Әдекең жүрген жолменен...

Әдекең жүрген жолменен...

Әдекең жүрген  жолменен...
ашық дереккөзі

Десек те, елдің аузына ілігіп, қолы жеткен адамдар соны қалай атқарып жүр деген сұрақ осы сапарда ойлантқанын жасыра алмаймын. Осы бір көзқарас тұрғысынан мына бір тылсым дүниеге бір көз жүгіртіп көрейікші.

1934 жылғы «Еңбекші қазақ» газетінде «Қасқырдың бөлтірігі» деп ат қойылып, айдар тағылған қажы тұқымы кім еді?» деген сұраққа баяғы өкімет тұрғысынан алғанда жауап беру – әрине, қиын. Сол бір алмағайып кезеңде қазіргі Абай атындағы ҚазҰМУ-нің 23 жастағы 4-курс студенті Әди Шәріповке «Меккеге барған қажының тұқымы», «Жапон шпионы», «Ілияс Жансүгіровпен байланысы бар» деген айып тағылып, комсомолдан шығарылса да, факультет деканы М.С. Сильченконың дер кезіндегі көмегімен Түркіменстанның Красноводскі қаласына барып бас сауғалап, жанын сақтап қалмағанда, қажы тұқымының тірі қалар-қалмасы екіталай еді. Ал біздің қуанышымыз не? Қуаныш сол – біз филология ғылымының докторы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әди Шәріповтің қайтыс болғанына 20 жыл уақыт өткеннен кейін оның әкесі Қайранбай қажының атақонысына барып, Әдекеңнің ата-бабасы жерленген жерге зиярат етіп қайтуымыз еді. Ал осы сапарға бізді ғана емес, Әди ағаның үрім-бұтақтарын бастап апарған қайраткердің сүйген жары Клара Жағыпарқызы Мыңжасарованың еңбегі қандай құрметке де лайық дер едік. 

Сондықтан да, кезінде халық жауы атанған қайын жұртының қонысын іздеп, Әдекеңнің көзі жоқ болса да, оның таудың ішінде қалған атажұртының орнын тауып, соны ұрпақтарына көрсетуді мақсат еткен Клара апай туралы тебіренбеске шара жоқ. 

Әди ағаның басқан жерлерімен айнытпай жүріп келеміз. Айнала қоршаған тау, жол бойы кездесіп отыратын шағын көлдер, белуардан келетін шөп, көмкерілген тоғай мен оның шетіндегі қып-қызыл боп шеті көрініп жатқан қой бүлдірген, Әдекеңнің 1928 жылы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» оқулығы мен М.Әуезовтің «Қилы заманын» сақтап қалған Былқылдақ өзенінің жағасы. Тоқтай қалғың келеді. Осының бәрін қолымен ұстап, көзімен көріп өскен Әди аға қандай бақытты еді деген ой еріксіз туады екен. Ауылдың өз машинасы болмаса, жеңіл машина жүре алмайтын жерлермен жүріп отырып, қорыс-қопа, қойтастарға да келіп жеттік-ау. Қайранбай қажының өзі мен ата-баба, туған-туыс жатқан жердің айналасы тастармен қоршалған, кейбіреуіне оба тәрізді ерекше белгілер қойылғанымен, ешқандай жазу жоқ. Бірақ көлемі біршама жерді алып жатқан қорыс-қопа бәрібір айбынды көрінеді. Таудың тегіс тастарымен қаланған зираттарға қарата құран оқып, тағзым еттік. Клара Жағыпарқызы балалары мен немерелеріне, Әди ауылының жастарына аталарының тарихын қысқаша баяндап: «Менің де жасым кеп қалды, енді бұдан былайғы уақытта келе алам ба, жоқ па, бірақ осы жерді естеріңе сақтаңдар» деген сөз тіл ұшына оралады. 

2012 жылы Әди Шәріповтің 100 жыл­дығы республика көлемінде аталып өткені көзі қарақты жұртқа мағлұм. Одан көп бұ­рын Әди ағаның туған жері ШҚО-ның Жарма ауданына қарасты Мариновка деген жер Әди ауылы деп ресми түрде аталған-ды.­ Солай болса да, Клара жеңгеміз қарап жат­пай, көңілі жақын ағайындарын жинап, 2013 жылдың 22-24 шілде аралығында «Әди ауылы» атанған жерде марқұмның қайтыс болғанына 20 жыл толуына байланысты ауыл адамдарына ас беріп, құран-хатым тү­сірді.

Астың алдында Әди Шәріпов атын­дағы мектептің акті залында Астана, Ал­маты, Павлодар, Америка Құрама шта­тынан келген бір топ азаматпен кездесу өт­кізілді. Кеш барысында «Жарманың жарқын күндері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Еске алу кешін аудандық кітапхананың тәжірибелі маманы Шәрбат Латифқызы жүргізді. Ең алғашқы сөз тиген Клара Жағыпарқызы Әдекеңмен өткізген жиырма жылдың 20 минуттай зымырап өте шыққанын, енді міне дүниеден өткеніне де 20 жыл толып қойғанын үлкен тебіреніспен еске алып, жан жүрегінен жарып шыққан естелік әңгімелері арқылы отырғандарды бір мұңайтып, бір күлдірді. Былтыр Алматы қаласында Республика көлемінде өткізілген Әдекеңнің 100 жылдығы туралы тамсандырып айта білді. Той қарсаңында, Алматы қаласындағы Әди Шәріпов атындағы №16 мектеп пен сондағы мұражайдың күрделі жөндеуден өткенінен хабардар етіп, Әди ауылында да бүгінгі уақыт талабына сай жаңа типті мектеп бой көтерсе деген тілек білдірді. 

Бұл шара Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.М.Сапарбаевтың қолдауымен өткізіліп отырғандықтан, Астана, Алматы, Павлодар, Америка Құрама штатынан келген бір топ қонақтар Әди ауылынан кейін Абай ауданына сапар шекті. 

Абай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Арнаұлы, аудандық Мәслихаттың хатшысы Төлеубек Аманғазыұлы, «Нұр-Отан» ХДП төрағасының І орынбасары Нұрлан Болатбекұлы бастаған азаматтар қонақтарды Абайдың мұражайы орналасқан Жидебайдан қарсы алып, алыптардың басына бастап апарды. Ораза айына сай Абай мен Шәкәрім басына тәуап етіп, құран оқыттық. Абай музейін аралап, түскі асты музей алдында тігілген киіз үйде «Кеңгірбай ауылының» әкімі Гүлнар Боранжанова дайындаған дастарханнан дәм таттық. Бұдан кейінгі сапар Абай ауданының орталығы Қарауылға ұласты. Мұнда Мәлгәждар Жүнісжанұлы басқаратын жаңадан ашылған Өлкетану музейін тамашаладық. Қыздың жиған жүгіндей талғаммен қойылған әрбір зат көз тартады. Кезінде құр құдықтан теріп алынып, Шәкәрім сүйегі салынған қоңыр чемодан да Музейге ерекше көрік беріп тұрғандай. Қарауыл басындағы музей де, орталық көшелерде орналасқан ескерткіштер де ерекше күтімде, біртүрлі аялы алақан, қамқор қол бар екендігін көрсетіп тұр. Әсіресе алыстан «бұл мен ғой» дегендей менмұндалап, айнытпай салынған өмірден ерте кеткен әнші-композитор Жәнібек Кәрменовке қойылған тартымды ескерткіш көзімізге еріксіз жас мөлдіретті. 

Клара апайдың әкесі Жағыпар Мың­жа­сарұлы 1941-1951 жылдар аралығында Абай ауданында райисполком төрағасы бо­лыпты. Бұрынғы Семей облысының Абыралы, Абай аудандарында көп жылдар басшылық қызметтер атқарған осы бір ел­ ағасы туралы Қазақстанның халық жа­зу­шысы, белгілі драматург Әлжаппар Әбішев «Мен кешкен тайғақ кешулер» атты мақаласында былай деп жазады: «…Екінші ауылдың (Шұбартау ауданы. Р.З.) ақылгөйі Ақылбай болса, бұл ауылдың (Қарқаралы ауданымен шектес «Құсақ» деген жер. К.Ж.) Жағыпар Мыңжасаров деген ақылгөйі бар екен. Бұл ауыл оны Жақаң деп атайды екен. Мен де солай атап кеттім. Екеуінің айырмасы – Ақылбай байсалды да, Жағыпар адуынды. Оның тағы бір айырмасы Ақылбай сияқты шала сауатты емес, Жақаң небір тарихи оқиғалар мен жыр дастандарды, елінен шыққан 40-тан астам батырлардың сайыпқырандығын жатқа айтқанда, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың», – деп жазады. Десе де, бұл естеліктің мазмұны Жағыпар Мыңжасарұлының өз атынан Сталинге хат жазуына келіп тіреледі. Хатты ұстағанда, қолы дірілдеп кеткен сол кезде 23 жастағы жазушы «Қазақстанды қазақтардан тазартудың науқаны ойдағыдай жүріп жатыр» деген алғашқы кекесінді сөзді оқығанда жүрегі де қоса дірілдеп кеткенін жасырмайды. Хат мазмұны мынадай: «Қыстыгүні халық көтеріліс жасап, бұл ауданның Кеңес өкіметін құлатқанын, олардың Мырзаш дейтін ханы, Меделхан деген қолбасшысы болғанын, ақылмен емес, ашумен құрылған осындай жасанды хандықтың жарты айға жетер-жетпесте құлағанын, бір тәуірі, қантөгіс болмағанын, соған қарамастан өкіметтің озбырлығы толастамай, күн өткен сайын үдей түскенін, оның бір айғағы – ет дайындау науқанын қасақана көктемде, малдың көтерем кезінде жүргізіп отырғандығын, бұл саясат малды ғана емес, адамды да құртудың тәсілі екенін айта келіп, республика басшылығына, әсіресе Ф.Голощекин мен О.Исаевқа қатты түйіліпті де, халықтың басына екі бірдей құзғынды қондырып, көзін шұқытып қойған Сталиннің өзіне ауыр сауалдар беріпті» (Ә.Әбішев. «Айтпай кетті демесін арттағылар…», 2007. – 5-17 беттер). Бұл хатты Жақаңның басқаға емес, тікелей Әлжаппар Әбішевке беруінде өзіндік сыр жатыр. Себебі ол кісі Семейде шығатын «Қазақ тілі» (17.09.1927) газетінде «Ә.Ә» деп қол қойылған «Есқара баласы Смағұл көк сиырынан не үшін айырылды» деген атпен озбырлыққа қарсы батыл жазылған мақаланың авторы Әлжаппар Әбішевтікі екенін дөп басуында. 

 – Осы сіз ГПУ-дің тыңшысы емессіз бе? Автордың жасырын атын қалай білдіңіз? – деген жазушы сұрағына Жақаң:

– Егер де мен ол кезде редакцияда істесем, сенің мақалаң ең алдымен менің қолыма түссе, редакторға мен арқылы жетсе, оның тапсыруымен мен арқылы тексеріліп, сенің кім екенің жөнінде Қарқаралыға сұрау салынса, мақалаң газет бетіне мен арқылы шықса, екі әріптің далдасында жасырынған сенің кім екеніңді қалай білмеймін, – дейді. Өзінің тұңғыш мақаласын Жақаңның үйінде алғаш оқыған жазушы оны ұшып тұрып құшақтағысы келгенін, бірақ батылы жетпегенін, сол алақандай мақала көзіне әлі де ыстық көрінетінін тебірене жазады. 

– Ал, Әлжан, манадан бергі айтылған сөздердің біреуін де тісіңнен шығармай, есіңде сақта. Әсіресе, азаматтық парызыңды ұмытпа. (Мұның алдында аудандағы қуыршақ құдай Құлыбаев, астанадағы өзі де, ұяты да ақсақ Исаев, таз Ерназаров, олардың табынатын тәңірісі Голощекиндер туралы айта келіп: «Ойлан, мен сені азғындыққа емес, азаматтыққа шақырып отырмын» деген болатын. Р.З.). Егер Сталинге жазуға қорықсаң, «Правда» газетінің атына жаз да, Смағұлға жібер. Ар жағын өзі білетін көрінеді, – деп Смағұл Сәдуақасовтың Мәскеудегі адресін береді.

Міне, мұның өзі сол кездегі Жағыпар Мыңжасарұлының қандай дәрежедегі қайраткер болғандығын айғақтайды. Бірақ көп ұзамай жазушыға жала жабылып, ақталуға тура келгенде тағы да Жағыпар Мыңжасарұлы араша түседі. Сөйтіп екі ауданға өкіл болып келген Әлжаппар Әбішұлы сол кезде халық жауы болып қудаланып кетпеуіне Жақаң сияқты батыл да қайраткер азаматтардың көп көмегі тигендігін еш жасырмайды. Әйтпесе сол кездің өзінде комсомолдан шығарыла жаздап, сөгіс алып, талай жиналыстар мен талқылаудан өткен болашақ халық жазушысы Жақаңның тілегін тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өзінің 85 жастан асқан ғұмырбаяндық шығармасында айтқанын, бірақ өмірбойы өзегін жеген осы бір өкініш жазушы көкірегінен еш кетпегені ғұмырбаяндық шығармасының алғашқы беттерінен-ақ көрінеді. 

Жақаң деген құрметті атқа ие боп, ерекше туған осы бір азамат туралы Абай ауданының қазіргі ақылгөйі, менің нағашым Жағыпар Жүнісжанұлы да өзінің «Отыз әулет – мың мың ұрпақ» (2002) деген кітабында оның көкірек көзі ашық, іскер басшы болғандығын ерекше атап көрсеткен екен. 1948 жылы нағашымның әкесі Жүнісжанмен бірге Ж.Мыңжасарұлының да Алматыда оқуда болғандығын, бірнеше рет Валентина жеңгесінің (М.Әуезовтің жары) қолынан дәм татқанын айта келіп: «Ж.Мыңжасаров Мұхтаршыл еді, өзі де бетті, сөздің жөнін білетін адам еді. Батқан екеумізді демалыс күндері Мұхаң үйіне еріксіз апаратын», – деп жазыпты. («Отыз әулет – мың мың ұрпақ», 85-бет). Міне, Мәскеудегі Смағұл Сәдуақасов пен Алматыдағы Мұхтар Әуезовпен қоян-қолтық араласа білген осындай әкеден тәрбие алған Клара Жағыпарқызының да кісілік келбеті көзі қарақты оқырман алдында одан әрі биіктей түсетінін айтпасқа болмайды? Осы бір тарих қойнауына бойлаған сайын Клара апамның Әди ауылы десе, ет жүрегі елжіреп қана қоймай, әрбірден кейін өзі де ер азаматша қимылдап кететіні сонау бір шыққан текке де байланысты екен-ау деген ойға еріксіз тіреледі екенсің. Бұл жерде асқаралы әке қадірі, жақсы әкеден алған өнеге, жастайынан бойға сіңген үлгі, қадірменді орта тәрбиесі тұр ғой. Қандай ғажап! Тек қана тамсану керек деп ойлайсыз ба, жоқ менің ойымша, осындай үлгі-өнегені болашақ ұрпақ тәрбиесіне жұмсау қажеттігін бүгінгі заман өз-өзінен туындатуға тиіс. Қазірдің өзінде іздеу басталды. Сондықтан да Абай ауданы, Қарауыл селосындағы Жағыпар Мыңжасарұлының тұрған үйі сол қалпында музей үйге айналса, өйткені қазіргі көзі тірі сара көкірек санаулы адамдар саналы ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосуға тырысса несі айып?

Кезінде осы ауданның басшысы болған Орал Арғынбековтің тұсында өздерінің тұрған үйін таба алмай кеткенін айтып келе жатқан Клара Жағыпарқызы машинадан түскен бетте өзі тұрған үйді сыртынан көріп-ақ жазбай таныды. Ал бауыры Шаймұраттың өзі туған үйдің табалдырығын аттағаннан-ақ ерекше сезімге бөленуі ет жүректі пендені қалай елжіретпесін. Туған үйінің есік алдындағы көк шөпке алпысты алқымдап қалған атпал азаматты аунатып, ежелгі қазақ жоралғысын жасауымыздың өзі бір ғанибет.

Бір топ адам сау етіп кіріп бар­ған­да, басында қорқып қалған үй ие­лері мән-жайға қанғаннан кейін өзі тұрған үйлерінің ғажайып тарихқа толы екендігін естігенде, оларда ес қалмады. Қалбалақтаған екі қарт таң-тамаша. Клара Жағыпарқызының да аузында тыным жоқ. Мұнда Абайдың 100 жылдығы аталып өткенде Қажымұқан Мұңайтпасұлын, М.Әуезовті, Ғ.Мүсіреповті, Ғ.Мұстафинды, Қ.Жандарбековті, Ә.Шәріповті әкесі қонақ еткенін, олардың қай орындарда отырғанын, өздерінің бөлмелері мен әке-шешесі туралы баяндағанда, үй иелерімен бірге бәріміз де аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. 

Санасы шайқалмаған шалдың өнегелі әңгімесі бәрімізді тамсандырды. Ол Клара Жағыпарқызының әкесі туралы бір қызық естелік айтты. Ол былай. Сол тұстағы аудан әкімі Қансейітов пен Жағыпар Мыңжасарұлының үйлері көршілес екен. Бір күні түн ортасында аяқ астынан аудан әкімі бюро шақырады. Себебі сол түні аудан әкімінің үйіне біреу бір қой әкеп тастапты. Мұны «провакация» деп ойлаған әкім ақталып жатыр ғой, баяғы. Ешкім не дерін білмей дал. Сөйткенде жасы да, жолы да үлкен Жаппар Мыңжасарұлы айтыпты: Әй, түн ұйқымызды төрт бөліп, неменеге быжалақтайсың, тамағыңнан өтпей отырса, көрші қақысы, құдай ақысы деген бар ғой, маған-ақ бере салсаңшы, мен-ақ жейін, – депті.

Содан соншама шыншылдық таныт­қысы келген аудан әкімінің бұл әрекеті түкке тұрмай, аяғы күлкіге айналыпты. Бірақ ел арасында оның жеген қойы емес, осы бір «жуан денелі қара бұжырлау» келген батырдың батылдықпен айтқан қисынды сөзі қалыпты. Міне, ел ішінің алтын кенішін сақтап, олардың тұрған үйлері мен өнегелі сөздерін де жадынан шығармай отырған Жағыпар Жүнісжанұлы сияқты азын-аулақ ел ақсақалдары кеткенде одан кейінгі ұрпақ осы дәстүрді жалғастыра алар ма екен деген ой, әрине, кімді болса да, мазалайды. 

Жарма ауданына қарай қайтадан бет алған қонақтарды Абай ауданының әкімшілігі өздері қарсы алған Жидебайға дейін шығарып салды. Жол бойғы әңгіме тек қана Жағыпар аға туралы болды.

Бұл мені шексіз қуанышқа бөледі. Шіркін, мына жарық дүниеде мақтана алатын, мақтай алатын туыстарың болғанға не жетсін!

 Руда Зайкенова,

 филология ғылымдарының докторы