Алайда, ең бастысы, Қазақстанның МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН менсінгісі
келмеген СКАТ пен СКАТ-тың сойылын соққандардың заңсыздығы. Сорақысы сол, осы оқиғаға
қатысты прокурор Ж.Қалыбайды 5 күн қамауда ұстауды сұраса, “жеңілдік”
жасаған судья Тұрғынбаев 3 күн абақтыда отырғызуға шешім шығарыпты. Бұған дейін
бірде бір әкімшілік жазаға тартылмаған, бұзақылық не қылмыс жасамаған азаматқа
айыппұлмен шектелуге болар еді ғой. Оған заңның өзі рұхсат беріп отыр. Сонда әй-шайға
қаратпай, абақтыға жаба салған соттың көздегені не? ҚР Президенті Н.Назарбаев
2025 жылға дейін халықтың 95 пайызына қазақша, яғни, Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілін білуге, үйренуге пәрмен берді. Ал сот пен прокурордың көздегені
не? Құзырлы орган өкілдерінің СКАТ қызметкерінен қазақша сөйлеуді талап еткен
азаматты түрмеге тоғытуы Елбасы Н.Назарбаевтың саясатына жасаған қарсы әрекеті
емес пе? Әрі қаулының заңдық тұсы да ақсап жатыр: алдымен орысша жазылған болса
керек, құжаттың қазақша нұсқасында өрескел қате өріп жүр. Тіпті, судьяның тегі
де Тұрғұнбаев деп көрсетіліпті. Ал “құқықбҮзушы” деген
“шедеврді” айту артық. Судья жіберген тағы бір  кемшілік, Жарылқап Қалыбай сот-медициналық
сараптамадан өткізілмеген, ұшақтағы бейнекамерадан оның тәртіпті қалай бұзғандығын
анықтайтын дәлелдер келтірілмеген. Ал еліміздегі кейбір интернет басылымға ақталуға
кіріскен СКАТ компаниясының өкілдері “Ж.Қалыбай ұшақтағы қауіпсіздікке қатер
төндірді, ішімдік қолданды” десе, бұл туралы соттың қаулысына ләм-мим,
ештеңе көрсетілмеген. Тағы бір жайт, Қазақстанның мемлекеттік тіліне қатысты
осы мәселе туралы еліміздегі орыстілді БАҚ жазуға құлықсыз. Жазғандары, Қалыбайды
даттаған куәгерлердің сөзімен шектелуде. Олар тіпті, оқиға орнында болған Жарылқап
Қалыбайдың отбасы мүшелерімен сөйлесуді қажет деп таппаған. Тағы бір түсініксіз
жайт, “Ж.Қалыбай ұшақта болғанда мас еді” деген айып таққан СКАТ
компаниясының өкілдері: “Баласын көтеріп алып, әрі-бері жүрді, бізге
кедергі жасады” дейді. Сонда ішімдікке сылқия тойған кісі мазасызданып тұрған
баласын қалай жұбатар еді? “Байтал түгіл бас қайғы” боп кетпей ме?
Екіншіден, клиенттердің кез келген қылығын көтеру, оларға мәдениеттілікпен қарау
– компанияның міндеті. Егер Ж.Қалыбай шынымен қауіпсіздікке қатер төндірсе, ұшақ
неге жерге мерзімінен бұрын қонбады? Ол жерде бас жарылып, қол да сынған жоқ.
Ендеше СКАТ өкілдері сонша безек қағып, жолаушыға жала жабуға тырысуда? Жала
емей немене, егер сот медициналық сараптамасы жасалмаса?! Бүгінде оның мас болғанын
айғақтайтын құжат жоқтығын СКАТ өкілдері мойындап отыр. Демек, Жарылқап Қалыбай
егер айғақ табылмаса, ешбір негізсіз жала жапқан компанияны сотқа беруге құқылы.

  Әншілер төбе көрсетпеді 


82735cb3a20dc728771c16e761448274.jpg

Өкініштісі сол, жиылған топтың арасында “Жұлдыздар
отбасында” танылған немесе журналдың мұқабасынан түспейтін өнерпаздарды көре
алмадық. Танымал әншілерден тек Нұрлан Албан ғана болды. Бізге берген сұхбатында:
“Әншілік – біздің кәсібіміз, ең бастысы, біз – елміз, азаматтармыз, ел
болуға ниеттенгендер қатарынанбыз. Бұл жерге өзіме жарнама жасайын, арзан бедел
жинайын деп келген жоқпын. Ел-жұртпен бірге болайын, үйде жатып егескенше, қандай
шешім қабылданатынын өз көзіммен көрейін деп келдім. Шынымды айтсам, мен қорқамын.
Мынау сұмдықтың бастауы емес пе деп. Егер өз елімізде біздің Ана тілімізді құрметтеген
сыйқы осы  болса, болашағымыз не болмақ? Өзім
орысшаны жетік меңгермегенмін, әйелім орысшаға шорқақ, бала-шағам бірауыз
орысша білмейді. Қазақстанда біз сияқты қаншама қазақ отбасы бар. Сонда біздің
күніміз қараң болғаны ма? Жарылқап Қалыбайға қатысты осы дауды жылы жауып қойсақ,
еліміздегі өзге ұлт пен ұлыстың мұндай сорақылыққа еті үйреніп алады. Ертең
біздің асымызға шоқ қойып, шәйнек қайнататыны сөзсіз.
Сонда біздің егемендігіміз қайда?! “Кеңес үкіметі кезінде” деп қойып,
әңгімені соғамыз. Құдай-ау, сонда Кеңестер Одағы келмеске әлі кетпегені ме?
Менің қорқатыным да осы”, – деді. Өзге әншілердің неге төбе көрсетпегені
жайлы қойған сұрағымызды ол қысқа қайырды: “Көпке топырақ шашпайын. Қазақ әншілерінің
барлығы да ұлтын сүйетін азаматтар. Естімеген шығар, мүмкін уақыттары болмады ма…
Өнер иелері таң атқанша жұмыс істеп, күндіз демалатын әдеті бар ғой”. Жиылған
жұрттың арасында болып, пікір білдірген Нұрлан Албан алдағы уақытта еліміздегі әртістердің
басын қосып, осы оқиғаға байланысты баспасөз мәслихатын өткізетіндіктерін
жеткізді.

  

СКАТ-тың сайты да орысша…


7d63bd02db180d8df5f6fb10fb8d2db9.jpg

Уақытша тергеу изоляторына барып, Ж.Қалыбайға қолдау
көрсету туралы бастама көтергендердің бірі, белгілі журналист –Қасым
Аманжолұлы: “Бұл оқиғаны масқарашылдық деп есептейміз. Қаулы шығарған сот Жарылқап Қалыбайға айыппұл төлеуге шешім шығаруына болатын
еді. Шындығына келсек, бар түйткіл Ж.Қалыбайда емес, бар мәселе мемлекеттік
тілде сөйлеуді талап еткен азаматтың өз елінде, 
өз жерінде тұрса да, азаматтық құқықтарының бұзылуында. Азаматтық құқы
тапталған адамға араша түсу үшін келдік бұл жерге. Жарылқап Қалыбайдың
танымалдығы немесе таралымы 75 мыңға жеткен “Жұлдыздар отбасына”
басшылық етуі аса маңызды емес біз үшін. Мемлекеттік тілге, жалпы ұлттық құндылықтарға
қатысты жапа шеккендерге араша түсуді, заң шеңберінде белгілі бір жерге
жиналып, наразылығымызды білдіруді үйренуіміз керек. Қазір билік мемлекеттік
тілді қорғауға мүдделі болмай отыр. Сондықтан оны қарапайым адамдар қорғауға мәжбүр.
Мұны келешекте де жалғастыра береміз”, – деді. Ал кез келген ҚР азаматына
мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керектігін ескерткен қоғам қайраткері,
белгілі саясаттанушы Айдос Сарым: “Қазақстандағы кез келген мекеме, кәсіпорындар
қызметкерлері мемлекеттік тілді білуі мәз емес. Мемлекеттік тілде сөйлеуді
талап еткен азаматты түрмеге қамау қорлықтың ең үлкені деп санаймын. Жарылқап Қалыбай
бостандыққа шыққаннан кейін мүдделі топ заңгерлермен кеңесе отырып, арнайы мәлімдеме
жасаймыз. Маңыздысы, Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге көңіл
бөлу, белгілі бір кәсіп иелеріне мемлекеттік тілді білуді міндеттеу. Яғни, орыс
тілін білмейтін азаматтар құқығының аяққа тапталмауын қамтамасыз ету. Бүгінде
Парламентте қоғамдық ақпаратқа қатысты заң жобасы талқылануда. Бұл мәселені осы
құжат аясында шешкен жөн сияқты. Басы дауға қалған СКАТ компаниясының сайтына
кірсеңіз, қазақша бірде бір ақпарат таба алмайсыз. Қазақстанда тұрған әрбір
азамат орыс не ағылшын тілін білуге міндетті емес қой. “Шыдамның да шегі
бар” деген, республикаға танымал журналисті,
беделді басылымның басшысын осылай оп-оңай темір торға тоғыта салуға бола ма? Бұл
басқа азаматтарға да қатысты”, – дейді.

Бұл оқиғаға қазақ зиялыларын да бей-жай қалдырмады.
“Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов:
“Ұшақтар да, әуежайлар да сол сияқты мекемелердің бәрінде әлі күнге дейін қызмет
көрсету тек қана орыс тілінде жүргізіліп келеді. Бұл бір ғана Жарылғап Қалыбайдың
басында болған жағдай емес, қаншама қазақ баласы осындай тілдік кемсітушілікті
бастан кешіріп жатыр. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы ретінде
айтарым, біз бұл істі бұлай қалдырмаймыз. Арнайы мәлімдеме жасаймыз. Үкіметке
ескертеміз. Қарап тұрсаң, бүтін ұлт тілдік тұрғыдан кемсітушілікке ұшырап
жатыр” – деп қынжылды. Әлбетте, ұлтшылардың тіл жолындағы күресі әсте тоқтамайды. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары